Жеті күн 28.01.2017
1. Елбасы Үндеуі | 2. Конституциялық реформа | 3. Астана процесі |
4. Астана процесі туралы әлемдік БАҚ не дейді? | 5. Елбасы кездесулері | 6. Универсиада-2017 |
1. Елбасы Үндеуі
Біз Тәуелсіздіктің 25 жылын уақыт өлшеміне сыймайтын ерен ерліктермен еңсердік. Бүгінгі Қазақстан – саяси тұрақтылығы сақталған, құқықтық негізі қаланған, ынтымағы жарасып, ырысы артқан мемлекет. Осындай айбынды айшығымызбен жер жүзінің жүрегін жаулап алдық. Бұл сөзсіз Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Яғни күшті президенттік биліктің бағындырған биігі.
Енді міне, осы тұрақтылыққа тірек, одан ары өсіп-өркендеуге өзек болар өзгерістер жүзеге асқалы тұр. Елімізде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінеді.
11 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Он екі адамнан құралған топ қолданыстағы заңнамаларға талдау жасап, басқару ісіндегі отандық және шетелдік тәжірибенің тиімді тұстарын түгендеді.
24 қаңтарда Елбасы осы мәселеге қатысты жиын өткізіп, тараптардың талап-тілектерін тыңдады. Сөйтіп, келесі күні Президент елге Үндеу жолдады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Құрметті, қазақстандықтар! Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді.
Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Мұның бастауы әріде. Тарихи шегініс жасасақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атқарушы билікке артылған жауапкершіліктің деңгейі өкілеттілік көлемінен асып тұр еді. Таразы табағының тең болмауы тиімді емес, әрине. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясында Елбасы осы жайттарға ерекше басымдық беріп, министрлер мен әкімдердің өкілеттігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Бұл мақсат Президенттің 2005 жылғы халыққа жолдауында айқындала түсті. «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» деп атының өзі айтып тұрғандай, елімізде алдымен экономикалық, кейін әлеуметтік жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезек – саяси реформаларда.
Бұдан байқарымыз, Президент өзіне қарасты өкілеттіктердің біразын Үкімет пен Парламентке беру туралы шешімді жылдар бойына жүйелеп, саналы түрде келген.
Оралбай Әбдікәрімов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жалпыұлттық қозғалысының президенті
-Бұл бірінші өзгерістер емес, 1995 жылы Конституция қабылдағаннан бері Елбасы ұсынып отырған 4-ші бастамасы. Ойлаймын, қолдау табады. Жасыратын ештеңесі жоқ, Парламент болсын, Үкімет болсын, өз мүмкіндіктерін, өз мүмкіншіліктерін көрсете алмай жүр. Қазір осы өзгерістер қабылданса, онда Парламент те, Үкімет те жалтақтамай жұмыс істейді деп ойлаймын.
Қазіргідей алмағайып заманда амал қылмағанның қауіп-қатерден аман өтуі екіталай. Демек бұл реформа – баянды болашаққа бастар қадам. Ал оның түп негізі «Ұлт жоспарында» ұғынықты жазылған: Есеп беретін мемлекет пен ашық Үкіметті қалыптастыру. Мұны нақты жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек.
Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы
-Президенттің кейбір өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу. Мемлекет басшысының пайымдауынша, Президент құзырына артығымен жүктелген бірқатар өкілеттік бар. Оның себебін Елбасы бірнеше мәрте атап өтті. Бұл біздің мемлекетімізді қалыптастырудың алғашқы кезеңінде аса қажет және әділетті шешім болды. Бүгінде мемлекетті қалыптастырудағы орасан зор қиындықтар еңсерілді. Енді Үкіметтің пәрменімен толығымен орындауға болады. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларды бекіту. Бүгінде бұл шаруаны Президент атқарып отыр. Енді Үкіметке тапсыру ұсынылды. Яғни олар бағдарламаларды бекітсін. Әрине, Елбасының келісімі негізінде. Себебі Президент Үкіметтің қай бағытқа бет алғанын біліп, бағдарлап отыруы керек. Дәл осындай өзгеріс мемлекеттік бюджет қарауындағы барлық органдар қызметкерлерінің жалақысы мен қаржыландырылуын бірыңғайландыру жүйесін бекітуге қатысты. Бұл міндетті шаруаны да Елбасы келісімі негізінде Үкіметтің атқаруына беру ұсынылды.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік, экономикалық саладағы ұйымдастыру мен бақылау қызметтері Президенттің құзырында болды. Себебі елдегі қалыптасқан жағдайдың талабы сол еді.
Ал енді Үкімет өзіне тән міндеттерді өзі орындауы тиіс. Әрине, атқарушы биліктің өкілеттілігі өскен соң, жауапкершілігі де артады. Яғни таразының екі басы тең түседі. Олар Парламенттің, мәслихаттың алдында есеп береді. Сондай-ақ Үкімет істеген жұмысы бойынша Президенттің, Парламенттің алдында жауапты болады.
Айта кеткен жөн, президенттік басқару формасы сақталады. Мемлекет басшысы билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасқа келгенде Төбе би боп, төрелік айтады. Ал сыртқы және ішкі саясаттың бағытын анықтау, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелерін нығайту сынды стратегиялық функциялар Президенттің басқаруында қалады. Жалпы жаңарудың жағымды тұсы көп.
Төлеш Қаудыров Қазақстанның тұңғыш конституциясын әзірлеуге ат салысқан білікті заңгер. Араға 24 жыл салып елдегі саяси жүйені қайта жаңғыртудың бел ортасында жүр. Жұмыс тобына шақырылған ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілі. Заңгер тағдыршешті конституциялық реформаларды бірегей тарихи оқиғаға балап отыр.
«Мұндай өзгерістер Қазақстан саяси жүйесі дамуының маңызды кезеңі», – дейді.
Төлеш Қаудыров, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры
-Президенттің өз билігін үзіп, Үкіметке беруі – басқа елдердің тарихында сирек кездесетін жағдай. Билікті оңай өз қолымен ешкім бермейді. Бізде биліктің өзі осы өзгерістер жасау керек еді ғой деп байқап, ойланып, өзінің белгілі деген мөлшерімен өкілеттілікті бөліп жатыр. Меніңше бұл тек қана билікті бөлу емес, бұл тәртіпті қатайту.
Жұмыс тобы жауапты миссияға білек сыбана кірісіп кетті. Білікті заңгерлер мен билік тармақтарының өкілдерінен құралған топ күнделікті зерттеп жатыр. Міндеттерді қайта бөлудің механизмдері сүзгіден өтеді. Кімге қандай құзірет беріледі? Саралап көрелік. Қазақстанда үш тәуелсіз билік тармағы бар: атқарушы, заң шығарушы және сот билігі. Алғашқы екеуінің рөлі біршама артайын деп отыр.
Сөйтіп әлеуметтік-экономикалық процестермен тікелей министрлер кабинеті мен жергілікті атқарушы органдар айналысатын болады. Парламенттің жұмысы тек заң шығарумен шектелмейді. Енді қос палаталы органға заңдар мен бағдарламалардың орындалуын қадағалау құзіреті берілмек. Ал Мемлекет басшысы сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласы сияқты стратегиялық функцияларды атқарады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті
-На первых порах мы написали много полномочий Президенту, это в законах во многих было 45 таких полномочий, теперь больше 30 полномочий, которые можно смело передать Правительству и Парламенту – например утверждение программ, создание новых органов управления и т.д. И повышаем роль парламента, потому что в наших условиях правительство формируется победившей партией или фракциями, коалиций, советовавшись с которым Президентом должен назначать Правительство по совету с Парламентом. Повышается роль Парламента в отношении Правительства во многих вопросах в проекте все определено.
Бұл реформалардың мемлекеттік құрылым қағидаларына я болмаса азаматтардың құқықтарына қатысы жоқ. Тек билік тармақтарының жұмысын ширатуға бағытталған. Сөйтіп Парламент пен Үкімет тығыз жұмыс істей бастайды. Өзара қарым-қатынас күшейіп, екі органның да тиімділігі артады. Парламенттік сайлауда жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға ықпал ететін болады.
Айтпақшы, қолданыстағы Конституция талаптарына сәйкес Үкіметтегі 4 министрді Президент тікелей тағайындайтын. Олар Әділет, Қорғаныс, Сыртқы істер және Ішкі істер министрлері. Енді тек Қорғаныс және Сыртқы істер министрін тағайындау Елбасы құзырында қалса, қалған ведомстволардың басшыларын Премьер-министр Мемлекет басшысымен кеңесе отырып, Парламентке ұсынатын болады.
Айта кеткен абзал, алдағы уақыт Парламенттің бақылаушылық үстемдігі артады. Тіпті Үкіметті есепке шақыруға құқылы.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары
-Осы уақытқа дейін Конституциядағы нормаға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Президенттің алдында өз өкілеттігін доғарады делінген. Енді Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өкілеттігін доғарады. Премьер-министр тағайындалғаннан кейін 10 күннің ішінде Президентке Үкіметтің құрылымы мен құрамын ұсынар алдында Парламент Мәжілісінен консультациядан өтеді. Яғни ұсынылып отырған кандидатураға Парламент Мәжілісі келесімін бергеннен кейін, сол Үкімет мүшелерінің жауапкершілігін біз бөлісеміз де, оларға жауаптымыз деуге болады.
«Халық сайлаған орган болғандықтан, Парламент арқылы жалпы халықтық бақылау күшейеді», – дейді мамандар. Әркім өз ісімен айналысуы тиіс. Президенттің де көксегені осы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Сколько мы говорим, делаем реформы все время остаются недоработки. Приходиться снова говорить, заставлять делать. Правительство большую организацию сделали, сократили большое количество министерств, объединили. Для чего, потому что каждый министр получает поручение и бросает зампремьеру или премьеру. Мы для этого сделали. Чтобы он не гонял бумагу, взял ответственность и брал, но не происходит. Поэтому, надо чтобы правителство отвечало за программы. Разрабатывается программа, направлется мне и я утверждаю как будто беру на себя. Общество и Парламент должны следить, разработал программу, утвердил и пусть выполняет.
Жұмыс барысында 300-ге жуық заңға және 20 кодекске талдау жасалды. Жұмыс тобы 3 бағыт бойынша ұсыныстар әзірледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеуден бөлек, сот және прокуратура органдарын одан әрі жетілдіру қарастырылған. Ал Конституция нормаларын түзетуді қажет етін тағы 40 ұсыныс жеке қаралды. Сарапшылардың пікірінше, бұл түзетулер 1995 жылғы конституциялық реформаға пара-пар.
Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы
-Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр. Сондай-ақ Конституция нормаларына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұстанымдар әзірленіп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр.
Конституциялық реформалар жасау үшін әуелі елдің мүддесі ескерілген. «Келешектің қамы», – дейді Елбасы. Сондықтан азаматтардың бостандығы мен құқығына қауіп төнген кез келген жағдайда Президенттің төрелік айту құқығы одан әрі күшейтілмек. Мемлекет басшысы Ата заңның кепілі болып қала бермек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Я сознательно иду на делегирование значительной части полномочий, которыми обладает Президент. И делаю это с одной единственной целью – построить более эффективную, устойчивую, современную систему управления страной. Предлагаемая программа позволит решить три задачи. Во-первых, создать запас устойчивости политической системы на многие годы вперед. Во-вторых, повышение роли Правительства и Парламента даст более эффективный механизм ответа на современные вызовы.
«Бұл басқарудың президенттік моделінен бас тарту емес», – дейді жұмыс тобының мүшелері. 25 жылда жеткен жетістік тікелей осы жүйенің жемісі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, тіпті қазіргі кезеңде де президенттік басқару моделі тиімділігін көрсетіп отыр.
Төлеш Қаудыров, Қазақ Гуманитарлық-заң университетінің профессоры
-Біздің осы комиссияның пікірі бойынша, президенттік форманы өзгертуге болмайды. Ең бірінші мақсат – егемендігімізді сақтап қалу.
Гүлмира Исимбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары
-Ең бастысы, президенттік билік сақталуда. Ауысып жатқан өкілеттіктер –әкімшілік, шұғыл шешімді талап ететін шаруашылық қызметке байланысты өкілеттіктер.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Предлагаемая нами реформа опирается, прежде всего, на собственный наш казахстанский опыт и потребности нашей страны. Программа реформ это наш ответ на вопрос, в каком направлении пойдет Казахстан. Ответ ясный и последовательный – в сторону демократического развития.
Міндеттерді қайта бөлуді Ұлт жоспарынан бөліп қарастыруға болмайды. Сайып келгенде бұл жұмыстың барлығы 5 институционалдық реформаны іске асыруға негізделген. Конституциялық реформалар да есеп беретін мемлекет қалыптастыруды көздейтіні хақ. Сондықтан заңгерлердің дені бұл өзгерістерге үлкен үмітпен қарайды.
Зинаида Федотова, Президент жанындағы Мемлекеттік Басқару Академиясының профессоры
-Соңғы жылдары мемлекеттік басқару мәселелерімен айналысып келемін. Сондықтан бұл өзгерістер менің көңілімнен шықты. Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл Үкіметтің де жауапкершілігі.
Өмірәлі Жалаири, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының ректоры
-Өкілеттікті Үкімет пен Парламентке беру уақытылы деп санаймын. Уақытылы, өйткені қазіргі жағдайда Президентке барлығы сілтеп, Үкіметтің жауапкершілігі өте төмен болып отыр. Сол себептен. Ал Парламент бізде өкілетті заң шығарушы орган. Ол өзінің заң шығаруымен, оны қадағалауменен шұғылданса, онда біздің еліміз одан әрі дамиды деп ойлаймын.
Елбасы бұл заңдар мен түзетулерді Парламент сессиясының аяғына дейін қабылдауды тапсырды. Жұмысқа қалың көпшілік те жұмылды. Бір ай бойы реформалар жұртшылық арасында кеңінен талқыланады. Бұл демократияландырудың тағы бір белгісі.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Әлібек Әлиев
2. Конституциялық реформа
Егер конституциялық реформалардың жобасына қатысты қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, жолдаңыздар. Талап-тілектерді қабылдау 26-шы ақпанға дейін жүргізіледі. «Азаматтық қоғам – күштіліктің кепілі» екенін ұмытпаңыз. Сондықтан көзқарас айтуда көсілгеніңіз жөн. Мемлекет үшін маңызды істе Елбасы үнемі елмен санасқан. Бұл жолы да солай. Биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі бастаманы жалпыхалықтық талқылауға ұсынды. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың ойынша, бұл елді заманауи демократияға бастаған Көшбасшының саяси деңгейінің қаншалықты жоғары екеніне дәлел.
Сонымен қатар Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы беделді әрі белсенді мемлекет ретінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде күллі дүниеге өзінің өркениет өріне өрлеудегі сенімділігін, сауаттылығын және қуаттылығын тағы бір танытты.
Жалпы жалқының ғана емес, жалпы жұрттың да пайымы осыған саяды.
Қазір Елбасы Үндеуіне үн қосып, қолдау білдіргендердің қарасы көп. Парламент депутаттары, партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, бірлестік белсенділері, қысқасы ел ертеңіне елеңдейтін азаматтардың барлығы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесінде жұдырық болып жұмылып, өз ұсыныстарын білдіруде. Сонымен Қазақстан қоғамы осынау тағдырлы шешімді қалай бағалауда? Әлеумет бұл қадамға өз үлестерін қосуға дайын ба? Және конституциялық реформа бұқарадан не күтеді? Сауалдарға жауап берер сан алуан пікір «Жеті күннің» жүйелеуінде.
Өкілеттілікті бөлу бастамасы алдағы уақытта халық талқысына түседі. Бұл ретте жұртшылық әуелі билік құрылымдарындағы бетбұрысты терең түйсінуі қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары мен депутаттар бір ай бойы түсіндіру жұмысын міндетіне алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы
-Конституцияға енгізілуі көзделіп отырған бұл өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдіру жолында, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс болатыны анық. Біздің саяси жүйеміз «Мықты Президент, Беделді Парламент, Есепті Үкімет» тұжырымдамасына негізделетін болады. Сенат депутаттары Президентіміздің үндеуін белсенді түрде халық арасында кең ауқымда насихаттайды деп сенемін.
Мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер Парламентке үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені заң шығарушы органның құзыры кеңейеді. Үкіметтің жасақталуын талқылайды, олардың жұмысын бақылайды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
-Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту – Елбасының демократиялық даму жолындағы тарихи шешімі. Бұл еліміз үшін, болашақ үшін өте маңызды қадам. Осы кезеңде біздің депутаттарға жауапкершілік те үлкен зор. Ол барлық Президенттің бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету.
«Қазақстан-2050» жалпы ұлттық коалициясы: «Елбасы бастамасы дамудың даңғыл жолына жетелейді», – деп біледі. Сол себепті 5 саяси партия, 17 ірі қоғамдық бірлестік және 500-ден астам үкіметтік емес ұйымның мүшелері өзгерісті талқылауға барынша атсалысады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары
-Елбасы ұсынған жаңа бағыт мемлекетімізді одан әрі нығайтуға және биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін күшейтуге арналған. Күшті президенттік билікті сақтай отырып жүргізетін мұндай реформа еліміздегі саяси тұрақтылық пен одан әрі өсіп-өркендеудің берік кепілі болатынына нық сенемін.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне бұл қадам сөзсіз септігін тигізеді. Жүйе жаңғырып, Конституцияға өзгеріс енсе, алға жылжуымыз өнімді болады. Нақтырақ айтсақ, Сот жүйесін және Үкіметке талап күшейеді. Демек олар міндетті мінсіз орындауға тырысады.
Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы
-Мемлекетімізді дамытуда, экономикалық, әлеуметтік дамуда, халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруда Үкімет тікелей бірінші жауапты болуы керек.
Азат Перуашев, «Ақ Жол» партиясының төрағасы
-Бұл – заманауи тенденциялардың талабы. Бір жағынан Елбасымыздың халқымызға көрсеткен сенімі, саяси қалауы деп айтсақ болады. Біздің партиямыз үлкен үмітпен осы өзгерістерге қарап отыр. Және қолдаймыз.
Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы
-Егер де Парламентке өкілеттіліктер, жауапкершілік көп артылатын болса, шығарылған заң жобаларының барлығы халыққа арналған болғандықтан, тек оның қалай орындалғанын, оның халыққа арналғандығы, қоғамды жандандыруға, гүлдендіруге арналғанына өзінен-өзі жауапкершілікпен қарайтын болады.
Бұл өзгеріс еліміздегі барлық салаға серпін береді. Дұрысы Үкімет пен Парламент арқылы қабылданатын заңдар Қазақстанның кемелденуіне әкеледі. Түптеп келгенде халықтың да әл-ауқаты бұл жаңару арқылы жанадана түспек.
Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары
-Үкіметтің және атқарушы биліктің Парламент пен жергілікті өкілдері органдар алдында есеп беруін күшейту – Қазақстанның демократия жолындағы жаңа қадамы. Бұл Үкіметке де, ел Парламентіне де Қазақстан халқының алдында зор жауапкершілікті жүктейді.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Президент өзінің бүкіл назарын елдің ішкі-сыртқы саясатын айқындауға жұмылдыратын болады. Одан кейін Президенттің әлемдік аренадағы, сыртқы саясаттағы жұмысына мүмкіндік молаяды. Осы арқылы Президент стратегиялық міндеттерді шешеді.
Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан бағдарламалардың орындалу деңгейі халыққа толық жетіп бармайды. Халық пен билік және де Парламент депутаттар барлығы осы мәселеде жұмыс жасау керек. Осыған керек болса халықтың алдында есебін, елдің алдында өздерінің атқарған жұмыстарын да дұрыстап айқындап беретін кезең келеді деген мақсатпен атқарылып отырған, тасталып отырған үндеу деп есептейтін.
Қазақстанның өркениетті елдер қатарына қосылып, солармен іргелес жүруі үшін бұл реформа керек. Енді біз даму сатысының тағы бір баспалдағына көтерілдік.
Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері
-Жұрттың бәрi жалтақтап Президенттiң аузына қарап, «осы кiсi не айтады» деп, «Сiздiң тапсырмаңызбен» деп, бала сияқты қылып, министрлердiң өзi «Сiздiң тапсырмаңызды орындау үшiн» деген сияқты сөздердi қою керек. Әркiм өз мiндетiн орындау қажет. Оны Президент сынайын деп отыр, «әрі қарай қалай алып жүреді бұлар» деп.
Енді биліктің қай тармағы болса да өзі қабылдаған шешіміне өзі жауап береді. Жергілікті жерде сол шешімді орындай алмаса, әкім жауапты болмақ.
Өйткені орындалуы үшін керекті құзірет қолында, өкілеттілік беріледі.
Дархан Кәлетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Біріншіден, бұл құзіретпен бірге жауапкершілік келеді. Мұны сол жағынан қарау керек, менің ойымша. Құзірет, жауапкершілікпен бірге саяси конкуренция келеді. Соны да байқап, біліп отыру керек.
Белгілісі сол Парламентке өкілеттіліктің маңызды деген тармақтары тимек. Бұл халық қалаулыларының сапалы жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік. Елдің жайын күйттейді, заңдардың артық-кем тұстарын екшейді.
Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті
-Мұнда мәселе тек қана өкілеттіктерді бөлу емес, бұл жерде ең бастысы –қоғамның жауапкершілігі. Білесіздер, Үкімет, Мәжілістің жанында қоғамдық кеңестер құрылды. Сондықтан көп жағдайларда барлық шешімдерді, экономика, қаржы мәселелеріне енді қоғам қатысатын болады. Жауапкершілігі жоғары деңгейде болады, мұны қазір бәрі түсініп, біліп отыр.
Ерқара Аймағанбетов, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы
-Бұл өзгерістердің негізгі мәселесі, үш тармақтағы биліктің арасында үлкен баланс болуы керек. Сол баланс болған жағдайда экономика саласы болсын, саяси сала болсын пәрменді дамитын болады.
Президенттің кей құзіретін Үкімет пен Парламентке беру мәселесін қарау барысында ондаған елдің тәжірибесін ескерген. Мәселен, Францияда экономика саласындағы реформаларға Мемлекет басшысы араласпайды. Тек Үкімет пен Парламенттің жұмысын сырттай қадағалайды.
Ерлан Саиров, саясаттанушы
-Дүние жүзінде мемлекеттік құрылыс осындай болу керек деген бір модель жоқ. Әрбір мемлекет қоғам алдында, сыртқы саяси процесстерге жауап беру үшін өзінің ырқымен шешіп отырады.
Бұл реформалар соңғы он жылдың ішінде қолға алған Президент стратегиясының сәтті жалғады. Әрі демократия жолындағы үлкен қадам!
Енді «Конституциялық реформаның нәтижесі қандай болмақ?» деген сауалды саралаудың реті келген сынды. Оның жауабы айқын және дәйекті. Біріншіден, Президент маңызды деген стратегиялық, саяси жұмыстарды атқаруға ден қояды. Екіншіден, Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық салалардағы өкілеттіктері кеңейеді. Яғни шұғыл әрі жауапты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріліп отыр. Үшіншіден, Парламент алдындағы Үкіметтің жауапкершілігі артады. Төртіншіден, «мемлекеттік басқару» дейтін тұтас жүйе тиімді жұмыс істейді.
Бастысы демократияға дем береді. Міне, осындай артықшылықтарына байланысты біздегі талқылау басқа мемлекеттердегідей тартысты емес, табысты.
Салыстырып сөйлеуіме Бельгия көрген бейнет себеп. Ол жақта Премьер-министрді Парламент тағайындайды. Бұл – бір кем дүние. Мәселен, 2010 жылы болған сайлауда жеңіске жеткен жеті партия бір мүддеге тоғыса алмай, есесіне ел тонған. Яғни ресми Брюссель 589 күн Үкіметсіз өмір сүріпті. Басқарудың мұндай түрі біз үшін әу бастан – бұрыс, Премьер-министрді Президенттің тағайындауы – дұрыс.
Әлемдік тәжірибедегі қателіктің барлығын қарап шыққан Қазақ билігі бұл жолы да «жаманнан қашық, жақсыға асық» екенін көрсетті. Демек саясатта дабырмен емес сабырмен шешім шығару сәттілікке жол бастайды. Шетелдік сарапшылар Елбасының осы ұстанымын «ұтымды» деп ұйғарып, Парламент пен Үкіметтің құзіретін арттыру жөніндегі бастамаға «байсалды» деген баға берді.
Фредерик Старр, Джон Хопкинс университетінің профессоры
-Президент болашақта Парламент құзыретін арттырғысы келеді. Менің ойымша, бұл маңызды қадам. Себебі мұндай жағдай пікір білдіруді, талқылауды қажет етеді. Онсыз болмайды. Ал қоғамдық талқылау елдің саяси өмірінің жандануына септігін тигізеді. Үндеудің ең маңызды тұсы, Президенттің өзі пікірсайысқа жол ашып отыр. Менің ойымша, бұл болашаққа қадам.
Чжао Хуэйжун, РФ, ШЕ және ОА зерттеу институты сарапшысы
-Бұл жолғы Президенттің үндеуін маңызды деп есептеймін. 2007 жылы да Н.Назарбаев президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшіру туралы айтқан болатын. Өйткені мұндай саяси реформа – ұзақ уақыт жүретін процесс. Меніңше, бұл реформа билік өкілеттілігін Президент, Парламент және Үкімет арасында оңтайлы бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің саяси құрлымын тұрақтандыруға да ықпал етеді.
Ал мемлекетте тұрақтылық болса, xалық тыныш өмір сүре алады. Мұның барлығы экономиканың тұрақты дамуына әсер етеді.
Дмитрий Журавлев, Өңірлік проблемалар институтының директоры
-Басқару жүйесін жаңғырту қоғамның тұрақты дамуына жол ашады. Тепе-теңдік болған кезде барлық жүйе тұрақты болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл реформасы осыған алдағы уақытта жарқын мысал боларына сенемін. Бұл – келешекке жасалған үлкен қадам.
Авторы: Сәкен Сейітханұлы
3. Астана процесі
«Президент Назарбаев бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс». Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның Елбасын осынша мадақтауына не себеп?
Әрине, әлемдік қауымдастыққа дала бітімгерінің даналығы қажеті-ақ. Нұрсұлтан Назарбаев Ақтамберді жырау толғағандай «қиуадан ақыл алатын, қиыннан айла табатын» тұлға. Оған тарихтың өзі куә.
1988 жылдың ақпаны. Қап тауында қақтығыс. Әзербайжан Республикасының құрамындағы Таулы Қарабақ автономиялық облысы мен Шаумян ауданы «бөлінеміз» деп бөрідей шулайды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин бірлесіп, алауыздықтың өзіне ауыздық салған еді.
2014 жыл. Таулы Қарабақта тағы тартыс. Бұл жолы да жөн сілтеген – Қазақ көшбасшысы. Жалпы Елбасының бітімгерлігімен бітпеген іс жоқ.
Мәселен, Ресейді Украинамен де, АҚШ-пен де, Түркиямен де таласта табыстырды. Мақтанып, болмаса мақтап жатқаным жоқ. Татуласқандардың өздері айтқан сөзді жеткізіп тұрғаным.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті
-Ресей-түрік қарым-қатынасының жақсаруына үлес қосқаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Екі елді татуластырудағы миссияңыз сәтті аяқталды.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті
-Ресеймен қарым-қатынасымыздың тұрақтануына атсалысқаныңыз үшін өзімнің және түрік халқының атынан Қазақстанға, Сізге алғыс айтамын. Біз бұл жақсылықты, осы еңбегіңізді ешқашан ұмытпаймыз.
Қазір ғалам үшін Сириядағы қақтығыстан асқан қауіп жоқ. Ресей мен Түркия бастап, Иран қоштап осы мәселеде Астананың арағайындық қылуын сұрады. Бұл бір жағынан Ұлы дала дипломатиясының даралығын мойындау деген сөз. Ал екіншіден, қабақ шытысқан ел болса, Қазақстанға, оның басшысына жүгінетін дәстүрдің қалыптасқанын көрсетті.
Стаффан де Мистура, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі
-Сирия төңірегіндегі келіссөздерді өткізуде Қазақстанның алаң ұсынуы өте маңызды. Бұл қантөгісті тоқтату, келісімдерге қол жеткізу үшін қажет.
Күллі әлем көптен күткен «Астана процесі» 23-24 қаңтар күндері өтті. Түркия, Ресей, Иран мемлекеттерінің делегаттары, Сирия үкіметінің мүшелері және 15 оппозициялық топтың өкілдері қазақ шаңырағында бас қосты. Бұл маңызды шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының атынан Бас хатшының арнайы өкілі Стаффан де Мастура келді.
Мәртебелі мейманды алдымен Қазақстан Президенті қабылдады. Әңгімелесу барысында тараптар Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер жайын талқылап, Астана алаңының артықшылығына тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Важная миссия ваша, которая волнует все мировое сообщество. Я принял предложение президентов России, Турции и Ирана по проведению переговоров в Астане. Очень хотим, чтобы здесь встреча прошла успешно. Поскольку Казахстан имеет равные доверительные отношения со всеми участниками встречи, в том числе с государствами, которые предложили эту встречу, я думаю, что будут созданы все условия для нормальных переговоров. Со своей стороны мы оказываем Сирии гуманитарную помощь, финансовую, там, где страдает народ. Для переговорщиков мы создали все условия, учли пожелания всех участников. Нам остается надеяться, что все стороны переговоров заинтересованы в том, чтобы остановить кровопролитие, которое там происходит много лет и обеспечить мир в этом регионе. Как говорят эксперты, с начала конфликта погибло более 300 тысяч человек. Все это побуждает нас надеяться на то, что этот вопрос можно решить только мирным путем. Астана не подменяет Женеву, а дополняет. Наша миссия – создать условия.
Иә, Қазақстан халықаралық қауіпсіздік ісінде қарап қалмайды, қолынан келгенін істейді. Осынау ынтымақ орнатудағы ынтамызды әлемдік қауымдастықтың жоғары бағалайтындығын жеткізді, арнайы өкіл.
Сондай-ақ Стаффан де Мистура Нұрсұлтан Назарбаевқа бейтарап алаң ұсынғаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гуттериштің атынан алғыс білдірді.
Стаффан де Мистура, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі
-Президент мырза, мұндай маңызды кездесуді Астанада өткізуге рұқсат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Астана процесі Сириядағы шиеленісті шешуде маңызды рөл атқарады. Сіздердің елдеріңіз әлемдегі ең күрделі түйткілдерді реттеу жолында бірегей тәжірибесімен ерекшеленіп, халықаралық аренада өзіндік орнын айшықтай білген бірден-бір мемлекет.
Астана процесінен мұқым ел, әсіресе Сирия жұрты үмітті болды. Сондықтан Қазақстан тараптардың барлығына бірдей жағдай жасауда жан салмай, жүктелген міндетті мінсіз атқарды.
Рас, қазақы қонақжайлығымызға қайран болып кетті, келген жұрт. Әрине, соғысқа нүкте қойылмаса да, қарсыластар бейбітшілікке қарай қадам жасады. Бұл деген бір үстелдің басында жинала алмай жүргендер үшін үлкен жеңіс.
Сарапшылар: «Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешуге жол ашылды», – деп Астана процесінің нәтижесіне жоғары баға берді. Және Қазақстан көшбасшысының бітімгерлік қабілетіне де тағы бір қайран қалысты. Осы тұста айта кеткен жөн, екі күнге созылған келіссөздер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуімен басталған болатын.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі
-Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. «Бейбітшілікті насихаттайтын Қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады», – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.
Сирия соғысына да «мат» қоятын шақ келер?! Астана процесі – соның алғышарты. Бұл келіссөздер оқтың ортасында қалған халыққа үміт отын сыйлады. Ал үміт бар жерде өмірдің де үзілмейтіні анық.
Сонымен тараптар қандай мәмілеге келді? Кім кіммен келіспеді? Қандай мәселелерге қатысты қарсылық туындады?
Ел астанасы Дамаскінің маңындағы атыс. Мұнда шаһарды ауызсумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан бар.
Қазір ол «Джабхат ән Нұсра» ұйымының бақылауында. Содырлар Дамаскке баратын су құбырын әдейі істен ажыратқан. Салдарынан 7 млн адам 42 күннен бері тіршілік нәрінсіз отыр. Бұл аумақта басқыншыларға қарсы үкімет әскері соғысып жатыр.
Сирия тұрғыны
-Судың жоқтығы жағдайымызды одан сайын қиындатты. Дүкендерде сатылатын су жоқ. Балаларға обал. Көмекке зәруміз.
«Ән-Нұсра» Шам еліндегі қарулы қақтығыс шиеленістірген тұста әлем назары Қазақстанға ауды. «Астана процесі» деп айдар тағылған әлемдік келіссөз өтті. Сирия халқының үкілі үмітін маздатқан кездесу. Жаһан жұрты қатарынан 2 күн демін ішіне тартып, әліптің артын бақты. Себебі Таяу Шығыстағы мылтық түтінінің сейілмегеніне 6 жыл. Сириядағы қантөгіс аймақтық емес, жаһандық мәселеге айналғалы қашан. Шиеленіске жедел шешім қажет. Сондықтан «үлкен ойынға қатысушылар» бейбітшілікті ту еткен Астананы бетке алды.
Қазақстан Сириядағы тыныштықты қалайтынын көрсетті. Келіссөзге қатыспаса да, бейбіт диалог құруға өз алаңын ұсынды. Барлық істе бейтарап саясат. Бітімгерлік кездесуге бастамашы негізгі топ: Ресей, Түркия және Иран. Келіссөз жүргізуге Сирия үкіметі мен оппозициясы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және АҚШ-тың өкілдері келді.
Астана келіссөзінің географиялық аумағы емес, мазмұны маңызды. Процестің басты жетістігі – Сирия билігі мен оппозициясының бір үстелде басқосуы. Нақтырақ айтсақ, Шам елінде соғысып жүрген топтың өкілдері қаруын тастап, Астанадағы бейбіт келіссөздерге келді. Оппозиционерлер атынан 15 адамнан тұратын әскери делегация өкілдік етті.
Бұған дейін өткен басқосулар нәтиже бермегені белгілі. Женева, Лозанна, Вена мен Мәскеу. Тіпті Астана алаңына оппозициялық топтың өкілдері бұған дейін 2 мәрте жиналған.
Өткен жылы Швейцария төріндегі басқосуда екі жаққа арағайын болуға тырысқан ұйым өкілі тараптардың көңілін таппай қиналған. Оппозиция оқ атпау келісімінің бұзылғанын желеу етіп, келіссөз алаңын тастап кеткені есімізде.
Ал бұл жолғы мәміленің жөні бөлек.
Стаффан де Мистура, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі
-Барлық тараптың ұстанымдарын білдік. Әр ұсынысты жан-жақты қарадық. Өйткені бұл жай қағаз емес, құжаттың артында миллиондаған адамның тағдыры тұр.
Бұл келіссөздің елордада өтуі тегін емес. Қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейінгі араздасқандарға арағайындық жасап, бейбітшілік жолындағы бастамалары әлемге белгілі.
Сонымен Астанада оппозиция өкілдері өздерін ДАИШ лаңкестік ұйымымен байланыстырмауды талап етті. Керісінше, олар Асад әскерімен бейбіт келісім жасауға әзір.
Башар Әль-Жафари, Сирия Үкіметі делегациясының басшысы
-Астана кездесуінің негізгі мақсаты болды. Ол қантөгісті тоқтату. Әрине, өзге оппозициялық топ өкілдерімен бір үстелде бас қосып, пікірлесу бізге оңайға соқпады. Бірақ біздің бәріміздің қалайтынымыз – елге тыныштық орнатып, бейбіт тұрғындарды қорғау.
Сирия халқының аманатын арқалаған делегат басты назарда. Қайда барса да тілшілер қаумалап әлек. Башар Әль-Жафаридің аузынан шыққан әр сөзі мен қимылын қалт жібермеуге тырысады.
Сирияда түрлі террористік күштердің арандатудан оқ атпау тәртібі жиі бұзылады. Бітімге басты кедергі осы. Екі күндік Астана процесінде тараптар түс ауғанша мәміле жүргізді. Салмақты келіссөздер оқшау жерде өтті. Араздасқандардың бітпейтін уәжі. Бірін-бірі айыптау жабық есіктің артында қалды.
Мұхаммед Аллуш, «Джейш Әль-Ислам» оппозициялық ұйымының жетекшісі
-Біз Түркияға 30 желтоқсанда жасалған келісімге сәйкес мына құжатты тапсырдық. Көшірмесін Ресей мен БҰҰ-ға бердік. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі ұйым резолюциясына сай шешім қабылдайды деген үміттеміз.
Башар Асадтың билігіне қарсы топтар Астанада тақ мәселесін мүлдем қозғаған жоқ. Сирияның бірнеше этникалық аймаққа бөлініп кетуі Түркияға тиімсіз. Ал Асад тақтан кетсе, Ресей Шамдағы ықпалынан айырылады. Иран Сирия элитасына жақ. Байқасақ, қайшылық өте көп.
Усама Әбу Зейд, Сирия оппозициясының өкілі
-Тыныштықтың орнауына біз де мүдделіміз. Бірақ Үкімет әскері келісімді бұзып, оқ атуын доғарар емес. Базынамызды кепілдік берген Ресей, Түркия, Иран мен Біріккен Ұлттар Ұйымына айттық. Олар ықпал етуге келісті.
Сирияда біртұтас оппозициялық күш жоқ. Соғысты бірден тоқтату қиын. Мыңдаған күш болса, сонша талап бар. Бұдан әлемдік ұстанымдардың тұрақтанбағанын байқаймыз. Шам жеріндегі қарулы қақтығысқа 80 елден 40 мың содыр қатысуда.
Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры
-Бұл әртүрлі қарулы топтардың шартты бір жиынтығы. Бұл жерде екі, үш, ондаған емес бірнеше ондаған әртүрлі қарулы топтар.
Қазіргі уақытта Шам елінің барлық территориясы Сирия Үкіметіне бағынбайды. Бір бөлігі оппозицияның, өзгесі әсіре діншілдердің қарамағында. Радикалды топтар бірқатар маңызды нысандарды басып алып, билігін жүргізіп отыр. Елдің тек батыс бөлігі биліктің бақылауында.
Үкімет өзіне тиесілі аумақты қайтаруға тырысқанымен, нәтиже шамалы. Бұдан жапа шегетін бейбіт тұрғындар. Бұған дейін атысты тоқтату туралы шешім нәтижесі көңіл көншітпеді.
Өйткені келісім күші елдің барлық аумағына таралмайды. Сирия экономикасына азаматтық соғыс салдарынан келген шығын көлемі – 200 млрд АҚШ доллар. Инфляция деңгейі 400 пайыз. Экономиканың 75 пайызы тұралаған. Өндіріс тоқырап, миллиондаған адам жұмыссыз. 4 млн халық босып кетті.
Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары
-Біз бейбіт келіссөздің нәтижелі болуына мүдделіміз. Өйткені Сирия төңірегіндегі ахуал, одан туындайтын террористік қауіп-қатер Таяу Шығысты емес, күллі әлемді алаңдатып отыр. Ал Астана Сирия дағдарысына қатысты жаңа бетбұрыстың орын алуына алғышарт туғызды.
Елордадағы кездесуге келген әр мемлекет өз үлесін қосып, бір мүддеге тоғысқан құжат әзірледі. Яғни Шам жеріндегі қантөгісті тоқтату. Келісімнің жүзеге асуын Түркия, Иран мен Ресей қадағаламақ. Үштік Сирия тәуелсіздігі мен территориясының тұтастығына кепілдік беріп отыр.
2016 жылы желтоқсанда Түркия және Ресейдің бастамасымен Сирия үкіметі мен оппозициясы арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойылды. Келіссөзді ұйымдастыру саяси аренада бітімгерлік миссиясымен танылған Нұрсұлтан Назарбаевқа жүктелді. Ресей басшысы әріптесіне қолқа салған еді.
Бүгін Ресей Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана процесін жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысын жеткізді. Тараптар телефон арқылы Сирия мәселесі бойынша халықаралық кездесудің қорытындылары жайлы пікір алмасты.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі
-Біз қаруланған оппозициялық топтардың келіссөздердің кезекті раундына қатысу туралы ниетін қолдаймыз. Барлық халықаралық қауымдастық өкілдерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарында келісілген шараларды іске асырып, саяси процестерді қолдауға шақырамыз. Сириядағы саяси процестерді қамтамасыз етіп, ғаламдық үрдістерге өз үлесімізді қосу үшін БҰҰ-мен бірлесе отырып, Астана платформасында белсенді түрде ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдадық.
Ендігі мақсат – осы талаптарды барлық тараптың бұлжытпай орындауы. Екіншісі – гуманитарлық көмек. Шам еліндегі босқындарға Қазақстан 700 мың доллардан астам қаражат бөлді. Қаңтардың басында 500 тонна азық-түлік жөнелтті. Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғалы ұйым жарғысынан сынық сүйем сыртқа шыққан емес. Жалпыға ортақ талаптан жалтармай, ұдайы орындап келеді. Сирияға қатысты келіссөздердің Астанада өтуі соның айғағы. Бұл бір шетінен біздің билікке деген сенім. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Шетелдік саясаткерлер Астанадағы келіссөзге баға беріп, пайым жасауда.
Куршад Зорлу, Ахи Эвран университетінің профессоры, саясаттанушы
-Астана араздасқан елдерді татуластыратын дипломатиялық алаңға айналғалы қашан. Астана бүкіл әлемді алаңдатқан Сириядағы қантөгісті тоқтатып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына түрткі болса, адамзат өркениетіне кезекті рет үлес қоспақ. Қақтығысқа қатысы бар тараптарды жинап, медиаторлық көмек көрсеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз.
Адальби Шхагошев, РФ Мемлекеттік Думасының халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі
-Бір кездері бітіспес жау болған, бір-біріне оқ атқан тараптар бір үстел басына жиналды. Қолына қару алып, соғысып жүрген адамдар келелі кеңеске келіп, маңызды мәлімдемелерді тыңдады.
Сирия үкіметіне қарсы күресіп жатқан топтың басым бөлігі – сүниттер. Олар жиһадтық күрес түрін таңдаған. Бір сөзбен айтсақ, экстремистерден айырмашылығы жоқ. Олар жаһандық деңгейде тұтастай бір мемлекетті, тарихын жойып жатқанын түсінгісі келмейді. Әзірге сириялықтарға Астана келіссөздері медеу.
Алай Ибрагим, сириялық журналист
-Сириядағы 6 жылға созылған соғыс халықты әбден титықтатты. Жұрт сусыз, жарықсыз өмір сүруді үйренді. Елдегі атыс тоқтаса екен. Қаза тапқандардың санынан жаңылдық. Жақсылықтан үміт үзгіміз келмейді.
Алай Ибрагим сириялық журналист. Альпі баурайындағы кездесуден нәтиже таппаған тілші Арқа төсіндегі келіссөзден үмітті. Баспасөз орталығында жұмыс қарбалас. 400-ге жуық тілші келіссөздерге куә болды.
Бастапқыда бейбітшілік үшін құрылған ұйымның бүгінде бас қайғысы аз емес. Әлемде текетірес көп. 193 мемлекет мүше дейтін болсақ, соның бәрі ұйымның ұранына ұйып отыру деу қиын.
Нью-Йоркте Қауіпсіздік Кеңесінің 7871-ші отырысында Астана процесі талқыға салынды. Әлемде қандай мәселе көтерілмесін, қазақтың ұстанымы айқын. Жаһан тыныштығының кілті тек келісімде.
Стивен О`Брайен, БҰҰ Бас Хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары
-Қақтығысушы тараптардың жағдайды саяси жолмен шешуге талпынуы жақсылықтың нышаны. Астанадағы келіссөз осыған дәлел. Бір-біріне қару кезеніп жүргендер бір үстел басына жиылды. Оның үстіне Ресей, Түркия, Иран елдерінің оқ атпау режимін сақтау туралы үш жақты келісімі шиеленістің шешімін табуына оң әсер етеді.
Астана процесінің жетістігі –келіссөздердің келесі раундына қарулы оппозиция өкілдерінің шақырылуы. Демек елорда ұсынған мүмкіндікті қос тарап та тиімді пайдаланды деген сөз. Айтпақшы, 8-ақпанда Женевада өтетін келіссөздің уақыты өзгерді. Басқосу ақпанның соңына шегеріліп отыр.
Әсем Қабылбек, тілші
-Әлемде бір дағдарыс еңсерілсе, тағы бір арпалыс басталып жатады. Сирия сергелдеңі келісім жоқ жерде керіс көп екенін көрсетті. Ал Астана процесі тараптарды келісімге икемдеп, диалогқа шақырды. Мақсатымыз да осы болатын.
Авторлары: Әсем Қабылбек, Айдос Меделбеков
4. Астана процесі туралы әлемдік БАҚ не дейді?
Таксиде келе жатқан жолаушы жүргізушіден жол бойында салынып тұрған көпқабатты ғимараттың қандай ғимарат екенін сұрапты. Сонда әлгі таксист: «Білмедім. Кеше ғана осы жерден өткен кезде мұндай жоқ еді», – депті.
Астана туралы халық арасында кеңінен тараған қалжыңды «Ассошейтед Пресс» тілшісі мақаласына арқау етіп, шаһардың шарықтап дамып жатқанын жеткізуге тырысыпты.
Жалпы Астана процесі басталғанға дейін де, басталғаннан кейін де Қазақстанның елордасы ел ауызында болды. Әлемнің атақты деген бұқаралық ақпарат құралдары бас шаһар жайлы жарыса жазды. Әлі де жазып жатыр. Көпшілігінің ойы «Қазақстан мен бейбітшілік егіз ұғым» дегенге саяды. Және Елбасының бітімгерлік қабілетіне де ерекше мән беріп, оның мазмұнына терең бойлауда.
Сәкен Сейітханұлы, шолушы
-Германияның «Дойче велле» телеарнасының журналисі Ресей саясаттанушысы Федор Лукьяновтан сұхбат алыпты. Сарапшы Астана процесі хақында былай депті. «Қазақстан болмағанда, бұл көліссөздер айтарлықтай екпінді болмас еді. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтемін. Ресей мен Түркия қарым-қатынасы жақсару үшін Қазақстан Президенті көп күш жұмсады. Осы отырыс басталмас бұрын да Қазақстан Президенті үндеу тастады. Яғни халықаралық қауымдастықты Сирия мәселесін бейбіт жолмен шешуге шақырды.
«Коммерсант» газетіндегі сұхбатта Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу: «Астана процесі – тарихи оқиға. Бұл кездесу Сирия, Иран, Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге серпін береді. Мұндай форматтағы кездесу бұған дейін ұйымдастырылмаған, мұның өзі үлкен жетістік», – деген.
Ал Францияның «Ле Монд» газеті «Сирия тағдыры Қазақстанда шешіліп жатыр» деген мақала жариялады. Автор келіссөздердің жазық далада бой көтерген Астанада жүргізілгенін жазған. Және басты мақсат соғысты тоқтатып, оппозициялық топтардың ел саясатына белсенді араласуына жол ашу екендігін алға тартқан.
Түбіміз бір түрік мемлекетінің «Анадолы» ақпарат агенттігі Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлының мәлімдемесін жариялады.
«Бекіген декларацияда Сирия елінің тұтастығына басымдық берілген. Ресми Анкара бұл шешімді дұрыс деп санайды және қолдайды. Сирия мәселесін әскери емес, саяси жолмен қараған жөн. Бұл ұстанымды Түркия Қазақстанда өткен жиында жариялады».
«Риа Новости» агенттігінің бірінші бетіне де бірнеше ақпарат шықты. Сайттағы сөзге сенсек, Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрінің араб және ислам мемлекеттері бойынша орынбасары Хусейн Джабери Ансари келіссөздердің келесі отырысына да қатысамыз депті.
«Астананы қуаттайтын, осы жолды жалғайтын алдағы жиындарға біз қатысамыз. Сирия халқы тауқымет тартпау үшін қолдан келген көмекті аямаймыз», – деп Хусейн Джабери Ансари пікір білдірген.
ВВС арнасы да Астана процесі жайында сарапшылар пікірін беріпті. Мамандар: «Бұл келіссөздер болашаққа сеніммен қарауға шақырды. Нақты қадам жасалды. Әзірге істелген жұмыс жаман емес. Бірақ бітімгерлік іс ұзақ болады. Астана процесін мәні жағынан ешқандай жиын алмастыра алмайды, – дейді.
«Әл-Жазира» халықаралық телекомпаниясы: «Сирия үкіметінің өкілдері мен оппозиция бір байламға келе алмады. Дегенмен ұйымдастырушы тараптар – Ресей, Түркия, Иран ортақ мәміле жасасты. Бұл қадамның өзі жаңа дипломатиялық белсенділікті көрсетіп, 6 жылдық соғысты тоқтатуға ұйытқы болады», – деп жазған.
5. Елбасы кездесулері
Қазақстан қуатты бизнес қалыптастырды. Көш ілгері кетпесек те, қарқынды даму жолындамыз. Қазір еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 25 пайызға жетті. Былтыр 11,2 трлн теңгенің өнімін өндірген. 2015 жылмен салыстырғандағы өсім – 6 пайыз. 3 миллионнан астам адам осы саладан нәпақа тауып жүр.
Бұл әрине, жүйелі қолдаудың бір нәтижесі. Енді отандық бизнестің мемлекеттің жәрдеміне лайықты жауап беретін кезі келді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын қабылдау кезінде осылай деді.
Президент ел Үкіметі бизнесті қолдау шараларын тұрақты жүргізіп келе жатқанын айтты. «Сәйкесінше, кәсіпкерлер тарапынан да лайықты қайтарым болуы керек», – деді.
Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен басқарма төрағасы Асқар Мырзахметов ұлттық палатаның былтырғы атқарған есебін баяндап, алдағы жылға құрған жоспарларымен бөлісті.
Айтуларынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес рұқсат беру және бақылау-қадағалау саласында ревизиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде рұқсат беру құжаттары азайтылып, жоспарлы тексерістер тоқтатылған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Правительство по поддержке бизнесу постоянно ведет целенаправленную работу. Меняютя законы, сокращаются проверяющие организации, плановые проверки отменены. Постоянно этим занимаемся. Вы теперь активно учавствуете в законодательном процессе. Активность я считаю что МСБ должен дойти до более высокой доли ВВП страны. Теперь пора отвечать бизнесу на такую заботу и внимания со стороны государства больше привлекать людей, больше создавать стоимости и больше занимать место в экономике.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы
-Бас прокуратурамен, Парламент депутаттарымен бірлесіп, қазір шағын және орта бизнес қызметінің түрлі саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қайта қарастырудамыз. Биыл осы салада 11 мың талаптың 3 мыңын ғана қалдыру жоспарда бар. Бұл жұмысты 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін толық аяқтауды көздеп отырмыз.
Сондай-ақ Елбасы республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын қабылдады. Қозы-Көрпеш Жаңбыршин Мемлекет басшысына 2016 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Есеп комитетіндегі және мемлекеттік аудит нысандарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы жайында әңгімеледі. Оған қоса «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның іске асырылуы жөнінде де есеп берді.
Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, ҚР РБОБЖ есеп комитетінің төрағасы
-«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңды жүзеге асыру барысымен қатар, сертификаттау ісі туралы, яғни Сертификаттау жөніндегі Ұлттық комиссия жұмысының қорытындысы жайлы Елбасына толыққанды мәлімет берілді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Енді біз алдымыздағы сол міндеттерді орындауға көшуіміз керек.
Елорда медициналық кластер ғана емес, ғылымды зерттеу орталығына айналмақ. Назарбаев университетіндегі медицина мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Аумағы 40 мың шаршы метр болатын 9 қабатты білім ошағында ғылыми және оқу зертханалары, симуляциялық орталық, анатомиялық зертхана бар. Жаңа нысанды аралап көрген Елбасы қазір әлемдік медицина ғылыми прогресс алдында тұрғанын атап өтті.
Осы тұста заманауи зертханалардың ашылуы ізденімпаз жастарға берілген тың мүмкіндік. Медицина мектебінде студенттердің ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Қазір мұнда 75 студент оқиды. Биыл молекулярлық медицина бойынша магистрлік курс ашылады. Осылайша, түлектер медицина мен биологияның үздік маманы болып шығады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Медицина мектебі ашылды, еш уақытта болмаған. Осында оқып жүрген сендер бақыттысыңдар. Вы находитесь на острие научного прогресса в медицине и вообще биологии. В Казахстане таких лабораторий, таких возможностей учится нету. То-есть, мы учимся на равне с лучшими университетами. Я ожидаю от вас великих открытий. Почему нет?! Почему другие университеты выдают, а наш не может. Наши исследования, возможности, лабораторные возможности, возможности преподавателей позволяют вам искать новые методы лечения самых сложных болезней человека и продления жизни человека. Поэтому этот университет создан как основной базовый университет который за собой будет вести все остальные. Наука здесь делается.
