«Соңғы үміт» телехикаясы. 1-бөлім
«Соңғы үміт» – 15 бөлімнен тұратын телетуынды. Телесериалда отбасы құндылығы, ата-ана қарым-қатынасы, бала тәрбиесі көрсетіледі. Үлкенге ізет, кішіге құрмет ету де назардан тыс қалмайды.
Дала өмірі мен қала тіршілігі қат-қабат өрілген туындада ата тәрбиесі, бала көңілі әдемі жеткізілген. Айталық, отбасында жалғыз қалған ақсақалдың қалаға көшкісі жоқ. Бірнеше жыл бір шаңырақта отасқан қосағы бақилық болғаннан кейін де көңілінде оған деген сағынышы басылмады. Оның үстіне келіні Аида атасымен бір үйде тұруға келісім бере ме? Кіші немересі Санат атасын шексіз жақсы көргенімен, тұңғыш немересі Марат оны қалай қабылдайды? Ал егер ақсақал қалаға қоныс аудармаса, ен үйде жалғыз өзі қалай тірлік етпек?..
Шәріп туған анасын өз қолымен Қарттар үйіне алып келді. Баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлген ғазиз ананың жанары жасқа толып, жүрегі қан жылап тұрса да баласының тілеуін тілеп қала берді... Канадаға отбасымен қоныс аударғалы жүрген Шәріп анасына қайта оралар ма екен?..
Дастан мен Райханның арасында достық пейіл ме әлде мөлдір сезім бар ма? Алайда Райханның көңілінде бір алаң бар, ол неден қорқады?