Жеті күн 9. сәуір 2016
4 Әлемдегі экономикалық жағдай | 5 Отандық сарапшылардың мұнай бағасына қатысты болжамы | 6 Теңге тұрақталып келеді |
7 Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу | 8 Алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті | 9 Мәжілісте коллекторлық қызмет жұмысын реттеу жөніндегі заң жобасы таныстырылды |
10 Жергілікті өзін-өзі басқару – өркенді істер ұйытқысы | 11 Көктемгі егіс қарбаласы басталды |
1 Елбасы АҚШ-тың энергетика министрі Эрнест Монизді қабылдады
Энергетикалық қауіпсіздік. Мұнай-газ индустриясы. Электр энергиясы және қоршаған ортаны қорғау. Осы салалардағы ынтымақтастық жайын Қазақстан Президенті АҚШ-тың Энергетика министрі Эрнест Монизбен талқылады.
Ақордада өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында барлық бағытта серіктестік қарым-қатынас орнағанын, соның ішінде энергетика саласындағы жұмыс бірқатар екіжақты құжаттар аясында жүріп жатқанын айтты.
Өз кезегінде АҚШ Энергетика министрі Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қатысты мәселелерді шешу ісіне қосқан Қазақстанның елеулі үлесін атай келе, екі ел арасындағы энергетикалық саладағы ынтымақтастық нығая түсетініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-С Соединенными Штатами Америки у нас добрые отношения. У нас есть официальный документ, подписанный по энергетическому сотрудничеству. В мире происходит, важные события в экономике и связаны с энергетикой. И все смотрят, что будут Соединенные Штаты делать, то вы придумали сланцевый газ, то вы запасы увеличивали, теперь альтернативная энергетика. Очень хороший случай из первых уст узнать что же делается.
Эрнест Мониз, АҚШ Энергетика министрі
-Кездесуде ядролық қауіпсіздік тақырыбына арнайы назар аударылды. Бұл мәселе бойынша екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Қазақстан мен АҚШ ядролық материалдар қауіпсіздігін арттыру, жоғары байытылған уранды қолдану аясын тарылту бағытында бірлесе жұмыс жүргізе береді. Сондай-ақ Президентпен ядролық энергетикадағы жаңа технологиялар мен жаңғыртылатын энергия көздерінен қуат өндіруге жұмсалатын шығыстар жайын да талқыладық.
2 Елбасы Таулы Қарабақ мәселесі бойынша В.Путинмен, И.Әлиевпен және С.Саргсянмен телефон арқылы сөйлесті. Сондай-ақ Ч.Куангуды Вьетнам Президенті қызметімен құттықтады
Қазір жаһан жұртының назары Таулы Қарабаққа ауып тұр. Аймақта оқ атылып, соңғы ондаған жылдардан бері саябырсыған жанжал қайта ушыға жаздады. Таулы Қарабақ мәселесін Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен талқылады.
Ел басшылары қақтығысушы тараптарды оқ атуды доғаруға үндеп, бейбіт келіссөзді қалпына келтіруге шақырды. Телефон арқылы әңгімелесуге Ресей тарапы бастамашы болды.
Апта ішінде Елбасы осы жағдайға байланысты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен және Армения басшысы Серж Саргсянмен телефон арқылы жеке-жеке сөйлесті.
Қарабақ оқиғасында бейбіт тұрғындар мен әскерилердің қаза болуына байланысты көңіл айтып, екі ел жетекшілерін бітімге шақырды. Мәмілеге келуі үшін тараптардың келіссөздерді халықаралық құқық негізінде жүргізуі қажеттігін жеткізді.
Бұл ретте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобына айрықша рөл берілетіндігіне тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 1-інен 2-сіне қараған түні Таулы Қарабақ аймағындағы жағдай күрт шиеленісіп кетті. Шекарада оқ атылып, бірнеше ондаған бейбіт тұрғын мен әскери қызметшілер опат болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша 33 адам қаза тауып, тағы 200-ден астамы жараланған.
Ресми Баку мен Ереван бірін-бірі: «Бірінші болып оқ атты», – деп айыптады. Жағдайға байланысты бірқатар мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйым өкілдері алаңдаушылық білдірді.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі де тиісті мәлімдеме жасады. «Қазақстан Республикасы тараптарды ұстамдылық танытуға және оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң ұстануға шақырады. Біз Таулы Қарабақ мәселесін реттеу жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Минскі тобының күш-жігерін қолдай отыра, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешу қажеттілігі жөніндегі ұстанымымызды қайта растаймыз» делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, 4 күнге созылған аяусыз қақтығыстардан кейін Таулы Қарабақтағы атыстар доғарылды. Әзербайжан мен Армения қарулы күштері арасындағы тиісті келісім сәуірдің 5 күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12.00-де күшіне енді.
Ал кеше Қазақстан мен Ресей Президенттері тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлесіп, екі тараптың Әзербайжан және Армения басшыларымен байланысқа шыққанын ескере келіп, Таулы Қарабақтағы ахуал жөнінде пікір алысты. Қақтығысты реттеу үшін қолға алынған шараларды талқылады.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин өзара ынтымақтастықты, оның ішінде мамырда Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі жайында әңгімелесті.
Сондай-ақ осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Чан Дай Куангты Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.
Елбасы өз құттықтауында Қазақстан мен Вьетнамның өзара тиімді байланыстары екі республиканың игілігі үшін қарқынды дами беретініне сенім білдірген.
Соңында Чан Дай Куангке жаңа қызметінде табыс, ал достас Вьетнам халқына бақ-береке тілеген.
3 «Самұрық-Қазына» трансформациясы табыс кепілі
Шығынды азайту. Табысты молайту. Қысқа қайырғанда «Самұрық-Қазына» трансформациясының діттегені осы. «Үздік отыздыққа» кіретін озық елдерде қазір көп өнім шығарып бәсекелеспейді. Сол өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай төмендете алса, жетістікке жеттім дейді.
Біз де осы жолға түстік. Тың технологияларды қолданып, артық құрылымдарды қысқартуға көштік. Бұған дейін «Самұрық-Қазынаға» қарасты 600-ден астам компания болса, қазір олардың саны – 500. Трансформацияны табысты аяқтасақ, түптің түбінде 300 кәсіпорын қалуы тиіс.
Сосын қазір орталық кеңседе іріктеу жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде жоғары лауазымды 16 жетекшінің тек алтауы ғана өзінің кәсібилігін дәлелдеп, қайта тағайындалған. Енді екінші кезең басталды. Демек «кімнің кім екені» жақында белгілі болады. Айналып келгенде «Самұрық-Қазына» құрамындағы қызметкерлердің 40 пайызы жаңару тиіс. Осы тұста «Бос орынға маман қайдан келеді? Жалпы қандай маман керек? Шетелден кадр шақыру қаншалықты қисынды?» деген сауалдар туындайды.
Индира Жылқайдарова, тілші
-Трансформация жасау расында бүгінгі аумалы-төкпелі заманда батыл қадам. Экономикасы бойынша «Латын Америкасының жолбарысы» атанған Чилидің, технологияда озық Жапонияның, тәртіпке берік Сингапурдың тәжірибесін үлгі еткен әл-ауқат қоры трансформация бастау алғалы бір жарым жылда нені үйренді, игерді, меңгерді?
«Самұрық-Қазына» – 500 ден астам кәсіпорны, 320 мыңдай қызметкері бар алпауыт қор. Ал енді ауқатына бақуат қосу үшін трансформация іске аспай болмайды. Елбасының тұжырымы осы.
- У каждого здесь своя стадия, все в обязательном порядке проходят эту стадию, большинство компании на стадии диагностики дизайна, некоторые на стадии планирования.
-Кто сейчас лидирует?
