Хабар телеарнасы

Сақыпбеков Бегалы (1915 жылы туған)

Sakypbekov Begaly

Ұлы Жеңіс! Осы күнді жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз.

Сұрапыл сұм соғыста отан үшін неміс фашистерімен күресіп, от пен су кешкен жауынгерлер қатары таудан тамған тамшыдай сиреп барады. Сол майданнан аман-есен оралып, бейбіт күнге араласып, үлгілі өмірлік із қалдырған, беріректе бақилық болған соғыс батырларын да ұмытпау, біз, кейінгі қалған ұрпақтары үшін парыз! Сондай үлгілі жауынгердің бірі менің атам – Сақыпбеков Бегалы.

Менің атам Сақыпбеков Бегалы 1915 жылы сол кезде Қарағанды облысы аумағындағы Түгіскен ауылында құрылған Сарысу ауданында туған. Кейіннен ашаршылық жылдарыелдің көшіп келіп орналасқан жері – қазіргі Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам елді мекені және сол аймаққа қарасты ауылдар болып табылған.

Атам сауатсыздықты жою мектебінде еңбек етіп жүрген уақытында 1939 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы әскери комиссариатымен шақыртылып, әскерге алынған. Алғашқы әскери дайындығын 1939 жылы «Уфа қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училище курсанттары» қатарында өткізген.

Ал 1939–1940 жылдарда Кеңес-Фин соғысына аталған үчилище курсанттары қатарында 4-екпінді әскерге қарасты 254-арнайы шаңғышылар бригадасының құрамында қатысқан.

Содан кейін неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңдерінде сол бригаданың құрамында Смоленск облысы, Понизенский ауданы, Веложей қаласының Батыс жағындағы кескілескен ұрыста, ақ қар, көк мұзда, қалың орман ішінде атам бірінші мәрте оң қолынан жараланып, госпитальға түскен.

Госпитальдан шыққаннан кейін алғашқы әскери құрамасынан ауысқан. 1942 жылғы 12 маусымнан 1942 жылғы 15 желтоқсанға дейін 3-екпінді әскерге қарасты 69 мотоциклистерден құралған өздігінен қозғалатын арнайы бригадада атқыштар взводының командирі болып жүріп Сталинград облысы, Крышева деревнясын азат ету кезіндегі шабуылда арқасынан және бетінен екінші мәрте жараланған және сол жылдың тамыз айында Смоленск облысы, Витебск ауданының Харитонова деревнясын неміс фашистері әскерінен босатуда контузия алып, далалық госпитальда ұзақ емделіп шыққан.

Атам алған жарақаттарынан сауыққан соң бұл жолы да әскери құрамасынан ауысып, 1943 жылғы 2 ақпаннан 1943 жылғы 29 мамырға дейін 32-атқыштар дивизиясының 117-атқыштар полкінің құрамындағы бөлімде атқыштар взводының командирі кезінде Великие Луки қаласын неміс фашистері әскерінен қорғауда жамбасынан бірнеше жарақат алып, емделуге мәжбүр болған.

28 Гвардейский Невель атқыштар дивизиясының құрамындағы барлау взводының командир  болып жүрген кезінде Полецк қаласының маңында Белоус деревнясынан жанды тіл әкелу тапсырмасын орындау кезінде автоматтың оғынан және оң жамбасқа пышақ қадалғаннан ауыр жараланған. Красноярск қаласындағы №983 әскери госпитальде емделіп шыққан соң аға лейтенант шенінде менің атам ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып 1944 жылы елге оралған.

Атам өзінің марапаттаулары туралы толық мағлұматтардан соғыста алған жарақаттары салдарынан бейхабар болған екен. Тек «Қызыл жұлдыз» орденімен «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарын төсіне тағып жүргендігі туралы әкем Сақыпбеков Жұмабектен білдім.

1980 жылы «Жеңістің 35 жылдық» мерекесіне орай жергілікті журналист Ә.Әлменовтің «Білікті барлаушы» атты атам туралы үлкен мақаласы Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетінде жарық көрген.

Сонымен қоса атамның ерлігі туралы «Сарысу» газетінде 2005 жылы 7 мамырда Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған 37-ші нөмірінде «Екі соғысқа қатысып жеңіс күнін жақындатқан майдангер» атты, ал 2007 жылдың 8 және 12 қыркүйектеріндегі Сарысу ауданы білім саласының 80 жылдығы қарсаңында 80, 81 нөмірлерінде Б.Нұрмахановтың «Өнеге өрісі» атты мақалалары шықты.

Бұдан тысқары атам туралы Жамбыл облыстық «Арстан» газетінің 17.04.2015 жылғы №14 (341) санында «Бес рет жараланып, үш мәрте контузия алған майдангер, бейбіт өмірде ұстаздығымен де танылған» және «Сарысу» газетінің 18.04.2015 жылғы №40-41 сандарында «Отан үшін от кешкен аға» атты мақалалар жарияланды.

Енді, міне, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Халықтар Ерлігі» Жалпыға бірдей электронды құжаттар банкінде «Сакипбеков Бегалы» кейбір сәттерде «Сакыпбеков Бегалы», соңғы әскери дәрежесі «аға лейтенант» бірнеше орден және медальдармен наградталғаны туралы жазылған.

Қазіргі таңда біздің отбасымыздың мұрағатында атамның «Қызыл Ту», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордендері және «Ерлігі үшін», «Германия маңындағы жеңісі үшін», «Ұлы Отан соғысына 30 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының куәліктері, сонымен қатар соғыс кезінде әскери бөлімдердің командирлері тарапынан атамның соғыстағы ерліктері туралы қысқаша баяндаулары жазылған марапаттау парақтары мен олардың көшірмелері бірге сақталған.

