Жеті күн. 12.12.2015
1 Елбасы Индустрияландыру және «Алтын сапа», «Парыз» жеңімпаздар марапаттау рәсіміне қатысты
Еңбек өнімділігі. Экспорт көлемі. Негізгі капиталға инвестиция тарту. Осы үшеуі индустрияландырудағы басты көрсеткіш болады. Осы үшеудің аясында нақты жұмыс жүреді. Талап қойылады
Дағдарыс қол байламайды, керісінше қамшылайды. Соның айғағы – кеше Президент іске қосқан 18 кәсіпорын. Осылайша биыл Қазақстанда Индустрияландыру картасы аясында 120 жоба ашылды. 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тұрды. Бұл нысандардың қай қайсы да сыртқы экономикалық ықпалдарға төзімді. Бізге қажеті осы. Олар кедергілерге кідірмеуі керек. Индустрияландыру да елдің үкілеген бір үміті. Бағдарлама бойынша түрлі тауар өндірілді. Олардың біразы бұрын-соңды Қазақстанда шығарылған емес. Сөзіме дәлел: арматура өндірісі 8 есеге өсті, құбыр шығару көлемі 210 мың тоннаға жетті, алғаш рет арқалық және швеллер жасадық. Жасап қана қойған жоқпыз, экспортты еселедік. Биыл тұңғыш рет еліміз әлемдегі экспорттаушылардың елулігіне қосылды. Сыртқа жөнелтетін тауардың төрттен бірі бөлігі дайын өнім. Президент: «Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған тұста маңызды»,- деді.
Бұл кәсіпорындар Қазақстан экономикасын жаңа белестерге жетелері анық. Себебі олардың барлығы бұрын-соңды елімізде өндірілмеген өнімдер шығармақ. Президент әрбір іске қосылған нысанның қарапайым халыққа тигізер пайдасын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Сегодня все видят: то, что мы сделали, - на самом деле история успеха. Во-первых, в этом году Казахстан вошёл в топ-лист 50-ти ведущих экспортеров, заняв 43 место.
Ақтөбе облысында ірі-қара етін өңдейтін комбинат іске қосылды. Өнімнің 60 пайызы экспортқа жіберілсе, қалғаны ішкі нарықты қамтиды. Бұдан бөлек құс және бройлер етін шығаратын екі зауыт ашылды. Мәселен Ақмола облысындағы бройлер құс фабрикасы елордалықтар мен көршілес аймақтарды сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорын елімізге әкелінетін ет импортын 15 пайызға қысқартады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Өте үлкен қуанышпен рұқсат етемін. Себебі біз тұңғыш рет өзіміздің мал шаруашылығымыздың етін өңдеп, шетелге шығарып отырмыз. Мұндайға біздің қолымыз жетпеген болатын. Менің ылғи айтып жүргенім, ауыл шаруашылығы деген біздің экономиканың ең үлкен бөлшегі. Оның бағасын көтеріп, елге шығару бәріміз үшін қуаныш және жаңа өніммен құттықтаймын. Желаю успеха в делах.
Жобалар Қазақстан өнеркәсіптік өндірісінің 8 перспективалық саласында жүзеге асырылды. Бұл 18 нысанда 3300 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. «Әрбір жаңа кәсіпорын жыл сайын орташа алғанда 81 млрд теңгенің өнімін шығарады. Бұл дегеніңіз біздің экономикаға кемінде 270 млрд теңге қосымша табыс әкеледі», деді Елбасы. Телекөпір барысында Алматы қаласындағы лак-бояу материалдарын шығаратын зауыт та іске қосылды. Ол әр жыл сайын 15 мың тонна бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім шығарады. Ал Қызылордада жұмысын бастаған үй құрылысы комбинаты жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін қысқа мерзімде тұрғызады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Өндірістік индустриялық бағдарламаны білесіздер осының барлығы құрылыс материалдары арқылы жүретін болады. Ол өндірістердің барлығы төңірегінде құрылыс материалдары бар, басқалары бар, қаншалықты гуманитарный эффект болатынын білесіздер. Сондықтан, мінеки, сол өнідірістің арқасында, үй құрылысының арқасында сіздердің де өндірісіңіз пайда болды. Өте қажет, сырттан әкелмей ішімізден шығарып өзіміздің халқымызға жұмыс беріп отырмыз. Өте тамаша өндірістер. Бәлен мың адам. он мың адам істейтіні қазір бізге керегі жоқ. Осындай шағын, орта 50-25 -30 адам істейтін көп шаруашылық керек. Барлық облыстар осымен шұғылданса, елімізге үлкен пайда келтіретін болады.
Жаңа индустриялық жобалардың желтоқсанда іске қосылуы тегін емес. Бұл Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқына жасалып отырған сый. Осыны айтқан Елбасы жастарды кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырды. Себебі «Индустрияны дамыту арқылы ғана біз өзге елдердің көшіне ілесе аламыз»,- деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент өндірістік бағытпен қатар, елімізде қызмет көрсету саласын да дамыту керектігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Качественное развитие должно получить смежные сектора, услуги, профессиональные услуги, высокотехнологичная сервисная логистика. Сколько стоит наш автомобиль? - 10 тысяч долларов, да? Три миллиона тенге, эта стоимость состоит не только из того, что металл собрали. Его надо привезти, надо обслуживать на заводах, его надо ремонтировать. 20-30% стоимости автомобиля складывается из сервисных услуг. Вот, почему я говорю про сервис. Там рабочие места создаются, там деньги создаются.
Батыс өңірінде қуаттылығы 100 МВт-тық газ-турбиналық электр стансасының тұсауы кесілді. Ол өңірді сапалы қуат көзімен қамтып, Ресей энергиясына тәуелділіктен арылтпақ. Ал Ерейментауда жел электр станциясы іске қосылды. Бұл - Арқаның тынымсыз соққан желін тиімді пайдаланып, қыруар қуат көзін өндіретін теңдессіз жоба. Осында өңделетін 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Сейчас в Париже идёт Всемирная конференция альтернативной энергетики. Весь мир борется против загрязнения атмосферы и потепления нашей планеты, которая будет сопровождаться страшными катаклизмами. Некоторые думают, что сейчас подешевела нефть там газ, зачем нам заниматься этим делом. У нас «ЭКСПО 2017» - это фишка новая энергетика и вот то, что вы делаете я за этим следил, ветровая электростанция эта не первая, но эта самая крупная - первая 45 МегаВатт. И вот это мы будем продолжать.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодардағы Коксты қайта өңдеу бойынша мұнай-химия өндірісін де іске қосты.