Осы тұста айта кеткен жөн, Денсаулық сақтау министрлігі қайтадан өз алдына бөлек жұмыс істейтін болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі екі дербес ведомствоға бөлінді. Денсаулық сақтау министрлігіне Елжан Біртанов жетекшілік етсе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Тамара Дүйсенова тағайындалды.
6. Универсиада-2017
Елімізде тек денсаулық сақтау жүйесі ғана дамытылып жатқан жоқ, сондай-ақ бұқаралық спортқа да айрықша көңіл бөлінуде. 28-ші Халықаралық Қысқы Универсиаданы Алматыда өткізуге күш салып, бәсекелес елдермен алысудың мән-маңызы зор. Шынығып, шымыр болар, дені сау ұлт қалыптастыруға сеп болатын қадам.
Осы аптада елордада Елбасы айтулы аламанның алауын жақты. Елімізде мұндай ауқымдағы халықаралық шара алғаш рет өткелі отыр. Тіпті ТМД елдері арасында Қазақстан – Қысқы Универсиаданы қабылдап отырған алғашқы мемлекет. «Жарыстың елге берері мол», – деді Президент. Халықаралық деңгейдегі ел беделінің артуы бір бөлек. Алматының инфрақұрылымы дамып, жаңа спорт нысандары бой көтерді. Алдағы жарыста спорттың 12 түрінен 168 спортшы ел абыройын қорғайтын болады. Қалың қазақ оларға үлкен үміт артып отыр. Президент команда капитаны Дәулет Рақымбаевқа Мемлекеттік Туды сеніп тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Бұл – тұңғыш рет Тәуелсіздік жылдарының ішінде жеткен жетістігіміздің бірегейі. Бұндай дүниежүзілік доданы біз ешуақытта Қазақстанда өткізіп көргеніміз жоқ. Бұл біріншіден, біздің еліміз үшін үлкен абырой. Қазақстанды тағы да дүниеге паш етеміз. Мыңдаған журналистер болады. Екіншіден, жастарды спортқа баулиды. Үшіншіден, салған спорт кешендерінің барлығы болашаққа, болашақтағы еліміздің спортшыларына қызмет етеді. Біздің 168 мүшесі бар командамыз алға жүріп, бәрімізді қуантады деп сенемін. Бақытты болыңдар, еліміз үшін, жеріміз үшін жеңіске жетіңдер!
Доданың дүбірі естіледі. Спортшылар мен спортсүйер қауым сағат санап отыр. Ертең Ақ Универсиада басталады.
Қазіргі таңда қала тіршілігі қайнап тұр. Әр елден келіп жатқан спортшылар Атлеттер ауылына жан бітірді. Қала көшелерінен шетелдік меймандарды да көптеп кездестіре аласыз.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын фанаттар бар шаруаларын ысырып, Алматыға ағылуда. Италиядан ат терлетіп келген Андрей Бакуля мен Марина Висчидо шаһарды аралап көріп, таңданыстарын жасыра алмады.
Марина Висчидо, Универсиада қонағы /Италия/
-Мен Венецияда тұрамын. Алматыны бірінші рет көріп отырмын. Өте керемет. Табиғаты қандай тамаша. Өте қонақжай халықсыздар. Мен өз отандастарыма және барша Универсиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада Универсиада эстафетасының алауы жағылып, бұл салтанатты шара еліміздің барлық аймағында жалғасын тапты. Қазір Универсиада алауы Алматыға жеткізілді. Ертең қала көшелерімен алау эстафетасы өтеді. Кешке қарай Универсиада алауы ашылу рәсімі өтетін «Алматы Аренаға» жеткізіледі. Дүниежүзінің әр бұрышынан келген мәртебелі меймандар қаланың тамаша табиғатына таңдай қағып, Универсиаданың дайындық жұмыстарын бас бармақпен бағалап жатыр.
Аль-Хай Омар, Азия Студенттер спорты қауымдастығының вице-президенті
-Мен осы уақытқа дейін көптеген Универсиаданың куәсі болдым. Бірақ дәл бүгінгідей әсерде болған емеспін. Әсіресе Атлеттер қалашығы қандай керемет. Енді жарыс деңгейінің жоғары боларына ешқандай күмәнім жоқ.
«Хабар» Агенттігі – 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарының ресми ақпараттық серіктесі. Студенттер жарысын көрермендерге жан-жақты жеткізу үшін агенттіктің 500-ге жуық қызметкері атсалысады.
«Хабар» телеарнасы Универсиаданың салтанатты ашылуын, сондай-ақ ерлер хоккейі, шаңғы, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы мен биатлоншылар жарысын тікелей эфирден көрсетеді.
Бұдан өзге, Алматыда арнайы студия жұмыс атқарады. Бұл жерге спортшылар мен бапкерлер және сарапшылар келіп сұхбат береді. «Хабар-24» арнасы да Универсиадаға тас түйін дайын отыр. Тәулік бойы жұмыс істейтін арна Универсиада сайыстарынан тың жаңалықты көрерменге жылдам жеткізіп тұратын болады.
Дидар Сағадиев, Универсиада Дирекциясы директорының орынбасары
-Біздің «Хабар» Агенттігіміз негізгі 60-тан астам көрсетілімді көрсетеді. Универсиада ойындарын 80-нен астам мемлекетте көрсетеді. Яғни күніне кем дегенде 1 миллиардтан астам көрермендер болады деген болжам бар.
28-ші Қысқы Универсиаданы насихаттау мақсатында әлемнің әр бұрышынан журналистер де келіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдар өкілдеріне арналған баспасөз орталығы «Сұңқар» спорт кешенінде орналасқан. Мұнда жедел ақпарат таратушылар үшін ғаламторға қосылған компьютер, принтер және басқа да қажетті заттар бар. Бір сәтте 50-ге жуық тілші ғаламтор арқылы ақпарат тарата алады. Оған қоса, спорттық сайыстарға сараптама жасайтын негізгі баспасөз клубы да осында.
Кенджиро Мацуо, журналист /Жапония/
-Осындағы сайыстардың барлығын түсіреміз деп отырмыз. Негізінен таулы аймақтардағы сайыстар қызықтырады бізді. Жаңа ғана Алматыдағы мәдени орындарды аралап, ұлттық асханадан дәм таттық.
Бүгіннен бастап «Қазавиақұтқарудың» мамандары да қызу жұмысқа кірісіп кетті. Спортшылар немесе жанкүйерлер ауыр жарақат алған жағдайда оларға жедел көмек көрсетуге дайын отыр.
Мейрамбек Жұмағұлов, №4 қалалық клиникалық аурухананың жедел жарақат бөлімінің меңгерушісі
-Арнайы бригадалар жасақталды. Үш тіл білетін дәрігерлер. Олар да арнайы оқытылды, үйретілді. Спорт болғаннан кейін қолын, аяғын қайырып алу жағдайлары болады.
Ұлттық ұланның 800 сарбазы қаладағы қоғамдық қауіпсіздікке жұмылдырылды. Қазан айынан бастап арнайы дайындықтан өткен ұландар Алматының 8 ауданында тәртіпті қадағалайтын болады. Қысқасы 28-ші Қысқы Универсиадаға тас түйін дайынбыз. Бүгін жарыс шымылдығын хоккейшілер ашты.
Дүйсенбіден бастап жүлделі орындар сарапқа салына бастайды. Шаңғышы қыз-жігіттер мен фристайл шеберлері бар мүмкіндіктерін көрсете алса, медаль сыңғырын да естіп қалуымыз ғажап емес.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов