«Өмір жолы». Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов
Нұртас Оңдасынов – қоғам қайраткері, тілші-ғалым. Ол кісі заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алған. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында Мұғалімдер институтын ашып, Орталық Комитеттің саясатының жүзеге асуына күш салады.
Н.Оңдасынов соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамай Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын аса биік дәрежеде атап өту жөнінде Үкімет қаулысын шығарып, комиссияның төрағасы өзі болып өткізген. Қыздар педагогикалық институты, Ұлттық консерватория, Дене шынықтыру институты, Политехникалық, технологиялық институттар ашу және медицина, шет тілдер институттарына көптеген жаңа факультеттер қосу сол кісінің тұсында жасалған.
Опера және балет театры құрылысының жедел аяқталуын тікелей бақылап, облыстарда театрлардың ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдасуына да ұйытқы болған.