-У каждого своя программа, в начале пилот в трех компаниях. Они не одновременно подключились. ««ҚазМұнайГаз», «Казпочта», КТЖ.
Қордың қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры Елена Бахмутова компанияның жол картасын көрсетуде.
Дәл қазір 7 компания трансформациялану үрдісіне көшкен. «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Самұрық-Энерго» АҚ, «Кегок», «Қазпошта», «Самұрық-Қазына» контракт және қордың өзі бар. Бағдарламаны Елбасы 2014 жылы іске қосқан. Жалпы 8 жыл бұрын құрылған қордың трансформацияға келу тарихы былай.
Елена Бахмутова, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры
-2008 жылы қор стратегиялық активтерді бір ортаға жиды. Халықтың тұрмысын жақсартуды мақсат тұтты. Кейін әлемдік дағдарыста мемлекет экономикаға 10 млрд доллар ақша салды. Онда бағдарлама операторы әрі қаржыны үйлестіру ролін атқарды. Банк секторы, жылжымайтын мүлік нарығы, шағын және орта бизнестің мәселесімен айналысып, бастапқы міндеттен ауытқуға мәжбүр болғанбыз.
Сол уақытта бар ақшасын баспанаға салып, үйсіз қалған 60 мың азаматқа көмектесу мәселесі де тұрды. «Самұрық-Қазына» 2012 жылы шығындарды оңтайландырып, өз миссиясын орындауға көшті. Оның есебінен 3 жылда 150 млрд теңге үнемделді. Дебиторлық қарыз деңгейі төмендеді. Жаңаруға сеп корпоративтік қазына құрудан 59 млрд теңге түссе, мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру арқылы 167 млрд теңге үнемделген.
Индира Жылқайдарова, тілші
-Міне, бүкіл бір елдің ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтен сұхбат алу мүмкіндігі туды. Арнайы «7 күн» бағдарламасы үшін төраға трансформация жайлы әңгімелейтін болады.
Бағаны көтеру, профильді қайта құрылымдау, корпоративтік басқару. Трансформацияның үш бағытынан бөлек қор төрағасы Өмірзақ Шөкеев негізгі үш қозғалтқыш күшті атады. Адамдар, процесс, технологиялар. Мамандар да қатаң іріктелуде. Тіпті топ менеджемент құрамы екі есеге қысқарған. Құрамында бұрын 16 болса, қазір тек – 9.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы
-Кейбіреулері артық, кейбіреулері жұмысты тежейді, кейбіреулері керісінше қайта жасақтау талап етеді. Соның бәрін қайта қарап шықтық. Біздің орталықта 2000-ға жуық осындай бизнес процестер сараптамадан өткізілді. Барлық қызметкерлер штаттан шығарылды. Әлемдік деңгейге сәйкес іріктеу процесінен қайтып өтті. 16 ең жоғарғы деңгейдегі басшылардың тек қана алтауы ғана қайта тағайындалды. Үш позицияға шетелден басшыларды шақыруға мәжбүр болдық.
Трансформациялаудағы табысымен ерекшеленген сол шетелдік мамандардың бірі – Балжит Каур. Малайзиялық Балжит ханым балама ретінде өз елінің үлгісімен бөлісті.
Балжит Каур, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ стратегия және активтер портфелі жөніндегі басқарушы директоры
-Мәселен, Малайзияның Khazanah қорының трансформациясы активтерді әртараптандырып, жаңа индустрияны дамытты. Әлемдік стандартқа сай жұмыс істейтін компаниялардың құрылуына сеп болды. «Самұрық-Қазына» да осы жолда келеді. Әлемдегі қорлардың үздік бенчмаркі деңгейіне жетуге қадам жасауда.
«Самұрық-Қазына» операциялық холдингтен инвестициялық қорға айналуы тиіс. Яғни белсенді акционер, тиімді инвестор атанбақ. Балжит Каур Қазақстан бұл ретте Сингапур, Кувейт, Катар, Малайзия қорларының үлгісін ұстанып отырғанын айтады. Мақсат – ұтымды басқару, бейінсіз активтерден құтылу. Соңғысы жекешелендіру арқылы жүзеге асып отыр. Алғашқы үш жылдық кезеңде 38 актив бәсекелестік ортаға шығарылған. Ендігі 5 жылда Үкімет қаулысымен 217 актив жекенің қолына өтпек.
Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ аквтитерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры
-Екі тізімге бөлінеді. Бірінші тізімге 44 өте ірі әлеуметтік экномикаға ықпалын тигізетін компаниялар кіріп отыр. Екінші тізімге шағын және орта компаниялар 173 актив кіріп отыр. Бұл жекешелендіру жұмысын ашық әрі жариялы өткізу үшін әр біздің еншілес компанияда салалық комиссия құрдық. Біріншіден, біздің ғана жұмыскерлер емес, оған «Атамекен» ҰКП кіріп отыр. Халықтық депутаттар кіріп отыр, белгілі экономистер кіріп отыр.
Әр активке арнайы жол картасы әзірленеді. Кейін мемлекеттік комиссия шешім шығарады.
Елбасының тапсырмасына сәйкес кәсіпорындар санын қысқартып отырмыз. Кезінде 600-ден астам кәсіпорын болған, дәл қазір 500 болған, трансформация аяғында 300 болуы керек.
Әрі әрқайсысы тек өз ісімен айналысуы тиіс. Өмірзақ Естайұлы «Қазатомөнеркәсіпті» мысал етті. Компанияның уранмен де, сирек металл өндірумен де, тіпті энергетикамен де айналысқаны жөн емес. Қуат көзімен айналысатын жеке компания бар. Демек, бұл артық. Трансформацияда табысқа жеткен кәсіпорындар жоқ емес.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы
-Біз Ембі мұнай газ компаниясында болып қайттық. Сол компанияның басшысы, құрылтайшысы Құрманғазы Есқазиев деген азамат Астанадан сонау Атыраудағы ұңғыманы қалай басқару жөнінде жүйе құрды. Осының арқасында кен орнында шығын 30 пайызға кеміді. Сол азаматтың басшылығымен «Өзенмұнайгаз» компаниясында 82 млрд теңге үнемделді.
Трансформация аясындағы тағы бір тың іс. Елбасының жөн сілтеуімен, трансформация аясында қордың шетелдегі бірнеше өкілдігі жабылған. Осы іспен айналысқан топ-менеджемент мүшесі Дархан Кәлетаев ойын ашық білдірді.
Дархан Кәлетаев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры
-Қарсы алу, шығарып салумен айналысып кетті. Бірақ шындықты айтып кету керек, көрермендер де білу керек, соған да қарады. Елбасы соның әрбірін байқап отырып, бізге сондай тапсырма берді. 26-сын жаптық, 11 әлі өкілдік бар. Қазір қарап жатырмыз.
Сөйтіп өкілдіктер алыс-берісіміз көп Мәскеу, серіктестігіміз артқан Лондон, ең ірі сауда серіктесіміз Қытайда ғана қалдырылды. Әзірге 4 млрд теңге үнемделген. Көрпемізге қарай көсілетін кезде бұл жөн-ақ. Шығынды азайту туралы көп айттық. Енді қордың әкелген табысы қанша? Өткен жылы 334,8 млрд теңге, 2014 жылы әлдеқайда аз 234, 8 млрд теңгені ғана құраған. EBITDA табыс деңгейінің көрсеткіші 5,6 пайызға өскен.
Елена Бахмутова, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры
-Таза активтер туралы айтар болсақ, өткен жылы оның құны 25 пайызға артты. Биылғы жыл да оңай болайын деп тұрған жоқ. Бірақ шығындарды азайту жобасы қарқынды.
