Хабар телеарнасы

«Жетi күн» 07.03.2015

СӘНМЕН ТІГІЛГЕН КӨЙЛЕКТЕР, ЕРЕКШЕ ШАШ ҮЛГІСІ. ҚЫСҚАСЫ, АҚОРДАҒА ШАҚЫРЫЛҒАН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР БҰЛ ЖОЛЫ ЕРЕКШЕ КӨРІКТІ. КӨҢІЛДЕРІ КӨТЕРІҢКІ БОЛҒАНЫМЕН, КӨБІСІНІҢ ЖҮЗІНЕН ҚОБАЛЖУ БАЙҚАЛАДЫ. СЕБЕБІ БҰЛ – ОЛАР ҮШІН ТАРИХИ КҮН. ЕЛІМІЗДЕГІ 9 МЛН ХАНЫМНЫҢ АРАСЫНАН ДӘЛ ОСЫ 26 ӘЙЕЛ ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСУ МӘРТЕБЕСІНЕ ИЕ БОЛДЫ.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- 8 наурыз күні Астанада қар жатса да, сіздер келіп жылыттыңыздар. Барлық халықтың көңілі көтерілді. Бұл ең тамаша мереке! 

 

Президентпен кездесу – бұл ханымдардың тек, талантына біткен несібе емес, еткен еңбегінің жемісі. Дені – көк байрағымызды әлем төрінде желбіреткен мықтылар. Бірі мемлекеттік қызметте дараланды, енді бірі медицинада бағаланды. 40 жыл бұрын қазақтың әнін шырқап, қазақтың «Татьяналары» атанған тобыңыз, мінеки. Күні кеше Түрік әлемінің алтын дауысы атанған Жанар Дұғаловаңыз да осында. 

 

Жанар Дұғалова, әнші

- Сізбен кездесу – әрине, көпшілік үшін арман. Ал мен өмірімде сізбен екінші рет кездесіп отырмын деп мақтанып айта аламын. Ол кезде мен – 12 жастағы жеткіншекпін. Эстониядан жеңіспен келген кезім. Сол сөзіңізді бата ретінде қабылдадым. Жақында Татарстаннан жеңіспен оралдым. Бұл сіздің батаңыз бен ел үмітін ақтауға деген ұмтылысым деп білемін. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Рахмет, бақытты бол! Жанар Қазан қаласында бас жүлдені алып тұрып, өз жеңісін маған арнайтынын айтты. Алғысым шексіз.

 

Кездесуде Елбасы әйелдердің қоғамдағы орнына көп тоқталды. Әрқайсысымен жеке танысты. Кеңесті. Нағыз джентельменге тән қасиетпен әйелдер қауымының көңілін көтеруге тырысты. Тіпті, әзіл айтудан да тартынып қалған жоқ. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Мне вот шутку перед праздником рассказали: Одна женщина заходит и с ней шесть детей. Она зашла, один ребенок, второй ребенок, третий ребенок, автобус стоит, другая торопится и говорит: «Слушай, ты не могла бы половину детей дома оставить?». Она улыбается и говорит: «Я так и сделала».

Бірақ әрбір әзілінің астарында Нұрсұлтан Назарбаев ханымдарды ана болуға, бала тәрибесіне, Отанды сүюге және еліміздің ертеңі үшін еңбек етуге үндеді. 

 

Биыл қазақтың көк туын жеңіс тұғырынан желбіреткен тағы бір спортшымыз бар. Назым Қызайбай деген 21 жастағы боксшы – Қазақстан тарихындағы әлем чемпионы болған алғашқы қыз. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Представляете, если такая девушка ударит. Удар, поставленный у нее. Еще молодая, мы еще много увидим ее побед.

 

Назымның құрдасы Зарина Диастың да спорт әлеміндегі атағы дардай. Үлкен теннисте ол – әлемдегі отызыншы ракетка.

 

Опера әншісі Сүндет Байғожиннің жұбайы Сэрина Сунагава да – Президентпен кездескен бақытты жанның бірі. Жапон балеринасы былтыр елімізге көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алды. Қазір Астана Операда қызмет етеді. 

 

Ақтолқын Құрмашева атағы шыққан әнші де емес, даңқты спортшылардың да санатында жоқ. Ол алтын құрсақты ана. Бала тәрбиесінен бөлек, отандық кәсіпті көркейтуге өзінің үлесін қосып жүр. 29 га жерде алма өсіретін бағбан. 

 

Әйелдер қазір қоғамның барлық саласында белсенді.  Мәселен, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 75 пайызы, білім мен ғылымның 65, ал бизнестің өкілдерінің 40 пайызы – қыз-келіншектер. Депутаттар, министрлер қатарындағы ханымдардың қатары күн санап артуда. 

 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 

- Мемлекеттің ұдайы көңіл бөлетін саласының бірі – әлеуметтік сала. Өзіңіздің тікелей қамқорлығыңыздың нәтижесінде біз ТМД елдерінің арасында алғашқы орныға шыққанымызды сала басшысы ретінде мақтан етіп айта аламын. Мысалы, орташа жалақы бойынша біз осыдан 5 жыл бұрын біз 3-4 сатыда едік. Қазір бірінші орынға шықтық. Ең төменгі зейнетақы бойынша біз ТМД елдерінің арасында алғашқы орынға шықтық. 

 

Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ гендірлік саясатқа ерекше көңіл бөлді. Әйелдер қауымына жағдай жасады, мүмкіндік берді, сенім артты. Ханымдар да үнемі үміт үдесінен шығып келеді.  

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Сейчас началась предвыборная кампания. Идею о проведении досрочных выборов в основном поддержали женщины. Я получаю сегодня тысячи писем. Сегодня утром у меня на столе вот такая пачка писем людей, которые поддерживают это, которые просят меня выдвинуть свою кандидатуру. Всеобщее такое желание стремление народа, единение такое сейчас. Сегодня есть возможность мне с вами посоветоваться, что мне делать дальше? 

 

Татьяна Бурмистрова, Ұлттық өнер орталығының бас директоры 

- Я буквально вчера была в Палодарской области. «Елбасыға сәлем жеткіз», – деді халық. Халықтың аманатын жеткіземін. Мында отырғандарымыздың барлығымыз сізге дауыс береміз. 

 

Құралай Аққошқарова, академик

- Сіз басшылық етіп тұрғанда, біздің халықтың болашаққа деген жоспарлары көп. Елімізде ең үлкен оқу ордасы болып саналатын біздің университет ұжымы және студенттер қауымы атынан Сізге қолдауымызды жеткізгім келеді. Осы жолғы сайлауға қатысуыңызды сұраймыз. Өйткені бұл мәртебеге өзіңізден басқа жанды лайық көрмейміз.

 

Кездесу соңында Елбасы 7 баланың анасы Мереке Ақсиева мен биыл аналардың әлемдік бәйгесінде бас жүлде алған, алты сәбидің анасы Ақнұр Жұмабаеваны алтын және күміс алқалармен марапаттады. Және түйін ретінде барша арулар алдында тұрған басты міндетті тағы бір мәрте қайталады. Ол – ана болу, бала тәрбиелеу. Себебі ұрпағы көп елдің ләйім, ұпайы түгел.   

 

Шырын Құрманбаева, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры

- Бүгін Ақордаға келгенде, барлығымыз қобалжыдық. Елбасын көрген кезде жүрегіміз орнына түсіп, әр ана, әр әже сөйлей кетті. Жаңа Нұрсұлтан Әбішұлына да біз айттық. Бізге кез келген уақытта сеніңіз деп. Біз сіздің сенімді серіктестеріңізбіз деп.

 

Гүлназ Жоланова, актриса

- Шынымды айтсам, алған әсерім көп. Осы әсеріммен барлық қазақ  қыздарымен, аяулы аналарымызбен, аруларымызбен бөліскім келеді. Елбасының құттықтауымен бөліскім келеді. Толқып тұрмын. Барлық өте жоғарғы деңгейде өтті.

 

Ақнұр Жұмабаева, «Күміс алқа» иегері

- Біздің басшымыз ретінде Президентіміз, Елбасымызды көргіміз келеді. Сондықтан алдағы сайлауда барлығымыз барып, өзіміздің дауысымызды береміз. Біз өзіміздің Елбасымызға сенеміз. Және шексіз алғысымызды білдіреміз.

 

Ләйлә Сұлтанқызы, «Балапан» телеарнасының директоры

- Біріншіден, «Балапан» телеарнасының директоры ретінде балалардың тәрбиесіне көбірек мән беру керектігіне және отандық өнімдерді көбейту керектігі жөнінде ақпарат айтып, бағыт-бағдар берді. Сол жердегі әрбір ару ол кісіден алдағы келе жатқан сайлау науқанына түсуді өтінді. Қалжыңдастық, өлең де айттық. 

