Жеті күн 04.02.2017
1. Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі | 2. Жаңғырту 3.0 | 3. Үкімет отырысы |
4. Өзгерістер мен тағайындаулар | 5. Сенімді ақтау – басты міндет | 6. Ант беру рәсімі |
7. Сыртқы саясат | 8. Универсиада-2017 |
1. Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі
Қазақстан аз ғана уақытта дәулетті де сәулетті мемлекетке айналды. Дамудың құпиясы неде? Өзгеріс желі соққанда қорған емес, желкен тұрғызу керек.
Міне, Елбасының осы ұстанымы арқылы көп жағдайда ұтылмай, ұттық. Анығырақ айтқанда, жаһандық деңгейдегі ірі құбылыстарға алдын ала әзірленіп, бейімделе білдік. Бұл саясаттың сарабдал екенін ұғыну үшін Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастаған жөн шығар?!
Әрине, мұндай көріністердің таспада таңбаланғаны шамалы. Десек те, көзімен көргендер жағдайды жақсы біледі. «Жабайы капитализм» жардан құлатқалы тұр еді. Сол тұста Қазақстанды жаңғыртудың бірінші кезеңі жүзеге асты. Сөйтіп жоспарлы жүйені жағадан алып, нарықтық экономикаға ауыстық.
Нәтижесінде Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреп, Әнұранымыз әлем көгінде әуеледі. Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңымызды қабылдадық. Айрықша атап өтерлік жайт, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция кеңестік таптаурын соқпақтан шыға алмаған Жоғарғы Кеңесті тарқатып, Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылуына негіз болды. Осылайша, Заң жобаларын талқылау мен қабылдаудағы шынайы демократиялық ұстанымдардың сақталуына жол ашылды.
Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, егер оны дұрыс пайдалана білсе, табысқа жетеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады. Шекспирдің бұл шындығын Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясында» мысал етеді. Мұндағы мақсат Тәуелсіздіктің алғашқы алты жылында алған асудан айырылып қалмай, адымды алшақ басудың қажеттілігін айту еді. Айтылды. Міне, содан кейін Қазақстанды жаңғыртудың екінші кезеңі басталды.
Жаңартудың негізгі жаңалығы – астананың ауысуы. 1997 жылы бас қала Алатаудың баурайынан Арқа төріне көш тартты. Елорданың еңселі боларына әуелде көпшілік күмән келтірген еді. Алайда бүгінгі көрініске көз де, көңіл де тояды. Мұның барлығы экономикамыздың еселенуі есебінен іске асты. 2010 жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 397 инвестициялық жоба жүзеге асып, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осылайша, өнеркәсіптік өнім өндірісі 20 есеге артты.
Мәселен, 1997 жылы ұлттық экономика көлемі 1,7 триллион теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 28 триллион теңгеге жеткен.
Осындай жетістіктердің нәтижесінде дамыған 50 елді еңсердік. Межесі «2030» деп белгіленген стратегияны 15 жылда орындап тастадық. Ендігі ойымыз – озық отыздықтың қатарында болу. Ал оған бағыт берер бағдарлама – 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы. Осы аптада құжаттағы мақсаттардың орындалуына сеп болар сенімді көпір жасалды. Мемлекет басшысы республикалық телеарналар арқылы арнаулы мәлімдемесін жариялады. Яғни Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Бас тақырып – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашан да басты назарда қала бермек.
Жақында Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның тұрақты президенті, әйгілі экономист Клаус Швабтың тағы бір кітабы жарық көрді.
Бірақ бұл жолғының жөні басқа. «Төртінші өнеркәсіптік революция» деп аталады. Ол осы еңбегінде былай дейді: «Біз бүгінгі таңда күллі өмірімізді, жұмыс істеу үрдісімізді және қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертетін революцияның бастау көзінде тұрмыз. Көлемі, ауқымы және күрделілігі жағынан Төртінші өнеркәсіп революциясына тең келетін үлгі адамзат тарихы мен тәжірибесінде бұрын-соңды болып көрмеген».
Міне, Елбасының биылғы инновациялық Жолдауының маңыздылығы осында. Біз жаңғыру арқылы жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруымыз керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Наша задача – глобальная конкурентоспособность страны в условиях новой реальности. Основа наших действий – План Нации по реализации Пяти институциональных реформ. Одним из ключевых приоритетов Третьей модернизации станет ускоренное технологическое обновление экономики. Это означает создание новых перспективных отраслей на базе цифровых технологий.
Иә, интернет әлемді өзгертті. Экономика цифрлану жолында. Бұл үрдістің ақыры тұтас саланың жойылып, мүлдем жаңа бағыттың пайда болуына әкелуі әбден мүмкін. Президент осыны ерекше атап өтіп, біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік екенін де ескертті. Ал ол мүмкіндікті мүлт жібермес үшін не істеу қажет?
Жолдау – ел дамуының басты бағыты. Мемлекеттің қолға алатын жұмысы мен жұрттың жайы жарияланатын жоспар. Ел Президенті осы аптада келешектегі маңызды міндеттерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеді.
Жұрт республикалық газеттер мен интернет басылымдардан тауып оқып, талқылауға көшті. Себебі болашақтағы мұрат ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Жолдау «Қазақстан-2050 стратегиясы» мен бес реформаның тармақтарын қамтып, бес негізгі бағытқа басымдық береді.
Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Кешенді қадамның көшін сандық технологиялар бастап тұр. Бекер емес, әрине. Өйткені жаңа индустрияны заманауи жаңашылдықтарсыз елестету қиын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек. Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
Еліміздің сандық жүйедегі аяқ алысы жаман емес. Денсаулық сақтау, білім беру ісінде электрондық әдіс қолданылып жатыр. Алайда бұл бағыт барлық салада көрініс тауып тұрған жоқ. Сол себепті Елбасы инновацияны қолдап, оны өндіріске тезірек енгізу қажет екенін ескертті.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Елбасы осы Жолдауында коммуникацияны дамыту, сонымен қатар елді мекендердегі интернет жүйесін жақсартуды да тапсырып отыр. Қазір қай елді мекенге барсақ та, көп көтерілетін мәселе интернет жүйесі жылдамдығының аздығы. Міне, осыны жақсарту үшін «Сандық Қазақстан» атты жаңа бағдарлама жасалады.
Алдағы уақытта өндірістерге жаңа технология, яғни автоматтандырылған қондырғылар енгізіледі. Соны құралдардың қол күшін ысыра бастайтыны мәлім. Осыны ескерген Елбасы: «Жаңа индустрия жұмыспен қамтудың жалғасы және азаматтардың нақты табыс өсімінің көрінісі болу керек», – деді.
Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» қоғамдық қозғалысының төрағасы
-Жолдаудың мақсаты – 2050 жылы мықты әлеуеті дамыған елдердің қатарына кіру. Сондықтан да біз өзіміздің әлеуметтік саламызды дамыта отырып, төлемақы бар, зейнетақы бар, соның барлығын 20, 30, 40 пайызға көтереміз деп жатырмыз. Пайыздан ақшаға ауыстырсақ, үлкен қаражат болып табылады. Ондаған, жүздеген млрд теңге болады. Соның барлығын мемлекет қай жерден алады? Сондықтан да технологиялық модернизация, ШОБ қолдау арқылы соған жетеміз деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырамын. Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.
Дамыған елдерді алып қарайықшы, оларда шағын және орта бизнестің үлесі 70 пайыздан асып жығылады. Ал бізде көңіл көншітпейді. Елді өрге сүйрейтін салаға мемлекеттен қолдау бар. Бірақ қанша қамқорлық жасалғанымен, жағдайдың жүрісі өнбей-ақ тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда 2050 жылға дейін кем дегенде бизнес ортаны 50 пайызға жеткізуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.
Тоқтасын Қалмақбаев, кәсіпкер
-Әрбір Жолдаудың сыртында біз сияқты ауылда тұратын азаматтарға көп жақсылықтар жатқанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Дамып келе жатқан кәсіпкерлікке қатты көңіл бөліп, оның жұмысын дамытуға толық жағдай жасап отыр. Тек жұмысыңды дұрыс істе, салықты дұрыс төле.
Баспана. Бұл сөзді естіген адам елең етпей қалмайды. Әсіресе, қаладағы қауым. Пәтер жағалап жүргендерге үй жайында сөз айтайық. Елбасы Жолдауда құрылысшыларға банктер арзан несие беру керектігін айтты. Тапсырма орындалса, тұрғын үй бағасы төмендейді.
Дәулет Хамитов, студент
-Бұл Жолдауды оқыған кезде өзімнің көңілім толды. Жолдау бойынша 15 жылда 1,5 млн адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Бұл деген өте жақсы көрсеткіш. Яғни өзіміз секілді студент жастар ертең оқу бітірген кезде баспана алуымызға өз әсері болады.
Елге сырттан инвестиция тарту, шет елдік инвесторларға жайлы жағдай жасау. Ұлт көшбасшысының қолға алған ауқымды ісі. Бұл жоспар жүйелі жүзеге асып жатыр. Дегенмен әлі де қарқын керек. Өзге мемлекеттің қалталы кәсіпкерлері Қазақстанда жұмыс бастаса, ол барлық салаға серпін береді. Тіпті бұл қадам ақша-несие саясатының өсім алуына жол ашады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қор нарығын одан әрі дамыту. Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.
Білім саласы да биылғы Жолдаудан сырт қалмады. Президент келешек ұрпақты, қаржылық сауатты, ұлтжанды етіп тәрбиелеуді назарға алды. Орынды, өйткені жастар жан-жақты болуы шарт. Әсіресе ел Президентінің «қазақ тілінің басымдылығы сақталады және оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деген сөзі көптің көңілін көтеріп тастады.
Қайырбек Кемеңгер, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің доценті
-«Мемлекеттік тілдің басымдылығы, мемлекеттік тілдің дәрежесі жоғары тұруға тиіс» деген сөзді Елбасы Жолдауында тағы да көрсеткен. Біз осыған қуанып отырмыз және оны толық қолдаймыз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Менің бастамам бойынша, биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.
Оқушы озат болуы үшін бірінші мұғалімнің өресі биік болуы керек. Бұл мәселе де жоспардан табылды. Қазақстан елінің Президенті өз сөзінде педагогтардың жетіспейтінін жеткізді. Сол себепті осы түйткілдің түйінін тарқату керектегін ескертті.
Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтының ректоры
-Оқушылардың қабілетін арттыратын, білімге деген талпынысын оятатын құрал деп білуіміз керек. Соны пайдаланып, шығармашылық еңбекке шақыратын ұстаздар болуы керек. Ал ұстаздың деңгейі бүгін өте жоғары талапқа жауап беруі қажет.
Білім берумен қатар, денсаулық сақтау саласы да жаңарады. Бірінші шілдеден бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бағдарламаның артықшылығы сол, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер жалақысының белгілі бір пайызын қорға аударып отырады. Ал жұмыссыздардың, балалардың, жүкті және көпбалалы әйелдер, зейнеткерлердің төлемдерін Үкімет өз мойнына алады. Сайып келгенде талапқа сай жұрттың бәрі бірдей ем алады.
Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері
-Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі қолға алынуда. Тиісінше жекеменшік емханалар саны өседі. Бұл ең алдымен медициналық қызмет сапасын жақсартады деп ойлаймын.
Бірнеше жылдан бері террористер әлемде қырғын салып келеді. Кесірінен жазықсыз жандар жапа шекті. Халықаралық мәселеге жаһан жұрты бірігіп, қалқан қойып жатыр. Алайда нақты нәтиже жоқ. Елбасы Жолдауда қатерге қарсы тұрудың қағидатын айқындады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.
Жолдау жүктеген тағы бір міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Індетті жеңу үшін алдын алу шаралары мықтап қолға алынады. Әсіресе сатып алу саласы сүзгіден өтеді. Жемқорлықтың жолын кесу үшін Президент барша халық бұған қарсы тұру керектігін қаперге салды. Оның ішінде бізге, яғни бұқаралық ақпарат құралдарына оның бұрыс жол екенін терең насихаттауды тапсырды.
Авторы: Сәкен Сейітханұлы
2. Жаңғырту 3.0
Қазақстан Тәуелсіздіктің ширек ғасырында экономиканың тиімді моделін жасады. Бұл жалаң сөз емес, нақты факт. Мәселен, қолыңызға осыдан 25 жыл еліміздің бұрынғы картасын алып қараңызшы?! Егер мұқият қарасаңыз, бізде коммуникацияның, өндірістің, электр тартудың бірыңғай жүйесі болмағандығын түсінесіз. Яғни автомобиль мен теміржолдар бір-бірімен байланыспай, барлығы да солтүстікке қарай кеткен.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында бұл олқылықтың орны толды. Бұған дейін 1000 шақырым тасжол төселген, ал биыл 4400 шақырымы қайта жаңғыртылмақ. Оның кем дегенде 600 километрі кезең-кезеңімен ақылы жүйеге өтеді. Қазір картаға қарап тұрсаң, Қазақстан жаһандық көлік бағыттарының жаңа күретамыры іспетті.
Осының нәтижесінде экспорттық әлеуетімізді де арттырып отырмыз. Бүгінде 119 елге 2500-ден аса өнім түрін экспорттаймыз. Біз бұрын-соңды елімізде болмаған салалардың сабын ұстадық. Бұған 500-ден аса мысал келтіруге болады, соның бірегейін айтайын: ол – электромобиль құрастыру. Былтыр іске қосылған Қостанайдағы автозауыт биылдың өзінде 10 мыңдай көлік жасап шығаруды жоспарлап отыр.
Сергей Могилатов, автозауыттың техникалық директоры
-Ресей Федерациясына, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне өткізсек деген ойымыз бар. Қостанайдың орналасқан жері, теріскейдегі көршіміздің жақындығы бұл жобаны жүзеге асыруға өте ыңғайлы деп білемін.
Елбасы Үкіметке осындай басымдығы бар салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырды. Ол үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыру керек. Қазіргі кезде кедендік рәсімдеуден өту үшін 12 мемлекеттік органнан рұқсат пен лицензия аласыз. Құжаттардың жалпы саны – 22. Енді осының барлығы автоматтандырылып, бір терезе қағидасы бойынша берілмек. Яғни кәсіпкер кабинетінен шықпай-ақ, ешкімнің табалдырығын тоздырмай-ақ, ғаламтордағы жеке кабинеті арқылы кез келген құжатқа қол жеткізе алады. Цифрлы жүйенің сиқыры деген осы.
Жансая Қожахметова, шолушы
-Бұл жолғы Жолдау да еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін жағдай жасайтын Жолдау болды. Неге дейсіз ғой? Сандарды сөйлетейін. Бір отбасының мысалында.
Мәселен, Асановтар отбасы. Әкесі Қайрат, анасы Әсем, баласы Арман және Аманбай ақсақал. Биыл бұл отбасы нәрестелі болмақ. Бұйыртса, кішкентай сәби өмірге келгенде, мемлекеттен 80 мыңға жуық жәрдемақы алады.
Себебі Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы көлемі 20%-ға көбейеді.
Айта кету керек, жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады.
Өсім бар. Соңғы 16 жылда 2 есеге ұлғайған.
Ары қарай көрейік. Өмірге келген баланың атын Мақсат деп қойды, сол Мақсат 2-ге толып, балабақшаға барар кез келді. Кезек күтіп, сарылудың ауылы алыстады. Себебі Қазақстанда балабақша саны көбейіп келеді. Мәселен, өткен 3 жылда мемлекет 40 мың бүлдіршінге арналған 189 балабақша салды.
Ал жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашқан.
Айырмашылығын сезіп отырған боларсыз. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестік аясы ары қарай да кеңейе бермек. Елбасы халыққа Жолдауында солай деді. Өйткені бұл әдемі әдістің тиімділігін қос тарап сезініп отыр.
Жолдауда Елбасы: «Ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарастыру керек», – деді. Осылайша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, асыраушысынан айырылған отбасыларға, мүгедектерге, олардың жанұясына берілетін көмек пен жәрдемақы көлемін 3 млн адам үшін өсіруге мүмкіндік бар.
Отбасының өзге мүшелеріне тоқталайық. Асановтардың тұңғышы Арман заман талабына сай пәндерді ағылшын тілінде игереді. Өйткені қазірдің өзінде 90 пайыз ақпарат дәл осы тілде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Жолдауда солай делінген. Нақтырақ айтсам, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кей пәндер ағылшын тілінде оқытылады.
Енді, міне, Арман оқуын тәмамдап, екі қолға бір күрек табар кез келді. Ол ауылға барса да, қалада қалса да, кәсібін көркейте алады. Мемлекеттен қолдау бар.
Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.
Айтпақшы, биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырылады. Мақсаты қандай?
Бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы қоныс тойын тойлайды.
Ары қарай жылжиық. Отбасы отағасы Қайрат жер жыртып, егін егемін деп бел буды, мархабат.
Себебі алдағы 5 жыл ішінде суармалы егіс алаңы 40 пайызға кеңейіп, 2 миллион гектарға жетеді. Асановтардың асыл дариясы Аманбай ақсақал үшін де жағымды жаңалық бар Жолдауда.
Биылғы жаздың екінші айынан бастап 2 млн-нан астам зейнеткердің зейнетақысы 20 пайызға өседі. Айтпақшы, енді базалық зейнетақыны тағайындауда жаңа әдіс қолданылады. 2018 жылдың 1 шілдесінен. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты оның көлемі белгіленеді.
Қарап тұрсақ, жағымды жаңалық жетерлік. Асылы, халқымыз Елбасының әр жылғы жаңа Жолдауына үнемі үкілі үмітпен қарайды.
Сондықтан құжатта көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз қажет. Себебі біздің басты күшіміз бірлікте!
3. Үкімет отырысы
Дүниеге аты мәшһүр жазушы Мигель де Сервантес айтыпты: «Байлық байлыққа ие болуда емес, оны ұқсата білуде». Қазақстанның қойнауы – құт, жері – бай. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы кездеседі. «Бұйырған кетпейді» деп керіліп жатуға болмас, әрине. Әсіресе қазіргідей қарбаласқан заманда. Міне, сол себептен Елбасы «минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударуды» тапсырып отыр. Осы орайда геологиялық барлау жұмыстары белсенді жүргізілбек. Және Мемлекет басшысы осы жұмыстарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін «Жер қойнауы» туралы жаңа кодексті жыл аяғына дейін қабылдауды Үкіметке жүктеді.
Жеріміздің астын айттық, енді үстіне оралсақ. Аграрлық сектор экономиканың диірменіне айналуы керек. Яғни Made in Kazakhstan бренді экологиялық таза өнімдердің эталоны болуы тиіс. Осылайша біз «Еуразияның нан себетіне» айналамыз. Бұл – үшінші жаңғыртудың басты басымдығы.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық Университетінің ректоры
-2,4 млн гектар суармалы жер болды. Өкінішке қарай соңғы жылдары айырылып қалдық. Соған байланысты Елбасы тапсырғандай 2 млн-ға дейін көтеруіміз керек. Сонда бізде тұрақты түрде көкөніс те, жеміс те болады.
Қазақстанда 200 мың жеке шаруа қожалығы бар. Олар тек орақ науқаны кезінде ғана емес, жалпы жыл сайын астығын нарықтағы нақты бағаға сата алмай әлектенетін. Себебі бидайдың орташа құнын білмей келді. Салдарынан алып сатарлар ойына келген бағаны айтып, шаруаның адал еңбегінен пайда көріп жүрді. Енді, міне, цифрлы жүйенің тағы бір сиқырын көрдік. Қазақстанда алғаш рет астық электронды түрде саудаға түсе бастады.
Әуезхан Дарынов, Қазақстан фермерлер одағының басшысы
-Бұрын элеваторға астығын өткізгеннен кейін сататын уақытында элеваторды аңдып жүретін. Сатып алатын адамдар келді ме, келмеді ме, соны қарайтын еді. Қазір үйде отырады да: «Осынша менің астығым бар, бағасы осындай», – деп интернетке жібере салады.
Тағы бір маңызды мақсат – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға арттыру. Осы міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті» дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бағдарлама аясында жылына 30 мыңға жуық азаматқа кәсіп қылудың қыр-сырын үйретеді. Сосын бизнесін бастауға 16 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде шағын несие беріледі. Бес жылдық мерзіммен. Тек ауыл шаруашылығы кооперативтері мен мал шаруашылығы саласындағы жобаларға 7 жылдық уақыт қарастырылған. Үстемақы көлемі алты пайыз.
Егер түрлі себептерге байланысты қолға алған жұмыс тоқтап қалса, кәсіп бастаушыға 85 пайызға дейін, ал кәсіпті жалғастырушыға 50 пайызға дейін мемлекет кепілдеме береді. Яғни несиенің мөлшерін төлейді.
Осы тақілеттес ел тағдырына елеулі ықпал ететін мақсаттар мен міндеттердің тиісті деңгейде атқарылуы атқарушы биліктің адуынына байланысты. Оған дау жоқ. Сол себепті Елбасы халыққа Жолдауын ұсынғаннан кейін, араға ұзақ уақыт салмай, Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиында біраз өткір мәселенің басын қайырып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Министрлер кабинетімен бірге шетте жүрген шенеунік те тайлы-тұяғы қалмай келді. Елдің дамуы нақ осы залда жиналғандарға байланысты. Елбасы көпшіліктің есебін тыңдады әуелі. 2016 қиынға соқты. Оған қарамастан Қазақстан өсім байқатты. Шикізат бағасы әлі де құбылмалы. Демек, биыл да оңай болмасы анық. Бұл қатерлерге жауап беруге дайын болған абзал. Сондықтан Президент министрлер кабинеті алдына жаңа міндеттер қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Мы должны добиться пяти процентного устойчивого роста, только так можно стремиться и выполнить план перед народов 2050. В результате корректировки курса тенге доля импорта в ВВП возросла с 25 до 31%. Импортозамещение в ближайшие годы может дать до 5% роста ВВП. Согласно ГПИИР, при активных мерах господдержки экспорта, прирост только в приоритетных секторах промышленности может составить 6 миллиардов долларов.
Бұл – ұзақмерзімді жоспар. Оған қазірден бастап қамдану керек. Үкімет: «Биыл экономикалық өсім бәскеңдемейді», – деп отыр. Былтырғы көрсеткішті еселеуге бел буды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі
-Биыл экономикалық өсім 2 пайыз болады деп жоспарлаудамыз. Мұндай көрсеткішке тау-кен өндірісі, азық-түлік өндіру, машина құрастыру, ауыл шаруашылығы, транспорт және логистика, құрылыс салалары арқылы қол жеткізуді көздеп отырмыз.
Жоспарлар стратегиялық. Оны орындауға елдің қауқары жетеді. Бірақ қаражатты үнемдей білген абзал. «Тіпті игерілмей қалған ақшаны оңды-солды шашуға жол жоқ», – деді Президент. Қаржы министрлігінің мәліметінше, былтыр 110 млрд теңге үнемделген. Бірақ 36 млрд игерілмей қалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Жыл бойына ақшаны алмай келеді. Сосын жылдың соңына оны игерілмеген деп айтпасын деп, қараша-желтоқсанда ақшаны қайда болса, сонда шашады. Сондықтан қарау керек. Раз не освоил, надо изъят эти деньги и дать тем кто их осваивает. Не надо заставлять. В следующий год надо сократить на это количество этому ведомству. А ты добрый, ақшаны анаған да, мынаған да бере бересің. Тебе поручен карман государства. Казна. Защитник денег государства.
Енді қазынаның қаражаты қатаң қадағалауда болмақ. Мемлекет басшысы немқұрайлы қарайтындар мен ақшаны жұмсаудың қылмыстық фактілерін анықтаумен айналысатын арнайы комиссия құруды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Деньги. Надо экономить, их вложить и создать что-то другое. Заставлять нарушителей возмещать ущерб, привлекать к ответственности. Каждый руководитель несет персональную ответственность. Это не праздный вопрос. Нам поручено руководить этим государством. Народ поручил рационально использовать деньги государства. Каждый из вас должен этим заниматься. Не надо использовать госсредства, как будто это откуда-то пришедшие, вражеские.
Жекешелендірудің де жүгі жеңіл емес көрінеді. Қазір мемлекеттің еншісінде 7 мыңнан астам ұйым мен кәсіпорын бар. Бір қызығы, бұл науқанға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытқанмен, әзірге жолдары түспей тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-С капитанами бизнеса встречались, всех приватизация интересовала Казахстана. Ал қазір приватизацияға беріп отырғандарды қарап отырсаң, біреуі де жоқ. Всегда все проявляют большую заинтересованность к Казахстану. Но когда приходят сюда, не с кем встречаться. Никто не решает вопросы. Они приезжают и говорят: где наши дети будут учиться? где будут лечиться? что мы будем делать? Мы должны показать им, что у нас в Казахстане созданы все условия для инвесторов.
Қазақстанда инвесторлар үшін бизнес-климат қолайлы. Дегенмен бұл саланың әлі де кемшін тұстары бар. Президенттің айтуынша, елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азайған. Жаппай бақылауды жоюға мемлекет жағдай жасағалы қашан. Алайда кәсіпкерлерге кедергілер азаятын емес. Бұл орайда Елбасы Үкімет пен Бас прокуратураға бақылау-қадағалау функцияларын тексеруді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-По данным Атамекен, к предпринимателям применяется 28 тысяч требований. Тимур Муратович, ты разберёшься с этим? Правительство рапортует, что отменены плановые проверки, внедрены новые системы управления рисками, госуслуги переводятся в электронный формат. Однако фактического сокращения численности сотрудников и проверяющих органов не происходит. Почему сидят там же, где мы сократили? Это просто удивительно. Удивительное саморазмножение. Проверяющих сокращаем, а количество чиновников остаётся. Чудо какое-то!
Оңтайлы жағдай елдің валюта нарығында байқалуда. Былтыр экономикадағы қаражат айтарлықтай артты. Бірінші кезекте теңге ресурстары өсім көрсеткен. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазір экономикада қаражат жеткілікті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Считаю, что Национальный Банк грамотно работал в тяжелейший прошлый год. Сейчас я поставил задачу, чтобы возможности банка в предварительном контроле регулирования банков усилить законодательным способом. Дать право надо такое. Вмешательства в дела Национального Банка надо считать вмешательством в дела финансовой системы страны и наказывать. Я смотрю и вижу, чем больше Национальный Банк начинает наводить порядок, тем больше нападок на председателя Национального Банка, которого я поддерживаю. Никого не бойся. Никого.