Нағашыбек Әубәкіров, «УПНК-ПВ» ЖШС атқарушы директоры
-«Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы мұнай коксын қайта өңдеу - өңірдің мұнай өңдеу кешенінің жаңа бағыты. Инвестиция көлемі - 23 млрд теңге. Біздің өнімнің негізгі тұтынушысы Қазақстан электролизді зауыты - алюминий өндірушісі болады. Өндіріс қыздырылған мұнай коксын импорттау тәуелділігінен босатып, Ресей мен Қытай нарығына шығуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «КазТехЭкспо» автоматтандырылған сауда-өндіріс кешені жұмысын бастады. Мұнда жылына 2 мың тігін құрал-жабдықтары құрастырылып, тоқыма өнімдерінің сан түрі шығарылады. Бұдан бөлек, еліміздің батысында тері және жүн өнімдерін өңдейтін «Каспий Лана Атырау» серіктестігі ашылды. Фабрикада жылына 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Мен сіздермен бірге өте қуаныштымын, осындай өндірісті іске қосқанына. Қазіргі заманда орта және шағын осындай бизнес халыққа жұмыс беретін бізге қажет. Мемлекет барлық жағынан қолдап отыр. Әсіресе, Назгүлге айтатыным, мынадай мұнай мен газдың қиын жағдайында, Бақтықожа, мұнайшылар енді мынау Назгүлге келіп жұмыс істейтін шығар, сондықтан осындай өндірістің мұнай өңірінде іске қосылуы өте тамаша, ары қарай да жүргізе беру керек. Атырауда көп шаруалар жасалып жатқанын мен білемін. Оңтүстік Қазақстандағы кезінде тоқтап қалған мата өңдейтін барлық өндірісті қайтадан жүргіздік, мінекей, енді шетке шығаратын жағдай келді.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысында оңтүстіккореялық инвестор Jintex Global компаниясымен бірлескен дайын тоқыма бұйымдарының өндірісі іске қосылды. Фабрика жоғары сапалы шұлық өнімдерін шығарады.
Қайрат Балабиев, «Әлем БТ» ЖШС бас директоры
-«Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Оңтүстік Корея технологиясымен, жылына 16 млн дана шұлық өнімдерін өндіретін фабриканы іске қосқалы тұрмыз. Біздің тауарлар Қазақстан нарығына шығарылып, алыс шетел мемлекеттеріне экспортталатын болады. Осындай жобалар есебінен еліміз одан әрі көркейіп, дамудың жаңа деңгейіне шығатынына сенімдіміз.
2015 жылы Индустрияландыру картасы бойынша барлығы 120 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 6 жылда елімізде 890 өндіріс іске қосылды. 85 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Жобалардың 90 пайыздан астамы жеке бизнестің есебінен жүзеге асты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Біз 2010 жылдан бастап ҮИИБ іске асырып келе жатырмыз. Өндірісті жаңарту сол кезде қолға алынбағанда, бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін бұдан да қиын болар еді. Әлемнің көптеген мемлекеттері, тіпті ең дамыған мемлекеттердің өзінде өңдеу өнеркәсібі кері шегінуі байқалып тұр. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» деген өнімдер нарыққа шығып, Қазақстанның атағын шығарып жатыр. Өнімдеріміз әлемнің 111 елін таралып, сатылатын болды.
Шара барысында кәсібін дөңгелентіп, халықтың көңілінен шыққан, онымен қоймай, озық технология, бизнесті көркейтудің жаңа айла-амалдарын таба білген кәсіпкерлерге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Үздіктер қатарынан табылғандардың бірі – медициналық-техникалық жабдық шығаратын компания.
Рахат Байзақов - KAZMEDPRIBOR HOLDING компаниясының басшысы
-Бұл енді үлкен амбиция береді адамға, бұдан ары қарай жұмыс істеу керек енді, Қазақстанға үлес қосу керек дамуына.
Жеңімпаздар өндірістік мақсаттағы, халық тұтынатын тауар шығаратын үздік кәсіпорын және қызмет көрсету саласында ерекшеленген мекеме секілді номинациялар бойынша Президент сыйлығын иеленді.
Халық көп тұтынатын, өндірістік мақсаттағы әрі азық-түлік тауары секілді үш аталым бойынша да 9 жүлдегер іріктелген. 15 жыл макарон өнімдерін өндіріп келе жатқан жамбылдық Гүлмира Қоңқашева солардың бірі.
Гүлмира Қоңқашева, макарон өнімдері зауытының директоры
-Бұл марапат ары қарай ынталандырады, әрине ары қарай қызмет істейміз.
Биыл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, бизнестің үздіктері «Алтын сапа» жүлделерін табыстау шарасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдапты. Жүзден жүйрік шыққандарға арнайы «Іскер» сыйлығын енгізді. Мұндай мәртебеге биыл 11 адам ие болды. Сондай-ақ Елбасы отандық компаниялардың Индустриялды-инновациялық жобалар көрмесін аралап, өз бағасын берді. ац
2 Елбасы «ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігін құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жаңа министрлік құрылды. Оған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мүлкі мен басқару өкілеттіктері берілді. Мемлекеттік қызмет істері министрі болып Талғат Донақов тағайындалды. Ал, Қайрат Қожамжаров министрліктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына төрағалық етпек.
Мемлекет басшысы мұнай және газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Әлемде көмірсутек шикізатының бағасы тұрақсыз, осындай жағдайда еліміздің энергетика саясаты қандай болмақ?.
Бұл мәселе Ақордада Президент өткізген мұнай мен газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте талқыланды. Кеңесте оңтүстік өңірлерді қыс кезінде газбен қамту, энергия көздерін тасымалдау, инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелер де қарастырылды.
Елбасы Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Мұхтар Алтынбаевты қабылдады
Мемлекет басшысы сенатор Мұхтар Алтынбаевпен кездесіп, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру аясындағы заң шығару қызметі жайында сөйлесті. Нұрсұлтан Назарбаев Мұхтар Алтынбаевты 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, Тәуелсіздік күні қарсаңында І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаевты қабылдады
Апта ішінде Елбасының қабылдауында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев та болды. Биыл «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 29 мың жұмыс орны ашылған. 10 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілді, соның арқасында бюджетке 40 млрд теңге салық түсті. Жалға берілетін 5,5 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін олардың саны 7 мыңға жетеді.
Бұдан бөлек, Қуандық Бишімбаев Президентке «Бәсекелестік көшбасшылары – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасының аяқалысы жайында баяндады. Айта кетейін, бағдарлама Германия, Сингапур, АҚШ секілді елдердің тәжірибесіне сай әзірленген болатын. Кездесу барысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, шетелдік инвестиция тарту көлемін арттыру, мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту жайы да сөз болды.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы
-Толық айтатын болсақ, 2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» холдингі арқылы 377 млрд теңге экономикаға құйылды. 320 млрд теңге инвестицияның аясында 13 жоба басталды. Оның ішінде химия, мұнай өндіру, металлургия салаларында жаңа жобалар бар.
Елбасы Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады
Инвестиция тарту жайын Президент Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен де талқылады. Кездесу кезінде аймақтың дамуы туралы баяндалды. Мемлекеттік бағдарламаларды сапалы орындау, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтің әлсіз топтарына жәрдемдесу. Президент осы мәселелерге назар аударды. Павлодар облысы – Индустрияландыру бағдарламасында өзіндік орны бар өңір. Екінші бесжылдықта 24 жоба жүзеге асып, 6 мың жұмыс орны ашылады.
Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі
-Экономикада өсім осы жылы 2 пайызға жақын болуы мүмкін. Өндірісте 100 пайызға бітіретін түрлеріміз бар. Ауыл шаруашылығында өсім 15-20 пайыз болу керек. Басқа салаларда, әсіресе құрылыста 30 пайыз өсім болуы керек. Сондықтан осы жылы қиындықтар болмайды деп айта алмаймын. Бірақ жалпы экономикада дағдарысқа қарсы іс-қимылдың арқасында өсім болуы мүмкін.
Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшыларын қабылдады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары да Президенттің қабылдауында болды. Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі. Палата құрылғалы бері біраз істі қолға алды. Мәселен, институционалдық реформаларға қажетті деген 80 заңның жобасын әзірлеуге қатысты. «Енді, -деді Президент, - сол шараларды жүзеге асыратын кез келді».
Абылай Мырзахметов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы
-Кәсіпкерлерден жекешелендіру процесіне, сосын мүлкін жария ету процесіне атсалысуға бізді түсіндіріп, барлық жерді аралап, кәсіпкерлерге айтуды тапсырды. Соның ішінде айта кетсек, «Қазақстанда жасалған» маркасы «Ұлы Дала Елі» деп аталатын тауарға жету үшін көп жұмыс жасау керек деп алдымызға осындай мақсат қойды. Тағы бір қойған мақсат – ауылшаруашылық саласындағы кооператив мәселесін дамыту. Осы салаға көп көңіл бөлді.
3 Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары дайын
Үкіметтің алған бағыты айқын. Дағдарысты еңсерудің нақты жолдары бекітілді. Қаржы секторын тұрақтандыру, бюджетті оңтайландыру, жекешелендіру, жаңа инвестициялық және бюджеттік саясат, міне, Президент Жолдауында айтқан осы бес бағыттың айналасында алдағы үш жылдың ішіндегі іс-әрекеттеріміз белгіленді. Енді осы жоспармен жүреміз, жоспармен жүрсек, жүрісімізден жаңылмаймыз, сірә. Сарапшылар мұны «салмақты құжатқа» балап отыр. Қатаң үнемдеуге көшу. Барында батып іштік, енді қалтаға қарайтын кез келді. Бюджет саясатын оңтайландыру мәселесін айтқанда, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру мен Ұлттық қор қаражатын ұтымды пайдалану алғы шепке шығады. Алдағы уақытта бюджеттік бағдарламалардың барлығына ревизия жүргізіледі.
Жоспарда жекешелендіру жайы да жан-жақты айтылады. Тәжірибеміз бар, дегенмен, бұл жолғы науқанды сонау тоқсаныншы жылдардағы жекешелендірумен салыстыруға әсте болмас. Қазір қалталы азаматтар көп. Олардың басқару біліктілігі мен инвестициялық қауқары жеткілікті. Жекеменшіктің жақсы жері, сапа болады. Осыны түсінуіміз керек. Жалпы, жоспар бекітілді екен деп, арқаны кеңге салмаймыз. Әлемдік экономика сәт сайын құбылған сәтте бізге де сақтық керек. Ендігі жылы қауырт жұмыс басталады. Дегенмен, мұнай бағасы әлі де құлдырауы мүмкін, сондықтан Үкімет қосалқы бағдарлама әзірлеуге кіріспек.
Мүмкіндіктер және қауіп-қатер – «дағдарыс» сөзі осындай қос мағына береді екен қытай тілінде. Бір-біріне қайшы түсініктер. Іс жүзінде де солай болып тұр. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бекітілген жиыннан кейін, жауапты ведомство жетекшілерінің жауаптары да бір-біріне кереғар болды.
-Мұнай төмендесе қандай бағам қоясыздар?
-Бұл сұрақты ҰБ-ке қойыңыздар...
-Доллар төмендесе, қандай реттеу болады?
-Бұл сұрақты Үкіметке қойыңыз...
Міне, осылай. Дегенмен, жанармай, азық-түлік пен тауардың бағасы, тұрғын үй мен көлік құны өзгере ме? Доллармен не болады? Зейнетақы жинақтары сақталады ма? Халық нақты жауап естігісі келеді. Тәуелсіз мамандар да мұнымен келіседі.
Әсет Ерғалиев, Экономикалық зерттеулер институты жетекшісінің бірінші орынбасары
-Әркім ертеңгі күнге сенімді болғысы келеді. Сол кезде жоспар құрып, табыс әкелетін іске қаржы салып, тіпті күнделікті шығындарын алдын-ала реттей алады.
Экономика тілінде бұл – Инфляция деңгейінің тұрақты болуы деп аталады. Қаржы секторын тұрақтандырудың тағы бір шарасы – бағалардың өсуін болдырмау. Инфляция мөлшері 6-8% аралығында ауытқып тұр, Үкімет 4 пайыз төңірегінде ұстауды көздейтін. Ал, бағаның өсуіне тікелей әсер ететін – доллар. Сондықтан, оған тәуелділіктен біртіндеп арылу шаралары жүргізілуде. Банктер несиені теңгемен беруі тиіс. Баспана құнын доллармен көрсетпеу ұсынылды. Тіпті, жиған-тергенін өзге валютада сақтайтындардың депозиттерінің пайыздық үстемелері төмендетілген.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы
-Қазіргі нарықта болып жатқан баға өзгерісі - сұраныс пен ұсыныс балансына сәйкес болып отыр. Теңге бағамы еркін болғандықтан, оның ауытқуына сұраныс пен ұсыныстың қаншалықты болатыны тікелей әсер етеді. Қандай да бір мұнай мен теңге бағамының өзара қарым қатынасы туралы болжам жасай алмаймын.
Бағдарламаның бірнеше сценарийі жасалуы да сондықтан. 2016 жылдың бюджеті, мұнай бағасы – 40 доллар деп бекітілді. 30, тіпті 20 доллар болған жағдайға да жоспар қарастырылған.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі
-Мұнай бағасы барреліне 40 доллар. Ол біздің болжамымызда бар. Үш жылдық бюджетте қарастырылған. Егер ол әлі де түсетін болса, әрине ол мұнай кәсіпорындарының экономикасына да әсер етеді. Қызмет көрсетуге де. Бұл сценарийлер сол үшін қарастырылған.
Ал мұнай құны көтеріле ме, әлде түсе ме? «Бұның ешқайсысы да болмайды» дейді мұнай тақырыбының жілігін шағып, майын ішкендер. Себебі, әлем бойынша көмірсутегі шикізатына сұраныс пен ұсыныс бір-біріне пара-пар. Мұнай көлемі демекші, еліміз биыл мұнай өндіру көлемін сол күйінде қалдырды.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі
-Биылғы жылғы өндіру көлемі 79 млн тонна көлемінде қалдырылды. Келесі жылға аздап төмендетеміз - 77 млн тонна. Бірақ Қашаған кен орнын іске қосқан соң, 2017 жылдан бастап өндіріс көлемі ұлғаяды деп ойлаймыз. 2020 жылы 92 млн тонна, 2025 жылға қарай 95-96 млн тоннаға жеткіземіз деп отырмыз.
Алайда, шикізат қана шығармай, дайын өнім дайындауға ден қою керек. Осы орайда, мұнайға қатысты сарапшылардың болжамы қандай ?
Ақбар Тоқаев, «Қазгипромұнайтранс» инжинирингтік компаниясы бас директорының кеңесшісі
-Келесі жылдың ІІ жартысында сұраныс пен ұсыныс теңестіріліп, мұнай тұрақталады. 2016 жылы жылдық орташа бағасы - шамамен 50 доллар, 2017-18 жылдары - 70-80-90 долларға жетеді. Ал бес жылдан соң барреліне 100 долларға ораламыз деп ойлаймын. Әлемдік нарықтағы кез келген тауар сияқты, бензин мен дизелді отынның бағасы құбылып тұрады, сондықтан «күрт түсіп не көтеріліп кетеді немесе оны бір қалыпта ұстап тұруға тырысу керек» деген болжамдар қате. Мұндай жағдай 2-3 жыл жалғасады, бұл әлемдегі факторлармен тікелей байланысты.
Әлемнің кез келген елі бюджетке қатысты сақтану шараларын жүргізуі заңды, себебі ол – халық пен экономиканың жалпы ахуалы. Сондықтан, мемлекет бюджетін белгілеуде барынша сақтануға тырысады. Ал, қазір мұнай 40-30 доллар болады деген алдын-ала дайындық шаралары барлық елдерге тән әлемдік тәжірибеде бар шара.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі
-Қысқарту жұмыстарын жүргіздік. Бюджеттің 90 пайызы - ағымдағы шығыстар. Әлеуметтік төлемдер. Ол түссе біздің резервтеріміз бар. Соның барлығын қолдана аламыз.
Ал, бір мұнайға ғана тәуелді болмау үшін, басқа салаларды да дамыту қажет, бұл - экономиканы әртараптандыру деп аталады. Сонда экономикамыз ілгерілейді.
Бауыржан Исабеков, экономист
-Мысалы ШҚО-ны алсақ, онда тау-кен саласы, БҚО-ны алсақ - мұнай-газ саласы, ОҚО-ны алсақ - химия өндірісі мен ауыл шаруашылығы. Осыларға көңіл аудара отырып, қолда бар өндірісті жаңғыртып, оны ары қарай жаңашылдық негізде жаңа технологияларды қолдану арқасында экономикамызды жаңа межелі даму мүмкіншілігіне жеткізу керек.
Сонымен, біздің түсінгеніміз – бензин бағасы құбылмалы болады, негізгі азық-түлік қымбаттамайды. Барлығының құнын теңгемен белгілейміз, долларды неғұрлым аз сатып алсақ, ол соғұрлым арзандай түседі. Алайда ең бастысы, «қазір экономиканың сапасына мән беру»,-дейді ғалымдар.
Қанат Оспанов, экономист
-Менің түсінігімше, экономиканың сапасын өзгертуіміз керек. Осы дағдарысты пайдаланып, экономиканың сапасын өсіру керек, экономистер айтады экономикалық өсім және экономикалық даму бар. Алдағы жылдар экономикалық дамудың жылдары болуы керек.
Яғни мамандар, бәсекелесті технология не қаржының көмегімен емес, ірі кәсіпорындарды басқаша басқару үлгісіне көшудің арқасында жеңуге болады деп санайды. Қазақстан Еуразия құрлығында логистикалық хабқа айналса, біз арқылы тауар тасығысы келетін алпауыт елдердің өздері де, біздің дамуымызға мүдделі болады.
Авторлары: Ақбөпе Бәкір, Нұрлан Жақыпбек, Әлхайдар Тұрлыханов, Абдолла Исаев, Айтжан Отызбаев
4 Үнемдеу – бүгінгі күннің талабы
Көрпеге қарап көсілу – бюджет саясатының ең дұрыс моделі. Оңтайландыру оңай, ал сол үнемделген қаржының тиімді жұмсалуына ерекше көңіл бөлу маңызды. Әңгіме ақшаны жөнімен жарату дегеннен шығады, осы аптада Есеп комитетіндегілер су шаруашылығы нысандарын салуға және жөндеуге деп бөлінген 103 млрд теңгенің 73 млрдтан астамы босқа ысырап болғанын айтты. Салыстырсақ, бұл Қарағандының үш жылдық бюджетіне татитын қаражат. Сондай-ақ, су ресурстары жөніндегі комитет 3 миллиард теңгені тиімсіз жұмсаған.
Тиімсіз демекші, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы да «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлінген қаржының игерілуіне қатысты олқылықтарды анықтады. Аймақтағы 760 ауылдың 300-ден астамына ғана су құбыры тартылған, ал қалғандарының аңқасы кеуіп отыр. Кейбір жобалардың құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен. Бұдан бөлек, жемқорлық жайлы да айтылып жүр. Тек Бородулиха ауданының әкімі мен мердігер мекеме су құбырын жөндеуге бөлінген 1 миллиард теңгенің жартысын талан-таражға салған.
Міне, осындай жайттарды құлағымыз жиі шалады. Президенттің биылғы Жолдауында «тиімділікті арттыру» деген тіркес көп кездеседі. Сосын әрбір теңге маңызды деген сөз де бекер айтылмаса керек.
Бюджет қаржысы неге игерілмейді? Мемлекеттік сатып алудың астыртын әрекеті?
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры
-Мемлекеттік мекемелер өзінің компаниясын өткізу үшін кей маркасын белгілемесе да, бірақ бүкіл характеристикаларды анықтап қояды.
Депутат әрі Есеп комитетінің «ескі» төрағасы Омархан Өксікбаев отбасылық бюджетті қалай үнемдейді?
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Өзімді үнемшілмін деп есептеймін. Экономист болғандықтан, бір теңге шықса да ойлап барып жұмсаймын қаржыны.
Обалымыз дүниежүзілік дағдарысқа. Мұнай бағасының құлдырауы қазынамыздағы қыруар қаржыны қысқартуға әкелді. Биылдың өзінде бірнеше рет қаралған республикалық бюджет жыл соңында 1,5 трлн теңгеге азайды. 2016 жылғы бюджеттің кіріс түсімі 66 млрд теңгеге кеміді. Демек, көкжиекке қарай емес, көрпемізге орай көсілетін кез келді. Мемлекетті теспей сорып отырған құрылымдар қысқарады енді. Ал мемлекеттік мекемелер барды ұқсатуы тиіс. Жыл басында млрд-тарды бюджеттен алған облыстар игерілмеген әр теңге үшін жауап береді. Алайда әзірге жағдай мәз емес. «Нұрлы Жол» арқылы бөлінген ақшаның бар-жоғы 68 пайызы ғана игерілген. Астана қаласы ең төменгі көрсеткішке ие, 13 пайыз. Қостанай – 40, Алматы -43, Көкшетау 56, Павлодарда 66 пайыз.
Айта кетейік, бұл – 10 айдың қорытындысы.
Қозыкөрпеш Жанбыршин, ҚР Есеп комитетінің төрағасы
-Бюджет қаражатын пайдалануды сапасыз жоспарлау кезінде ірі қателіктер жіберіледі. Алдын ала қажетті ақпараттар, жоба сметалық құжаттама, техникалық негіздемелер болмаса да, ақша бөлініп қояды. Ақша бөлінген кезде барып, бюджеттік бағдарламаның әкімшілері қажетті құжаттарды жинастыра бастайды. Сонан сон конкурс жасайды, сосын игеруге уақыт аз қалады. Осылайша қаржы өте асығыс игеріледі. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауға әкеледі.
Қаржы министрлігінің 10 айдағы ақпараты бойынша, мемлекеттік органдар 156 млрд теңгені жұмсамай кері қайтарған. Аймақтарға келсек, Астана 6,7 млрд, ШҚО және Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары 2-2,5 млрд теңгені жаратпаған. Жыл бітуге таяу. Сұрап алған ақшаны игермеген мемлекеттік органдар теңгеге деген «тәбетін» азайтар емес. Мысалы, бюджетті бөлетін комиссия мемлекеттік мекемелердің 2 трлн теңгеге жуық өтінішін қабылдамай тастаған.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Жасыратыны жоқ, жылдың аяғында игерілмеген қаражатты бюджетті қайта нақтылаған кезде сол холдингтердің есеп шотына жіберіп отырмыз. Бір бағдарламаларды ойлап тауып. Олар ол жақта игерілмей, депозитке сап қойып, дивидентпен олар күн көріп отыр, сөйтіп пайдасын да тауып, ал Үкімет өзі-ақ соны депозитке салып пайда табуына болады, мысалы компанияны байытпай-ақ.