 

Ақтолқын Құрмашева, кәсіпкер

- Бұл кісіні бүгін жаңа қырларынан танып, қуанып тұрмын. Шын мәнінде жеті қырлы, бір сырлы жігіт екенін тағы танытты. Біз Елбасымызды тек саясат жағынан танып келдік қой осыған дейін, енді бүгін өзімен жүздесіп, қолын алғаннан кейін өте қарапайым, мейірімді, халқына деген сүйіспеншілігі мол екенін тани білдім.

 

Авторлары: Бауыржан Бақытбекұлы, Айдос Меделбек, Қанат Әбілдин, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

 

-ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСКЕН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ БӘРІ ДЕ АТАҚТЫ, АБЫРОЙЛЫ. АРАСЫНДА БЕСІК ТЕРБЕТКЕН АНА, АЛТЫ ҚҰРЛЫҚҚА АТЫ ЖАЙЫЛҒАН СПОРТШЫ, ЕЛ БИЛІГІНЕ АРАЛАСҚАН ҚАЙРАТКЕР АРУЛАР БАР. СОЛАРДЫҢ БІРІ – 35 ЖАСТАҒЫ АҚНҰР ЖҰМАБАЕВА. 3 ҚЫЗ, 3 ҰЛДЫ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН КӨПБАЛАЛЫ АНА. КҮМІС АЛҚАНЫҢ ИЕГЕРІ. ӨЗІ ЗАҢГЕР, ЭКОНОМИСТ. ӘН ШЫРҚАЙДЫ, СУРЕТ САЛАДЫ. ТІГІНШІЛІК ӨНЕРІ ЖӘНЕ БАР. 2011 ЖЫЛЫ «ҚАЗАҚСТАН ХАНШАЙЫМЫ» БАЙҚАУЫНДА БІРІНШІ ОРЫН АЛҒАН. 23 МЕМЛЕКЕТТІҢ АРУ-АНАЛАРЫ ҚАТЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТА «ӘЛЕМ ПАТШАЙЫМЫ» АТАҒЫН ИЕЛЕНГЕН.  

 

Ақнұр Жұмабаева, «Күміс алқа» иегері  

- Әйел бақыты дегеніміз – балаларыңның осылай қуанып жүгіріп шыққаны. «Мама» деп мені құшақтап, бетімнен сүйіп, солардың рахатын көріп, солардың қызығын көріп, солардың күлкісін көру нағыз бақыт деп ойлаймын!

 

Есімі жаһанға белгілі тағы бір батыр қыз – Назым Қызайбай! Небәрі  16  жасында қыздар арасында бокстан Әлем чемпионы атанған әзірге тұңғыш әрі жалғыз қазақ! Назым 2012 жылы Қытайда өткен дүниежүзілік жарыста қола медаль алған, Кореяның Шеджу қаласынан да жеңіссіз келген жоқ. Ендігі мақсат-мұраты – Бразиялияда өтетін Олимпиадада алтын тұғырдан көріну.

 

Назым Қызайбай, бокстан Әлем чемпионы 

- Басында жай ғана өзім үшін қатысқым келді. Уақыт өте келе, Қазақстанды ұтқаннан кейін әлемдік деңгейге шығып, сол жақта өзіміз үшін, жеріміз үшін ұтсам екен деймін.

Әлем мықтылары тіксініп қарап, санасатын тағы бір қазақ қызы – Зарина Диас. Қазақстанның бірінші ракеткасы. Өткен маусымда үздік 33 теннисшінің қатарында-тын. Зарина қыз 1999 жылы отбасымен Чехияға қоныс аударған. Тәлімгері – қытайлық Алан Мадан. Зарина жаңа маусымды жасыл құрлықта бастап, Австралия ашық біріншілігінен сүрінбей өткен. Тек үшінші айналымда ресейлік Мария Шарапавадан жеңілді. Арманы – әлемдік рейтингтегі үздік ондыққа кіру. «Қазақстан ұлттық құрамасында ойнасам», – деген жоспары бар.

 

Зарина Диас, теннисші 

- Қазақстанда теннис қарқынды дамып келеді, қазір осы бір спорт түрімен айналысамын деген спортшыға барлық жағдай жасалған. Жастарға айтарым, тек ерінбей еңбек ету қажет. Биік белестерді бағындыру үшін адам алдыға үлкен мақсат қоя білу және сол биікке жету жолында тынбай жұмыс жасаған кезде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

Тынбай еңбектенген, қиындықты жеңген, бүгінде бизнесі өркендеген іскер келіншек – Ақтолқын Құрмашева. Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Мемлекеттік қызметін тастап, ата кәсіп мал шаруашылығына бет бұрған.  Асыл тұқымды қой мен жылқы өсіреді. Бүгінде шаруашылығында 1300-ден астам қойы, түркменнің Ақалтекесі мен арабтың сәйгүліктері бар. Малға қажет жем-шөптің бәрін өздері даярлайды. 20-ға жуық ауыл адамын жұмыспен қамтып отыр. 

 

Ақтолқын Құрмашева, кәсіпкер 

- Асау атқа мінгім келіп тұратын. Осы тепсініп жатса да мініп, жалына жабысып алатынмын. Сонда ата-анам ұрысатын. «Ондай нәрсе істеме, басып кетеді, қыз баласы үшін қиын болады», – дейтін. Мен қайта керісінше қиын деген жерді, нақты сол қиыншылықтың бәрінен өтуім керек деген сияқты алдыма мақсат қойдым. Малға шөп салу, тазалау, тезек імтеу, білесіңдер ғой ауылдағы тіршілікті, оның бәрін көріп өстік.

 

Міне, әйел қанша нәзік жаратылыс болса да, олардың жүрегі түкті, білегі де мықты. Сәбиіне бесік жырын да айтады, қоғамда белсеніп, халықты ұйытар сөзді де әйел-ананың аузынан естуге болады. 

 

БҮГІН ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АСТАНДА МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТТІ ТАМАШАЛАП,  БАРША ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІН КӨКТЕМНІҢ ЕҢ ШУАҚТЫ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ. ЕЛІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН БҮТІНДІГІ АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДЕГЕН ПРЕЗИДЕНТ ОЛАРҒА РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ. ЖАС МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ІРГЕСІН НЫҒАЙТУҒА, КЕРЕГЕСІН КЕҢЕЙТУГЕ ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕНІН БАСА АЙТТЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ. ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖАРТЫСЫНАН КӨБІ –ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ. СОНДЫҚТАН НӘЗІК ЖАНДЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ. ҚАЗАҚ ҚАШАНДА ХАНЫМДАРДЫ ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛГЕН ХАЛЫҚ. БҰЛ ИГІ ДӘСТҮРДЕН БҮГІН ДЕ АРЫЛМАҚ ЕМЕС.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Тарихымызда үйдің иесіне ғана емес, елдің киесіне айналған аналар өте көп болған. Мен сіздерді солардың бүгінгі жалғасы, айшықты ізі деп санаймын. Қиындық пен жоқшылықтан қажып тұрса да, менiң өз анамның аузынан тәубесi еш уақытта түспейтiн. «Ел iшi тыныш болса, сырты да бүтiнделедi, сабыр мен еңбек бәрiн жеткiзедi» деп айтып отырушы едi. Сабыр мен еңбек ұлт пен ұрпақты сақтайды, ел мен ердiң өркенiн өсiредi. Бұл елдiң болашағына сенетiн барлық ананың өз перзентiне айтар сөзi осы болар. Отбасын ойлайтын ана Отанын ешқашан естен шығармайды. Еліміздің тыныштығы, сыртымыздың, ішіміздің бүтіндігі барлығы ақ жаулықты аналардан, отбасын ұстап отырған әйел азаматтардан болады. Сол үшін де басымды ием, көп ризашылығымды айтқым келеді. Бұл жан жылуын арттырып, отбасы бақытын бекемдей түсетін шуақты мейрам. Ендеше көктемнің алғашқы мерекесі баршаңызға тек шаттық сыйласын деймін! 

 

Елбасының мерекелік құттықтауы «Жүрегімнің жыры» концертіне ұласты. Онда Қазақстан эстрада жұлдыздары, шығармашылық ұжымдар мен белгілі сахна саңлақтары өнер көрсетті. Қойылым әртүрлі жанрда өтті. Сондай-ақ Президент «Жасампаз Астана»  фотокөрмесін тамашалап, жобаға қатысушылармен жүздесті. Ал мерекелік концертті Астананың нәзік жандыларымен бірге елорда қонақтары да тамашалады.

