«Өмір жолы». Ақын Төлеген Айбергенов
Төлеген Айбергенұлы Айбергенов – ақын. 1937 жылы 8 наурызда Қаракалпақ елінің Қонырат деген жерінде дүниеге келген. 1959 жылы Ташкенттің Низами атындағы педогогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1959-62 ж. Қоңырат аудындағы орта мектепте мұғалім, 1962-65 ж. Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар I мектебінде директор. 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді.
Т.Айбергеновтің өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты топтама жинақта басылды. Қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары – «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондай-ақ орыс тілінде «Мир созвездья» (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды.
Т.Айбергеновтың «Ақ ерке, Ақ жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал.
1997 ж. ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітабы жарық көрді.