Елімізде биыл қыс қандай болады?
Жыл сайынғы ғаламдық жылынуға бейімделіп алған қазақстандықтар биыл қыс ерте келді ме, - деп алаңдаулы. Былтыр осы уақытта елдің солтүстік өңірлерінде қарсыз қара суық болса, биыл тіпті Алматының өзінде қазірден ақ ұлпа жатыр. Жалпы биыл қыс қандай болады?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жалпы қыс мезгілі еліміздің біраз бөлігінде қараша айынан басталатыны белгілі. Арқадан бастап шығыс пен солтүстікте алты ай қыс болатыны баршағы мәлім. Ал синоптиктер биылғы күздің соңғы айы Қазақстанның басым бөлігі үшін жауын-шашынды болады, - деп болжап отыр.
Тіпті оңтүстік аймақтардың өзінде алдағы күндері қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Ол жақта қараша айы әдеттегіден суықтау болмақ. Жалпы осы айда Қазақстанның барлық өңірінде қолайсыз күн райы сақталады. Екпінді жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман бір ай бойы болады.
Айжан Бейсенбаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
- Аязды ауа райы айдың екінші жартысында болжанады. Суық ауа массалары енген кезде ауа температурасы төмендейді. Республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі уақытта -15, -24 градусқа дейін, күндіз -7, -12 градусқа дейін. Батыста және елдің оңтүстік жартысында түнде -3, -15 градусқа дейін, күндіз 0, -7 градусқа дейін.
Ал желтоқсанда елдің барлық аймағына нағыз қыс келеді. Тек қаңтар айында республиканың батысы мен солтүстік батысында ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болуы мүмкін. Ал ақпан мен наурызда елдің басым бөлігінде әдеттегіден жылы болады деген болжам бар. Бірақ қыста күн сәл жылыса, борандататыны белгілі.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Синоптиктер жалпы биыл қыста Қазақстанның оңтүстігінен өзге өңірлердің барлығында дерлік ылғал мол түсетінін айтады. Дегенмен ара-тұра қатты аяздар да болуы мүмкін. Мұны ауа райын болжаушылар: «аномальды суықтар», - дейді. Бірақ олардың қай айда және қай күні болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі күн райының құбылуы нақты, әрі дәл болжам тек бір апта бұрын ғана жасалады.
Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов