Хабар телеарнасы

Жеті күн 08.10.2016

Сюжеттер
1.Қазақстан-Ресей бизнес форумы өтті 2.Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті 3. Ресей Президентінің Астанадағы іс-сапары мәдени нотада аяқталды
4. Қазақстан Үкіметінде өзгеріс болды 5.Үкімет басшысы Жансейіт Түймебаевқа нақты тапсырмалар берді 6.2015-2019 жылдары 17 жобаны іске асыру көзделген
7.Тәртіп тал бесіктен басталады 8. Қайтсек қауіпсіз етеміз? 9. Жылу маусымына дайындық басталды
   
10. 25 жылда отандық машина жасау өндірісі 17 есе өскен    


1.Қазақстан-Ресей бизнес форумы өтті

Көршің жақсы болса, саяң. Астана әуежайынан Солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді күтіп алдық осы аптада. 400 кәсіпкерін, жетекшілерін ертіп келген құрметті мейманмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада кездесті. 

Биылдыққа сегізінші рет бас қосып отырған екі ел басшысы Қазақстан мен Ресейдің серіктестігін, ынтымақтастығын талқылады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Как мы договаривались в Сочи, наши правительства хорошо отработали, 900 бизнесменов с обоих сторон будут встречаться сегодня. Они вчера, сегодня смотрят «Экспо», встречаются и будет около 40 совместных договоренностей общим объемом более 27 миллиардов долларов. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті

-Шыны керек, біз барлық салаларда өзара байланыс орнатып отырмыз. Иә, кейбір мәселелердің де бар екенін жақсы білеміз. Дегенмен оның да объективті себептері бар. Содан өзара сауда-саттықтың көрсеткіші де өзгерді. Оны да шешудің жолдарын іздеу керек.

Владимир Владимирович айтып отырған сауда-саттық көрсеткішіндегі өзгеріс мынау: яғни дағдарысқа дейін екі ел арасындағы тауар айналым $20 млрд көк қағазды құраған-ды. Қазір бұл миллиардтар 30 пайызға азайған. Себеп көп. Ең бастысы – сыртқы ахуал. Санкцияның салдары. Биржадағы тауар бағасының төмендеуі. Алайда айтылған жағдаяттар қос мемлекеттің еңсесін түсіре алмайды. 

Мәселен, Ресей мен Қазақстанның бірлескен 6 мың кәсіпорны бар. Онда өндірген тауарды сататын жаңа нарық және бар. Ол – Еуразиялық экономикалық одақ. Бұл еркін сауда аймағына қызығушылар жетерлік. 

Вьетнаммен келісім жүріп жатыр. Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Үндістан, Египет, Иран да шет қалмайтындарын жеткізуде. Айтылған жайттар Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің форумында кең талқыланды. Толығырақ Мұхтар Ыбырайым әңгімелейді.

Бизнес-форумға екі елдің мыңға тарта кәсіпкері жиналды. Мұндай көлемде бас қоспағалы біраз. Ауқымды жиын деуге болады. Айтылған мәселе де ауқымы. Сауда-саттықты ұлғайту назарда. Бұл орайда инвестициялық әріптестіктің бәсі басым.

Осы күнге шейін Ресей Қазақстан экономикасына 9 млрд доллар қаражат құйған. Ал біздің салғанымыз – 3 млрд. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Вкладывая в экономику Казахстана, российский бизнес будет находиться почти в домашних для себя условиях, мы это сделаем. Мы осознаем, насколько больше по объему и технологическому опыту экономика России больше, чем Казахстана. Мы выбираемся из определенного нам положения в бывшем Союзе - сырьевой экономики, тем ценнее и незабываемее будет сейчас поддержка и помощь российского бизнеса в нашей работе по индустриализации Казахстана и инфраструктурным проектам.

Ресей бизнесін Қазақстанда қызықтыратын дүниелер аз емес. Салық жүйесі, инвесторларға арналған жеңілдіктердің өзі бір төбе. Қазір елімізде Ресей капиталының қатысуымен 6,5 мың кәсіпорын жемісті жұмыс істейді. Қос тарап бір кеңістікке өтсе де, шекарадағы кедергілер жойылатын емес. Бақандай – 400 тармақ. Біздің тарап кәсіпкерлерге кедіргі келтіретін мемлекеттік органдардың рейтингін жасап, жауапқа тартуды ұсынды.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы

-Реестер бойынша нақты жол картасы қабылдануы керек. Оған жауапты әр жақтан мемлекеттік органдардың басшылары бекітілуі керек. Жыл сайын ол орындалмаса, мемлекеттік органдар, шенеуніктерге жазасы берілуі керек. Әйтпесе айтып келе жатырмыз. Бірақ кедергілер саны төмендейтін емес.

Қазақстан 6 мың тонна ет тасымалдауға ниетті. Алайда іргелес жатқан елде 36 ветеринарлық тексеру бекеті бар. Алкоголь саудасы да қызу деп айтуға келмейді. Отандық өндірушілердің тауарлары Ресейде жоқтың қасы. Керісінше Қазақстан сөрелерінде орыстың арақ-шарабы самсап тұр.

Владимир Падалко, РФ Сауда-өндірістік палатасының вице-президенті

-Мұнда тек техникалық кедергілер ғана бар. Немесе өнімнің сапасын дәлелдеу керек. Акциздер төленеді, онда баға шарықтай түседі. Сөйтіп бәсекелестік төмендейді.

Автомобиль экспорты бойынша да отандық өндірушілер әзірге мақтана алмайды. Ресей ДСҰ-на кіргелі қазақстандық өндірушілер утилизациялық жиын-терім төлеуге міндетті. Біздің елдің де талаптары дәл сондай. Бірақ өз өндірушілеріне Ресей шығынның орнын толтыру үшін мемлекеттік субсидиялар енгізген. 

Андрей Лаврентьев, Allurgroup Директорлар кеңесінің төрағасы

-Келісімдер жасалып, Ресей тарапы көліктерді күтіп жүр. Бірақ негізгі кедергілер бойынша әлі жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Бұл тосқауылдардың бержағы ғана. Арада инфрақұрылымдық кедергілер тағы тұр. Қазақстан «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жолының шекарадағы тармағын аяқтап қойса, Ресейде әлі жол жоқ. Көршілеріміз мұндай кедергілерді жоюға мүдделі екенін жасырмады. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті

-Көптеген негізгі мәселелерді ертеде шешіп тастаған сияқты едік. Ол тауар тасымалына қатысты инфрақұрылым ахуалы. Шекарадан өтуге мүмкіндік беретін қарапайым мәселе. Алайда шектеулер әлі қалып отыр. Бұл – инфрақұрылымдық шектеулер. Қазақстан тарапы өз жерінде жол салды. Ал біздің жақта әзірге жол жоқ. Өткізу бекеттері де біздің мүмкіндіктерімізді шектеп отыр.

