«Өмір жолы». Жазушы Әзілхан Нұршайықов
Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ақбұзау ауылында дүниеге келген. Жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.
Алматы қаласындағы Тау-кен институтында, Семейдегі қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған. 1941-45 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері, әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін ҚазМУ-ды бітірген. 1953-79 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1953-56 жылдары Павлодар облысы «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1961-63 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақ Совет энциклопедиясы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы «Алыстағы ауданда» деген атпен 1956 жылы жарық көрді.