Квазимемлекеттік компаниялар туралы сөзді кейін қозғаймыз. Әзірге, мәселенің себебіне үңілейік. Көңілсіз көрсеткіштің көшін бастаған Қарағанды облысының өкілдері өз уәждерін айтты.
Ерқанат Кеңесбекұлы, Облыстық экономика және қаржы басқармасының өкілі
-Енді мынау облыс бюджетін құрайтын 225 млрд 944 млн теңге. Көздері нашар көретін мектеп интернатының құрылысында 193 млн теңгенің игерілмеу қаупі тұр. Болжап отырмыз. Қалған бақылау шотындагы қаржы тапшылыгына байланысты кредиторлық берешек туындауы мүмкін. Келесі жылы орнын толтырамыз.
Алайда, оңтайландыру туралы бастаманың орны толмай тұр. Мәселен, Қарағандыда осыдан 4 жыл бұрын ұрандатып ашылған ұшақ құрастыру зауыты әлі күнге өнім шығарған жоқ. Ұшпайтын ұшақ бөлшектерінің ауаға көтерілмей, жерде жатқанына осынша уақыт өтті. Зауыт басшылығы, бұған қатысты түсініктеме бере алмады.
Шығыс Қазақстан облысы 2015 жылы 1 млрд 700 млн теңгені игере алмады. Облыстық әкімдік мамандары қаржының игерілмеуінің бірнеше себебі бар деп ақталды. Республикалық, және облыстық қазынадан бөлінген қаржыға жұмыс орындауы тиіс мердігер компаниялар міндеттемелеріне немқұрайлы қараған. Осының кесірінен әлеуметтік нысандар құрылысы уақытылы аяқталмаған.
Гүлайым Қасенова, Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы
-Бюджеттің игерілмеуінің басты себебі – бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы. Біздегі бюджеттің кіріс бөлігі 2 млрд теңгеге орындалмай отыр, жыл сонына дейін 1, 7 млрд теңгені келесі жылға игерілмей қалады деп ауыстырып отырмыз.
Қаржы неге кері қайтарылады? Облыстық билік мемлекеттік сатып алудың ұзақ уақыт алатындығымен ақталады, ал Қаржы министрлігі аймақ басшылығы дұрыс бюджеттік жоспар жасамайды деген уәж айтады. Биыл «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң күшіне енді. Енді заңнамаға сай, қандай да бір тендерлік конкурс бағаға емес, сапаға қарай реттеледі.
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры
-Біздің мемлекеттік сатып алудың ұзақтығы да бар. Уақытылы бюджетті игермеу. Сондықтан оны біз сәл жеңілдеттік. Бұл процедураларды бюджеттің бектілуін күтпей, бюджеттік комиссия оң қорытындысын берген соң бүкіл процедураларды бастай беруге болады.
Айтпақшы, құзырлы министрлік 10 айда тексеріс жүргізіп, тендерге қатысты 197 млрд теңгенің заң бұзушылығын тапқан.
Ал ақтөбеліктер үнемдеудің тың жолын тапты. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев шығынды азайтудың айрықша әдісін жайып салды. Ең арзан газ тұтынатын өңірдің барлық технопарктері көгілдір отынмен жұмыс істеуге көшеді.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі
-Біз келесі жылдан бастап бюджеттік мекемелердің көліктерін газға көшіру туралы шешім қабылдадық. Бұл қаржылық шығынды екі есеге үнемдеп, екіншіден, жанар-жағар майды аз жұмсауға әкеледі.
Елбасы бюджетті үнемдеу туралы биылғы Жолдауында да айтты. Мемлекет есебінен күн көріп отырған компанияларды сын тезіне салды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-«ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.
Ол рас. «Самұрық-Қазына» мен «ҚазАгро» өнеркәсіптер мен ауыл шаруашылығы саласындағы орасан зор активтерді тиімді басқара алмай отыр. «Немерелер» мен «шөберелерге» тармақталған бұл мекемелердің 100 пайыздық мемлекет қаржысын жұмсап отырғанын айтайық. Елбасы сынынан қаншалықты қорытынды шықты? «КазАгроға» хабарластық, «уақыт тығыз, кейін хабарласыңыз» деген жауап алдық. «Бәйтеректегілер», «не айтамыз» деп, ат тонын ала қашты. «Самұрық-Қазына» жетекшісі Өмірзақ Шөкеев қана сұхбат берді.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы
-Компаниялардың тиімділігін арттыру үшін біз көп активтерден құтылуымыз керек, өйткені олар бізге бейінді емес активтер. Біздің қаржылық көрсеткіштерімізді төмендететін активтер. Ауқымды жекешелендіру бағдарламасын әзірлеп, Үкіметке баяндап, тізімін бекітіп, келесі жылдан бастап соларды сатуға кірісеміз.
Үкіметке біраз міндет жүктелді. 2017 жылы қосымша құн салығынан түсетін салық енгізіледі. Мемлекет шығынды азайтады, субсидияны қысқартады. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» секілді ірі компаниялар ықшамдалады. Қазына қақпағы, енді шындап қадағаланады.
Авторлары: Нұрбек Әмиша, Бауыржан Сыздықов, Абдулла Исаев, Айдын Өнербаев
5 Апта ішіндегі маңызды оқиғаларға шолу
Бұл апта да маңызды оқиғаларға толы болды. Солардың негізгілеріне қысқаша шолу.
Біріккен Ұлттар ұйымы Ядролық қарусыз әлем құруды көздейтін резолюция қабылдады. Жалпыға ортақ декларацияны бекітуді 5 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Құжат – жаппай қырып-жою қаруының көзін жоюды мақсат етеді. Әрі халықаралық нормалардың тегіс сақталуына негіз болады.
Ресейде «Халықаралық қатынас» аталымы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев «Жыл адамы-2015» сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлық - Мемлекет басшысына әлемдік саясаттағы үздік жетістігі мен Еуразиялық экономикалық одақты нығайтудағы үлесі үшін берілді. Айта кетейік, бұл атақты Президентіміз 2012 және 2014 жылдары да иеленген еді.
Ас атаулыны Атыраудың өзі өндіреді. Мұнайлы өңір ұннан өзге азық-түлік пен жеміс-жидекті өзінде шығара бастады. Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген облыс басшысы осылай деді. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, аймақта бағаны тұрақты ұстаудың қамы жасалуда.
Келер жылы Қазақстанның 66 елді мекеніне газ келеді. Мұндай ақпаратты Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев жариялады. 2016-2018 жылдары көгілдір отын Батыс және Оңтүстік Қазақстан, сондай-ақ Қостанай мен Ақтөбе облыстарына тартылады деп күтілуде.
Еурокомиссия «AIR ASTANA-ны» «қара тізімнен» шығарды. Енді отандық әуе компаниясы кәрі құрлық елдеріне еш кедергісіз ұша алады. Қазір қауіпсіздік талаптарына сай келмеуіне байланысты бұл тізімде 20 мемлекеттің 200-ден астам әуе тасымалдаушысы бар.