Атам соғыстан кейінгі бейбітшілік заманда өзінің мүгедектігіне қарамастан, ауданның білім саласында 30 жылдай еңбек еткен. «Уфа кіші командирлер даярлайтын училищеден» алған әскери білімінен бөлек, Абай атындағы педагогикалық училищені», Алматы Мемлекеттік педагогикалық институтын оқып «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.

1936-1938 жылдары аудандағы сауатсыздықты жою мектебінде 1946 жылы Сарысу аудандық сауда бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

1952-1960 жылдары Жайлаукөл ауылындағы «Жданов» (кейінгі атауы «Жайлаукөл орта мектебі») атындағы жеті жылдық мектепте директорлық қызметте болып, 1952 жылы мектепті өзінің бастамасымен бастауыш мектеп негізінен жеті жылдық мектеп сатысына көшіріп, онда мектеп жанындағы 50 балалық интернатта малшылардың балаларын оқытқан.

Осы шалғайдағы мектепке мұғалімдермен толықтыру мақсатында 1952-1953 жылдары Сарысу ауданының орталығы Байқадам ауылынан атамның деректері бойынша Мекенов Құрақ, Майшин Шәріпбек, Аязбаев Жәнібек, Қожаниязов Мұқантай, Қожаниязова Күләш және Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищесінің түлектері Егорова мен Пушкина текті азаматшаларды шақырту арқылы мектепке орналастырып, жергілікті азамат Жамбылбеков Әзімханды жаңадан ұстаздыққа қабылдаған. Кейінгі уақытта Ә.Жамбылбеков сол мектепте ұзақ жылдар бойы басшы болып қызмет еткен.

1960-1966 жылдары Сарысу ауданы сол кездегі Бүркітті кентіндегі (казіргі Жаңатас қаласы) Бүркітті жеті жылдық мектебінде директор және ұстаз қызметтерінде болып, ол мектепті жеті жылдық етіп ауыстыруға атам күш салған.

1966-1970 жылдары Сарысу ауданындағы Көкдала елді мекеніндегі Жайылма сегіз жылдық мектебінде директор болып қызмет атқарған. Ол мектепті де атам бастауыш мектеп негізінен сегіз жылдық мектеп етіп ұлғайтып, өзі ашқан. Мектеп жанындағы 50 балалық интернатта Сарысу ауданының сол кездегі Жайылма, Коммунар, Түркістан, Жаңатас совхоздарының Талас өзені бойындағы малшылардың балалары оқытылған.

1970 жылы атам Сақыпбеков Бегалы Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі ретінде сол кездегі заңдылықтарға сәйкес 55 жасында еңбек демалысына шыққан.

Зейнетке шыққаннан кейінде мектептегі ұстаздық қызметінен қол үзбей 1975 жылға дейін Жайылма сегіз жылдық мектебінде мұғалім ретінде еңбек еткен.

11.08.1980 жылы атамның аты Сарысу ауданы Сарысу совхозының құрмет кітабына енген.

Әжем Абильдина Күлбағдат Бимендеқызы – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері. 35 жыл математика пәнінің мұғалімі болып атаммен бірге қызмет атқарған.

Менің әжем 1928 жылы әкесі Абильдин Бименде «кәмпескеге» іліккен соң, Ресейдің әртүрлі қалаларында болып, 1940 жылы Жамбыл облысындағы нағашы жұртына келіп тұрақтаған. 1941 жылы Жамбыл педагогикалық орта оқуын оқыған. 1944 жылы Сарысу ауданы Чапаев колхозындағы Ленин атындағы орта мектепте бірге қызмет ете жүріп, атам екеуі отандасып жанұя құрған. Өнегелі өмірлері ұстаздықпен өткен Бегалы атаммен Күлбағдат әжемнің отбасылық 37 өмірлік жылында 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, мұраттарына жеткен. Бүгінгі өмірде жоқ болса да, соңында із қалдырған ардақты жаңдардан 23 немере, 52 шөбере, 6 немене өмірлерін жалғастырып жатыр. Ұрпақтарының ішінде атқа мініп, мемлекеттік қызмет тізгінін ұстап жүрген ұл-қыздары мен немерелері де баршылық.

Атамның өмірінде орын алған сан қилы ержүректілік көрсеткен оқиғаларының бейнелері көз алдыма елестейді. Қызығынан қиындығы басым өмірі де көз алдыма елестеді.

«Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады» дегендей, болашағымыз үшін қасық қандары қалғанша күресіп, халыққа жеңіс сыйлаған ата-бабаларымызды естен шығармай ұлықтау – біздің міндет.

Бұл Жеңістің басты себебі – халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отаншылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халықтарының ынтымағы мен достығы екені сөзсіз.

Қанша жылдар өтсе де, бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан, елге қайта оралған әрбір батырларымыздың аты тарих төрінен орын алды және мәңгі Жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді әрқашанда жүрегімізде сақтаймыз. Сол батырлардың арасында менің атам Сақыпбеков Бегалының аты да өзінің елеулі орнын тапты.

Менің атамның Кеңес-Фин және Ұлы Отан соғыстарындағы, сонымен қатар кейінгі бейбітшілік өмірде Отанына сіңірген ерең еңбектері – орны толмас асыл қазына.

Сол себептен мен батыр атамды және осындай асылдан туған ұрпақ екенімді әрдайым мақтан тұтамын!

Сонымен қатар өткен ғасырдағы қиын-қыстау заманда, елі, жері, Отаны үшін ерінбей еңбек етіп, маңдай терін төккен ержүрек, батыр ата-баба рухтарына құрмет пен тағзым етемін!

Авторы: немересі Сақыпбекова Сандуғаш Жұмабекқызы