Алдағы уақытта өзара сауда жасау жеңілдей түседі. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің пікірі бір жерден табылды. Жыл соңына дейін кедендік заңнамалар сүзгіден өтіп, бір кеңістіктегі кәсіпкерлер үшін ортақ мүмкіндіктерге жол ашылады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Стратегическая задача предоставить предприятиям возможность свободной конкуренции на пространстве ЕврАзЭС. Этому будет способствовать дальнейшему модификация нашего законодательства. В текущем году завершится подготовка нового таможенного кодекса ЕврАзЭС. Он значительно упростит все таможенные процедуры между нашими странами. Торговля с третями странами применяется единые меры не тарифного регулирования. Достигнута договоренность о последовательном и по этапном создании единого транспортного пространство.

Бұл ережелер қабылданған соң, екі елде де бірлескен жобаларды жүзеге асыру артатыны анық. Кәсіпкерлер 3 млрд долларды құрайтын 60-қа жуық келісім жасады.

Бұдан бөлек, күн тәртібінде 20 млрд долларды құрайтын тағы 60 жоба бар. Олар да кезек күттірмес. Бастысы тараптар сыртқы факторлардың әсерінен бәсеңдеп бара жатқан сауда-айналымына серпін бермек. Былтыр алыс-беріс 15 млрд доллар шамасында болды.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-45 шаралар көзделген. Соның ішінде сол 45 шаралардың ішінде 27 нақты жоба белгіленген. Инвестициялық жобалар ол көбінесе ресейлік компаниялардың Қазақстанға тікелей инвестицияларын көздейтін шаралар. Соның ішінде «АзияАвтода» машина жасау көлемін көбейту.

Алексей Улюкаев, РФ Экономикалық даму министрі

-Екі елдің экономикалары өзара тығыз байланысып жатыр. Сондықтан бірлескен шаралар қабылдауда жедел болуымыз керек. Пікір алмасып, жаңа идеялармен бөлісіп, әрі қарай талқылау қажет. Дағдарысқа байланысты бірқатар салалар ақсаңдап қалғаны рас. Соның бәрін жандандыруға әрекет етеміз.

Қос тараптың бастамалары бұнымен біткен жоқ. Еліміздің кәсіпкерлері әріптестерін бизнесмендердің ортақ кооперациясын құруға шақырды. «Яғни екі мемлекет әлеуеттерін біріктіріп, үшінші елдің нарығына шығу арқылы экономиканы қысқа мерзімде еселеуге болады», – дейді.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұрағат Баман, Айдос Меделбеков  

2.Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті

Қазақстан мен Ресейге нәсіп болған несібе – екі елдің Еуропа мен Азия аралығында орналасқаны. Яғни тонна-тонна тауар тасымалының өтінде жатқандығы. Алайда Азия мен Еуропа ортасында айналатын 22 млн контейнердің 100 мыңы ғана қос мемлекеттің үлесіне тиесілі. Бұл 100 мың контейнер көбейер еді, егер «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» дәлізі іске қосылса.

Аталған транзитті жолдың ұзындығы – 8445 шақырым. Оның 3425-і Қытай, 2787-сі Қазақстан, 2493 шақырымы Ресей аумағын басып өтеді. Қазақстан өзіне тиесілі бөлікті осы жылы толық тәмамдайды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті

-Қазақстан тарапы өз жерінде жол салды. Ал біздің жақта әзірге жол жоқ.

Көлік-транзит әлеуеті Қазақстан мен Ресей өңіраралық форумының бас тақырыбы болды. Талқылаудан түйгенін «Жеті күн» тілшісі Сәкен Сейітханұлы тарқатады.

Әуе, көлік, шойын жол. Бұл жолдардың Қазақстанға берері мол. Өйткені Еуропадан Азияға жолданатын жүк біздің ел арқылы тасымалданады. Сондықтан байтақ жерден, Каспий көлден, заңғар көктен пайда сол салық алынады, жұмыс ашылады, инфрақұрылым жаңарады. Дегенмен, бұл мүмкіндіктерді біз әлі толық пайдаланған жоқпыз. Бірақ сара жолға түсу турасында толымды жұмыс жасалып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-В частности, у России и Казахстана имеется большой потенциал в сфере транзитных перевозок. Из более чем 22 млн контейнеров, перемещаемых всеми видами транспорта между Азией и Европой, на долю наших стран приходится лишь 100 тысяч или менее 0,1%. Хочу особо отметить, что в этой сфере мы являемся стратегическими партнерами, а не конкурентами. Есть отработанные уже доверительные отношения, тем более создана  совместная логистическая компания. Надо совместно развивать транспортно-логистическую систему. Транспортная отрасль должна стать одним из драйверов роста экономики. 

Жаһан халқы күн сайын көбейгеніне қарап, азық-түлікке сұраныстың да артқанын байқаймыз. Осы орайда Еуропа мен Азияның сауда айналымы бір сәтке тоқтамақ емес. Бірінде жоғын, бірі түгендейді. Олардың алыс-берісі өткен жылы 1 триллион долларға жетті. Енді бұл көрсеткіш екі есеге өседі. Сөйтіп байланысты берік бекіте береді. 

Жүйенің бізге тікелей қатысы бар болғандықтан, Қазақстан Қытайдағы Ляньюньган портын жалға алды. Ол жерден тиелген жүк Қорғас арқылы Қазақстанға кіріп, әрі қарай Ресей, Еуропаға жетеді. Алайда соңғы уақытта Қытай тарапы Еуропадан вагондар бос қайтып жатқанын айтқан. Сол себепті біздегі тауарларды шығыстағы көршімізге молынан жіберу көзделді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мы сегодня говорили, наши китайские партнёры нам говорят о том, что эти вагоны назад идут пустыми. Нам совместно надо поработать, чтобы загрузить, потому что такие товары у нас есть. Это всё есть яркий пример нашей эффективной интеграции совместной работы. Таких проектов должно быть больше.

Күре жол, ел экономикасының күре тамыры болуы керек. Өйткені Шығыс пен Батыстың тауар тасымалы Қазақ жері арқылы жүзеге асады. Сондықтан елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ілкідегі Жібек жолын жандандырды. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытайды» байланыстыратын 2787 шақырым автобан аяқталуға тақау. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-В результате оптимизирована конфигурация международных коридоров. Создано разнообразие маршрутов и их взаимодополняемость. Это должно позволить переориентировать международный транзит с морских маршрутов на сухопутные. Сегодня нам докладывали, что этот путь вызывает доверие и через него готовы перевозить на 24 млрд долларов грузов. Здесь важно объединение наших усилий и синхронизация работы в этом направлении.

Жол инфрақұрылымын және тасымал қызметін жақсартуға Владимир Путин де мүдделі. Себебі Ресейдегі 2493 шақырым тасжолдың құрылысы аяқталса, Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттық саласы жақсара түседі. Яғни көлік тасымалы арқылы олар 10 күн үнемдейді. Демек, жаңа жолдан қай тарапқа болмасын пайда болады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті

-Мұндай үлкен міндет, әрине, көп қаржыны қажет етеді. Алайда құйылған ақшаның қайырымы міндетті түрде болады. Ірі көлік дәлізі экономиканың қарқынды өсуіне кепілдік беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өңірлер дамып, инвестициялық тартымдылықты арттырады және өңіралық кооперациялар түзіледі. Мұның бәрі қосымша жұмыс орындарының ашылуына әкеледі.  

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері осы уақытқа дейін байланысты ширатып келеді. Мәселен, екі ел тауар айналымының 70 пайызы дәл осы аймақтар еншісінде. Оның 16 пайызы елордамыз Астананың жасаған сауда-саттығының көрінісі. Бас қаланың басшысы Әсет Исекешов: «Ынтымақты одан әрі кеңейтеміз», – дейді. Алдағы уақытта Орал және Сібір өңірлеріне азық-түлік өнімдерін жеткізеді. 

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі

-Соңғы екі жылда Астанада 4 ірі көлік-логистикалық орталық құрылды. Онымен бірге әуежайда жаңа терминалдың құрылысы жүріп жатыр. Аяқталған кезде 6 жарым миллион жолаушының қатынауына жол ашады. Және жылына 12 миллион жолаушыны тасымалдайтын теміржол вокзалы салынып жатыр. Мұның бәрі – сауда айналымның жақсару жолында жасалып жатқа іс.

Ақтөбе облысы – Қазақстанның Еуропаға шығаратын қақпасы. Сондықтан аймақтың Ресеймен тауар айналымы тәуір болып тұр. Бүгінгі күні көрші елмен алыс-беріс 900 миллион долларға жеткен. Бұл сандарды одан әрі көбейтуге болады. Бірақ мән беретін мәселелер бар. 

Ақтөбе мен Орынбор облыстарының шекарасындағы Сагарчин өткізу бекеті тәулігіне 2 мың көлікті бір терезе арқылы өткізеді. Ал Қазақстан аумағы бүгінде 6 жолақ жолды төсеп бітеді. Ол 2 мың көлікті 8 мыңға жеткізуге мүмкіндік береді.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі

-Тағы бір сұрау салсам, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауға қатысты. Қазақстан мен Ресей шекарасында Ресей ауыл шаруашылық бақылау қызметінің желісі бар. Ол біздің кәсіпкерлерге қосымша кедергі. Осы тұста ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуде жеңілдік болса, және мәселе шешімін тапса.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл түйткілдердің түйінін тарқату керектігін жеткізді. Ресей Федарциясы да мәселені шет қалдырмауға тырысады. Биыл Сагарчин жолының құрылысын басталады. Сөйтіп 2018 жылы Ақтөбемен шектесетін аумақ тауар айналымның барлық талаптарына сай болады. Сәйкесінше екі ел арасындағы қарым-қатынастың қадамы қарымды бола береді. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші

-Алдағы жылдары қос ел арасындағы тауар тасымалы мен сауда-саттық дамуы қазіргіден қарқынды бола береді. Ол үшін Қазақстан мен Ресей жол инфрақұрылымын жандандырып, көлік жобаларын бірлесіп атқарады. Өңіралық форум аясында қабылданған «2016 және 2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары» атты мәміле сөзімнің маңызын айқындайды. Демек, болашақта бұл бағыт нәтижелі болып, екі ел экономикасының өсіміне өлшеусіз ықпал етеді. Бұл бір ғана форум аясында жасалған жұмыс. Ендігі жылы Ресейдің Чельябі қаласында 14-ші Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық жиыны өтеді. Ол кезде де қос көршінің көшін ілгерілететін келелі келісімдер болары сөзсіз.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Жұмағали Біргебаев

3. Ресей Президентінің Астанадағы іссапары мәдени нотада аяқталды

Қазақстанмен саяси, экономикалық ынтымақтастығы берік Ресей «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде де шет қалмайды. Әлемдік маңызы бар ауқымды көрмеге белсене қатысып, тіпті 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырмақ. Сөйтіп Ресей Президентінің Астанадағы іссапары мәдени нотада аяқталды. 

Қос елдің басшылары «28 панфиловшы» фильмін тамашалады. Кинотуынды Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы негізінде түсірілген. 

Оқиға Панфилов дивизиясы атқыштар батальонының командирі Бауыржан Момышұлының атынан әңгімеленеді. Жаннан безіп, Отан үшін отқа түскен дивизияның ерлігін, қаһармандығын келер ұрпақ ұмытпауы тиіс. Фильмнің мақсаты – осы. 

Айтпақшы, әзірге Президенттер ғана көрген көркем дүние қалың көрерменге қарашада ұсынылады.  

4. Қазақстан Үкіметінде өзгеріс болды

Министрлер кабинетіне тағы бір құрылым қосылды. Жаңа орган Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деп аталады. Басшысы – Бейбіт Атамқұлов. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі қызметінен босатылды. 

Орнына Қазақстанның Түркиядағы елшісі болып жүрген Жансейіт Түймебаев тағайындалды.

Министрлік қызметінің негізгі бағыттары:

-Аэроғарыш өнеркәсібі

-Ақпараттық қауіпсіздік

-Мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту

-Әскери-техникалық саясатты жүргізуге қатысу. 

Министрлікте:

-Ақпараттық қауіпсіздік комитеті

-Аэроғарыш комитеті

-Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті құрылады. 

Он бесінші министрлікті құрудағы қажеттілік – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, оның тиімділігін арттыру. 

5.Үкімет басшысы Жансейіт Түймебаевқа нақты тапсырмалар берді

Яғни оңтүстіктей үлкен өңірге басшы болған экс-елші енді «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» бағдарламасын жемісті жүзеге асыруы керек. 

Облысқа бөлінген бюджеттің әр тиынын тиімді әрі уақтылы игеруі қажет. Қараша халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында сапалы жұмыс істеуге міндетті. Мұндай жауапкершілік барлық облыстың басшысына жүктелді. Тіпті кей әкімдердің жұмысы сынға ілікті. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Елбасының тапсырмасы бойынша «Жол картасын дамытудың» бағдарламасы бойынша қаржы бөліп отырмыз. Инфрақұрылымдарға бизнесті тарту. Сіздің облысқа 692 млн қаржы бөлінген. Осы уақытқа дейін Сіз оларды алған жоқсыз. Инфрақұрылымға бөлінген ақша сұралмайды. Игерілмейді. Бізде жатыр. Ол ақшаның бәрі әлі күнге дейін.

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі

-Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, бізге 692 млн теңге бөлінген. Қазір шаралар атқарылып жатыр. Жылдың соңына дейін иегерміз.

6.2015-2019 жылдары 17 жобаны іске асыру көзделген

«Басқа мемлекеттік бағдарламалардың қаражаты толық игерілмесе де, «Нұрлы жолдың» ақшасын уақытымен жұмсап жатырмыз»,  деп ақталды Алматы облысының әкімі. 

Жалпы «Нұрлы жол» аясында 2015-2019 жылдары 17 жобаны іске асыру көзделген. Оның 16-сы көлік саласына бағытталған. Бүгінге дейін не бітті? Қандай шаруа қалай тындырылды? Тілшіміз Мырзабек Түсіповтің  сараптамасында.

Мырзабек Түсіпов, тілші

-«Алысты жақын ету». Бұл енді арман емес – міндет. Міндеттеп отырғаны – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Алдымен Астана өңірлік хабқа айналуы тиіс. Жоқ, тура осы айтқанын арман деп, үмітке алыстан қарағыңыз келсе, бірге қарайық!

Астана – Алматы

Астана – Өскемен

Астана – Ақтөбе – Атырау – Астрахань

Астана – Көкшетау – Петропавл – Қорған

Астана – Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда 

Иә, бұл – мен сөйлеп тұрған, Астана. Алыстан, анығы ғарыштан қарағандағы көрінісі. Бас шаһар барлық өңірді байланыстырады. Қазір «Шұғыла» қағидаты негізінде  «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» және «Орталық-Шығыс» бағыттарында тасжол төселіп жатыр. Тап осы картадағыдай. Тап осы бейнежазбадағыдай.

Мұны «эфирдің уақытын көбірек алайық» деп көрсетіп отырған жоқпыз. Атқарылған істен деректі ақпаратыңыз болсын деген ой. Сіздің ауылыңызға да осындай жол салынатына сеніңіз. Өйткені жоспарда бар.

Қуандық  Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі

-«Шұғыла» қағидаты бойынша Астананы аумақтармен байланыстыратын автожол желісін құру үшін 2015-2020 жылдары аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6,7 мың шақырым тасжолдар салынатын болады. 2015 жылғы қаражат толық игерілді. Қалған бағыттар бойынша жұмыс жоспарлары мерзімінде жүріп жатыр.

Жалпы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 17 жобаны іске асыру көзделген. Оның 16-сы көлік саласына, ал 1-і  несиелік тұрғын үй мен үлестік салымдарды қорғау мәселелеріне бағытталған.

Осының 11-і автокөлікке арналып отыр. Дәлірек, жолға. 

Әзірге 11-дің 8-інде қызу жұмыс. Ондағы көлемдісі, ең көлемдісі – «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» дәлізі. Біздегі ұзақтығы 2 787 километрді құрайды. Қазір оның 2028 шақырымындағы шаруа аяқталған. Нәтижесінде Тараз-Алматы учаскесі мен Шымкенттен Ресей шекарасында орналасқан  Орынборға дейінгі жол ашылыпты. Енді жалпы ұзақтығы 485 шақырымды құрайтын 3 учаскінің құрылысы қалып тұр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі

-«Алматы-Қорғас» тасжолының 304 шақырымы, Шымкент-Ташкент аралығының 100 километрі және Жамбыл облысы мен Шымқаланы байланыстыратын 81 шақырым жол құрылысы аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Келесі жоба «Шұғыла» қағидатына қарасты. Яғни Астананы аймақтармен аралас-құралас ету. Қазір «Орталық-Оңтүстік» бағытындағы Астана-Теміртау учаскесінің 12 шақырымы және Алматы-Қапшағай арасындағы 72 шақырым пайдалануға берілді.

Ал «Шығысқа» ойыссақ, мұнда Астанадан Павлодарға, Павлодардан Семейге дейінгі жол жөнделіп жатыр. Жөнделу дегеннен шығады, бұл бағыттың жөні басқа. Жұмысы күрделі. Оған мына көпір мысал. 

Көпір атаулыдан ұзыны осы. Орталық Азияда. 12 шақырымнан асады. Сенбесеңіз, жүріп көріңіз. Желтоқсанда ашылады.

«Батыстағы» бағытта Бейнеу мен Ақтау арасы жөнделуде. Биыл Шетпеге дейінгі 100 шақырым толық аяқталмақ. Қалғаны келесі жылдың еншісінде. Сондай-ақ келер жылдан үміттісі – Жетібай мен Жаңаөзеннің арасы. Ал Орал мен Каменканы жалғайтын 100 шақырым осы жылдың жоспарында бар.  

Амангелді Беков, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары

-Солтүстік бағытты алсақ, мұнда биылғы жылы Көкшетау мен Петропавл арасын толығымен аяқтаймыз. Келесі жылдан бастап Петропавл мен Қорған жаққа көшеміз бе деп отырмыз. Қаражаттар бөлініп отыр.

2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін Ұлттық қордан 769,6 млрд теңге қарастырылған. Оның 503,4 млрд теңгесі нысаналы трансферт арқылы бөлінсе, қалған 266,2 млрд теңгесі облигациялық қарыздан.

Енді осының «53 пайызы игеріліпті» деген есеп бар. /409,2 млрд теңге/ Министрлердің баяндамалары жазылғанға дейінгі уақытта. Бұған 756 шақырым асфальт-бетон төселіпті. Жыл аяғына дейін тағы 920 километрдің жұмысы аяқталмақ. Нақты айтсақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзит дәлізі, «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Көкшетау-Петропавл», «Бейнеу-Шетпе» күре жолдары қолданысқа беріледі.

Амангелді Беков, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары

-Алматы мен Өскеменнің арасында да жұмыстар жүріп жатыр. Биылғы жылы Қапшағай мен Талдықорған арасындағы 150 шақырымды іске қосамыз. Аржағында 20 шақырым қалады. Ол келесі жылы бітеді. «Дүниежүзілік банк», «Азиялық банк», «Ислам» банкінен қаржылар тартып жатырмыз. Тағы да біраз жобаларды бастаймыз ба деген ой бар.

«Талдықорған-Өскемен». «Үшарал-Достық». «Қызылорда-Жезқазған». Ойда жүргені осы аралық. «Үш жобаның тағдыры қаржының қарғыбауында тұр», – деп түйіндейді мамандар. «Нұрлы жол» бағдарламасына енген екі жоба – «Шу-Алматы», «Ерсай-Боржақты».

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы

-«Шу-Алматы» арасындағы екінші теміржол 19 миллиард теңге. Бұл өзінің кестесі бойынша салынып жатыр. Нәтижесінде биылдың өзінде 110 шақырым жаңа теміржол іске қосылады. Тасымалдау көлемі 6 миллион тоннаға көбейеді. Екіншісі мынау – құрық портындағы паром кешені. Биылғы желтоқсан айында кешеннің бірінші пусковой комплексі іске қосылатын болады.

«Құрықтың» да құрығымызды ұзын етері сөзсіз. Нысан жылына 4 миллион тоннаға дейін мұнай, астық және өзге де жүктерді шетел асыруға қауқарлы. Былтыр басталған құрылыстың алғашқы кезеңі биыл аяқталады. 

Атқамінерлердің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасына тиесілі жобалардың соңғысы – «Астана» әуежайы. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі

-Жаңа терминал құрылысы мен ұшып-қону жолағы реконструкциясына 60 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы толықтай келер жылдың наурыз айында игеріледі. Яғни құрылыс та сол мезгілде бітеді.