6 Шағын авиация шарықтауға бет алып келеді
Кіші авиация қазақстандық экономиканың тиімді саласына айналып келеді. Шетелдік ұшақтар өз елімізде құрастырылып, ұшқышсыз басқарылатын әуе көліктері пайдаланыла бастады. Тіпті машинамен жүрсеңіз ұзақ уақыт пен қыруар шығынды талап ететін кезде жылдам жеткізе қоятын әуе таксиі қызметі де бар.
Бірақ мойындауымыз керек, отандық кіші авиация батыс елдеріндегідей озық тәжірибеден біраз кенжелеп қалды. Дамыған алпауыт елдерде мәселен, АҚШ тек бір ғана осы саланың өзінен жыл сайын миллиардтаған табыс тауып отыр. Жарты миллионнан астам адам еңбек етеді. Ал шағын ұшақтар саны екі жүз мыңнан асып жығылады.
Біздегі жағдайға келсек шағын әуе көліктерін жаңарту, ұшып қону алаңдарын салу сияқты мәселелер келешектің еншісінде. Тіпті бұл саланы дамыту тетіктерін заңдылық тұрғысынан жетілдіру де өткір күйінде тұр. Сонымен қазақстандық кіші авиацияның бүгінгі әлеуеті қандай? Өндіріске, экономикаға пайдасы қаншалықты?
Қызылорда облыстық медицина орталығы. Телеэкран арқылы дәрігерлердің шұғыл байланысқа шығуына шалғай аудандағы сырқаттың ауыр халі себеп болды. Білікті мамандар науқастың жағдайымен танысты. Орталыққа тасымалдау қажет деп шешті. Санавиация қызметі шұғыл іске кірісті. Қазір бес жылға жуықтады, сыр бойылық дәрігерлер арысы Арал, берісі Жаңақорған арасында алыстағы ауылдарға ұшақпен жетеді. Бастапқыда ескі Ан-2 ұшағымен ұшатын. Қазір жаңа әуе көліктері қолданыста.
Базарбай Мениль, Қызылорда облыстық санавиацияның басшысы
-Соңғы үш жылда шақырулар көбейді. Екі есеге дейін. Соңғы екі жылда берілген тікұшақ Еврокоптер. Францияда шығарылған. Оның іші медициналық аппаратурамен жабдықталған жедел реанимация деуге болады. Жедел оталар жасауға болады.
Соңғы бес жылда мемлекет қаржысына отандық шағын авиация паркі жаңартылуда. Жуырда ТМД-да теңдесі жоқ жедел жәрдем ұшағы сатып алынды. Бұған дейін науқастарды шетелге немесе елімізге жеткізу үшін сырттан ұшақ жалданатын. Ал жаңа тікұшақтар төтенше жағдайлар қызметіндегілердің жұмысын біршама жеңілдетті.
Бақтияр Балтабайұлы, «ҚазАвиақұтқару» РМК ұшқыш-нұсқаушысы
-Тек 2015 жылы Еврокоптермен 344 рет ұштық, 315 науқасты шығардық, 8 жоғалған адамды іздеп таптық, 21 рет өрттерді сөндірдік. Ал мынау вертолетіміз ешқандай шектеу жоқ. +50-ден – 50-ге дейінгі ауа райында ұша береміз. Боран болса да, боранда көп ұшамыз.
Күй талғамайтын мұндай көліктерді басқаратын маман тапшы. Зейнет жасына таяған ұшқыш осыған қынжылады. Кіші авиациядағы өткір мәселенің бірі де осы.
Тоқтар Әубәкіров, ҚР Халық қаһарманы
-Қазақстанда ұшқыштарды дайындайтын жоғары мектеп болып еді. Ол мектеп қазір әскери ұшқыштарды дайындайды. Соның қатарында біз де дайындауға мүмкіншілігіміз бар деймін. Оған жақсы бағдарлама жасап, қаражат бөлу керек.
Бағдат Бектұрғанқызы, тілші
-Мұндай шағын ұшақтардың пайдасы аз дейтіндер қателеседі. Төтенше жағдайлар қызметіндегілер, ауыл шаруашылығы, полицейлер, тіпті шекарашыларға да таптырмас көлік екендігі белгілі. Ал мынау Чехияда құрастырылған ТЛ- Стинг ұшағы. Ұшқыштарды дайындауға пайдаланылып жатыр.
Астанадағы оқыту орталығы он жылға жуық уақытта жеті жүзден астам шәкірт тәрбиелеп шығарған. Соның үш жүздейі қазір азаматтық авиацияда ұшқыш болып еңбек етуде. Қалғаны әуе көліктерін жөндеу, жаңартуға атсалысып жүр.
Сақтапберген Әлменов, Авиациялық оқыту орталығының штурманы
-Жылдың басында теория өтеді балалар. Өздері ұшып өздері қонуға дейін жетеді деңгейлері. Сол кезде біз оларды тексеріп өздерін шығарамыз. Олар әрі қарай Азаматтық авиация академиясына кетеді, олар азаматтық ұшқыш болатындар. Ал әскери авиацияға баратындар Ақтөбеде оқиды. Сол екеуіне де дайындап береміз.
Кіші авиация шетелдерде жақсы дамыған. Бізде тоқыраудың аз ақ алдында тұр. Өркендету шаралары 2020 жылға дейінгі инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына топтастырылған. «Шағын ұшақтардың өзімізде құрастырылуын жолға қойып, ірі елді мекендерде ұшып қону алаңдарын салу көзделген. Бірақ бұл аздық етеді» дейді кәсіпкерлер.
Даурен Валиев, кәсіпкер-авиатор
-Қазақстанда кеңестік кезеңде алқаптарда 1 мыңдай АН-2 ұшағы болатын. Жылына миллион сағат ұшып, егістікті дәрілейтін. Ал қазір бұл көрсеткіш 90 пайызға азайды. Біз ауыл шаруашылығындағы әуе технологиясын жоғалттық. Бұл дегеніңіз ел тұрғындарының азық түлік қауіпсіздігін қамтуға тікелей байланысты мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігі дабыл қақпай қамсыз отыр. Ал шаруалар ұшақты тракторға алмастырып, шығыны 20 есеге артық көлікті қанағат тұтуға мәжбүр.
Шағын ұшақтардың экономикаға пайдасы орасан зор. АҚШ-та былтыр осы саладағы табыс 151 млрд долларға жеткен. Ал Қытайда әуе көліктерін шығару өндірісі стратегиялық маңызға ие.
Даурен Валиев, кәсіпкер-авиатор
-Қазір Қытайдың әуе техникалар өндірісі АҚШ-та өркендей түсті. Олар шығарған жеңіл ұшақтар көптеп сатылып, экономикалық табысы артып жатыр. Ал бізде кіші авиациядағы шағын бизнесті дамытуға заң тұрғысында тұсау болатын кедергілер көп. Қолданыстағы құжат нарыққа бейімделіп жаңартылмаған.
Бұл Қазақстанда құрастырылған алғашқы ұшақ. Азаматтық және өндірістік авиацияға арналған. Батыс Қазақстан мен америкалық кәсіпкерлердің бірлескен жобасының нәтижесі. Сағатына 400 шақырым жылдамдықпен 1 мың 200 шақырымға дейін қонбастан ұша алады. Құрыштан берік, салмағы алюминийден де жеңіл көміртегінен жасалған.
Даурен Сисенов, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ Бас директоры
-Біздің зауыттың самолеті ланс қайэр 4, оның прототипі американский самолет. Былтырдан бастап эксплуатацияға көшті. Россияға ұшып, жақын жердегі Ақтөбе аймақтарына ұшып, енді эксперименттік сынақтан өтіп жатыр. Экипаж бір ұшқыш пен 4 адамды ала алады. 400-500 шақырым жерге бір сағаттың ішінде апарып тастай алады.
Шағын ұшақтарға сұраныс барда бизнес алға жылжиды. «Әуе такси» қызметін енгізген астаналық кәсіпкер Қайсар Шыныбаев бұған бек сенімді.
Қайсар Шыныбаев, кәсіпкер
-Мақсатымыз – әлем бойынша чартерлік рейстерді ұйымдастыру. Қазақстанға келетін азаматтардан тікұшаққа сұраныс пайда болды. Жеңіл көлікпен салыстырғанда бұл шығынды бизнес. Өйткені көп қаражатты қажет етеді. Техниканың өзі қымбатқа түседі. Негізгі тұтынушылар – кәсіпкерлер. Олардың бизнестерінде салынып жатқан жобалар қаланың сыртында, немесе ауылдық аймақтарда болады. Зауыттар, салынып жатқан жолдар. Соны тез арада көруге біздің қызметімізді пайдаланады.
Кәсіпкер Америка мен Еуропаның тікұшақтарын сатып алған. Сөйтіп еліміздің бірқатар аймағына жолаушыларды тасымалдап отыр. Үйленуге ұсынысты аспан көгінде жеткізуді жөн көретіндер, жоқ іздеген шаруалар да әуе такси қызметін тұтынушылар қатарында.
Қайсар Шыныбаев, кәсіпкер
-Болашақта дамиды деп ойлаймын. Өйткені Астана мен Алматы қалаларында кептеліс күннен-күнге ұлғайып жатыр. Әсіресе Алматыда қаланың сыртына, қалаға жақын ауылдарға баратын сол жерден вертолетный площадка соғып, сол жерден тез арада жеткізуге мақсатымыз бар.
Отандық кіші авиациядағы қанат қақты жобалар әзірге осы ғана. Тындырар ісі шағын болса да, бастамасы бар. Ал саланы түбегейлі дамыту 2020 жылға дейінгі жоспардың еншісінде.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Қанат Әбілдин, Ардақ Айбарұлы, Нұрлан Жақыпбек, Ұлан Нарынбек
7 Президент қаржысы қайырымдылық қорларына жұмсалды
Былтыр Қытайға сапары кезінде Қазақстан Президентіне «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығы тапсырылды. «Жібек жолы» рухын күшейтіп, өзара сенімді нығайтқаны үшін және татулыққа әрі ортақ дамуға ықпал ете білгені үшін Нұрсұлтан Назарбаев бұл сыйлыққа лайықты деп табылды.
Кейін марапаттың сыйақысын – 600 мың долларды Елбасы «Милосердие» қоғамы мен «Мемлекеттік тілді дамыту қорына» теңдей бөліп берді. Наурыз мейрамы қарсаңында өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл қаражат әрине, барлық түйткілді шешпейді, бірақ оның берілуі - біздің қоғамды қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлуге үндейтін болады» деген еді.
Кейін біз, «Жеті күн» тілшілері, әсіресе сырқат балалардың ем-домы жайында көп айттық. Осы қаражаттың арқасында 30-дан астам науқас емделді. Мәселен, церебралды сал ауруына шалдыққан еліміздің түкпір-түкпіріндегі бірнеше балақан Қытайға, Чехияға жіберілді.
Мемлекеттік тілді дамыту қорына берілген ақша да ел игілігіне жаратылды. Мәселен, «Тәтті алма» деп аталатын балаларға арналған жинақ жарық көрді. Аты «тәтті» жинақтың заты да сәтті шықты. Екі томдық кітапқа тек Тәуелсіздік жылдары патриоттық тақырыпқа жазылған туындылар топтастырылды. Кітапхаларға тегін таратылды. Біразы саудаға шығарылды. Әрине, 3 мың дана деген аз, сондықтан tattialma.kz деген сайт ашылып, жинаққа енген шығармалардың бәрі соған салынды.....
Тағы бір жоба – «Абай әлемі». Қазақтың бас ақыны жайында интернетте ақпарат көп, бірақ шашыраңқы еді, міне жаңа сайтқа соның бәрі жинақталды. Жомарттықтан өрбіген жобалар мүнымен шектелмейді.
Елбасы жасаған тосын сый
-Мемлекіттік тілді дамыту қорына беремін деп, бізге жаңағы Аружан екеумізге сертификатын ұсынды.
-Қомақты қаражатқа әзірленген жобалар жұрт игілігіне жарады ма?
-Тілімізді насихаттау мақсатында бұл өте құнды дүние.
Азат Шәуеев Елбасы қабылдауынан кейін, Мемлекеттік тілді дамыту қорының қоржыны молайғанын айтады.
Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры
-Елбасы:«Осы былтыр Қытайдан «Жібек жолы» атты бейбітшілік сыйлығын алғам. Осы қаржымен балалармен, жастармен жұмыс жүргізіп келе жатқан екі қормен бөлісейін деп едім. Жартысын Аружанның қорына беремін, жартысын Мемлекеттік тілді дамыту қорына беремін» деп, бізге жаңағы Аружан екеумізге сертификатын ұсынды.
Сол уақыттан бері Мемлекеттік тілді дамыту қоры қызу жұмысқа кірісті. Басымдық – ұлт құндылықтарын дәріптейтін заманауи бастамаларда. Мәселен осы аптада тұсауы кесілген «Кім білгіш» және «Менің Қазақстаным» мобильді қосымшалары. Алғашқысы балғындарды қазаққа қатысты көптеген мәліметтерге ойын арқылы қанықтыруға арналған.
Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры
-Баянауыл ұлттық табиғи паркі қай облыс аумағына кіреді? Қостанай. Қой Алматы шығар. Алматы. Әәә, көрдіңдер ме? Павлодар. Балалар енді біледі. Сол сияқты түрлі түрлі бөліктер бар. Бұл деген балаларға қажет деп ойлаймын.
Есбол Қалбанұлы, оқушы
-«Кім білгішті» мен бастап ойнағанда кейбір теннис ойыншыларының аттарын білмедім. «Кім білгіш» арқылы қай жылы қандай кубок алды, қай жылы қайда қатысты. Сол туралы білдім.
«Кім білгіштің» тағы бір ерекшелегі – оған Бірыңғай ұлттық тестілеудің сұрақтары енгізілген. Демек ойын арқылы оқушылар жауапты сынаққа осы бастан дайындалады.
Ал «Менің Қазақстаным» қосымшасы арқылы мемлекеттік әнұранды телефонға рингтон ретінде жүктеп, елдегі көрікті жерлердің суреттерімен смартфон, планшет экранын безендіруге болады.
Әсет Оспанов, жобаның техникалық үйлестірушісі
-Ол мобильдік жүйе бізге ғана емес, шетелдіктерге, «біздің Қазақстан қандай, не бар Қазақстанда, барсам қайда бару керек?» деген сұрақтарына жауапты осы мобильдік жүйеде таба алады да.
Ал бұл тамызда, Семейде түсірілген кадрлар. «Абай әлемі» порталының тұсаукесері. Портал арқылы ұлы ойшылдың бай мұрасы мен оған қатысты бар мәлімет жаһандық желіге шығарылды.
Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры
-Латынша, арабша, сосын ішінде Абай қай тілдерге аударылған. Сол тілдердің бәрінде бар. Қытайша, ағылшынша. Бәрі бар. Пушкиннің басында 10 сайты бар. Абайда бір де бір сайт жоқ.
Баспадағы бұл кітаптар да Елбасы қаржысы есебінен жарық көрді. «Тәтті алма» деп аталатын көркем жинақ 3 мың данамен шығарылып, ел мектептеріне тарту етілді. Бөлек сайты және бар.
Аз уақыт ішінде «Тәтті алма» жас оқырмандардың жиі сұрайтын кітабына айналды. Тілі жеңіл жинақ балалар көңілін бірден баураған.
Жібек Серік, оқушы
-Гүлдендіріп жерімді,
Өркендетті елімді.
Көп-көп алғыс айтамыз,
Нұр атаға сенімді!
Айнаш Әміреева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
-Тілімізді насихаттау мақсатында бұл өте құнды дүние. Сонау балабақшадан бастап балалар өзіміздің ана тілде сөйлеу керек қой. Сол балаларға өте қысқа да нұсқа, өте мәнді жырлар жиналған.
Әзірге осындай құнды жобалардың алтауы жүзеге асырылды. Қордың өз қаржысына жасаған бастамалары да жоқ емес. «Айтыс» деп аталатын отандық мобильді мессенджер солардың бірі. Оны қазақтарды қойып, тілімізді меңгеріп жүрген шетелдіктер де жүктейтін болған.
Натан Висер, қазақ тілін үйренуші
-Ватсап сияқты қазақстандық бар. Соны қостым. Қазақтар көбірек қолданса, мен де қолданамын. Проблема емес.
Динара Раисова, Мемлекеттік тілді дамыту қорының pr-менеджері
-Бізде статистика бар. Гугл-аналитик арқылы біз қарап жатырмыз. 60 мемлекеттен астам елдерде осы қазақ тілін үйреніп жатыр.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі қордың өзге де жоспарлары баршылық. Тек қаржы тапшы. Өйткені Елбасы бастамасына үн қатқан жан жоқ. Айтпақшы, Президенттің бөлген қаржысын қайда жұмсағанына қатысты қор басшысы есеп береді.
Авторы: Бақтияр Хамит
8 Әбіш Кекілбаев өмірден озды
Қазақ халқы аса ауыр қайғыға ұшырады. Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев өмірден озды. 77 жасқа қараған шағында қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, ұлттық рухтың қара нары, қазақ руханиятының абызы бақилық сапарға аттанды. Ол әдебиетке өлшеусіз еңбек сіңірді. Өлмес мұра, өшпес із қалдырды. Өмірінің соңына дейін елге, қоғамға қызмет етуден тартынбады. Күні кеше ғана Сенат отырысына қатысқан кемеңгер жазушы енді арамызда жоқ.
-Жүрегі кең, кемел шын мәнінде қазақтың маңдайына біткен кең маңдай қарыс маңдай ғажап адам еді.
-Біздің буын қазақ әдебиетіне ерекше бір толқын алып келді. Толқынның басында Әбіш тұрды.
-Әбіш абыз еді. Әбіш данышпен еді. Әбіш кемеңгер еді.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысының Мырзайыр деген жерінде туған. Әдебиет әлеміне өлең арқылы келді. Алғашқы жыр жинағы «Алтын шуақ» деген атпен 1962 жылы жарық көрді. Кейін прозаға ауысып, сұңғыла суреткерге айналды.
Исраил Сапарбай, ақын
-Ата-бабамыздан қалған ұлы рухтың жоқтаушысы сияқты шын мәнінде. Студент кезімізде, жас кезден бастап шығармаларын оқып, сусындап, рухани азық алдық.
Дулат Исабеков, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
-Әдебиетке келгенде бізді жетектеп қолымыздан алып келіп еді. «Үркер» сияқты «Елең алаң» сияқты романдар жазатын, «Шыңырау» сияқты повестер жазатын. Бұл қазақ әдебиетінде қайталанбайтын туындылар болды. Әбіштің қай кезде осы романдарды жазуға уақыт таба алғанына мен таң қаламын. Өмір бақи өте жауапты қызметтерде жүрді.
Әбіштің прозасын жеңіл желпі оқу мүмкін емес. Терең мағыналы, философияға тұнып тұр. Қазақ әдебиетіне «Баллада» жанрын әкелді. «Дала балладалары» циклді хикаяттары қазақ прозасындағы құбылыс болды. «Елең-алаң» тарихи романында ұлт тарихының тұтас бір дәуірін суреттеп берді.
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы
-«Қазақ ұлты қала ма жоқ па? Біздің баламыз қазақ бола ма? Оның баласы қазақ бола ма?» дейтін мәселелерді ойлана бастаған тұстарымда жазылған еді сол кезде.
Әбіш Кекілбаев әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Өткен ғасырда шығармалары неміс тіліне аударылған әлемдегі 100 үздік жазушының бірі атанған. Әдебиетке тосын құбылыс әкелген көптеген туындылары шетел тілдеріне аударылды.
Ғалым Жайлыбай, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары
-Бір адамның бойында осынша талантты шығармалар туғызып, жаңағы барлық қайраткерлік, барлық азаматтық болмысымен елі-жұртына адал қызмет етудің үлгісін Әбіш ағамыз көрсетіп кетті ғой деп ойлаймыз.
Тәуелсіздік жылдары публицистикалық туындыларын жарыққа шығарды. Шығармаларына ұлттық рухты қалыптастыру, егемендікті баянды ету, елдікті нығайту тақырыбы арқау болды.
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы
-Мен жазған романдарда шын мәнінде үлкен саясат бар болатын. Халықтың мемлекеттік болмысы, ол мемлекеттің жоғалуы, ол мемлекеттің оралу-оралмау мүмкіндіктері туралы ойлау әдебиетшінің шаруасы емес негізінде. Сондықтан шығармаларымның өзінде менің саясатқа бүйрегім тартып тұратындығын сездіретін нышан деп есептеймін.
Ол ұлы өзгерістер алдындағы дүрбелең шақта Парламентке келді. Елдің ертеңі үшін маңызды істердің басы-қасында жүрді. Елді бірлікке шақыратын. Болашаққа сенім ұялататын елдік сөзін айта білетін.
Қаламгер мемлекет және қоғам істеріне етене араласты. Мәдениет министрлігінде жауапты қызметте болды. Мемлекеттік кеңесші, Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы қызметін атқарды. Бірнеше рет депутат болып сайланды.
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері
-Әбіш 70-ке келген жылы Елбасы «Еңбек Ері» атағын беріп, кеудесіне жұлдыз тағып еді. Атасының баласы болып, халқының данасы болып дүниеден өтті. Мен көңілді бүкіл қазақ халқына айтамын.
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы
-Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бір-ақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын.
Ол – қазақ руханиятының абызы, ұлттық рухтың қара нары, ел ағасы еді. Мемлекетшілдігі, шығармашылық идеялары, тарихи еңбектері келешек ұрпаққа – мәңгі мұра болып қала бермек. Қара орман оқырманы тұрғанда Әбіш Кекілбайұлының есімі өшпейтіні анық. Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу 13 желтоқсан күні Астанада өтеді. Сүйегі Ұлттық пантеонға қойылады.
Авторы: Бағдат Бектұрғанқызы