Ал табысты көбейтетін бірден бір жол – инвесторлықты мығымдау. Еншілестерден түсетін пайданы арттырып, тиімді «стартаптарды» іздеуі тиіс. Елінің дәулетін асырған барлық әлемдік әйгілі қорлар осылай істеген.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы
-Сіз дұрыс айтасыз, мынау бізге ұқсайтын компаниялар 10 жылдай созылды трансформациясы, қазіргі құрамда реформаларға қатысқан адамдар жұмыс істейді. Бізде Адамас Илькявичюс деген жігіт істейді. Еншілес компанияларға көмектесіп жатқан адам. Командасы бар 30 шақты, қозғалды бәрі, сең қозғалды дегендей. Осы ретте жаңа жүйе бойынша жалақы төленеді делінді, қазір қалай? Хатшылар, жүргізушілер, техникалық жұмысшылар, тіпті бухгалтериядағы адамдар аутсорсинг арқылы штаттан сырт шығарылды. Ал жоғары деңгейлі адамдар нарыққа сай.
Әр қызметкердің мақсат картасы бар, оған тіпті қол қойылған. Жұмыс «қызметінің негізі көрсеткіші», яғни КPI бойынша бағаланады. Тіпті сыйақы, шені бойынша жоғарылауы да осыған байланысты.
Міне, жақында іріктеуден өткен топ менеджемент мүшелері ақылдасуда. Олардың бірі басқарушы директор Берік Бейсенғалиев жекешелендірудегі айпионың маңызын түсіндірді. Бұған дейін 42 мың қазақстандық Кегоктың акционері атанғанын білеміз.
Берік Бейсенғалиев, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры
-7-еуін айпиоға шығарамыз деп отырмыз. Бұл үлкен ҚТЖ, Самұрық-Энгерго, «Тау-кен Самұрық» деген компаниялар. Бұл айпиоға осы активтерді өзіміздің қаржы орталығына шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.
Малайзиямен қатар Кувейт қорын да көтерген шетелдік кеңесші Балжит Каур компанияны IPO шығару аса қиын шаруа еместігін айтады. Бастысы – кейін акционерлердің инвестициясын қайтару, табысты ұлғайту.
Балжит Каур, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ стратегия және активтер портфелі жөніндегі басқарушы директоры
-«Самұрық-Қазына» табысты молайту мақсатына жету жолында тым қауіпті тәуекелдерге бармауы тиіс. Себебі бұл коммерциялық компания емес. Халықтың әл-ауқаты үшін жауап беретінін ұмытпаған жөн.
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Әлемнің бар дамыған қоры трансформациядан өтті. Біздің мамандар 2,5 млн халқы жұмыссыз қалып, шығарған жарты активін қайта сатып алуға мәжбүр болған Шығыс Германияның сәтсіздігін де ескеріпті. Кемшілікті қайталамауға тырысқан олар 10 жылда табысын еселеген Чилидің тәжірибесін де үлгі көреді.
Индира Жылқайдарова, тілші
-Ал 40 жылдық тарихы бар Сингапурдың «Темасек» компаниясы жаңару жобасына 10 жыл жұмсады. Малайзияның «Казанах» қоры 12 жыл болды, трансформация әлі жүріп жатыр. «Тәуекел түбі жел қайық» дегендей біз де өтерміз. «Самұрықтың» шеңгелі өткір болса, мақсат 2020 жылы 125 млрд теңге пайда түсірмек.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов, Айдос Меделбеков, Жасұлан Шәкенов
4 Әлемдегі экономикалық жағдай
Әлем экономикасының болашағы бұлыңғыр. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард осындай пікір айтты. Оның топшылауынша, арзандаған мұнай мен қаржы дағдарысының салқыны тиген экономиканың жуық арада аяққа тұруы неғайбыл.
Былтыр ұлттық валютасы құнсызданған Қытайдың жағдайы дүниежүзілік қор нарықтарын құлдыратты. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Бірақ нәтижесі мардымсыз.
Осы тұста Лагард ханым Таяу Шығыстың мүшкіл халін, Бразилия мен Африкадағы ахуалды алға тартты. Ресейге де тоқталды. Солтүстіктегі көршімізде жыл басынан бері жұмыссыздар саны 7 пайызға көбейген.
Ал Францияда экономикалық мәселерді шешу үшін еңбек заңнамасына қатысты реформа жүріп жатыр. Жаңа құжатта еңбек уақытын ұзартып, жұмыстан шығару тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ үстеме жұмыс үшін төлемақы да едәуір қысқартылмақ.
Мамырдың үшінде реформалар Франция Парламентінің төменгі палатасына жолдануы тиіс. Бірақ бұған наразы халық ереуілге шығып, реформаны енгізбеуді талап етті.
Сауд Арабиясы болса, экономикасын қалыпқа келтіру үшін елдегі субсидияларға бөлінетін қаражатты қысқартып, салық мөлшерін көбейтпек. Корольдік билігі: «Осы арқылы экономикаға жыл сайын 100 млрд доллар көлемінде кіріс келеді», – деп болжайды. Бұған дейін жағдайды түзеу мақсатында ел үкіметі шетелдік активтерді саудалаған еді. Бірақ бұл қадам тығырықтан біржола шығуға мүмкіндік бермеген секілді.
Мұнайдың арзандауы мен экономикалық дағдарыстан зардап шеккен Венесуэла уақытша төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Бұл – электр энергиясын үнемдеу үшін қабылданған шара.
Бүгінде Венесуэлада өндірілетін электр энергиясының шамамен 60 пайызы су электр стансаларына тиесілі. Алайда елді қуаңшылық жайлаған. Оның үстіне экономикалық дағдарыстың кесірінен бұл салаға қаржы бөлінбей келеді. Электр қуатын шетелден сатып алуға да жағдай жоқ.
5 Отандық сарапшылардың мұнай бағасына қатысты болжамы
Күн сайын құбылған мұнай бағасына қатысты отандық сарапшылар да өз болжамын айтты. Болжам тәуір жыл соңына дейін қара алтын құны 60, ал 2018 жылға дейін 80 долларға дейін өседі.
«Мұнай қанша арзандаса да, оған деген сұраныс кемімеді. Демек, нарық заңдылығына сүйенбеске амал жоқ». «Қазэнерджи» қауымдастығы өкілдерінің пікірі осындай.
Дэниэл Берков, Energy Insight Ihs компаниясының аға ғылыми қызметкері
-Мұнай бағасы төмендегенімен, оның өнімдеріне деген сұраныс азайған жоқ. Өйткені әзірге оның орнын басатын балама болмай тұр. Әрине, жасыл экономиканы дамыту бойынша көптеген жоба іске асырылып жатыр. Бірақ дәл мұнай сияқты барлық өнімді алмастыратын шикізат көзі табылмады. Сондықтан қара алтын құны міндетті түрде өседі.
Мұнай бағасы көтерілсе, энергетикалық саладағы ахуал да тұрақты болмақ. Өндірістік болжамдарды қысқартпай, ауқымды жоспарларды жалғастыруға мүмкіндік артады. Мәселен, Қазақстан 4-ші мұнай өңдеу зауытын салуды қолға алғаны белгілі. Қара алтын өндіру көлемі де аз емес. Бүгінде ол жылына 80 миллион тонна болса, бұл көрсеткішті 2040 жылға қарай 160 миллион тоннаға жеткізу көзделген.
Болат Ақшолақов, Kazenergy қауымдастығының бас директоры
-Әрине, болашақта 4-ші мұнай өңдеу зауыты керек болады. Бірақ біздің айтқанымыз, қазіргі уақытта бүкіл модернизация жұмыстары аяқталған соң ішкі мұнай өңдеу көлемі жеткілікті болады деген жоспар бар. Қазір ең маңызды мәселе – модернизацияны аяқтау. Сосын 2020 жылдан кейін, әрине, ондай қажеттілік болатын шығар.
6 Теңге тұрақталып келеді
Мұнайдан валюта нарығына ойыссақ, соңғы кезде жағдай тұрақтала бастады. Жылдың басында 390 теңгеге бір-ақ жеткен доллар бағамы ақпан айының ортасынан бері бір қалыпқа түскендей. Наурыз-сәуірде де валюта бағамында айтарлықтай өзгерістер байқалмады. Ауытқу 5-6 теңге көлемінде. Орташа бағам бір доллар үшін 340 теңге деңгейінде сақталып келеді. Мамандар мұны мұнай бағасымен байланыстырады. Бұдан басқа тағы қандай себептер бар?
Еліміздегі ақша массасының жартысы шетел валютасы. Нақтырақ айтсақ, АҚШ доллары. Нарықтағы мұндай тенденция кез келген ұлттық экономика үшін қатерлі. Бұған ішкі-сыртқы сауда-саттықты, келісімшарттарды тек өз ақшаларымен жасауға бет бұра бастаған Иран, Қытай, Венесуэла, Ресей сияқты елдердегі жағдай мысал.
Қаржы саласындағы проблемаларды шешудің бір жолы доллардың ықпалынан барынша құтылып, ұлттық валютаны нығайту шаралары бізде де қолға алынды. Соның бір қадамы коммерциялық банктердің сыртқы активтерін шектеуге күш салынса, екінші қадамы теңгемен сақтайтын депозиттердің сыйақы мөлшері өсірілді. Екі айдың жүзі, ол 10-нан 14 пайызға көтерілді. Доллармен ашылатын депозиттердікі керісінше 3-тен 2 пайызға төмендеді. Нәтижесінде ақпан айынан бері соңғысының көлемі азая бастағаны аңғарылады. Өткен бір жылда ол тек шарықтаған. Тіпті екі есеге ұлғайған. Ал алдыңғы айда ұлттық валютада ашылған салымдардың көлемі 8 пайызға ұлғайды. Жағымды жаңалық жеткен жұртшылық бұрынғы депозит келісімдерін жаңа шарттарға сай қайта рәсімдеп жатыр. Доллардағы жинақтарын теңгеге ауыстырып жатқандары да баршылық. Осы ретте республикалық басылымдардың біріне сұхбат берген Ұлттық банк басшысы қаржыны сақтауға қатысты мынадай кеңес береді: «Нарықта динамика байқалып отыр. Теңге нығаюы да, әлсіреуі де мүмкін. Біздіңше, инвестиция жасаудағы дұрыс саясат қаржыны екіге бөліп жинау. Жартысын ұлттық валютада, екінші бөлігін қандай да бір қорқыныш болса, шетел валютасында сақтауға кеңес береміз. Бұл қаржыны сақтаудың барынша тиімді тәсілі, дұрыс стратегиясы деп есептейміз».
Мұнай бағасы төмендеп, кірер кіріс азайды. Ұлттық банк шикізат құны көтерілетін жағдайда теңгенің нығаюын жоққа шығармайды. Теңге еркін айналымда. Оның ары не бері құбылуы қалыпты. Осындай жағдайда бас қаржы ұйымының айырбас бағамын реттеу мақсатында валюта нарығына кірігіп, бір реттік интервенция жасауы да кәнігі құбылыс. Мәселен, наурыз айында оның көлемі 1,3 миллиард долларға жетті. Ақпанда 474 миллионнан асса, қаңтарда 57,7 миллион ғана болған еді. «Қазір валюта нарығында алып-сатумен пайда табу мүмкіндігі де азайды. Қаржы нарығын қадағалаушы жүргізіп отырған мұндай саясат кезінде спекуляция жасау еш тиімсіз. Сондықтан банктердің тарапынан валютаны алып-сату операцияларының жоқтығын көреміз. Өткен жылдың соңында жағдай мүлдем басқаша еді. Қазір банктер бұл бағытта тек клиенттердің өтініштері бойынша жұмыс жүргізіп келеді», – дейді Данияр Ақышев.
Тағы бір жағымды жаңалық. Жылдың басында тапшылығы сезілген теңгенің наурыз-сәуір айларында көлемі артты. «Бұған жоғарыда айтқан депозиттердің ұлғаюы мен Ұлттық қордан экономикаға қаржы бөлінуі септігін тигізді», – дейді сарапшылар.
Авторы: Айдос Тұрысбек, шолушы
7 Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу
Елбасы Манифесі. «Әлем. XXI ғасыр» атты Елбасының Манифесі Біріккен Ұлттар Ұйымының екі негізгі органы Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.
Үндеуде Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қарулары мен әскери блоктардан бас тартуды және барлық ұлттардың ғаламдық инфрақұрылымдарға, ресурстар мен нарықтарға енуіне тең дәрежелі жағдай жасауды ұсынған.
Ширек ғасыр. Ел егемендігінің ширек ғасырын мерекелеуге арналған тұжырымдама жобасы елордада талқыланды. Комиссия отырысында мәлім болғанындай, биыл айтулы датаға орай аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде 254 іс-шара ұйымдастырылады. Жер-жерлерде жолдар салынып, әлеуметтік нысандар бой көтереді.
ТОП-50. Қазақстан әлемдегі ең бай елу елдің қатарына қосылды. Америкалық Global Finance басылымы түзген дәулетті мемлекеттердің тізімін Катар бастап тұр. Ондағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 146 мың долларға жуықтаған. Басылым біздің елде бұл көрсеткіш 25 мың доллардан асады деп көрсеткен.
Кәсіпкерлерге көмек. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат көлемі 5,83 трлн теңгеге жеткен. Оның 200 миллиард теңгесі отандық бизнесті қаржыландыруға жұмсалады. Бұл ақпаратты Ұлттық банктің баспасөз қызметі жариялады.
Мәжіліс жұмысқа кірісті. Осы аптада алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті. Төменгі палата депутаттары күн тәртібіне 4 мәселені шығарды. Соның бірі Мәжілістің осы сессияда атқаратын іс-шаралар тізбесі. Жалпы жаңа құрамға жүктеліп отырған ең маңызды міндет – «Ұлт жоспарын» одан әрі заңдық тұрғыда қамтамасыз ету.
8 Алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті
Алғашқы күндегідей жалтақтаған, жан-жағына бөтенсінген депутат жоқ. Бір-бірін жылы қарсы алып, орындарына да шатаспай отырды осы жолы.
Жиын басталысымен алдымен бірінші сессияда атқарылатын жоспарларын айқындап алды. Негізгі шаралар Елбасының «Ұлт жоспарын» одан әрі заңмен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте Парламент Үкіметпен бірлесіп біраз тер төгуі тиіс.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
-Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, жүзеге асырылып жатқан «Ұлт жоспарын» одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету біздерге жүктелді. Бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет.
Салық саласының салмағын арттырып, кеденді кейінге қалдырмау. Жер қойнауына жеке тоқталу қажет. Бұл кодексті қабылдағанда барлық нормалар бір заңға шоғырландырылады. Қолданыстағы электр энергетикасы туралы заңнама да өзгеріске ұшырайды. Ол энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерісі үшін керек.
Заң жобалары төменгі палатаға күзге дейін келеді. Бірақ оны тездету мақсатында Үкімет құрған 5 жұмыс тобына депутаттар да кіретін болды. Одан бөлек Мәжіліс қоржынында 20 заң бар. Олар да жоғары палатаға жіберілуі тиіс. Бұл шараларды тиімді жүзеге асыру үшін қазірден бастап ауқымды жоспар құрылды.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары
-Сессия барысында Парламент қызметінің аса өзекті мәселелері бойынша 4 Үкімет сағаты, комитеттердің 5 көшпелі отырысын өткізу ұсынылады. Кең ауқымдағы жұртшылық өкілдерінің азаматтық сектордың қатысуымен Парламентке келіп түскен заң жобаларын жан-жақты талқылау мақсатында 7 дөңгелек үстел өткізу көзделіп отыр.
Мәжілістегі жалпы отырыстан кейін бірден Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылды. Оған төменгі палатының 31 депутаты мүше. Арасында Ассамблеядан сайланған 9 депутат пен 3 фракцияның өкілдері бар. Олар елдің тұтастығы, ұлттар татулығы мен бірлік мәселесін қаперде ұстайтын болады. Топ басшысы Сауытбек Абдрахманов, ал оның орынбасары болып Юрий Тимощенко сайланды.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі
-Достықтың, татулықтың, бірліктің, тыныштықтың қадыр-қасиеті бүкіл әлемді қаржы дағдарысы буып тұрған, саяси тұрақсыздық көріністері белең алып бара жатқан қазіргі таңда қай кезде де маңызды. Сондықтан депутаттық топтың жұмысы өте қажетті деп ойлаймыз.
Осы аптада төменгі палатадағы жеті комитеттің жұмысы қарқынды болды. Депутаттар төлем жүйесіне өзгерістер енгізуді талқыға салды. Жаңа құрам алдында құжатты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов таныстырды. Ол қазақстандықтардың қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға болатынын жеткізді. Бұл үшін тіпті шалғай елді мекендердегі дүкендерде арнайы терминалдар орнатылады.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-Тұрғындарға қолайлы болу үшін қызмет түрлері көбейтілмек. Коммуналдық төлемдер немесе басқа да операциялар жасау үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Дүкенге келіп, бар шаруасын тындыра алады. Бұл жедел әрі сапалы болмақ.
Одан өзге енді бірде-бір құзырлы орган қарызы бар қазақстандықтың жеке есепшотына түскен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қол сала алмайды.
«Әлеуметтік төлемдер қажеттілік бойынша жұмсалуы тиіс», – дейді заңды дайындаушылар. Жобаны депутаттар қарауға алып қалды. Құжатты әрі қарай банк саласының жілігін шағып, майын ішкен бұрынғы маман, қазіргі депутаттар жан-жақты саралайтын болады.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Біз заң жобасын алғаш рет талқылап отырмыз. Сондықтан депутаттар тарапынан сұрақтар көп болды. Жұмыс тобы бірнеше пункттер бойынша өзгертулер енгізуді көздеп отыр. Алда тағы бірнеше рет жиналып, кем-кетіктерді түзейміз.
Осылайша Мәжіліс қызметін бастап кетті. Қадау-қадау мақсатты орындап, бұғауға алған жаһандық дағдарыстан алып шығу жолында біраз міндет тұр.
Авторы: Эльвира Тағайқызы
9 Мәжілісте коллекторлық қызмет жұмысын реттеу жөніндегі заң жобасы таныстырылды
Осы аптада Мәжілісте тағы бір заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжат коллекторлық қызметті реттейді. Естір құлаққа таңсық болғанмен, несиесін қайтармай жүргендермен «жұмыс істейтін» банктің жалдамалы өкілдері коллекторлар Қазақстанда бұрыннан бар. Бірақ олардың міндеттері заң жүзінде бекітілмеген, бекітілмегендіктен болар, шағым көп.
Телефон тұтқасын көтере салысымен: «Берешегіңді бер», – деп бас салатын, ырқына көнбесең, қоқан-лоқы көрсетуге көшетіндерді жақтыратын жан жоқ сірә. Құжатпен танысқан депутаттардың кейбірі халықтың емес, банктердің мүддесі көбірек қорғалған десе, тағы бірі қарызды қайтару жолы бәрібір заңмен реттелуі керек дегенді алға тартты.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-НПП и ассоциация финансистов вышли предложением.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Соттың шешімсіз бүкіл мүлкін, тұрғын үйден басқасын ала береді деген сөз.
Ердос Шыныбеков, коллекторлық компания директоры
-Борышкерлердің суммалары әртүрлі. Миллионнан бастап 10 милионға дейін баруы мүмкін.
Асхат Нәметша, экономист
-Бұл реттелгенде, екіжақты қаралуы керек.
Ердәулет Байдуллаев, тілші
-Ақша. Ол өзіңде болса жақсы. Болмаса, банктен несие рәсімдеу әдетімізге айналып барады. Тіпті соңғы кездері бір ғана куәлікті көрсетсең, жеткілікті аузыңнан шыққан сомманы ұсынады. Бұған жөн болды деп алған, «клиентім көбейді» деп бергендер қуанды. Уақыт өте қарызды өндіру мәселесі көтеріліп отыр.
Ресми дерек. Елімізде қазір 5 миллионға тарта несие рәсімделген. Соның 1 милионнан астамы проблемалы. Ақшалай айтсақ, 1 триллион теңгенің қашан төленетіні белгісіз. Уақытынан кешіктірілген. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен осы мәселені шешуге көмектесуін сұрапты.
Алпысбай Ахметов, ҚР ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-НПП и ассоциация финансистов вышли предложением. Именно по возвратов займ банков.
Міне, осыдан кейін сан сауал туындай бастады. Бірі бұл заң бізге қажет пе десе, өзгелері: «Онда борышкерлер мүддесі қорғалмаған», – деп кейіді. Құжат мазмұнында коллекторға көп басымдық беріліпті.
Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Мына жобаны оқып отырсам, коллекторларды заңды қарақшыға айналдыратын түріміз бар. Жеке менің пікірім, мұнда халықтың емес, банктер мен сол коллекторлық ұйымдардың мүддесі көбірек қорғалған сияқты. Оны депутаттар арқылы қабылдатқыңыз келеді. Мен жобаға қарсымын.
Келесі бір топ керісінше мұндай заң керек деп жобаны қорғап бақты. «Қазақстанда проблемалық несие мәселесі бар. Демек, онымен айналысатын жеке қызмет болғаны жөн», – дейді.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Экономика бар жерде үнемі қарыз алушы болған. Оны қайтару жолы заңмен реттелуі керек. Бізде осының қолға алынғаны қуантарлық жағдай. Әйтпесе неше түрлі түсініксіз жайттар болып жатыр.
Түсініксіз жайттар дегенде, қарыз өндірушінің борышкерді бопсалауы, кейде күш көрсетуін меңзеп отыр. Ресми емес ақпараттарға қарағанда, біздің қазіргі коллекторлардың кейбірі – криминалдық не құқықтық ортадан шыққандар. Олар жұмыс тәсілін өздері белгілейді.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Біз білеміз кейбір отставкадағы генералдар айналысып, бұрын пагоннан басқа ештемесі жоқ еді. Қазір көп дүниенің иелері болып отыр. Мұның бәрі заңның жоқтығынан, мемлекеттік реттеудің жоқтығынан болды.
Ердос Шыныбеков – коллекторлық компания директоры. Мекеме жұмысы қызу. 8 қызметкердің бәрі борышкерлермен кездесуге кеткен. Елімізде ірілі-ұсақты осындай екі жүзден астам ұйым бар.
Ердос Шыныбеков, коллекторлық компания директоры
-Көбінесе хат арқылы хабарласады клиенттер. Сосын телефон соғатындар бар. Айына 10-15 адам хабарласады.
Бұл тапсырысты орындау аса маңызды. Әр хатта қомақты қаражаттың мәселесі көрсетілген.
Ердос Шыныбеков, коллекторлық компания директоры
-Көбінесе компаниялар бір-біріне борышкер болып қалуы. Поставка товар дейді. Борышкерлердің суммалары әртүрлі. Миллионнан бастап 10 миллионға дейін баруы мүмкін. Ең төмені 100 мың теңге болуы мүмкін.
Жұмыс тәртібі былай. Түскен тапсырыс бойынша борышкерге хабарласып, кездесуге шақырады. Бір ай көлемінде қарызды қайтаруға үгіттейді. Егер нәтижеге жетсе, сол сомманың 10 пайызы – коллектордың еңбекақысы.