 

Айман Мұсақожаева, ҚР Халық әртісі

- Бақытты күн. Қазақстан әйелдерінің барлығын мерекемен құттықтаймын. Бақытты болыңыз, табысты болыңыз!

 

- БИЫЛ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ӨЗІНІҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІН ШЫҒАРАДЫ. ОҚУ ОРНЫ ҚҰРЫЛҒАЛЫ БЕРІ АТҚАРЫЛҒАН ІС КӨП. ӘСІРЕСЕ ҒЫЛЫМИ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕЛІ. ОСЫ АПТАДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ  ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ. ЗЕРТХАНАЛАРДЫ АРАЛАП КӨРДІ. ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ. МӘСЕЛЕН, БҰЛ ЖЕРДІҢ ҒАЛЫМДАРЫ  ОБЫР МЕН ТУБЕРКУЛЕЗ АУРУЛАРЫН ДЕРЕУ АНЫҚТАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІН БІЛЕДІ. БҰДАН БӨЛЕК, ОҚУ ОРНЫНДА АЛТЫ ҚАЗАҚТЫҢ ГЕНОМЫНА ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛІП, ҰЛТТЫҢ ҚАНДАЙ АУРУЛАРҒА БЕЙІМ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛЫП ЖАТЫР. МҰНЫҢ БӘРІ КӨП ЖОБАНЫҢ БІР ПАРАСЫ ҒАНА. «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ ЕЛДАР БАҚПАЕВ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ НОУ-ХОУЛАРМЕН ТАНЫСТЫ.

«Назарбаев Университеті» қазір арнайы ғылыми орталықтардан бір мысқал да кем емес. Оқу ордасында екі ғылыми, бір Технопарк бар. Ғалымдары медицина, физика, иммунабиология, нанотехнология салаларында бұрын-соңды болмаған жаңалықтарды ашып, алды жобаларын коммерциялауға қамдануда. Демек, Университет мамандарының ноу-хаулары көп ұзамай кіріс әкеле бастайды. Ал бүгінгі мақсат – ғылыми әлеуетті одан әрі арттыру. Бұл үшін оқу орнының аумағында жаңа Технопарк пен ғылыми кампус салынбақ. 

 

Шигео Катсу, Назарбаев Университетінің ректоры

-Мына алаңқай түгелдей жаңадан бой көтеретін Технопаркке арналады. Біз инновациялық орталықтарды көптеп салуды жоспарлап отырмыз. Қызметкерлер кеңсесі, зертханалар, студенттерге арналған ғимараттардың барлығы университет қабырғасында ғылымды дамыту үшін ыңғайлы жағдай жасайтын болады.

 

Дамира Қанаева – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол обыр мен туберкулез ауруларын шұғыл анықтаудың жаңа тәсілін көрсетіп жатыр. Айтуынша, тексерілушінің қақырығын зертханалық ДНК және магниттік нано бөлшектермен араластыру арқылы ағзадағы ауру белгілерінің бар-жоғын бас-аяғы 3-4-ақ сағатта анықтауға болады. Тың әдіске Елбасының өзі оң баға берді. 

 

Дамира Қанаева, «Nuris» пәнаралық аспаптық орталығы директорының міндетін атқарушы 

- Біздің мақсатымыз – уақытты үнемдеу. Әрі бұл құрылғыларды бірге алып жүруге, өзге мекемелердің базасында пайдалануға әбден болады.

 

Келесі бір топ ғалымдар жұқпалы жыныстық ауруларды ерте диагностикалаудың оңай жолын тапты. Мына сақинаның көмегімен вирусты санаулы минуттарда анықтауға болады. 

 

Дәмел Мектепбаева, «Nuris» пәнаралық аспаптық орталығының кіші ғылыми қызметкері

- Сақинаны саусағыңызға киесіз. Сол сәтте іш жағынан автоматты түрде ине шығып, қан сынамасын алады. Кейін мына чипке түседі де, қан құрамында инфекцияның бар-жоғы анықталып, сақинаның сыртқы беті жанады. Оны арнайы мобилді қосымшаға салып, тексеру қорытындыларын аласыз.

 

Елбасы танысқан ғылыми жаңалықтар сан алуан. Әрі дені – бірер жылдың бедерінде көпшіліктің қолданысына берілетін дайын жобалар. Мәселен, мына магнетрон деген құрылғының көмегімен отандық шикізаттан галий нитриді алынады. Ол электроника, оптика салаларында қуат көзін 95 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал бұл ағынды цитометр. Құрылғы арқылы ғалымдар обырды ерте анықтауды меңгерді. Тағы бір ерекше жоба бар. Тұңғыш рет Университет қабырғасында ұлты қазақ алты адамның геномына талдау жүргізілді. Ол арқылы қазақтардың қандай ауруға бейім, қайсысына керісінше ағзасы қарсы тұра алатындығы анықталып жатыр. 

 

Айнұр Ақылжанова, Департамент директоры

- Мәселен, он адам бір ауамен тыныс алады. Бірақ арасынан біреуі науқастанып қалады. Бұл немен байланысты? Біз дәл осы сауалға жауап іздеп жатырмыз. Бірінші кезекте елімізде кең таралған қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары мен туберкулез сынды күрделі індеттерге генетикалық тұрғыда талдау жүргізіп жатырмыз. Зерттеу нәтижелері бұл аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. 

 

Фараби Күнғожин – «Назарбаев Университетінің» 4 курс студенті. Бірақ қазірдің өзінде-ақ ол көпшілікке жас өнертапқыш ретінде танылып үлгерді. Топтастарымен бірлесіп жасаған протезі белгілі бір затты алу, шай ішу секілді ондаған қимылдарды айна қатесіз орындайды.

 

Фараби Күнғожин, студент

- Менің әлі не бакалавр, не магистр дәрежем жоқ. Соған қарамастан ғылыми зерттеулермен шұғылданамын, тіпті жарық көрген еңбектерім бар. Біздің зерттеулер жүргізуімізге жасалған жағдайлар кейбір батыс елдерінің университеттерінің жоқ екенін мақатанышпен айта аламын. Бұл үшін, әрине, Президентімізге алғысымыз шексіз.

 

Зейнетула Инсепов – АҚШ-та жиырма жыл еңбек еткен танымал ғалым. Мұхиттың арғы бетінде бастаған бірнеше жобасын қазір осында жалғастырып жатыр. Өнертапқыштың еңбектері табиғи қорларды кешенді игеруге, жылыжай шаруашылығында суды үнемді тұтынуға, сондай-ақ теңіз суын ауыз суға айналдыруға мүмкіндік береді. 

 

Зейнетула Инсепов, жоба жетекшісі

- Осында мені шақырды. Лаборатория құрдым. Біздің зертханамызда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас қыз, жігіттер жұмыс істейді. Қазір барлығымыз жаңа технологиямызды жасап жатырмыз. Ол технология ащы судан тұщы су жасайды. 

 

Университет ғалымдары жобаларын жүзеге асыру барысында қал-қадірінше отандық шикізат пен материалдарды пайдалануда. Бұның пайдасы айтпаса да белгілі. Әуелі тың жоба табыс көзіне айналады. Әрі отандық өнімге сұраныс көбейеді. Түптеп келгенде, ел экомикасына келетін кіріс еселенеді.

 

Дияз Байсейітов, «Nuris» технопаркінің директоры

 - Күн көзін пайдаланып, қуат аламыз. Шыны, мыстың барлығы – отандық өнімдер.

 

Биыл «Назарбаев Университеті» үшін ерекше жыл. Оқу орнын алғашқы түлектері бітіріп шығады. Бұл аралықта университет жеткен жетістіктер шаш етектен. Межелері де биік. Ал оқу орнынның бүгінгі аяқалысына Мемлекет басшысы «5» деген баға берді. 

 

- ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРАЖАТТЫҢ МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУ МАҢЫЗДЫ. АҚОРДАДА ЕЛІМІЗДІҢ БАС ПРОКУРОРЫН ҚАБЫЛДАҒАН ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОСЫҒАН БАСА НАЗАР АУДАРДЫ. КЕЗДЕСУДЕ АСХАТ ДАУЫЛБАЕВ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ, СОНДАЙ-АҚ  ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПТАРЫ МЕН КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОРҒАУДЫ КҮШЕЙТУ ЖӨНІНДЕГІ ТАПСЫРМАНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫН БАЯНДАДЫ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ  АЛДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ӘЗІРЛІК ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКІЗУ БАРЫСЫНДА ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ САҚТАЛУЫН ҚАМТАСЫЗ ЕТУ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ТОҚТАЛДЫ. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

- Я раньше поручил надзор за расходованием денег из Национального фонда, которые мы сейчас выделяем на программу «Нұрлы жол». Это очень ответственное поручение. По вопросам, где люди недовольны на местах: заработная плата задержка есть, другие несправедливости, все локальные проблемы, которые есть, если нарушают работодатели, принимать меры. И предпринимательская деятельность как всегда. Государство все меры принимает и законы меняем ещё раз, чтобы со стороны государственных чиновников была дана возможность спокойно работать.

 

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы әлемдегі ядролық отын жеткізу саласындағы көшбасшылардың біріне айналуды мақсат етіп отыр. Елбасына компанияның жаңартылған даму стратегиясын таныстыруы барысында Нұрлан Қаппаров осылай деді. «ҚазАтомӨнеркәсіптің» басқарма төрағасының айтуынша, қазір дүниежүзі бойынша өндірілетін уранның 40 пайызы Қазақстанның үлесінде. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширату қажеттігін айтып, шетелдің жетекші компанияларымен ынтымақтастық орнату маңызды деді. 

 

Нұрлан Қаппаров, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы  

- Біздің мақсатымыз – толық ядролық отын шығаратын циклды құру. Бұл дегеніңіз тек қана уранды шығару емес, бұл АЭС-на арналған ядролық отынды шығару. «ҚазАтомӨнеркәсіп» әлемдегі ядролық отын жасайтын компаниялардың арасында жақсы орын алуы керек. Сонымен қатар мен бүгін Президентімізге трансформация бағдарламасы туралы да айттым. Өздеріңіз білесіздер, Трансформацияға арналған жиында Елбасы компанияларымыздың бағасын 5 жылда екі есе көтеру керек деген тапсырма берді. Сондықтан біз сол тапсырманы орындаймыз. Сондай-ақ Елбасы G-GLOBAL Халықаралық хатшылығының басшысы, Сенат депутаты  Серік Нөгербековті қабылдады.  Кездесуде  халықаралық жобаны одан әрі жүзеге асыруға арналған доктрина таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев G-GLOBAL коммуникативтік алаңын ілгерілету қағидаттарын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Өз кезегінде Серік Нөгербеков  интернет кеңістікте жүзеге асырылып жатқан G-GLOBAL жобасы нәтижелі екенін айтты. Былтыр 7-ші Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік 2-ші конференцияны жариялап көрсету жұмыстары аясында, G-GLOBAL алаңында 400 онлайн-бейнеконференция өткізіліп, 15 мыңнан астам баяндама орналастырылған. 

 

Президент сайлауы – тек қана электоралды науқан ғана емес, еліміздің алдағы дамуын айқындайтын аса маңызды кезең. Осы аптада Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты өткізген басқосуға қатысқан саясаткерлер мен сарапшылардың пікірі осындай. Институт директоры Ерлан Қаринның айтуынша, Қазақстан қазір турбуленттік кезеңде тұр. Ал одан аман-есен өту үшін нақты шешімдер қажет. Сайлау – сол нақты шешімдердің бірі.  

 

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры 

-  Алдағы президент сайлауы Қазақстанның саяси тәжірибесінде осымен бесінші рет өткізілмек. Бұдан бұрынғы сайлаулардан байқағанымыз, дәл осындай кезеңде мемлекет пен қоғамның даму жолы көріне бастайды. Сайлау халық назарын Президент бастаған серпінді бағдарламаларды дамытуға аударады. Ал ең бастысы, алдағы сайлау заманауи кезеңдегі Тәуелсіздік, бірлік, мемлекеттілік сияқты құндылықтардың маңыздылығын тағы бір дәлелдейді. 

 

Еліміздің белгілі саясаттанушылары қатысқан жиында бұл науқанның Қазақстанның жаңа партиялық-саяси жүйесінің дамуына сеп болатыны айтылды. Саяси дода олардың жұмысын жандандырып, белсенділікке итермелейді. Оған қоса, қазір партиялардың өрісін жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Сарапшылар: «Халық осы сайлауда ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңына топтасу қажет екендігін түсініп отыр», – дейді. 

 

Андрей Чеботарев, «Альтернатива» зерттеулер орталығының директоры 

-  Қазір сырттан көптеген қауіп-қатерлер төнген заман. Сондықтан ҚР Президенті қазақстандықтардың өз жанынан табылып, қоғам тыныштығы үшін бірігіп, жұмылу қажеттігін білдірді. Мұндай қадам халықты әлемдегі орын алып жатқан көптеген қатерлерден аман алып қалары сөзсіз. Одан өзге бұл сайлау еліміздегі саяси өмірімізге өзгеріс енгізіп, жаһандық жайсыздықтарға тойтарыс беруге дайындығымызды шыңдайды. 

 

- БҰРЫН  ҮМІТКЕР ТЕК ЕЛ АРАЛАП, ХАЛЫҚПЕН ТІЛДЕСІП ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗЕТІН БОЛСА, ЕНДІ ВИРТУАЛДЫ ӘЛЕМ АРҚЫЛЫ ЭЛЕКТОРАТПЕН БАЙЛАНЫС ЖАСАУҒА МҮМКІНДІК БАР. ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДЕРЕГІНШЕ, ЕЛІМІЗДЕ ҚАЗІР 12 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АДАМ ИНТЕРНЕТТІ ПАЙДАЛАНАДЫ. АҚПАРАТ АҒЫНЫ АУҚЫМДЫ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА САЙЛАУДЫҢ ӘДІЛ, ШЫНАЙЫ ЖӘНЕ ЕРКІН ӨТУІНЕ ТІКЕЛЕЙ ЖАУАПТЫ ӘРІ САЯСИ САЙЫСТЫҢ БАСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ МАҢЫЗДЫ ШАРАҒА МҰҚИЯТ ДАЙЫНДАЛУДА. КАНДИДАТТАРДЫ ІРІКТЕУ, ТІРКЕУДЕН БАСТАП, МАНДАТ ИЕСІ АНЫҚТАЛҒАНҒА ДЕЙІНГІ АРАЛЫҚТА ТЫНЫМСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН КОМИССИЯ  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ШАРАНЫҢ АШЫҚ ӨТЕРІНЕ СЕНІМДІ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ОСЫ АПТАДА АЛҒАШҚЫ ҮМІТКЕРЛЕР КОМИССИЯНЫҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАП ТА ҮЛГЕРДІ. ДОДАҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ НҰРБЕК ӘМИША БАЯНДАЙДЫ.

 

Орталық сайлау комиссиясы елдігімізді екшейтін шараға қызу дайын. Көк ту қайта ілінді. Мұның өзі мемлекеттік маңызды шараның басталғанын аңғартса керек. Үлкен орынға үміткер кандидаттың бірінші бас тірейтін орны –лингвистикалық комиссия. Болашақ ел басқаратын адам әуелі мемлекеттік тілде еркін көсілуі тиіс. Дегенмен, бұл талапты орындай алмайтындар көп. Биылдың өзінде екі парақ жазбасында 92 қате жіберген үміткер сынақтан сүрініп үлгерді.

 

Мырзатай Жолдасбеков, Лингвистикалық комиссияның төрағасы

- Лингвистикалық комиссияда өзі белгілеген әдебиеттер, қазақ әдебиетінің классикасы, сол еңбектердің ішінен біреуін таңдап, оқу керек. Содан кейін оқиды мәтінді. Мәтінді оқыған кезде біз тыңдаймыз. Мемлекеттік тілді меңгерген деңгейін анықтаймыз. Соңғы сынақта үміткер линг.комисся ұсынған тақырыпты таңдап, комиссия алдында еркін 15 минут сөйлеу керек. 

 

Тағы 2 кандидат қазақ тіліне шорқақтығы үшін комиссия алдынан қайтты. Жалпы бүгінгі күнге дейін ақпарат бойынша 10 адам Орталық сайлау комиссиясына өз кандидатурасын ұсынған. Және Қазақстан коммунистік халықтық партиясы өз аттарынан науқанға түсетін үміткерін жариялады. Барлығы – 11. Жұмыссыз да, зейнеткер де, кәсіпкер де бар бұлардың арасында. Биыл президенттіктен үміткер ретінде әйел адамның науқанға қатысуы жаңалық болды. 

 

Алғашқы сыннат өткен кандидаттар кемінде 93 мың 12 адамнан қол жинауы тиіс. Осылайша үміткер халық арасында өз қолдаушыларының бар екенін дәлелдейді. Қол жинау кезеңі 25 наурызға дейін созылады. Уақыттың тығыздығына байланысты ОСК биыл кандидаттарға қосымша мүмкіндік беріп отыр. 

 

Владимир Фоос, ҚР ОСК төрағасының орынбасары 

- Қол қою парақтарын беру мен оның сенімділігін тексерту мерзімін қысқарттық. Сол арқылы кандидаттардың қол жинауына артығырақ уақыт бердік. 

 

Президенттік сайлаудың әділ өтуіне қоғам белсенділері де атсалысамыз деп отыр. Қоғам қайраткерлері, жазушы-журналистер жұмылған арнайы комиссия саяси науқан кезіндегі қандайда бір құқық бұзушылықтың болмауына бақылау жасайды. Заманауи технологияның барынша пайдаланған комиссия Bakylau.kz сайтына азаматтар арыз-шағым немесе ұсыныс-тілектерін жолдай алатынын айтады. 

 

Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан азаматтық альянсының президенті 

- Тіркеу қалай болып жатыр, үгіт жұмыстары қалай жүріп жатыр? Кей жерлерде біреулер әкімшілік ресурстарын пайдалануы мүмкін. Қара пиар болуы мүмкін. Сайлау күні қалай өтіп жатқанын, осының барлығына біз қатынасып отырамыз. 

 

Орталық сайлау комиссиясы маңызды кезеңнің көпшілік көз алдында өтуі үшін барлық жағдайды жасап бағуда. Ол үшін арнайы баспасөз орталығы ашылған. Отандық және шетелдік ақпарат құралданың өкілдері басты жаңалықты осы жерден бақылайды. Айтпақшы, осы жылғы сайлау науқанына жұмсалатын қаржы көлемі де анық.  

 

Владимир Фоос, ҚР ОСК төрағасының орынбасары

- Өткен 2011 жылғы Президент сайлауында 4,7 млрд теңге қаржы жұмсалады деп жоспарланған. Қазіргі таңда біз бюджеттік тапсырысты Үкімет пен Қаржы министрлігіне беріп қойдық. Яғни осы жылғы сайлауға 5,5 млрд теңге жұмсалады шамамен. Қалай дегенмен бұл сайлауды ұйымдастырушылардың жалақысы, бұл мемлекеттің кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жасауына деген кепілдік. Оған қоса материалдық-техникалық қамтамасыз етуге кететін шығындар тағы бар. 

 

Жылдың басты саяси шарасын халықаралық сарапшылар да қалт жібермейді. Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері Тұрғанқұлов бастаған топпен кездесіп те үлгерді. Қазір Сыртқы істер министрлігі шетелдік бақылаушыларды шақыру жұмыстарымен белсенді айналысып отыр. 

 

Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ Баспасөз хатшысы

- Халықаралық бақылаушыларды үш шартты топқа бөлуге болады. Халық байқаушылар миссия, ОБСЕ, Парламенттік Ассамблеясы, ЕК, посткеңестік мемлекеттердің ұйымдары, ТМД атқарушы комитеті, түркі елдерінің халықаралық ұйымдары. Үшінші, жеке, тәуелсіз байқаушылар. 

 

Науқанның know how-ы, яғни ОСК-нің сайлауға ішкі дайындығы осындай. Айтпақшы, ЕҚЫҰ «президенттіке кандидаттың комиссияға медициналық анықтама тапсыруы міндетті» деген талабын алдырып тастапты өткен сайлауда. Соған байланысты Орталық сайлау комиссиясына ел басқару туралы идея есіне түсіп кеткендер, көріпкелдер мен заң талабын білмейтін, кездейсоқ келгендерді де іріктеуге мәжбүр. Дегенмен, болашақ мемлекет басшысын сараптау жолында Орталық сайлау комиссиясы талмай жұмыс істейді. Кандидаттың Ата заңға сай білімі мен біліктілігін анықтауға аянбай еңбек етеді. Әрі қарай тіркелген кандидатты іріктеу бұқараның еншісінде. 

 

- ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН БИЫЛ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСТЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАҒАН БОЛАТЫН. ЕНДІ ОЛАР АЛДАҒЫ САЯСИ ДОДАҒА  НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСҚАНЫН ҚАЛАЙДЫ. ҚАЛЫҢ ЕЛІ ҚОЛДАУ БІЛДІРІП, СЕНІМ АРТЫП ОТЫРҒАНДА ЕЛБАСЫ САЙЛАУДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, КӨШ ТІЗГІНІН ӨЗ ҚОЛЫНА АЛАДЫ ДЕГЕН СЕНІМДЕ ОЛАР. «ӨЙТКЕНІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҮГІНГІ ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ЖЕТІСТІГІ -   ТІКЕЛЕЙ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТӨККЕН ТЕРІ МЕН ЕТКЕН ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ», - ДЕЙДІ ЗИЯЛЫЛАР.

 

Қалмұқан Исабаев, Жазушы, ҰОС ардагері 

- Менің Назарбаев мырзаға тілегім, өтінішім, 90-ға келіп отырған ақсақал ретінде сұрауым, ол түссін сайлауға. Бұл Назарбаев бүгінгі бізге беріп отырған Құдай, Алла тағаланың дейік.

 

Әкім Тарази, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері 

- Алла деп айтайық, қазір таңдаулы 30-дың ішіне жақындап қалдық, кіреміз деп отырмыз. Айтқан сөзін орындай білуде Үкімет басындағы ел билеп отырған адамдарға  үлкен қасиет. Халық бұл кісіге әбден қатты сенеді қазір. Себебі бұл кісі етене жақын халыққа. Еліміздің туы, өркендеудің туы, дамудың туы берік қолда деп ойлаймын.

 

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  

- Халықаралық шиеленіскен жағдайда экономикалық-саяси жағынан да, дін жағынана да, ұлтаралық татулық жағынан да, біздің Президенттің әлемдік деңгейдегі лидерлердің бірі екенін дәлелдеп отыр. Меніңше, әзірге, дәл осындай кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын ұсынғанын мен өте қалар едім, тіпті, керек болар болса, талап етер едім жазушы ретінде деген ойым бар.

 

Юрий Померанцев, ҚР Халық әртісі   

- Қазір әлемдегі жағдай оңай емес. Елбасымыз, белді бекем буып, бірлікте болайық дегенді әрдайым айтып келеді. Сондықтан мен ойлаймын,  Президент әлемдік саясатта беделі бар, халқын тұрақтылыққа шақырып отырған  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болу керек. Көпті көрген қария ретінде айтарым, осындай қиын кезеңде біздің қазіргі Президентіміз өзінің кандидатурасын ұсынып, ел тізгінін қайта қолына алуы керек. Мен мұны өтінбеймін, талап етемін.

 

Серік Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі 

- Қазақстанның Тәуелсіздігі және Назарбаев деген ұғымдар – халқымыздың бір символы сияқты. Еліміздің символы сияқты таралып кетті. Сондықтан да біз, жалпы оқырмандар, көрермендер, халық Назарбаевтың әлі де біраз отыра тұруын қажет деп санаймыз. Өйткені ол кісінің бастамалары, аяқталмағаны бар, мына «Нұрлы жол» бағдарламасы, Қазақстанның стратегиясы, олардың бірқатар жұмыстары әлі алда. 

 

Қажығали Мұханбетқалиұлы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  

- Бұл да шын мәнінде халықтың Елбасына деген ықыласы, Елбасына деген тілегі. Бәрі орынды. Өйткені қазір замананың өзі ауытқып тұрған кез, бүкіл әлемдік дағдарыстың кезеңі, жалпы геосаясатта да орнықтылықтың әзірге көрінбей тұрғаны. Әрине, осындай жағдайда бүкіл елдің сенімі, ұсынысы – қазіргі қызмет істеп отырған Президенттің атына айтылуы. Соған үміттің артылуы бұл сөз жоқ шынында да дұрыс шешім деп ойлаймын. 

 

Президент сайлауын биыл өткізу туралы ұсынысты еліміздегі зиялы қауым өкілдері бірауыздан қолдаған болатын. Енді олар алдағы саяси додаға  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқанын қалайды. Қалың елі қолдау білдіріп, сенім артып отырғанда Елбасы сайлауда жеңіске жетіп, көш тізгінін өз қолына алады деген сенімде олар. «Өйткені Қазақстанның бүгінгі әлем таныған жетістігі – тікелей Мемлекет басшысының төккен тері мен еткен еңбегінің жемісі», – дейді зиялылар.