Бағдарлама аясында 75 мыңға жуық адам жұмыс тауып, еңбек қылды. Нәпақа тапты. Мен оны білемін. Өйткені көзіммен көріп қайтқанмын. 

2013 жылы «Өзен-Болашақ» арасымен Түркіменстанға жол ашылған, одан магистраль Иранға шықты. «Өзен-Берекет-Гөрган» болып. Бұрын теміржолдың арқасында теңіз жағасында ақшаңқан ару қала Ақтау, құлан жорытар жапан түзде мұнайшылар қаласы Жаңаөзен бой көтерді дегенді көп естуші ем. Мына «Болашақ» станциясында болып, естіген сөзімнің етін тірі қылып қайттым. Шын. Жақсы жол – елге жора. 

7.Тәртіп тал бесіктен басталады

Елдегі қылмыстың жалпы саны – 256 мың. Яғни өткен жылмен салыстырғанда үш жарым пайызға шегерілген. Бас полицей Қалмұхамед Қасымов осындай статистика айтты Үкімет отырысында. 

Тағы бір жұбаныш – аса ауыр зорлық-зомбылықтар, кісі өлтіру фактілері азайыпты. Есесіне телефон жымқыратындар, қалта тонайтындар, көлік ұрлайтындар көбейген.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қасымов мырзаға қоғамдық тәртіпті ретке келтіруді қатаң тапсырды. Себебі бар. Алда жаһан жұртын жинап Астанада «ЭКСПО», Алматыда ақ Универсиада өткіземіз. Нақты мысалмен сөйлесек. Мынау Рио-де-Жанейрода болған жағдай. 

Осылайша Жазғы Олимпиадаға барған қонақтарды тонаған бразилиялық бұзақылар сияқты «Ютубта» бейнеміз, әлем жаңалықтарында атымыз жүрмес үшін тәртіпсіздерді қазірден тәрбиелеу керек. 

Байқасаңыз, Риода меймандардың есін шығарып жүргендер – жасөспірімдер, жастар. Біздің елде де осы жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр. 11 пайызға артты деген статистиканы Ішкі істер министрінің өзі жариялады. Әсіресе қылмыс ошағы Астана қаласы, Атырау, Алматы, Павлодар облыстары деп қынжылтты. 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі

-Жасөспірімдер ісі жөніндегі қызмет мамандарының бақылауында 11 мыңнан астам жасөспірім есепте тұр. Жыл сайын полиция органдарына 100 мыңнан астам жасөспірім түрлі заңбұзушылықтары үшін жеткізіледі. Олардың дені – мектеп оқушылары мен колледж студенттері.

Жасөспірімдер қалай қылмыскер болмасын, олардың жүріс-тұрысын, аралас-құралас ортасын бақылайтын әке-шеше таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүрсе. Сондықтан республикамыздың бас ұстазы Ерлан Сағадиев: «Алтыдан кейін ата-ана үйге қайтсын! Ұл-қызының қасында болып, қадағалап, тәрбиелесін», – деген ұсыныс айтты. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі

-Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де көп. Қазіргі уақытта жалпы тек қана 10-12 пайыз ата-аналар мектептердегі жиналысқа қатысады. Біздің есебіміз бойынша, ата-аналардың 50 пайызы 11 жыл ішінде мектептерге келмейді. Біздің ойымызша, ата-аналарды сағат 18.00-ден кейін үйлеріне, балаларына жіберу практикасын бастау қажет.

Ұсынысы орынды. Өйткені қазір ғаламтор деген қауіпті ұстаз бар. Бала түгіл ақыл тоқтатқан үлкеннің өзін теріс жолға бұрып жібереді. Жат ағымның жетегінде кеткен талайлар осы интернеттегі «данышпандардан» тәлім алған. Біздің елде бауырларымыздың санасын улайтын мыңнан асық сайт бұғатталған. 

Терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы 2013 жылы қабылданған. Онда күресудің сал алуан тәсілі көрсетілген. Алайда қатер қаупі сейілмей тұр. Сондықтан 5 Кодекс, 19 Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Мәжіліс бұл заң жобасын осы аптада тағы талқылады. Әділбек Құламанның арнайы репортажы.

2016 жыл. 5 маусым. Ақтөбе қаласы. Қос бірдей қару-жарақ дүкені террорлық топтың тұтқынына айналды. 

Дүкеннің сөрелерінде атысқа сақадай сай тұрған суық қарулар лаңкестіктердің жоспарлы қылмысына жол ашты. Осылайша қаруланған топ қоғамдық көлікпен әскери бөлімшеге шабуыл жасады. 

Теракт салдарынан 7 адам қайтыс болды, оның үшеуі – әскери адам. Сондай-ақ 18 қылмыскердің көзі жойылып, 9-ы тұтқындалған еді. Дәл осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары күні кеше аяқталды. 

Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, 29 адам жауапқа тартылған. Оның 9-ы терактіге тікелей қатысса, 18-і қылмысқа дайындық туралы ақпаратты, 2 адам қылмыскерлерді жасырған. 

Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99 (адам өлтіру), 192 (қарақшылық), 255 (терроризм актісі), 257 (террористік топ құру басшылық жасау және оның қызметіне қатысу) және басқа да баптары бойынша жіктелді. 

Айыптаулар 7 қазан күні Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

2016 жыл. 18 шілде. Алматы қаласы. 27 жастағы Руслан Күлекбаев есімді азамат полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, 4 тәртіп сақшысы мен 2 бейбіт тұрғынды атып тастады. 

Небары 24 минуттың ішінде алты адамды жайратып салған қылмыскерді құқық қорғаушылар тірідей құрықтады. Қазір тергеу жүріп жатыр. 

Осы оқиғалардан соң экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы және Көші-қонды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туындады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің жаңа сессиясын ашу барысында депутаттар мен жауапты мекеме басшыларына заңнаманы жетілдіріп, құқық қорғау шараларын қабылдау керек екенін айтты.

Осылайша олқылықтың орнын толтыруға тапсырма берілді. Қолданыстағы заң қайта қаралып, жаңа жоба жасалды. Құқықтық құжат осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында таныстырылды.

Марат Қалқабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары

-Ақтөбедегі оқиғадан байқалғандай, қару-жарақ дүкенін лаңкестер басып алғанда қарулар атысқа дайын болып шықты. Бүгінде Қару айналымы туралы заңнамаға қару-жарақ толық жасақталған күйінде сақталмауы туралы нақты талап енгізіледі. Яғни мылтықтың серіппесі бөлек, қару басқа жерде және оқ-дәрілер де бір орында сақталуы қажет.

Бүгінде біздің елде қару-жарақ сататын 103 дүкен бар. Онда саудаланатын құралдардың 90 пайызы аңшылыққа арналған. Бірақ сақтықта қорлық жоқ.

Сергей Катнов, қазақстандық қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті

-Біз осыдан бес жыл бұрын Тараздағы терактдан кейін дүкендерден күзет қызметіне берілетін дабыл,  полицияға да түсетіндей болуы керек деп ұсыныс айтқанбыз. Сол кезде: «Бізге қажет емес, полиция сіздерді қорғауға міндетті емес», – деді. Енді, міне, осы нормалар енгізілмекші. Сонда ұсынысқа құлақ асу үшін бес жыл уақыт пен ондаған адамның өлімі түрткі болып отыр. 

Бұл саладағы кәсіпкерлер  бұдан былай қатаң бақылауда болады. Қару сататын дүкендердің орналасқан жеріне байланысты талаптар да күшейтіледі.

Сергей Катнов, қазақстандық қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті

-Мені дүкендердің орналасу мекенжайы бойынша шектеу қойылуы ойландырады. Дамыған елдерде мұндай шаралар қолданысқа берілмеген. Себебі ол тиімсіз және салаға зиянын тигізеді. Бұл тұрғыда біз өз пікірімізді айттық. Енді шешім қалай болатынын күтеміз.

Әрине, бірінші оқылымдағы жобаның олқылықсыз болмайтыны заңдылық. Оны депутаттардың сан түрлі сауалы дәлелдеп берді.

Ахмет Мұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қолданыстағы Заң бойынша әрбір азамат 12 қару-жарақты сақтай алады. Ал жаңа заң жобасы аясында халық қолындағы қару санын азайту көзделген. Оннан астам қаруы бар адам не істеуі керек? 

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары

-Еліміз бойынша 100-ге жуық адамның қолында ғана 10 шақты қару-жарақ бар. Кез келген азамат артық қаруын қару-жарақ сататын дүкенге өткізіп, ақшасын қайтарып ала алады.

Дәлірек айтқанда, қолыңыздағы он қарудың алтауын тапсырып, төртеуін ғана өзіңізде қалдыра аласыз. Жаңа заңдағы жетілдірілуі тиіс тағы бір мәселе – пәтер жалдаушы адамдарды тіркеуге алу.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қазір көптеген қалаларда тәулік бойы үйлерін тапсырады. Олар сол әр тәулік сайын тіркеу үшін жүгіріп жүреді ме? Қалай тіркелмекші?

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары

-Краткасрочный аренда туралы біз оны әзірлеп, қосымша қарастырамыз. Оны зерделеп жатыр.

Иә, заңнаманың зерделенер тұстары көп. Сондықтан екінші оқылымға дейін жұмыс тобының көтерер жүгі де жеңіл емес.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

-Осыған байланысты Үкімет аталған заң жобасын әзірлеп, оны талқылауға депутаттармен бірге бүкіл қоғам өз қолдауын көрсетті. 

Сонымен қатар Қылмыстық Кодексте террорлық іс-әрекеттерге барғандарға жаза қатайып, сотталғандардың дүние-мүлкі тәркіленеді. Қару-жарақ айналымы мен Көші-қон саласындағы тәртіп бұзулар үшін жауапкершілік күшейтілмек. Күзет ұйымдарына айрықша талаптар қойылады. Яғни кез келген мекеменің күзетші қызметіне азаматтар нақты шарттар бойынша қабылданады. 

Сондай-ақ діни туризм саласында іс-әрекет жүргізудің тәртібі мен заң бұзған шетелдіктерді елден шығарудың негіздері нақтыланып, «Байланыс туралы заңға» да өзгерістер енгізіледі және діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салынады. 

Айнұр Әбдірәсілқызы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі орталығының директоры

-Біздің еліміздегі жалпы ахуалды негізге алсақ, оның ішінде Ақтөбе өңіріндегі ерекше ахуалды ескерер болсақ, бірінші кезекте ақпараттық саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігі өзінен-өзі айқындалып отыр. Негізінен құқықтық тұрғыдан тыйым салу, құқықтық шаралардың барлығы құқық қорғау органдарына тиесілі болып келеді. Ал біз Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі идеологиялық тұрғыдан келетіндіктен ең көп жастарымыздың зардап шеккен тұсы ретінде ақпараттар ағынын атауға мәжбүр болып отырмыз.

Ақтөбе облысындағы ахуалға байланысты өткен аптада 200 адамнан құралған арнайы комиссия өңірге сапарлап барды. Олар аймақтағы діни, әлеуметтік ахуалды зерделеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Айнұр Әбдірәсілқызы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі орталығының директоры

-Ақтөбе іссапары барысында көбірек байқағанымыз, қыздарымыз өздерін ханафи масхабында жүрміз деп ойлайтын, сол масхабтың Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатынын білетін адамдар. Бірақ өздерінің көзқарасы, идеологиясы қоғамға деген теріс көзқарастарының барлығы радикалды идеология ықпалымен қалыптасып отырғанын олар білмейді. Яғни олар дұрыс ақпараттарды ажырата алмайды. Осылай өздігінен радикалдану процесі жүріп жатыр. Бұл да егер етек жая берсе қауіпті құбылыстардың біріне айналмақ.

Дәл осы тұста айта кететін бір мәселе бар. Ол – діни сауатсыздық. Тіпті экстремизм мен терроризмнің ара жігін ажырата алмайтындар да кездеседі. 

Экстремизм – бұл шектен шығу деген сөз. Жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Ал терроризм – одан кейінгі іс-әрекеттерге көшу. Яғни ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс.

Сондықтан террорлық әрекеттерді болдырмау үшін экстремизмнің етек алмауына күш жұмсауымыз керек. Қысқасы, қауіптің алдын алу  қашан да маңызды. Ақтөбе мен Алматы оқиғалары қайталанбауы үшін темірдей тәртіп пен қатал заң қажет! 

Авторлары: Әділбек Құламан, Айтжан Отызбаев 

8. Қайтсек қауіпсіз етеміз?

«Лаңкестік деген зұлматпен күрес – әлемдік қоғамдастықтың міндеті. Әсіресе терроризммен күрестегі жауапкершілік қоғамның ең ықпалды тұлғаларына жүктелуі тиіс». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дін – лаңкестікке қарсы» атты халықаралық конференцияға жолдаған хатынан үзінді. 

Қазақстан мен Ресейдің саясаткерлері, діндарлары бас қосқан жиын Мәскеуде өтті. Олар да әлемді қыспаққа алған зауалмен күресудің жолдарын талқылады.     

Бағлан Майлыбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары

-Терроризм және экстремизммен жұмыла күресуде екі ел бір белдеуде орналасқан стратегиялық одақтас мемлекеттер болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев лаңкестік және экстремизммен күресті күшейтуде әлемдік бастамаларын белгілеп берді. Олар – БҰҰ шеңберіндегі терроризм мен экстремизмге қарсы жаһандық коалиция құру; Халықаралық ұйымда зұлматпен күреске негізделген кұжаттың қабылдануы; Әлем. ХХІ ғасыр Манифесі.

Магомедсалам Магомедов, РФ Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары

-Сарапшыларымыз радикалды ағымдарға қарсы әрекеттің қалай жүзеге асу керектігін, осы жұмыстардың негізгі тетіктерін ойластыруда. Ресей мен Қазақстан терроризммен күреске дайын. Жұмыла жасаған әрекетімізде өз жемісін беретініне сенімдімін.

