Аумадиұлы Асылғазы (1920-1997 жж.)
Соғыс деген алапат, қай заманда да адамзат баласының басына қайғы-қасіреттен басқа еш нәрсе әкелмеген. Ел басына қиын күн туған кезде, елім деп еңіреген батыр ұл-қыздарымыз қолдарына қару алып, қанды майданға аттанды. Қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылып, жүз мыңдаған жауынгерлеріміз елге мүгедек болып оралды. Бірақ қаһарлы жаумен арпалысқан батырларымыз жасымай, соғыстан есеңгіреген еліміздің экономикасын көтеруге атсалысты. Сондай жандардың бірі менің атам Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Асылғазы Аумадиұлы еді. Ол 1920 жылы 20 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Бұқтырма ауданы (қазіргі Ұлан ауданы), Кіндік ауылында дүниеге келген. Небәрі 21 жасында майдан алаңына аттанып, атқыштар құрамына жіберілді. Үш рет ауыр жараланғанына қарамастан, елге қайтпай, жауға қарсы соғысуды жалғастыра берген. Атамның анасының айтуы бойынша үйге үш рет қаралы қағаз да келген. 1944 жылы тамыз айында №69 атқыштар полк құрамында төртінші рет ауыр жараланып, елге қайтуға мәжбүр болады. Денесінде сау жері қалмаған, бір аяғы екіншісінен көп қысқа болып, соғысқа жарамсыз болғандықтан, І топтағы мүгедек болып ауылына оралды. Мүгедектігіне қарамастан, бірден жұмысқа араласты.
1950 жылы Оразайқызы Гүлбанумен бас қосып, үш ұл, үш қыз өсіріп, аяқтандырды. Адал еңбегінің арқасында түрлі сыйлықтар мен грамоталар алып жүрді. 1979 жылы Үкімет тарапынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Алғаш соғыстан келген кезде кеудесі ордендер мен медальдарға толы болыпты. Алайда атақ, даңқ дегенге мүлдем қызықпаған қарапайым, бала мінезді Асылғазы атам сол кезде оған баға беріп, кейін керек болар-ау деп ойламаған. Көшіп-қонып жүргенде олардың қайда қалғанын да білмей қалған, тіпті іздемеген де.
Ол кісі соңғы 1944 жылы өлді деген қара қағазымен облыстық мұрағатта «Книга памяти» кітабына қаза тапқан жауынгерлер қатарына енгізіліп, Серебрянск қаласында Ұлы Отан соғысының аяқталуына 35 жыл толу құрметіне орай орнатылған ескерткіште мәрмәр тасқа Аумадиев Асылғазының аты жазылады. Бірақ ол кезде атам тірі. Еліне 46 жыл аянбай еңбек етіп, «Еңбек ардагері» атанған кезі болатын. Баласы іздестірмегенде, әкесінің тірі бола тұра қаза тапқандардың қатарында екенін білмеген де болар еді. Ақыры Ленинград, Мәскеу қалаларындағы мұрағаттардан іздей келе 46 жылдан соң «ҰОС-на қатысты» деген куәлігін қолына алып берді.
Кезінде көптеген мүгедек ардагерлер сияқты бірнеше көлік алуына да болар еді... Бірақ дүние-мүлікке қызықпаған ол елдің «Үкіметке жазып, сұрамайсың ба?» деген ақылдарына «Көптің ішінде елімді жаудан қорғағанымды міндет қыламын ба?», – дейтін.
Ақкөңіл, таза жүректі, халқына сыйлы болған арда азамат, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Аумадиев Асылғазы атамыз Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Сағыр ауылында 1997 жылы 13 кыркүйек күні 77 жасында дүниеден өтті.
Авторы: немересі Айдана Аумадиева