Ердос Шыныбеков, коллекторлық компания директоры
-Егер адам қиыншылықтан төлей алмай жатқанын білсек, біз ол клиенттен бас тартамыз. Нәтиже шығатын болса, ары қара жұмыс істейміз. Жағдайы болса да төлегісі келмейтіндер бар.
Нәтиже шықпайтын клиенттер – негізінен банктен тұтунушылық несие алғандар. Олармен жұмыс істеу банктің өзіне, төлем жинаумен айналысатын ұйымдарға да қиын болып тұр. Десе де, кім екені белгісіз борышкерлерді орынды-орынсыз мазалайтындар бар.
Кейіпкер
-Айына 1-2 рет міндетті түрде хабарласады. Өздерінің проблемный бөлімі бар ғой, ай сайын айтып тұрады: «Сіздің қарызыңыз бар, төлеңіз», – деп. Бірақ СМС дегенді жиі аламын.
Борышкердің жағдайына ешкім бас қатырмайды. Неге солай?. Бұл қарызын қайтара алмай жүргендердің пікірі. Біздің кейіпкер жақындарым берешегім туралы білмесін деп жүзін жасыруды сұрады.
Кейіпкер
-Күнде, күнара келіп тұрады. «Онсыз да білемін ғой, неменеге жібере бересіңдер?», – деп өзің іштей ойлайсың да. Жарты жылдай, ай сайын төлей алмадым. Оның өзінің себебі бар. Арасында жұмыссыз қалған кездерім болды.
Бұл жайт Мәжілісте де сөз болды. Жобаны жасаған Ұлттық банк: «Заңды қабылдасақ, мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді», – деп санайды.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-Бұл заңда біз нақты көрсеттік. Коллектор борышкерге психологиялық қысым жасауына болмайды. Сондай-ақ кешкі сағат 21.00-ден кейін, демалыс пен мереке күндері қоңырау соғуға және хабарлама жазуға да тыйым салынады.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Егер ол маман заңды үш рет бұзса ғана, жауапқа тартылады деп жазыпсыз. Сонда бірінші, екінші рет талапты сақтамаса, біз оған көз жұма қараймыз ба?
Қарызды өндірудің бір тәсілі – кепілге қойылған дүниені сату. Бірақ борышкердің мүлкін тәркілеу үлкен мәселеге айналатын сияқты.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Бұл жерде азаматтардың, борышкерлердің құқықтары бұзылады деген сөз. Бұл соттың шешімінсіз бүкіл мүлкін, тұрғын үйден басқасын ала береді деген сөз. Мен ойлаймын, бұл дұрыс емес.
Дұрыс жол – борышкердің өз еркімен қарызды төлегенін күту. Бірақ несиенің пайызы артып, айыппұл мөлшері ұлғая береді. Ақшаның айналымға түспеуі өзге салаларғада әсер етеді.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-Бұл елдің әлеуметтік жағдайына қауіп төндіретін мәселе. Ол елдің қаржылық тұрақтылығына да әсер етеді. Сол үшін жеке заң қабылдау көзделіп отыр.
Асхат Нәметша, экономист
-Бұл үлкен мәселе. Оны реттеу дұрыс. Бұл реттелгенде, екіжақты қаралуы керек. Бірінші – банктердің құқығы қарызды қайтару мүмкіндігі. Екіншіден, борышкерлер қарыз алған тұлғалар, кәсіпорындардың да құқығы бұзылмауы керек.
Десе де, депутаттардың көпшілігі құжаттың қажет екендігін жоққа шығармайды. Себебі қазір елімізде несиесін кешіктіріп жүрген миллионның үстінде борышкер бар. Енді оны өндіріп алудың тиімді жолы ретінде осы коллектор қызметі қарастырылуда. Бірақ ол қарапайым адамдарға зиянын тигізбейтіндей жұмыс істеуі қажет.
Мәжілістегі талқылаудың түйіні осы. Заң жобасы әлі Парламенттің қос палатасында талай сыннан өтеді. Сондықтан біраз өзгеріс енгізілуі әбден мүмкін.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Абдулла Исаев
10 Жергілікті өзін-өзі басқару – өркенді істер ұйытқысы
Ауыл шаруашылығы – нарықтық саудада бәсі бөлек сала. Азық-түлікке сұраныс қашан да бар. Осы тұста қазақстандық өнімдерге шетелден қызығушылық артқанын айтайық.
Әсіресе алматылық кәсіпкерлер экспорттық әлеуетті барынша тиімді пайдалана бастаған. Алматы облысында – 131, ал Алматы қаласында 83 кәсіпорын отандық агроөнімдерді сыртқы нарыққа саудалаған. Тобыл өңірінде – 104, Ақмола облысында 95 кәсіпорында шығарылған азық түрлері шетелге экспортталып жатыр. .
Көрші Қытай мен Ресейден Қазақстанда жасалған агроөнімдерге тапсырыс көбейетін кез әлі алда. Себебі тек қана аспан асты елінің өзі жылына 104 миллиард долларға азықты сырттан сатып алады. Оның 0,1 пайызы ғана қазақстандық тауармен өтеледі.
Қазір қытайлық кәсіпкерлер осы көрсеткішті еселеп арттыруға мүдделі. Отандық бизнес үшін ендігі міндет – осы бір тамаша мүмкіндікті қалт жібермей, ұтымды пайдалану.
Ербол Есенеев, ҚР «Атамекен» ҰКП департамент директорының орынбасары
-Отандық кәсіпкерлер Қытай кәсіпкерлерімен іскерлік қарым-қатынас орнатып жүр. Бұрынғы кезде майымыз шикізат ретінде жеткізілетін Қытайға соңғы уақытта шикізат түрінде емес, дайын өнім, сұйық май ретінде жеткізіледі. Оны тасымалдау барысында отандық май өндірушілерге қосымша табыс әкелді. Жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесті.
Бизнестегі табыс – ауылды өркендетуге сеп. Аграрлық өндірістің қарқыны артқан сайын, ауылдағы ағайынның ахуалы түзелетіні рас. Айтпақшы, қазір диқан қауымы үшін қызу науқан басталған шақ.
Қазір барлық елді мекендерде өзін-өзі басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Енді ауыл әкімдері дербес бюджетін құруға құқылы. Жерді мақсатсыз пайдаланғандарға немесе заңсыз иемденгендерге айыппұл салу құзыреті берілді. Бұдан түскен қаржы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады.
Осылайша «100 нақты қадам- Ұлт жоспарына» сәйкес жергілікті деңгейдегі кейбір мәселелерді шешуге азаматтардың атсалысуын арттыру көзделген. Үкімет бірқатар мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға немесе өзін-өзі реттеуші ұйымдарға бермек. Өзін-өзі басқару жүйесін ауыл-аймақтар жатсынған жоқ па?
-Су керек. Жол керек.
-Жиналыс талқылайды. Бекітеді.
-Азаматтарда мынадай пікір қалыптасқан: «Мен салық төлеп жатырмын, неге жолымды жөндемейсіңдер».
-Ол біз үшін өте үлкен көмек. Неге десеңіз, бір теңгенің өзі де біздің жыртығымызды жамайды. Қазақша айтқанда.
«Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін, жергілікті өзін-өзі басқару танылады». Бұл – Конституцияның 89 бабы. 2013 жылдан бері іске аса бастады.
Мақпал Мадиярова, тілші
-Өзін-өзі басқару елді мекендерде қалай жүзеге асып жатыр? Көзбен көру үшін өзін-өзі басқаруды қолға алған Астана іргесіндегі Ақмол ауылына келдік.
Ақмол ауылы. 20 мыңнан асатын тұрғыны бар Ақмола облысындағы үлкен елді мекен. Заңға сәйкес, мұнда өзін-өзі басқаруға жиналыс мүшелері қатысады. Өмір көрген, тәжірибе жинаған 15-20 шақты ауыл ақсақалы екі айда 2-3 рет болатын басқосуда түрлі түйткілдерді ауыл әкіміне жеткізеді.
Астын сызып айту керек, ауылдарда, кенттерде, округтерде қоғамдық кеңестің міндетін жиналыс атқарады. Әкім ауылдың жеке бюджетіне түскен қаражатты жиналыс мүшелерімен ақылдасып, жұмсайды. Бұрын қаржыны ауылдарға аудан бөліп беретін.
Ендігәрі алты түрлі салық ауыл бюджетіне тікелей түседі. Олар: Мүлік салығы. Жер салығы. Ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын жер салығы. Көлік салығы. Табыс салығы. Заңды тұлғаларға салынатын көлік салығы.
Жанат Дүйсекеев, Ақмол ауылының әкімі
-Жалпы сізге алты салықтың түрі деп жатырмыз ғой. «Соның қайсысынан ең көп салық түседі?» деген сауалдың жауабы ең көп салық қазір техникадан түседі. Мысалы, бір үйде екі көліктен бар. Джиптардан бір мың емес, жүз мыңдап түседі.
Жанат Дүйсекеев – 2013 жылы алғаш рет өткен әкімдер сайлауында сайланған ауыл басшысы. «Жыл басынан бүгінге дейін қазынаға 6 млн теңге түсті», – дейді. Жыл соңында 30 млн теңгедей қаражатымыз болады деген жоспары бар. Ауыл бюджетін толтыру үшін жергілікті 30-дан асық кәсіпкерге барынша жағдай жасап отырған көрінеді.
Жанат Дүйсекеев, Ақмол ауылының әкімі
-Қазір жергілікті полиция деген ашылды ғой. Ол өте жақсы болды. Неге десеңіз, одан түскен штраф бізге келіп түседі. Ол шотты толықтырады.
Шотты толтыруға тағы бір сеп – сыртқы жарнама. Әкім сыртқы жарнамадан 203 мың табыс түскенін айтты. Ал Қараөткел ауылының басшысы Айнагүл Көңбайқызы: «Жарнамадан керемет кіріс кіре қоймайды», – дейді. «Қой сатамын», «Шаш кесемін», «Моншаға келіңіз», «Қымыз ішіңіз» деп ретсіз ілінген тілдей жарнамаға ақы төлегесі келмейтіндер де баршылық көрінеді.
Айнагүл Көңбайқызы, Қараөткел ауылының әкімі
-Бұнда облыстың, ауданның шамасы келмейтін үлкен көлемде қаражат талап ететін нысандар бар. Толық жарықтандыруды талап ететін нысандар. 280 шақырымдық ауылдың ішкі жолдарына тасжол төсеу сияқты мәселелер бар. Оған біз қанша тыраштансақ та оны біз республикалық бюджеттің көмегінсіз шеше алмаймыз.
Расымен Астана іргесіндегі Қаракөткел ауылында адам аярлық мәселе жетерлік. Тіркелген халықтың саны – 11 мың. Тіркелмегенін қосса, отыз мыңнан асады. Сегіз штат тұрғындарға қызмет көрсетуге аздық етеді. Қар еріп, жауын жауса, көшелердегі батпақ тізеден келеді. Жарық, ауыз су, кәріз мәселесі тағы бар. «Десе де, салықтан түсетін 15-20 млн теңгені барынша тиімді жұмсауға тырысамыз», – дейді әкім.
Айнагүл Көңбайқызы, Қараөткел ауылының әкімі
-Бірінші кезекте – орталық көшелерді жарықтандыру. Содан кейін екі үлкен мектеп бар. Біреуі пайдалануға берілгеніне үш жыл болды. Ал біреуінің қазандығын ауыстыруымыз керек. Әйтеуір осы түскен қаржының барлығы халықтың игілігіне жұмсалуы керек қой.
Жергілікті Өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру үшін былтыр «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Заңға сәйкес, 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам халқы бар ауылдардың дербес бюджеті болады.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Өз бюджетін өздері құрастырады. Өздерінің ыңғайына қарай, өздерінің мақсаттарына қарай жұмсайды. Жергілікті халық жиналатын қаржының дұрыс жиналуын, соның тағы күнделікті жиналуын, тиімді пайдалануын өзі бақылап отырады.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Санат Тұңғышбек Қараөткелдің ахуалын: «Ауылдардың потенциалы әртүрлі», – деп түсіндірді. «Уақыт бәрін реттейді», – деп үміттендірді.
Санат Тұңғышбек, ҚР ҰЭМ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры
-2018 жылға дейін барлық мәселе бюджет есебінен шешіледі де, қосымша жаңағындай контрольный есепшотқа түскен ақшаға шешіледі. Болашақта түскен қаражат жетпей жатса, аудандық, облыстық бюджеттен субвенция беріледі. Ал жол, басқалар жасауға облыстық бюджеттен трансферттер беріледі.
Өзін-өзі басқару әкім мен халықтың бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашады. Ауыл тұрғындарынан құралған жиналыс және республикадағы 16 облыстық, 225 аудандық, қалалық қоғамдық кеңес бюджеттік бағдарламаларды, азаматтардың құқығын реттейтін құжаттарды талдап-талқылауға қатысады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыреті кеңейеді. Мәселенки, ауыл әкімдері жер ресурстарын басқаруға, ауыл халқына шағын несие беруге ықпал жасауға, апатты үйлерді тіркеп, жоюға құқығы бар.
Ғалым Байтұқ, блогер
-Бұл жақсы болды. Әрине, басында қателіктер, тіпті сыбайлас жемқорлық та орын алуы мүмкін. Өйткені пенде деген әртүрлі ғой. Бірақ бәрі орнымен реттеледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары нақты шешімдер қабылдай бастайды. Ал бұл өз кезегінде, елімізде демократиялық, ашық биліктің дамуына жол ашады.
Өзін-өзі басқару – демократиялық, азаматтық қоғамның өзегі. Ретімен жүйелі жүзеге асса, азаматтардың белсенділігі һәм қызығушылығы, ал басшылардың іскерлігі артпақ.
Авторлары: Мақпал Мадиярова, Дәурен Жұрқабаев, Назира Оразбаева
11 Көктемгі егіс қарбаласы басталды
Көктемгі егіс. Қазір солтүстік аймақтар науқанға дайындықты бастады. Биыл барлығы 21 миллионнан астам гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себіледі. Басым бөлігі – бидай. Дегенмен, егістік алқаптарын әртараптандыру жалғасып келеді. Мәселен, 2009 жылдан бергі кезеңді есепке алсақ, бидай 3 миллионға гектарға қысқарған, майлы дақылдар 1,7 есеге, мал азығы 1,5 есеге өскен. Көкөніс пен бау-бақша да 26 пайызға ұлғайған.
Азық-түлік қауіпсіздігі мен экспортқа кететін ауыл шаруашылығы дақылдарын көбейтуді негізгі мақсат тұтып отырған тұста әртараптандырудың нәтижелі болуы әлдеқайда маңызды, сосын жетіспейтін өнімдерді көптеп шығаруға ден қойдық. Мәселен, маусымаралық уақытта көкөніс тапшы, сол үшін мемлекет жылыжайлар құрылысына қолдау көрсетіп келеді. «Өткен бес жылдың ішінде оның көлемі 11 есеге, ал шығарылған өнім 12 есеге артты», – дейді министрліктегілер.
Осы уақытқа дейін егіннің әр гектарына 400-500 теңге, майлы дақылдарға 4-5 мың теңге субсидия беріліп келген еді, биыл тәртіп өзгерді. Ал тыңайтқыштар мен гербициттер алуға, суармалы суды жеткізуге, тұқым шаруашылығын дамытуға берілетін төлем қалды. Үнемделген қаржы болса, тамшылатып, жаңбырлатып суару нысандары мен жылыжайларды салуға, қажетті қондырғыларды алуға жұмсалады.
Сонымен биыл көктемгі егіске 60 миллиард теңге бюджеттік несие қарастырылған. Қаржы екінші деңгейлі банктер мен «ҚазАгроның» еншілес компаниялары арқылы таратылады.
Осы уақытқа дейін дихандар дәнді-дақыл сепсе, оның әр гектарына мемлекет субсидия беретін. Яғни қаржылай қолдау көрсететін. Биыл ол олжадан шаруалар шет қалды. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жәрдемді жолға қояды. Дәлірек айтсақ, бау-бақша өсірсеңіз немесе тамшылатып және жаңбырлатып суарудың тың әдісін қолдансаңыз, көмекке ие боласыз.
Сағынтай Жұмажанов, ҚР АШМ департамент сарапшысы
-Тұқым шаруашылығын дамытуға қажетті субсидия, тыңайтқыштардың, гербетциттердің басқа да химикаттардың бағасын арзандатуға арналған субсидиялар сол күйінде қалады. Суармалы суды жеткізуге деген арнайы субсидия бар, ол қалады.
Елдегі шаруалар бұл жаңалықты жылы қабылдады. Себебі жалпы субсидия көлемі кемімеген. Бұл – бір. Екіншіден, олар жаңа мүмкіндікті пайланалану үшін тыңнан түрен салуға талпынады.
Әуезхан Дәрінов, Қазақстан Фермерлер одағының президенті
-Техника алатын болса, сонда Үкімет жаңа алған тракторға 30-40 пайызға дейін инвест субсидия береді. Мысалы, 100 мың доллар болатын болса, трактор оған 30 пайызын 30 мың долларын Үкімет субсиялайды. Біз осы жағын қолдап отырмыз.
Бастаманы құп көрген жамбылдық шаруалар қазір күзде еккен өсімдіктің өсімін бақылап жүр. Былтыр қожалық басшысы Алматыға барып ғылыми институттармен байланыс орнатып, сапалы тұқым әкелген. Әзірге бидайдың биіктігі көңілінен шығып тұр.
Нүридин Бегманов, шаруа қожалығының басшысы
-Бидайдың шығысы биыл жақсы. Қазір жауын-шашын жақсы болып жатыр. Қазір 20 сантиметрге жетіп қалды.
Оңтүстіктің дихандары күздік бидайдың пісуін күтіп жүрсе, орталық және солтүстіктің еңбекші қауымы кетпен-тырмасын қайрап, тұқымдарын дайындап жатыр.
Әуезхан Дәрінов, Қазақстан Фермерлер одағының президенті
-Солтүстік Қазақстан облыстарында дайындық жаңа ғана басталып жатыр. Қар жаңадан жерден кетіп, ылғалды ұстау тоқтату жұмыстары жүріп жатыр.
Сәкен Сейітханұлы, тілші
-Қазақстан Фермерлер одағы басшысының айтуынша, дихандар екпінді еңбекке кірісуге әзір. Олардың қажетті жанармайы мен тыңайтқыштары дайын. «Дегенмен, кейбір қожалықтарда тұқым жетіспеуі мүмкін», – дейді маман. Бұл сөздердің қаншалықты рас екенін біз білмекке бекіндік. Ақмола облысы Егіндікөл ауданына жолға шықтық. Аймақта 300-ге тарта диқан бар.
Араға екі сағат салып түсірілім тобымызбен межелі мекенге жеттік-ау деген кезде, ойдым-ойдым жолдарға жолықтық. Әупірімдеп жүріп, шаруа қожалығына да бардық. Жылы шыраймен қарсы алған Рустам Ахмедов аман-саулықтан соң, өзінде себетін тұқым жеткілікті екенін айтып, байлығын байқатты.
Расымен жұмысшылар тынымсыз тірлікке кіріскен. Керек-жарақтарын түгендеп, саймандарды бүтіндеп жатыр. Соқа салуға не бары бір ай қалды, сондықтан да қарқын күшейген. «Олар биыл жылдағы жоспардан жаңылмай 10 мың гектар жерге дән себеміз», – дейді.
Уги Ахмедов, шаруа қожалығының басшысы
-Қар аз. Енді Құдай қаласа, бәрін дайындап отырмыз. Жер кеппеу үшін топырақты аударып, алдын ала жауып тастау керек жер құрғап кетпесін деп.
Мамандар болса: «Биыл солтүстік өңірлерде жердің ылғалдылығы жеткілікті», – дейді. Онымен бірге сәуір және мамыр айларында күн райы 5-15 градус жылы болып, егін салуға қолайлы болады.
Жексенбай Қасқырбаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры
-Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Қостанай облысының солтүстігінде ылғал мол. Сондықтан біз сол жердегі диқандарға бидайды ертерек еге беруге кеңес береміз. Егер де тұқымдары сапалы болса, 11-12 мамырда жұмысты бастаса болады. Сонда егін бітік шығады.
Ауыл шаруашылығы мамандары биыл бидаймен қатар майлы дақылдарға сұраныс көп болатынын айтады. Өйткені осы жылы Қазақстан Қытайға екі мың тонна өсімдік майын жөнелткен. Мұның сыртында шығыстағы көршіміздің өкілдері солтүстік өңірде жылына 200 мың тонна май шығаратын зауыт салмақшы.
Рустам Ахмедов, шаруа қожалығының жетекшісі
-Иә, майлы дақыл егу дұрыс. Оны тәжірибеден өткізіп көрдік. Бірақ ол үлкен еңбекті және бапты қажет етеді. Оған байыппен бару керек.
Ерінбей еңбек етсең, жемісін жейсің. Осы ұстанымды жадына тоқыған жанның бірі – Юлия Бондоренко. Ол 15 жылдан бері ебін тауып егін егіп жүр. Биылғы дайындығы да жаман емес. Алайда май бағасының қымбаттауы шаруаның шымбайына батқан.
Юлия Бондаренко, шаруа қожалығының басшысы
-Маған шаруашылық маманы хабарласты. Және субсидияланған май алуға келісім жасауды бастағанын айтты. Мен одан бағасын білдім, ол жаңалық маған ұнаған жоқ. Өйткені қазір жанармай бекеттерінде дизель отыны – 99 теңге. Ал біз оны 98 теңгеден алмақшымыз. Біздің келісім бойынша 95 теңге болады және алып келген ақын бар сол ақша шығады. Менің ойымша, осы мәселені қарастыру керек сияқты.
«Не ексең, соны орасың» деген тәмсілді ту еткен шаруалардың қамбалары астыққа толы. Алтын астықтың сапасы да жоғары. Бәрі астық шауашылығы ғылыми өндірістік орталығының кеңесімен жұмыс істейді. Жылдағы жақсы түсім соның айғағы. Мекеме мамандары әр өңірдің ауа райын және топырағын зерттеп соған сәйкес тұқым дайындайды.
Жексенбай Қасқырбаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры
-Биыл біз 3 түрлі жоғары сұрыпты бидайды шаруаларға ұсындық. Ерте көктеп толысатын астық түрі солтүстікте аз. Көбі ескірген. Ал жаңасы 80-85 күнде піседі. Міне, диқандар осыны қолдану керек. Ал үшінші сортты өзге бидаймен араластырып ексең, жанындағы әлсіз дәнді нығайтады.
«Солтүстік және орталық өңірдің еңбеккерлері ғылымға көңіл бөліп келеді», – дейді мамандар. Алдағы уақытта да осы белсенділігін жоғалтпаған дұрыс. Өйткені жердің де, дақылдың да өзгеріп тұрары анық.
Авторы: Сәкен Сейітханұлы