Астананың тапсырмаларын өңірлер бұлжытпай орындайды. Әкімдер есебінен түйгеніміз осы. Бірақ кейбір өңірлердің кемшілігін Елбасы өзі тізіп берді. Индустриялық бағдарлама бойынша бой көтерген кейбір кәсіпорындар тұралап тұр. Бұдан бөлек, бірқатар өңір бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Соңғы 3 жылда 1300 жеке балабақша ашылса, оның басым бөлігі 4 облысқа ғана тиеслі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-В этом году впервые частное партнерство мы нащупали. Но одни работают хорошо, другие – не хорошо, ищут источники привлечения частных инвестиций для решения социальных задач. В некоторых областях и регионах сотнями ввели мини детские сады и школы, а в других ничего не делается. Здесь все акимы сидят. Им, видишь ли, лень в соседнюю область пойти, посмотреть, что там делается. А сами ничего не делают, опираясь только на государственные инвестиции.
Қазіргі таңда әлеуметтік мәселелер алдыңғы орында. Бұл орайда мемлекет бастамаларын елге дұрыс түсіндіруге Үкімет мән беруі тиіс. Отандық фармацевтикада да шешілмеген түйткілдер бар. Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне тәртіпті күшейтуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қазір фарм фабрикалар саламыз деп жүрген бизнесмендер келеді. Жібермейді. Жер бермейміз, сендерге заказ бермейміз, дәрілеріңді сатып алмаймыз деп айтады. Себебі ана жақтан, Америкадан, Австралиядан келісімшарт жасап қойдық. Выгони всех кто сидит сейчас. Поставь новых людей. И обеспечь разбирательство. Куда деньги девались, почему это делается? Новых людей набери. Это я несколько лет говорю и ничего не получается. Какие то сидят люди которых сдвинуть невозможно. Кто поддерживает этих?!
Өтпелі кезеңде әрбір министр мен әкімге жүктелген міндеттің маңызы зор. Тапсырма берілді, ақша бөлінді, бағдарлама да қолда. Енді жігерлі еңбек ету керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Все реформы у нас обеспечены финансированием. Выделяются триллионы тенге. Вместе с тем, только выявленные Счетным комитетом финансовые нарушения в прошлом году составили 160 млрд тенге. 47 должностных лиц привлечены к административной ответственности, 223 - дисциплинарным. Правоохранительным органам передана куча материалов. Қайрат Қожамжаров по линии коррупции сколько за прошлый год привлечено к ответственности?
-2900 человек должностных лиц по статье коррупции.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Адам мемлекеттік қызметке келуі үшін барлық жерде байқау жүріп жатыр. Бір орынға бірнеше адам таласады. Мемлекеттік қызметте, мемлекетке жұмыс істеймін, мемлекетімді көтеремін деп келеді. Тәрбиелеп, «Болашақпен» жіберіп, кішкентай жұмысқа қойып, қадағалап, өсіресің, содан кейін барады да түрмеге түседі.
Алда атқарар тірлік шаш етектен. Басымдықтар белгілі. Бизнес ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік аясын кеңейту, ауыл шаруашылығы кешенін дамыту, денсаулық пен білім беру реформаларын сәтті жүзеге асыру, ең бастысы мемлекет бюджетін тиімді пайдалану сияқты міндеттер тұр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бастысы шенеуніктер шешім қабылдаудан жасқанбауы тиіс екенін айтты Елбасы. Барлығы мемлекеттің стратегиялық мақсат-міндеттерін басшылыққа алуы керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Әрбір басшы жауапкершілікті өзгеге сырғытпай, өз мойнына алуы қажет. Біз бұл туралы Үкіметті қайта ұйымдастырғанда, вице-премьерлер мен министрліктердің санын қысқартқан кезде айтқан едік. Әр министр өзі приказ шығарады, өзі орындайды, өзі жауап береді. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас». Министрлер келеді де маған хат жазады, премьерге хат жазады. Өзіне жауапкершілік алмайды. Министрлар дербес шешім қабылдаудан жасқанбауы керек.
Бұл стратегиялық мақсат-міндеттерге Елбасы Жолдауында кеңінен тоқталды. Алда Үкіметтен бастап барлық мекемелер белгіленген бағытта жұмыс істейді. Үшінші жаңғыртудың да жай-жапсары елге мұқият түсіндірілуі тиіс.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Әлібек Әлиев, Зайнұр Байжігіт, Сәкен Сейітқанұлы
4. Өзгерістер мен тағайындаулар
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң, Мемлекет басшысы министрлер кабинетінде болған соңғы өзгерістер мен тағайындаулар жөнінде мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Үкіметтің кеңейтілген өте маңызды жиыны өтті. Әкімдер қатысты. Жасап жатқан шаруалары белгілі. Екі үлкен мәселе. Біріншісі – саяси реформалар, Конституцияға өзгерістер енгізу. Екіншісі – «Қазақcтанның үшінші жаңғыруы» деген үлкен Жолдау. Осыған байланысты мәлімдейін, кадр мәселелерінде біраз өзгерістер жасадық. Өздеріңіз білесіздер. «Бәйтерек» ұжымында жасалып жатқан тексеріс мәселесіне қатысты Экономика министрі жұмыстан босатылды. Тимур Сүлейменов деген азамат оның орнына министр болып тағайындалды. Сауатты, тәжірибелі. Мәскеуде жұмыс істеп келді. Сол министрліктің орынбасары болған. Меніңше, дайындығы жақсы болады деп тағы да сенім артамыз. Екіншіден, екі министрлікті ажыратып, Денсаулық сақтау министрлігін жекеше құрған себебіміз, денсаулық сақтаудағы сақтандыру мәселесінде көп жұмыстар бар. Халыққа соны түсіндіру керек және соны іске асыру керек. Бұл халыққа қажет. Денсаулық жүйесіне өте қажет мәселе. Біртанов деген – өте сауатты азамат. Америкада оқып келген. Назарбаев Университетінде жұмыс істеген. Сол министрліктің орынбасары болды. Жұмысты біледі, атқарады деп сенемін. Үшіншіден, мен Мәскеудегі Қазақстанның елшісін тағайындадым. Ол елші Иманғали Тасмағамбетов болатын болды. Біріншіден, біз үшін Ресей – өте үлкен көрші, әріптес, экономика, саясат жағынан өте жақын мемлекет. Ол жерге өте белді, тәжірибелі, салмақты, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы жағдайды білетін адам қажет болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екінші қабылдаған себебім, Тасмағамбетовтың өзінің сұрауы солай болды. Өзінің ойы, көңілі. Сол жақта істеп келемін деп, менен сұрағаннан кейін оны да ескеріп, екі жағынан да тура келетін болғаннан кейін тағайындадым. Премьер-Министр орынбасарларының аз болғаны жөн. Министрлер өз шаруасын ешкімге сілтемей, ешкімге сүйенбей бітіру керек. Берген мәселені шешіп, өздері жауап беру керек.
5. Сенімді ақтау – басты міндет
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы берген тапсырманы талқылау үшін Министрлер кабинеті бүгін арнайы жиналды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жолдауда жүктеген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Әр ведомоство басшысы экономиканы дамытуға жауапты және шешім қабылдауға құзіреті жеткілікті. Сондықтан туындаған сұрақты министрліктер өзара шешулері қажет. Үкімет басшысы осыны шегелеп айтты. Жақында республикалық бюджет нақтыланбақ. Қазынадан бөлінген қаржының сұрауы бар. Бюджеттегі әр тиын үшін тексеріс күшейіп, теңгелердің жұмсалуына Үкімет мүшелері жауап береді. Ақшаны тиімді жұмсауға қатысты тексеріс білім және денсаулық сақтау салаларынан басталады. Ал Жолдау аясында әр салаға жүктелген міндет аз емес. Бірінші кезекте, кәсіпкерлерді негізсіз тексеретіндер жазасыз қалмайды. Мемлекет пен жекеменшік серіктестік арасындағы процедуралар жеңілдетілмек. Әсіресе агросектор айрықша маңызға ие. Әр министрге жоспарды әзірлеуге 1 ай уақыт берілді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі
-Қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жұмысты созбай, дереу іске кірісу қажет. Мен кеше де айтып өткенмін, бүгін де қайталап айтамын. Елбасының сенімін ақтау – Үкіметтің ең басты міндеті. Сондықтан сіздерге, әріптестер, дербес жауапкершілік барын естен шығармауды ескертемін. Айтылған тапсырмалардың бәрін мен өзім жеке бақылауыма аламын.
6. Ант беру рәсімі
Президент өз құзырындағы бірқатар өкілеттікті билік тармақтары арасында бөлу жөнінде бастама көтеріп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бұл реформа атқарушы билікке біраз ауыртпалық түсірері сөзсіз. Өйткені жауапкершілік артады. Демек, мемлекеттік қызметкердің мемлекетке адал болуы аса маңызды.
Осы аптада бірқатар мемлекеттік қызметші салтанатты түрде халыққа Президенттің алдында ант берді. Олардың қатарында Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, Үкімет мүшелері мен өңір басшылары бар. Президент мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершіліктің жеңіл емес екендігін ескертіп, сала мамандарын іріктеу талабы күшейетіндігін алға тартты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Ант беру арқылы сіздер өздеріңізге үлкен мерейлі міндет, жауапкершілік жүктеп, адал қызмет істеуге серт бердіңіздер. Азаматтың бағасы ерлігі мен ержүректігі, отансүйгіштік сертке адалдығынан болатын. Қазір оңай емес заманда жұмысқа келіп, ант беріп тұрсыздар. Мен жариялаған Жолдауымда Қазақстан экономикасының жағдайын бүгінгі заман талабына сай етуді көтердім. Ол оңай емес. Себебі бұрын-соңды болмаған жаңа талаптар. Жоғарғы буын өкілдеріне аса жауапты жұмыстар жүктелетінін білесіздер. Егемен елімізге, туған халқымызға қызмет ету – барлығымыздың перзенттік парызымыз. Ешуақытта ұмытпау керек. Осы мәртебелі мақсат жолында халықтың алдында аянбай еңбек ету біз үшін ең бірінші талап болып саналады.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік, экономикалық саладағы ұйымдастыру мен бақылау қызметтері Президенттің құзырында болды. Себебі елдегі қалыптасқан жағдайдың талабы сол еді. Ал енді қазір Үкімет өзіне тән міндеттерді өзі орындауы тиіс. Әрине атқарушы биліктің өкілеттілігі өскен соң, жауапкершілігі де артады. Яғни таразының екі басы тең түседі. Олар Парламенттің, мәслихаттың алдында есеп береді. Сондай-ақ Үкімет істеген жұмысы бойынша Президенттің, Парламенттің алдында жауапты болады. Кәсіби мемлекеттің кейпі осындай болса керек-ті.
Заманның дидары түрленіп, жаһан күн сайын жаңғыртылуда. Осы кезеңде дамудың даңғыл жолынан айнымас үшін Қазақстан маңызды реформаны қолға алды. Сарапшылардың пайымдауынша, мемлекеттің басқару жүйесін реформалаудан бастауы заңдылық.
Ерқара Аймағанбетов, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы
-Қоғам дамыды, ел дамыды. Соған байланысты өзгерістер енгізу керек болды. Бұл өзгерістердің негізгі мәселесі, үш тармақтағы биліктің арасында үлкен баланс болуы керек. Сол баланс болған жағдайда экономика саласы болсын, саяси сала болсын пәрменді дамитын болады.
Есет Есенғараев, саясаттанушы
-Кезінде әлеуметтік, интеллектуалдық және экономикалық жағдайға байланысты бізге тікелей вертикальды билік керек болды. Ал қазір әлеуметтік, мәдени, экономикалық, саяси тәжірибеміздің ұлғаюына сәйкес, билік те күрделеніп, мүмкіндіктері әрі қарай ұлғаюы керек. Президенттің тағы бір айтқаны: «Көп жақты болу тұрақтылықты ұлғайтады».
Көпжақтылықтың ең басты тиімділігі жұмыстың нәтижелі болуына ықпалы зор. Атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі артады. Атқарылған жұмыстарды бақылау тетігі де күшейтіледі. Ол Парламентке берілетін өкілеттілік арқылы реттеледі.
Унзила Шапақ, ҚР Конституциялық Кеңестің мүшесі
-Үкіметтің көп жағдайда Парламенттің алдында жауапты болуы дұрыс деп танып отыр. Бұл жалпы әлеуметтік-экономикалық дамудың, қоғамның дамуының нәтижесінде келген бірден-бір белес. Конституция дегеніміз – қоғамдық келісімшарт. Сондықтан қоғамды басқару үшін Конституция сол қоғамға сәйкес келуі керек.
Алуа Жолдыбалина, «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының бас сарапшысы
-Біріншіден екі тармақ билігінің, яғни Үкімет пен Парламенттің өзара жауапкершілігін арттырады. Екіжақты ықпалдасу болады. Парламенттің рөлі Үкіметке қатысты. Үкіметтің Парламентке қатысты жауапкершіліктері артады. Жергілікті мемлекеттік органдарға қатысты Үкіметке кірмейтін мемлекеттік органдарға қатысты шешім қабылдаған кезде бір-бірімен тез-тез тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мысалы, «сәйкестендіруі процесі» дейді. Керісінше, үнемдеу уақыты пайда болады.
Еліміз саяси-экономикалық һәм әлеуметтік даму бағыттарын қатар алып келеді. Елбасы ұсынған жоспарлы жүйе соның айғағы. «Реформа нәтижелі іске асырылса, елдің ертеңі үшін тиімді», – дейді отандық сарапшылар.
Марат Шибұтов, саясаттанушы
-Біз күтіп отырған реформа билікке біздің елімізді жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі. Бұл тек билікті емес, бүкіл халықты толғандыратын мәселе. Сол себепті де реформаның қалай жүзеге асуы керек екені жалпыхалықтық талқылауға түсіп жатыр.
Қазақстанның Конституциялық реформаны қолға алуы шетелдіктерді де қызықтырып отыр. Айтуларынша, мемлекеттің саяси дамуы көпжылдық тәжірибе негізінде алға жылжуда.
Ширин Акинер, Кембридж университетінің аға қызметкері
-Үдеріс тарих пен өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, табиғи түрде жүріп жатыр. Өкілеттіктердің қайта бөлінуі өте маңызды. Өйткені ол халықпен бірге шешілетін, заңды күші бар құжат болмақ. Бұл – өте дана шешім.
Реформаның саяси салмағы да басым. Саяси жүйе әмбебап болады. Қоғам өкілдерінің пікірінше, электорат үшін бәсеке де артады.
Бауыржан Ғұбайдуллин, жазушы
-Мәселен, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен саяси партия тікелей Қазақстан Үкіметін жасақтауға атсалыса алады. Бұл Парламенттің өкілеттігін күшейтіп қана қоймайды, атқарушы биліктің яғни Үкіметтің, Үкімет құрамындағы министрлердің, аймақтағы әкімдердің де жауапкершілігін күшейтеді.
Талғат Қалиев, саясаттанушы
-Көбінесе «Нұр Отанның» монополиясы бар. Оған осы «Нұр Отан» секілді мықты партия керек. Сол кезде олар бір-бірін тонуста ұстайды. Өйткені конкуренция, идея болуы керек. Соның барлығы жұмыс істеуі керек.
Ұлт мүддесі мен ұрпақ болашағы үшін жасалған байлам қазақ елінің өркениет жолындағы көшін түзу етпек. Айтпақшы, Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бүкілхалықтық талқылауға сіз бен біз де атсалыса аламыз. Ұсыныс- пікіріңізді /«Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.»/ электрондық пошта мекен жайына хат жолдауыңызға болады.
Авторы: Бағдат Бектұрғанқызы
7. Сыртқы саясат
Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Наваз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіменің негізігі өзегі – екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен келешегі. Биыл Қазақстан мен Пәкістан байланысының орнағанына 25 жыл. Осы айтулы датамен ел басшылары бірін-бірі құттықтады.
Сондай-ақ Наваз Шариф Нұрсұлтан Назарбаевты наурыз айында Исламабадта өтетін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақырды. Одан кейінгі сөз қауіпсіздік жайына арналды. Бірікен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі аясында Қазақстанның Ауғанстан жөніндегі комитетке төрағалығын ескеріп, тараптар Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Бұл елде бейбітшілік пен тұрақтылыққа, ішкі үйлесімдікке қол жеткізуді көздейтін ортақ ұстанымдар ортаға салынды.
Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 6-сы күні Астанада Сирия мәселесі бойынша техникалық кездесу өтеді. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жасалған ұсыныс. Яғни әлемдік қауымдастық Қазақстан елордасын келіссөздер үшін лайықты алаң ретінде таныған соң, таңдап отыр. Себебі Астана процесі нәтижелі болды. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура мәлімдеді. Әсіресе жиынға алғаш рет қарулы оппозиция күштерінің қатысқанын, тыныштық режимін сақтайтын тетіктердің пайда болғанын атап өтті.
Стаффан де Мистура, БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі
-Астана процесінде оппозициялық күштердің 13 қарулы тобының өкілдері мен Сирия үкіметінің мүшелері болды. Тараптар қанды қырғынды тоқтатуға мүдделі. Ал оқ атпау режимін сақталуына Араб Республикасында жаяу әскері бар үш ел Ресей, Түркия, Иран кепіл болды.
8. Универсиада-2017
Ел абыройын асқақ еткен маңызды шаралардың бірі – 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада. 11 күнге созылатын байрақты бәсекені өткізу үшін 5 жылдай дайындық жүргізілді. Бұрын-соңды болмаған 8 спорттық нысан бой көтерді. Солардың бірі – «Алматы Арена» кешені. Мұз айдынның Орталық Азияда баламасы жоқ. Аламанның ашылуы осында өтті.
«Универсиаданың ашылу жəне жабылу салтанатын қарапайым етіп өткіземіз», – деп әуелден ескерткен ұйымдастырушылар. Қыруар қаржы жұмсамай-ақ, көптің көңілінен шығуға болатындығына көрерменнің көзі жетті.
Тек қана қазақстандықтардың қатысуымен қойылған сахналық қойылым 57 елден келген 2 мың спортшыны ерекше әсерге бөлегені соншалық, таңданыстарын тоқтамай білдіріп жатты. Ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, дүбірлі додада бақ пен бап жарыстырғалы тұрған жастарға сәттілік тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қысқы Универсиада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында тұңғыш рет біздің елімізде өткізілуде. Бұл – Халықаралық студенттік спорт федерациясының құрамына кіретін 171 елдің Қазақстанға деген сенімі мен құрметінің белгісі. Біз 2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарын табысты өткіздік. Көптеген спорт түрлері бойынша талай әлем чемпионаттары мен біріншіліктерін қабылдадық. Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше жаңа стадион мен айшықты Атлеттер ауылы салынды. Мұның бәрі – отандық спорттың инфрақұрылымына салынған орасан инвестиция. Меймандарымыз байрақты бәйге кезінде еліміздің қонақжайлығына көңілі толып, таңғажайып табиғатына көз қанықтырады деп сенемін.
Сонымен байрақты бәсекенің алғашқы аптасы қалай өтті? Қоржындағы жүлде қанша? Тағы қаншасынан үміттіміз?
Қанат Базылхан, спорт шолушысы
-28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарында 12 спорт түрінен 85 медальдар жиынтығы сарапқа салынса, соның 23-і дәл осы «Алатау» кешенінде өз иесін табады. Бүгінге дейін биатлоншы қыз-жігіттер ойындар бағдарламасындағы тоғыз жарыстың алтауын аяқтады. Шаңғышылар бәсекесінде де сайыстың көбі артта қалды. Қазақстандық спортшылар үшін Алатаудың ақ қары құт болып тұр.
Дүйсенбіде басталған кешенді сын Қазақ елінің қоржынына алғашқы медальдарды салды. Фристайлдың акробатикасында Жібек Арапбаева күміс, ал Жанбота Алдабергенова қола жүлдегер атанды. Жібек пен Жанботаның жеңісті жолын шаңғышы Анна Шевченко жалғастырды. Қазақтың спорт және туризм академиясының студенті бес шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде ресейлік спортшыларды алға жіберіп, қола медальға қол созды. Шевченко із кесу жарысында да осы нәтижесін қайталап, студенттер сайысындағы екінші қоласын еншіледі.
Қысқы Универсиаданың алғашқы алтынын биатлоншы Алина Райкова ұтып алды. Алматылық спортшы 15 шақырымдық жекелей сында 59 минут 48 секунд уақытпен Универсиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Қазақтың спорт және туризм академиясының студенті екі жыл бұрын Словакиядағы Универсиаданың да жеңімпазы атанған болатын. Алинадан екі минутқа қалып қойған Семейлік Галина Вишневская ойындардың күміс жүлдесіне қол созды.
Алина Райкова, Биатлоннан XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың чемпионы
-Өте жауапты жарыс, себебі өз жерімізде өтіп жатыр. Иыққа екі есе жауапкершілік жүктелді. Жанкүйерлерді жерге қаратпау керек болды. Сол үшін де бұл медальдың жөні бөлек. Маған үміт артқан барлық жақындарыма алғысым шексіз. Олар менің жеңіске жететініме сенімді болды.
Екатерина Айдова – 28-ші Қысқы Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері. 1500 метрлік қашықтықта медаль алған Екатерина мың метрлікте де үшінші орынды қанағат тұтты. Фристайл шеберлері ел қоржынын алтынға толтырды. Бас жүлдеден үмітті болған Алдабергенова алдына қойған мақсатына жетпей тынбады. Командалық сайыста қарсыластарынан оқ бойы озып кеткен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек Универсиада чемпиондары атанды.
Жанбота Алдабергенова, Фристайлдан XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың чемпионы
-Бәрі айтады ғой, бір ұтсаң оған етің үйренеді. Әрі қарай ұтқың да келе береді. Сол сияқты алдымазға қойған мақсат – Құдай қаласа, бірінші Олимпиадаға түсіп алу, жүлде алу, лицензия.
Бағлан Іңкәрбек, XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың чемпионы
-Трасса қиын болған жоқ. Өйткені бұл трасса стандарт трасса, барлық жердікімен бірдей. Бізге жалпы ұнады.
«Алатаудың» ақ қарында биатлон мен шаңғыдан да медальдың сыңғыры естілді. Биатлоннан әйелдер арасындағы жеті жарым шақырымдық спринтерлік сайыста Галина Вишневская Қысқы Универсиада чемпионы атанды. Қашықтықты 21 минут 43 секундпен аяқтаған семейлік биатлоншы екінші орын алған украиналық спортшыдан 22 секундқа ұзап кетті.
Галина Вишневская, Биатлоннан XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың чемпионы
-Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Себебі Универсиада мен үшін өте сәтсіз басталып, қателіктер көп болды. Бүгін сол кемшіліктерден қорытынды шығарып, тек өз білгенімді көрсетуге тырыстым.
Елсияр Қанағатов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы
-Биатлон командасының қыздар арасындағы ең мықты спортшымыз. Сондықтан құтты болсын. Бәріміз соны күткенбіз. Осы елді қуанту үшін, қазақ елін қуантып, спортшылар әлі де нәтиже береді деп сенеміз.
Ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринтерлік жарыста да жерлестеріміз жерге қаратқан жоқ. Бұл сында Қазақстан атынан алты биатлоншы бәсекеге араласып, арасынан Роман Еремин көзге түсті. Екінші ату алаңынан кейін тоғызыншы орында тұрған қазақстандық биатлоншыдан жүлде күткендер аз еді.
Алайда Көкшетау университетінің студенті талайларды таң қалдырды.
Биатлоншылардың жеңісті жолын іліп әкеткен шаңғышы Иван Люфт ел қоржынына кезекті алтын медальды салды. Спринтерлік сайыста ресейлік қарсыластарының алдын ораған қазақстандық спортшы Алматы Универсиадасының чемпионы атанды. 18 жасар шаңғышыдан ешкім де мұндай ерлік күтпеген еді. Мәреге таяған тұста бар күшін сарқыған қазақстандық спортшы қарсыластарын қапы қалдырды.
Иван Люфт, Шаңғымен Жүгіруден XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың чемпионы
-Жеңіске жететініме сенімді болдым. Соңғы күшім қалғанша жарыстым. Жеңіске деген жігер-мінез көрсетудің арқасында мақсатым орындалды. Өте қуаныштымын, бұл жетістік жаттықтырушыларымның арқасында келді.
Әйелдер арасындағы спринтерлік сайыста қазақстандық шаңғышы Анна Стоян Қысқы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. Кезекті жарыс күні фристайлшы қыз-жігіттеріміз медальдан тау тұрғызды. Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева могулдың жекелей және жұптық сынында да топ жарып, кешенді сынның екі мәрте жеңімпазы атанды. Павел Колмаков қос қоланы мойынына тақты.
Юлия Галышева, XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы
-Бүгін екінші алтын медальға қол жеткіздім. Қуаныштымын. Бұл жерде жылдамдық өте маңызды. Қарсыластарымнан бұрын шапшаң қимылдап, жеңіске жетуге ұмтылдым.
Дмитрий Рейхард, XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы
-Бұл жарыс оңай болған жоқ. Дегенмен барымды салдым. Ширек финалда үшінші нәтиже көрсеттім. Ал финалда сәттілік серік болып, жеңіске жеттім. Әрине, мұндайда кеудеңді мақтаныш кернейді.
Қанат Базылхан, спорт шолушысы
-Қысқы Универсиада ойындарын шайбалы хоккей шеберлері мен шаңғышылар аяқтайды. Бүгінге дейін Алматыда 61 медальдар жиынтығы өз иесін апты. Енді алдағы төрт күнде 21 жүлде жолындағы сайыс өтеді. Соның алтауын Алатаудың етегіндегі шаңғышылар мен биатлон шеберлері сарапқа салады. Бұл сында Қазақ елінің ұл-қыздары қоржынды жүлдеге толтырады деген үміт басым.
Авторлары: Қанат Базылхан, Батырбек Ғаділбек