9. Жылу маусымына дайындық басталды

Қыстың қамын жаз ойла! Күн суытты. Енді ауа температурасы 28-30 градус болмайтыны анық. Астанадағы пәтерлерге жылу берілді, жер үйдегілері от жаға бастады. Ал өңірлердегі ахуал қалай? Жылу маусымына қазандықтар дайын ба? 

Шолушымыз Жансая Қожахметова аймақтарға сұрау салды.

Жансая Қожахметова, шолушы

-Ринат мырза, бұл сұраққа мен емес, Үкімет үйінде өткен селекторлық жиын барысында Ұлттық экономика министрiнiң орынбасары Роман Скляр жауап берген еді. Оның айтуынша, елдегі жылумен қамтамасыз ету желілерінің дайындығы  99,8%, электрмен жабдықтау 100%, білім беру нысандары 100%, денсаулық сақтау 99%, тұрғын үйлер 98% құрайды.

Алайда Премьер-министрінің бірінші орынбасары бұл көрсеткіштермен келіспейтін секілді. 

Селекторлық жиын барысында Асқар Мамин Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тұрғын үй қорының жылыту маусымына деген дайындығы айтарлықтай нәтижелі болмай тұрғандығын айтты.

Айтпақшы, селектрлық жиын қорытындысы бойынша Асқар Ұзақбайұлы жергілікті атқарушы органдар мен қатысы бар министрліктерге бірқатар тапсырмалар берген еді. Сөйтсек олар тапсырманы тапжылмай орындауға кірісіп кеткен сыңайлы.

Тасмұрат Қатқадамов, СҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы

-Осы аптаның соңына дейін барлық үйлерге 100 пайыз жылу беріледі. Өйткені бұл шаруалар кезең-кезеңмен жүзеге асып жатыр. Бүкіл қаланы қамту үшін кем дегенде 10-15 күн уақыт қажет.

Назарға ілінген Солтүстік Қазақстан: «Жақын арада барлық үйлерге жылу беріледі», – деп уәде берді. Сенейік. Ал бұл енді Ақтөбе облысы. Шаһардағы 1690 тұрғын үйдің 78-і жылу жүйесіне қосылмапты. 

Айбек Қайыр, Ақтөбе облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары

-47 тұрғын үй дайындық құжаттарын қолға алды. Жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық жұмыстар 15 қазанға дейін аяқталып, жылыту маусымы дер кезінде іске қосылады.

Ал Батыс Қазақстан облысы ескерту алғанына қарамастан: «Қысқы маусымға сақадай саймыз», – дейді. 

Сала мамандары қазанның ортасына дейін әзірліктің 100 пайызға жетеріне сенімді. Бірақ бүйірге бататын мәселе ПИК-тің құрамына кірмейтін үйлер», – дейді Орал қалалық Тұрғын үй инспекциясының басшысы Нұрлан Шабдаров. 

Нұрлан Шабдаров, Орал қалалық Тұрғын үй инспекциясының басшысы

-Өкініштісі күні бүгін КСК-ға кірмейтін 60 шақты үй әлі әзірлік жасаған жоқ. Қалайда билік орындары жылу маусымы басталғанда жылуды қосады деген сенімде. Соның салдарынан үйлерді әзірлеу кешеуілдеп отыр.

Жылу беруге кедергі болып тұрғандар кімдер? ПИК құрамына енбеген үйлердің жағдайы қандай? Тұрғындардың өзінен сұрап көрейік.

Самат Нәсенов, Ульяна Громова көшесі 2/1 үйдің тұрғыны

-Бәрі жарылып жатыр, жөндеу керек. Ескі трубалар. Мында негізі бесхозный үй ғой, өзіміз жиналып береміз. Электрик, сварщик бәрі бір адам, сол жөндейді, ақша жинап береміз. Мында созып төлейді, біреулер төлемей қалады. Сварщикке де ақша керек, ол қалтасынан шығара бермейді ғой. Оған да ақша керек.

«Ақша керек» дегеннен шығады. Коммуналдық кәсіпорын басшылығы төлемге құлықсыз тұтынушылардан қалай қаржы өндіреміз деп жылда бас қатыратын. Ал биыл қостанайлықтар борышкерлерден қарыз өндірудің жаңа әдісін қолданды.

Коммуналдық қызмет өкілдері қарызын өтемегендердің есіктерін жұлып әкетуде. Бұған себеп те бар. Биыл қостанайлықтардың жылуға қарызы 245 млн теңгеге жеткен. Ал мына сурет былтырғы Семейдегі жағдайдың көрінісі.

Естеріңізде болса, cемейліктер жөндеген құбырлар қатты суыққа шыдас бермей, аязы қатты қаңтарда жарылып, тұрғындар бүрсең қаққан-ды. Жағдайдың алдын алуды көздеген шаһар әкімі биыл борышкерлерге алдымен телефон соғып, нәтиже болмағасын үй-үйді өзі аралады. 2 жарым сағаттық рейд кезінде 230 мың теңге жиналды. 

Айта кетейік, семейліктердің «Жылукоммунэнерго» мекемесі алдындағы қарызы 300 млн теңгеден асады. Мәселе, қарыз өндірудің әдіс-тәсілін тапқанда емес. Жылуға жылдап төлемей, жүз мыңдап қарызға батқан тұрғындар жылу мәселесіне өздері мүдделі екенін ұмытпаса игі! 

10.25 жылда отандық машина жасау өндірісі 17 есе өскен

90 жылдары бұл сала 5 пайызға дейін төмендеп кеткен-ді. Ол заманда өндірісті былай қойғанда, күнделікті тұтынатын зат, ас-ауқаттың өзі қат еді. Дүкен сөрелері қаңырап бос тұратын. 

Ал қазір, қазір шүкір дейік. Супермаркетке бас сұққанда не жесем, не алсам деп дағдарамыз. 

Шетелдік өнімдерді айтпағанда, бүгінде өзіміздің, отандық тауарларға да таңдау бар. Мәселен, мына бал, мына консервіленген балық – Шығыс Қазақстанның бренді. Бал арасы да, балық та сол өңірдікі. Бұл аймақта тамақ, киім өнеркәсібінен бөлек машина жасайтын зауыттар да қарқынмен дамып жатыр. 

«АзияАвтода» құрастырылған көлікті көп қазақстандық мініп жүр. Біреуін сол шығыстағы меншікті тілшіміз Олжас Керейхан да сатып алыпты. Отандық көлігімен облысты аралап, жеткен жетістігін бізге айтып бермекші. 

Иә, 25 жыл бұрын отандық көліктің басым бөлігі Өскеменде өндіріледі деп ешкім ойлаған жоқ. Зауыт бастапқыда «Лада» көліктерінің қосалқы бөлшектерін Ресейден әкеліп жинақтаса, бүгінде еліміздегі алып автоконцернге айналды.