 

- ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫҒАН 30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ БАСТАМАСЫ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК ДЕГЕН ҰСТАНЫМДАҒЫ ХАЛЫҚ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ АТЫНА ХАТ ЖОЛДАП, ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ҚАТЫСУЫН ӨТІНУДЕ. КӨПШІЛІК ЕЛІМІЗДІҢ ҚАРЫШТАП ДАМУЫ ЕЛБАСЫ ЖҮРГІЗІП ОТЫРҒАН САРАБДАЛ САЯСАТТЫҢ ЖЕМІСІ ДЕП БІЛЕДІ ЖӘНЕ «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ ЕЛІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІНІҢ КЕПІЛІ ЕКЕНІН АЙТАДЫ. АЙМАҚТАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ ПІКІРІ ӘРІПТЕСІМ ГҮЛМАЙРА ҚУАТБАЙҚЫЗЫНЫҢ СЮЖЕТІНЕ АРҚАУ БОЛДЫ.

 

Өскемендегі титан-магний комбинатының металлургтері ел экономикасының өркендеуін Елбасының есімімен байланыстырады. Және Президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың өз кандидатурасын ұсынғанын қалайды. 2500 адам жұмыс істейтін кәсіпорын – Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасының жемісі.

 

Ернұр Жұматаев, «Өскемен  Титан-магний комбинаты» АҚ  металлургі 

- Елдің дамуы, өркендеуі ел Президентінің есімімен тығыз байланысты.  Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы сізді алдағы Президент сайлауына қатысып, өз кандидатураңызды ұсынуды сұраймыз.  

 

Ел алаңсыз болуы үшін, алдағы сайлауға Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуы қажет», – дейді Қостанайдағы «Баян сұлу» фабрикасының ұжымы. Заманауи желілермен жабдықталған кәсіпорында өткен жылы 41 мың тонна өнім өндірсе, соның 35 пайызы экспортталды. Өсім мұнымен шектелмек емес. Жұдырықтай жұмылған ұжым экономикадағы өрлеу мен қоғамдағы татулық мемлекет басшысының ерен еңбегінің жемісі деп есептейді.

 

Тынымгүл Қапарова, «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының қызметкері 

- Осы сайлауға Президентіміздің қатысқанын қалар едік. Біздің елімізде тұрақтылық сақталып отыр, ешқандай алауыздық жоқ арамызда. Қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті осылай жұмыс істеп жатырмыз. Сол Президентіміздің арқасы.

 

Орал қаласындағы кәсіпорындардың жұмысшылары да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан Президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынуын сұрайды. «Uniserv» компаниясы еліміздің транспорттық инфрақұрылымын дамытуға ауқымды үлес қосуда. Кәсіпорын бұған дейін халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар мен шойын жолдардың құрылысын жүргізсе,  алдағы уақытта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша көршілес Ресейдің Саратов облысына шығаратын халықаралық маңызы бар тас жолды төсеуге кіріспекші. 

 

Нұрғазы Сәтбаев, «Uniserv» ЖШС Бас директоры 

- Мен өзім басқаратын мыңнан астам жұмысшысы бар ұжымымыздың атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан алдағы Президент сайлауына түсуін сұраймын. Өйткені ол Ұлт көшбасшысы ретінде қазақ елін ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап, армандаған үлкен мақсат-мұраттарға жеткізе білді.

 

Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының ұжымы да Астанаға жеделхат жолдады. Онда дәрегерлер Нұрсұлтан Назарбаевтан алдағы Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуын сұраған. Ақ халатты абзал жандар медицинаның өркендеуін Елбасының бұл салаға ерекше қолдау көрсетуінің арқасы деп біледі. Бүгінге дейін мұнда 40 адамның бүйрегін және бір науқастың бауырын алмастыру операциясы жасалған.  

 

Мәди Биғалиев,  Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері 

- Біздің ұжым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлауға қатысуы керек деп санайды. Осы кезге дейін Елбасының Қазақстан үшін атқарған жұмыстары шексіз. Еліміздің экономикасы өрлеп, халықтың тұрмысы жақсарды.

 

Жамбыл облысының спортшылары да Мемлекет басшысына хат жолдап,  сайлауға өз кандидатурасын ұсынуын өтінген. «Осы кезге дейін еліміздің жеткен жетістіктерінің барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегінің жемісі. Елбасының бұл сайлауға қатысуы ел мүддесімен сай келетін мәселе»,- дейді спортшылар қауымы.

 

Марат Мәзімбаев, кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы 

- Біздің Қазақстан елі дамып жатыр. Қазақстанды бәрі таниды. Бұның барлығы Елбасының арқасында. 26 сәуірдегі сайлауға Елбасы өз кандидатурасын ұсынса екен дейміз. Өйткені еліміздегі жақсы істердің жалғасқанын қалаймыз. 

 

СҚО-ның Меңгесер ауылында 250 түтін бар. Талай жыл суды құдықтан тасып ішкен тұрғындар «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша тіршілік көзін үйлеріне тартып алған. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан жұрт Президент сайлауына бір адамдай қатысуға дайын отыр.

 

Күлмәну Дәулетова, Меңгесер ауылының тұрғыны

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатыссын деп ойлаймын. Біз жамандық көргеніміз жоқ. Тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз Елбасының арқасында.

 

Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінде Қазақстан студенттер Альянсының ұйымдастыруымен алдағы Президент сайлауын қолдауға бағытталған флешмоб өтті. 150-ге жуық студент иық тіресіп, «Біз сайлауды қолдаймыз!», «Сайлау-2015» деген жазуларды бейнелеу арқылы көпшілікті алдағы саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды. 

 

Мұстафа Қожамсейіт, «Қазақстан студенттер Альянсының» ШҚО бойынша көшбасшысы 

- Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді бағалайтын, болашағына зор үмітпен қарайтын шығысқазақстандық жастар 2015-жылғы 26 сәуірде өтетін сайлауға толық қатысамыз. Бұл сайлау біз үшін маңызды. Алға, Қазақстан! Жасасын, Қазақстан! 

 

Қоғамдық бірлестік өкілдері мен еңбек ұжымдары және ардагерлердің Мемлекет басшысының атына хат жолдаған хаттары толастар емес. Көпшілік Елбасынан Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуын сұрауда. Және ұлт көшбасшысының саясаты елдің жүйелі дамуының кепілі деп біледі.

 

- ОСЫ АПТАДА ӘЛЕМДІК НАРЫҚТА ҚАРА АЛТЫН БАҒАСЫ ТАҒЫ ДА ТӨМЕНДЕДІ. БРЕНТ МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰНЫ ШАМАМЕН ЕКІ ДОЛЛАРҒА АРЗАНДАП, СОҢҒЫ АЛТЫ ЖЫЛДАҒЫ ТАРИХИ ҚҰЛДЫРАУ КӨРСЕТКІШІ ТІРКЕЛДІ. МҰНАЙ ӨНДІРУШІ ЕЛДЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚОРҒАУҒА КІРІСТІ. НАУРЫЗДЫҢ 5-ІНЕН БАСТАП РЕСЕЙДЕН БЕНЗИН ЖӘНЕ ДИЗЕЛЬ ОТЫН ТҮРЛЕРІН ТАСЫМАЛДАУҒА 45 КҮН МЕРЗІМГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ. БҰҒАН СЕБЕП БОЛҒАН БІРІНШІ ФАКТОР ОТАНДЫҚ МҰНАЙ ӨНДІРУШІ ЗАУЫТТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ 2016 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖОСПАРЛЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ. ДЕМЕК, КЕЙБІР АРАЛЫҚТА СҰРАНЫСТЫ ӨТЕУ ҮШІН ШЕТЕЛДЕН ӨНІМ САТЫП АЛЫНАДЫ. ӘДЕТТЕ ІШКІ НАРЫҚТАҒЫ ТАПШЫЛЫҚ РЕСЕЙ ӨНІМДЕРІНІҢ ИМПОРТЫМЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛЫП ОТЫРАДЫ. 

 

Бұл екі ел арасындағы индикативтік теңгерім арқылы реттеліп, тиісті дәрежеде бақылауда болады. Осы тұста көрші елден мұнай өнімдерінің тасымалына тыйым салуға себепші болған екінші фактор туындайды. Соңғы екі айда Қазақстанға Ресейден жеткізіліп жатқан жанар май көлемі жоспарлы межеден біршама асып кеткен.   

 

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі    

- Биылғы қаңтар айында 90 мың тонна бензин жеткізу жоспарланған. Импорт 180 мың тоннаға жетті. Ақпандағы меже 80 мың тонна, әкелінгені 140 мың тонна. Нәтижесінде жоспардан тыс 150 мың тонна жеткізілген. Елімізде бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті.  Сұранысты көп қажет ететін 92 маркалы бензиннің қоры – 460 мың тонна. Біздің есебіміз бойынша тұрақтылықты сақтау үшін 200 мың тонна қордың болғаны дұрыс. Демек, қолда бары қажеттіліктен 2 жарым есеге артық. Дизель отынының қоры да мол. 550 мың тонна.

 

- ӘЛЕМДІК МҰНАЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ БҮГІНГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ КҮЙДЕ? СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАРДЫҢ КЕРІ ӘСЕРІН БОЛДЫРМАУҒА ҚАЗАҚСТАН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУҚАРЛЫ? ТАҚЫРЫПТЫ «ЖЕТІ КҮН» ТІЛШІСІ БАҒДАТ БЕКТҰРҒАНҚЫЗЫ ТАЛДАЙДЫ. 

 

Әлемдік мұнай бағасы ақпанда сәл көтерілген. Наурызда құлдырау соқпағына қайта түсті.  Ұсыныс сұраныстан жоғары. Қоймалар шикізатқа толы. Биыл жазға дейін ұсыныс күніне бір жарым миллион баррельге артып, жыл соңына қарай күрт төмендейді деген болжам жасалуда. Ал Халықаралық энергетика агенттігі мұнайға деген сұраныс жыл соңында рекордтық көрсеткішке күніне тоқсан төрт миллион баррельге жетеді деп бағалайды. Бірақ бағасы көтерілмейді деп есептейді. 

 

Айдын Құлсейітов, «Қазақстан Индустриялық даму институты» АҚ Басқарма төрағасы  

- Біз халықаралық статистика негізінде сараптама жасаймыз. Экономикалық ахуал күрделенді. Мұнай Бағасы қанша арзандаса да, өндіріс бәсеңдеген жоқ. Соңғы бес жылда АҚШ бір жарым есеге арттырды. Бұл тақтатас мұнайын өндіру көлемінің өсуімен байланысты.   

 

Мұнай өндірісі Америка мен Ливияда артты. Ал Иракта қарқын алды. ОПЕК ұйымы соңғы отырысында қара алтын өндірудегі күніне отыз миллион баррель болатын жеңілдіктерді қысқартпады. Бұл әлбетте жағдайды қиындатып жіберді. Таяу Шығыстағы бірқатар елдер бағаның арзандауына үрке қарамады. Кез келген зардабына әзір екендіктерін жеткізді. Алайда бірқатар мұнай өндіруші компаниялардың алды жұмысын тоқтатып, көбі өндіріс пен шығындарын азайтып жатыр.  Ең көп зардап шеккен Венесуэла, Иран, Ирак және көршілес Ресей. 

 

Алексей Белогорьев, РФ Энергетикалық стратегия институты бас директорының орынбасары 

-Біріншіден, бюджет жоқ дегенде 10%-ға қысқаруда. Негізгі қысқартулар көбіне әлеуметтік саланы қамтиды. Зейнетақылар мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қысқарары анық. 

 

Қазақстан дүние жүзіндегі ірі мұнай өндіруші елдер арасында көш басында. Он екінші қатарда. Әлемнің 30 еліне мұнай жеткізеді. Былтыр экспорт көлемі – 62,5 млн тоннаны құраған. Он бес миллион тоннаға жуық көмірсутек шикізаты өңделіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт бүтін оннан екі пайызға артқан. 

 

Михаил Бортник, ҚР Парламенті Сенатының депутаты 

-Еліміздің ішкі жалпы өнімдегі бұл саланың үлесі – 23-25%. Экспортта 70%-дан астам, ал Қазақстан экономикасына келетін тікелей инвестиция ретінде 23-24% шамасында. 

 

Сарапшылардың айтуынша біздегі жағдайдың тұрақтылығына ықпал ететін ұлттық қордағы қаражат және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат. 

 

Қасымхан Жұманазаров, экономист-сарапшы

- 99 жылдары мұнайдың бағасы 10-19 доллардай болған. Сол кездің өзінде де өзінің экономикасын дербес саясатын жүргізуге мүмкіндік алды. Елбасымыздың бастамасымен мемлекеттік ұлттық қор құрастырылды. Қазір енді ұлттық қорда жиылған тиісті қаржымен экономиканы бірқалыпты ұстап, тіптен алға үдемелі түрде алға жүргізу мүмкіндігі бар. 

 

Қазақстанның мұнай өндірісін дамытудағы жоспары ауқымды. Биылғы меже – сексен миллион бес жүз мың тонна көмірсутек шикізатын алу. Он төрт миллион тоннадан астам қара алтынды өңдеп, экспортқа алпыс миллион тоннасын жөнелтпек. Ал 2016 жылдан кейiн отандық нарықты сапалы бензин және дизель отынымен толық қамтуды көздейді. Сонда импортқа иек артудан арылады. Сол үшін үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуды жалғастырады. Және төртінші зауыт құрылысын жүргізуді  қолға алды.  

 

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі

- 2017 жылы мұнай өндіру көлемін 86 млн тоннаға, ал 2020 жылға қарай 104 млн тоннаға жеткізу көзделуде. Бұл Теңіз кен орнында өндірістің кеңейтіліп, Қашаған кен орнындағы жұмыстың жандануымен байланысты.  

 

Қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Атырау облысында өндіріледі. Былтыр отыз екі мың тоннадан астам қара алтын алынды. Өңдеу зауытында технологияны жаңғырту жалғасуда. Жоба іске асырылған соң жоғары октанды бензин шығарылады. Қара алтынды тереңдете өңдеу кешенi де салынуда. Төрт мыңға жуық адам құрылысқа тартылған. Кешен салынып біткен соң  шикi мұнайды өңдеу көлемi жылына 5 млн. тоннадан 5,5 млн тоннаға дейiн өседi. Мұнайлы өңірдегі ірі компанияның бірі – «Теңізшевройл». Қазақстан экономикасына және аймақты әлеуметтік қолдауға бағытталған инвестицияны кемітпейміз, – дейді сондағылар. Олар Теңіз кен орнында мұнай құрамын ілеспе газ, күкірт секілді қоспалардан тазартуға арналған жаңа зауыт салуға кірісті.    

 

Мұрат Мұңбаев, Стратегиялық жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы 

-Бүгінде теңізде құрылыс алаңын дайындау жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, болашақ зауытқа инженерлік жүйе тарту, вахталық кенттің құрылысы жүріп жатыр. Және «Прорва» жарты аралынан теңіз портының құрылысы басталды.

 

Ал Павлодар мұнай өңдеу зауытындағылар жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуге мүдделі. Қазір қоймалары жанар майға толы. Алайда ішкі нарыққа ресейлік қара алтын өнімдерінің әкелінуін уақытша шектеу арқылы жағдай түзелеріне сенімді.  

 

Сергей Халатов «Павлодар мұнай химия зауыты» АҚ өндіріс бөлімінің басшысы   

- Зауыт тұрақты жұмыс жасап тұр. Жоспарға сәйкес күніне 12 мың тонна өңделуде. Тәулігіне 3 мың 600 тонна бензин, дәл осындай көлемде дизель отынын шығарып отырмыз. Көршілес елден жанармай тасымалына уақытша тыйым салу – біз үшін қажет болған шара. Әйтпеген жағдайда бізде өндіріс көлемі төмендеп, кәсіпорынды толық тоқтатуымыз да мүмкін еді.      

 

Шымкент өңдеу зауыты наурыздың соңында жоспарлы жөндеу жұмыстарымен бір айға уақытша жұмысын тоқтатады. Жалпы бұл өндіріс орнын жаңғыртуға екі миллиард долларға жуық қаржы қарастырылған. Бұл мұнайды терең өңдеуді арттырып, өнімділікті алты миллион тоннаға жеткізбек. Жанар-жағармай Еуро төрт және Еуро бес сапасымен шығарылады.  Бұл жобалар іске асырылған соң қазақстандық мұнайды қайта өңдеу көлемi 29,4 пайызға артады. 14 млн 297 мың тоннадан 18 жарым млн тоннаға жетедi деген болжам бар. Ендігі міндет – осы мақсатты жобаларға жахандық дағдарыстың кері ықпалын азайту. 

 

Ұзақбай Қарабалин,  ҚР Энергетика бірінші вице-министрі

- Мұнай бағасының төмендеуі – экономикалық тиімділікке кедергі. Компаниялар өндіріс көлемін кемітпей, жұмысшыларды қысқартпау үшін шығындарды оңтайландыруда үлкен жұмыс жасады. Бірақ олар өндірістік тұрғыда пайдаға кенеліп отырмағаны анық. Сондықтан компанияларды құрдымға жібермей ұстап қалу қамын қарастыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. 

 

Талдау жұмыстары бірінші сәуірге дейін жүргізіледі. Отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында мұнай газ компанияларына салықтық жүктемені азайту жолдары қарастырылуда. Қостанайдағы автокөлік құрастыру зауыты әлемдік дағдарыс қысымына қарамастан өндірісті тұралатпақ емес. Еңбек өнімділігі былтырғы денгейде сақталып қалады. Жұмыс орындары қысқармайды.

 

- ҚАЗІР КӘСІПОРЫН БАСШЫЛАРЫ АВТОКӨЛІКТІҢ ӨЗІНДІК ҚҰНЫН ТӨМЕНДЕТІП, ОНЫ ӨТКІЗУ НАРЫҒЫН КЕҢЕЙТУГЕ КҮШ САЛУДА. ҚОСТАНАЙДАҒЫ АВТОӨНДІРІСТІҢ НАҚТЫ ЖАҒДАЙЫ ЖАЙЫНДА ТОБЫЛ ӨҢІРІНДЕГІ  ТІЛШІМІЗ МАҒАУИЯ ҚАЛИЕВ ӘҢГІМЕЛЕЙДІ. 

 

Отандық автоөндіріс бізде енді аяққа тұрып келе жатыр. Қазіргі түрлі жағдайларға қарамастан кәсіпорын өндірісті бәсеңдетпек емес. Технологиялық желілердің барлығы жұмыс істеп түр. Осыған дейін мүнда әлемдік брендке ие Тойото, Пежо, Ивеко, Сан-Ионг сияқты көлік түрлері шығарылып келсе, таяуда бұл қатарға Қытайдың тағы екі маркасы қосылды. 2012 жылдан бергі аралықта Қостанайда автоөндіріс қаншалықты қарқынды дамығандығын мына мәліметтерден-ақ білуге болады. Мысалы, 2011 жылы 900 көлік ғана шығарылса, 2012-де 2 мың 691. 2013 жылы 7030, ал былтыр 8 мың 500 автокөлік құрастырылған. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, қазіргі қиындықтарға қарамастан, биыл да өндіріс көлемі сол денгейде қалады. 

 

Яғни 2015 жылы да 8500 автокөлік шығару жоспарланып отыр. Өзгенікіне телмірмей, өзіміздікін қадірлеудің жақсы үлгісін жақында Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметі мен ішкі істер басқармасы көрсетті. Олар осы Қостанайда құрастырылған 24 өрт сөндіру машинасы мен 76 арнайы қызмет көліктерін сатып алды. Бұл басқаларға үлгі болса игі. Алматылық Қуаныш Уәлібай қостанайда құрастырылған өрт сөндіру машинасының  сапасы шетелдік нұсқаларынан еш кем еместігін айтады. Тәжірибелі жүргізушіні негізінен көліктің  ыңғайлығы  және  жайлылығы қызықтырды. 

 

Қуаныш Уәлібай, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі 

- Қазіргі заманға сай жасалған автокөлік. Бәрі электрленген, жүргізуге өте ыңғайлы. 

 

Замануй техниканың қызметі нақты іс жүзінде  көрсетілді. Отқа оранған нысан бас-аяғы үш-төрт минуттың ішінде өшірілді. Қостанайда құрастырылған жаңа техникалардың таныстырлымына келген мамандар олардың жабдықталуына, сапасына жоғары баға берді.  

 

Данияр Ысқақов, Алматы облыстық тжд «өрт сөндіру  қызметі» мм бастығының орынбасары 

- Бұл автокөліктің артықшылығы Бұл АЦЛ-3-40-17 деп аталады. Мұнда екі функция бір-ақ атқарылады. Мұнда өрт сөндіруге арналған құрал-жабдықтар, автосаты. 17 метрлік автосаты 5-ші қабаттан адамдарды эвакуациялауға, құтқаруға арналған. Қазіргі уақытқа дейін бұл автокөліктер өзін тек жақсы жағынан көрсетті. 

 

Мынау Қостанайдағы автозаводта осыдан 4-5 ай бұрын ашылған жаңа цех. Аумағы ат шаптырымдай өндіріс орынында «Тойота Фортунер» және қазақстандық «Номад» автокөліктері шығарылады. Мұндай технологиялық желі әлемде сирек. Сырлау, дәнекерлеу жұмыстары робот техникалармен атқарылады. Конвейер тоқтаусыз жүріп тұрады. Соңғы 3-4 айда мұнда 250 Тойота автокөлігі құрастырылған. Дайын көлік соңынан техникалық бақылау бөліміне келіп кіреді. Жан-жағынан жарық шамдар жарқыраған қоршаудың ішінде темір тұлпар тыңғылықты тексеріледі.

 

Бақыткүл Әлмағамбетова, Техникалық бақылау бөлімінің маманы 

- Бұл жерде машинаның сыртқы қалпы, ішкі жабдықтары, электр құралдары, мотор бекіткіштері, бәрі мұқият тексеріледі. Сәл кінарат табылса, бақылау картасына жазылып, ақауды жою желісіне жіберіледі.   

 

Қостанайдағы автозауыт  техниканың қандай түрін де шығаруға  қауқарлы. Кәсіпорын биылдан бастап,  Қытайдың Джили және Джат деген машина маркаларын құрастыра бастады. Оның сыртында ауылшаруашылық техникалары, ауыр жүк көліктері, кран, бетон араластырғыш машиналар, жедел жәрдем, құқық қорғау органдарының қызмет көліктерінің өндірісі игерілген. Енді Ивеко  автобустарын шығарсақ деген ойлары бар.Италиялық  мұндай қоғамдық көлік түріне сұраныс бар. Сондықтан алыстан арбаламай-ақ, Қостанайда құрастырсақ әлдеқайда арзан түсері анық. 

 

Малика Бектұрова, Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы 

- Автобустың бұл моделі заманауй саналады. Іші кең, кіріп, шығуға ыңғайлы. Және Астананың қаһарлы қысына шыдамды. Былтыр біз 350 Ивеко автоусына  тапсырыс бердік. Елордада жыл сайын жолаушылар нөпірі 8 пайызға артады. Сондықтан екінші кезеңде тағы 350 осындай қоғамдық көлік түрін сатып алу жоспар да бар. 

 

Мемлекет қолдауының арқасында алдағы уақытта отандық автоөндірістің тынысы ашыла түспек. Қазір тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігін кеңейту  жолдары қарастырылуда. Осы мақсатқа  қосымша қаржы қаржы бөлініп отыр. 

 

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары 

- Үкімет тарапынан отандық автоөндірісті қолдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл салаға 20 млд теңге бөлінеді. Оның 5 миллирды лизингтік бағдарламамен коммерциялық техникаларды сатып алуға қаралған. Ал 15 млрд теңге тұтынушыларды қолдауға бағытталады. Бұл өндірісті құлдыратпай, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жасалған үлкен демеу.

 

Автокөліктің өзіндік құнын төмендетудің тағы бір амалы, оның қазақстандық үлесін арттыру.  Яғни жеке бөлшектері барынша өзімізде көп жасалса, соншалықты арзан болады.  Жергілікті мамандар қазір осыған ұмтылуда. Сырлап, дәнекерлеудің сыртында болашақта бампер, орындықтарын  да  Қостанайда жасаудың жолдарын қарастыруда. Бүгінгі таңда автокөлік құрастырудың   қазақстандық үлесі 30-40 пайыз шамасында. Алдағы екі-үш жылда 50 пайызға жеткізу мақсаты қойылып отыр.

 

Андрей Лаврентьев, «Allurgroup» компаниялар тобының  президенті 

-  Биыл автокөлік құны 5 пайызға төмендейді. Ал 2018 жылға қарай  көлік құрастырудағы үлесімізді 50 пайызға жеткізсек, бағаны 12 пайызға дейін түсіреміз. 

 

Қазір Қостанайдағы автозауыт күніне конвейерден 60 көлік шығарады. Жаңа жобалар жүзеге асса, алдағы жылы өндіріс еселеп артуға тиіс.  

 

- ӨТІП БАРА ЖАТҚАН АПТА ОСЫНДАЙ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. КЕЛЕСІ СЕНБІДЕ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ!