«Нұр Әлем» сферасы
ЭКСПО-2017 көрмесінің архитектуралық символы саналатын көрме кешенінің орталық элементі – «Нұр Әлем». Әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат саналатын оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр.
Ғимараттың бірінші қабатында «Қазақстан» павильоны орналасқан. Мұнда келушілер елдің тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері, сондай-ақ Қазақстанның соңғы жетістіктерімен таныса алады.
Сондай-ақ сфераның ішінде «Болашақ музейі» орналасқан. Бұл жай ғана музей емес, инновациялық хаб және маңызды зерттеу әрі мәдени орталық. «Болашақ музейінің» 2-8-қабаттарындағы цифрлық, мультимедиалық және интерактивті технологиялар экспозициялық кеңістікті қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтетін жағдай жасайды.
Мұнда энергияның негізгі түрлері ұсынылған: ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика.
Лифт арқылы ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі шолу алаңына көтерілсеңіз, ол жерден бүкіл ЭКСПО ауданына тамаша көрініс ашылады. Ал кіреберістің алдында көрменің басты алаңы орналасқан.