Олжас Керейхан, тілші

-Көліктің рулінде жүріп келе жатып жазылады. 2000 жылдардың басында 50-ге жуық қана жұмысшы болса, бүгінде 500-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. Ресей, Чехия, Корея тәріздес елдердің алып автозауыттармен серіктесе отырып, әлемдік маркалар мен оларға қажетті қосалқы бөлшектерді шығарады. Қазір Қазақстанда жасалған деген брендтік маркадаға мынадай жол талғамайтын көліктер ТМД елдерінің қара жолдарында жүйткіп жүр.

Өңірдің өзіндегі техникалық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған мамандар осы зауытта еңбек етеді. Солардың бірі – Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Алмас Тоқтаубеков.

Алмас Тоқтаубеков, автомеханик

-Тәжірибе өтіп жүргенде өзімді жақсы жағынан көрсеттім. Сондықтан бұл кәсіпорын мені жұмысқа шақырды. Біз сияқты жастар үшін бұл кәсіпорындардың маңызы зор.

Экономиканың өзегі – өндіріс. Сондықтан Тәуелсіздік алған жылдар аралығында өңірдегі өндірістік салада өндірілген өнім 1 триллион теңгеге жетті. Өндірістің өркендеуіне елде қабылданған үдемелі-индустриялық жобалар да ерекше серпін берді.

Бағдарлама қабылданғаннан бері облыста 981 миллиард теңгенің 76 жобасы іске қосылды. Бүгінде алып зауыттарда өндірілген алтын мен күміс, мыс пен мырыш, жез бен титан Лондон, Нью-Йорк, Шанхай сияқты қор биржаларында саудаланды.

Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындары үшін «Өскемен-Шар» теміржолының салынуы ұзақ күткен тарихи сәт болды.

Олжас Керейхан, тілші

-Шпалды санап жүріп келемін. 2 млн 998, 99, 3 миллион. «Шар-Өскемен» теміржолын салу үшін 3 миллион 648 мың бетон шпал және 150 шақырым рельс төселді. Сондықтан өндірісті өңір үшін бұл жолдың әлеуеті өте жоғары. Пайдаға берілген 2009 жылдан бастап бүгінге дейін 60 миллион тонна жүк тасымалданған. Бос жатқан далаға болат жол төселген соң, 6 станса мен бірнеше разъезд құрылды. Ең бастысы жол бойындағы ауыл тұрғындары үшін көлік пен  жұмыс мәселесі  де шешімін таба бастады.

Бұрын өскемендіктер Алматыға бару үшін Ресей арқылы жолда екі тәуліктен астам жүрсе, қазір 14-15 сағатта жетеді.

Болат Мейрамов, аға жол шебері  

-Кеше алдынғы буын ағаларымыз армандаған екен. Осы жерге теміржол түссе, сонымен жүрсек деп. Бос жатқан жер. Қазір ауылдардың кісілері 2005-2006 жылдарда 150-170 адам істесе, қазір бүгін 530-дан артық адам жұмыс істейді.

Азаттық жылдары аймақтағы ауыл шаруашылығына да ажар кірді. Төрт түліктің басы мыңдап өсіп, ет пен сүт жаңа технологиямен өңделеді. Кейбір шаруашылықтар сиырды компьютерлі роботпен сауа бастады.

Гүлмира Бәкішова, оператор-сауыншы

-Әрбір желінді жуады. Бірінші стакан. Қалғаны әрбір өз желіндерін сауып шығады. 4 стакан бар. Егер сүт дұрыс емес болса, басқа жаққа жібереді. Мәселен, мына сиыр 10 литр 400 грам сүт беріп тұр.

Тек соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығына 123 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Нәтижесінде қазір 234 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіріп отыр. Өндірілген өнім ТМД  мен көрші Қытай еліне де экспортталады.

Олжас Керейхан, тілші

-Тәуелсіздік жылдары жалпы елімізде 113 млн шаршы метр баспана салынса, оның үштен бір бөлігі осы өндірсті өңірде бой көтерген. Нәтижесінде бірнеше мыңға жуық отбасы басыбайлы баспаналы болды. Сонымен қатар мектеп, аурухана және мәдени-спорттық кешендер салынып, қолданысқа беріліп жатыр. Бұдан 5 жыл бұрын дәл бұл жер бос дала болатын. Енді жаңа шағын аудан бой түзеп, толық инфрақұрылым тартылып, құрылыс қарқын алған.

Облыста тұрғын үй құрылысына арналған әртүрлі бағдарлама бойынша соңғы екі жылда 81 көпқабатты баспана салынды. Олардың басым бөлігі бюджеттік сала және әлеуеті әлжуаз отбасыларға берілді.

Тұрғын үй байғдарламасының шапағатын көргендердің қатарында Рысхановтар отбасы да бар. Өнер мектебінің қос ұстазы Шалқар мен Айнұр бұл пәтерді алу үшін талай жыл кезекте тұрды.

Шалқар Рысханов, ұстаз

-Әрине, бұл – Тәуелсіздіктің нәтижесі. Егемендік болмаса, Тұрғын үй бағдарламасы болар ма еді? Біз сияқты өнер адамдары үшін үй алу қиындау ғой. Қазір үш баламыз алаңсыз өсіп келеді. Тек біз емес, осы шағын аудандағының бәрі  сол бағдарламаның шапағатын көргендер.

Білімді  ұрпақ – ұлт болашағы. 1990 жылдары Өскеменде мемлекеттік тілде оқытатын 2-ақ мектеп болса, қазір тек қазақ тілінде білім беретін орта мектептердің саны 9 жетті.

Елге ел қосылса – құт. Ел егемендігін алған бойда қиыр-жайлап, шет қонған ағайындарымыз ұлы көшті бастап кетті. Қазір Қазақстан бойынша атажұртына келген қандастардың саны 1 миллионға жетсе, олардың үштен бірі Шығыс Қазақстанға қоныстанған. Мемлекет үй берді, жұмысқа орналастырды. Тек Өскеменнің өзінде мыңнан аса баспана салынды. 

Елдің экономикалық көрсеткіші мәдени-әлеуметтік саладағы жетістікпен өлшенеді. Осы орайда облыста тарихи-ескерткіштер жаңарып, археология саласында тың жаңалықтар ашылды. Берел мен Шілікті қорғандарынан табылған жәдігерлер әлемдік тарихты дүр сілкіндірді. Қазір ол жерлер аспан асты мұржайына айналды.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор

-Бұл мұражайдың құндылығы осы жердегі түпнұсқа. Ешқандай нәрсені ауыстырғамыз жоқ. Мынаның астында тағы да дүниелер жатуы мүмкін. Олардың бәрін сол жерге қалдырдық.

Ел ескеркішімен еңселі. Ертістің бойындағы ежелгі қалаға Абай мен Оралхан, батырларымыз Қабанбай мен Қасым Қайсеновтың алып тұлғалары жаңа рең беріп тұр. Осылайша жерінің үсті тарихқа асты қазынға толы кенді Алтай Тәуелсіздікпен бірге түлеп келеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Аслан Төлепов