Еліміздің барлық аймағында қыс қаһарына мінді. Өңір жаңалықтары
Мәселен, Солтүстік Қазақстанда аязды күндері өрт оқиғалары жиілеген. Осы және өзге де ақпаратқа қысқаша тоқталсақ.
СҚО-да өрт оқиғалары көбейді
Солтүстік Қазақстан облысында өрт болып, екі адам қаза тапты. Қайғылы жағдай Шал ақын ауданында болған. Сонымен қатар түнде Воскресеновка ауылында жергілікті әкімдік ғимараты отқа оранды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қызыл жалынға пешті жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу сеп болған. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, соңғы 5 күнде өңірде 20 өрт оқиғасы тіркеліпті. 6 көлік жанып кетті. «Бұған күннің суығы әсер етті», - дейді мамандар. Өткен аптадан бері сынап бағанасы –30 градустан түспей тұр.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қатты аязда жолда қалған қырғызстандық екі азаматты құтқарды.
Олар Астана-Петропавловск тас жолымен Ресейге бара жатқан. Чапаев елді мекені маңында көліктері бұзылып, жолда қалды. Кейін құтқарушылар жетіп, жақын жердегі жылыту пунктіне жеткізді. Ауыл әкімі қырғызстандық азаматтарды тамақтандырып, жатын орын ұсынды.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары таяу күндері қала тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпауға кеңес берді.
Қалада 12-желтоқсан күні қалың қар жауып, кей жерлерде тұман түседі. Тұрғындарға көлікті ағаштың, электр желілері мен басқа да ілулі құрылымдардың астына қоймауға ескерту жасалды. Сондай-ақ 112 қызметінің SMS-хабарламалары мен БАҚ-тағы ақпаратқа салғырт қарамауға кеңес берілді.
Шығыс Қазақстан облысында балықшылар мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді.
Осыған байланысты құтқарушылар рейдке шығып, олардың құрал-жабдықтарын тексерді. Бұл жолы Ұлан ауданындағы барлық су қоймаларында мониторинг жүргізілді. Мамандардың айтуынша, қыста балықшылардың қолында құтқару жейдесі, арқан, ысқырық сияқты құралдар болуы шарт. Тиісті инвентарь болмаса, 20 мың теңге айыппұл салынады. Мұндай түсіндіру жұмыстары қысқы балық аулау науқаны барысында үздіксіз жүргізілмек.