Хабар телеарнасы

Жеті күн 13.05.2017

Сюжеттер
1. Сыртқы саясат 2. Елбасы қабылдауы 3. Ұлы Жеңіске 72 жыл
4. Ардагерлерге құрмет 5. «Батырлар жолымен» 6. «100 жаңа есім»
7. Төртінші өнеркәсіптік революция 8. Бірінші байлық 9. Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?

1. Сыртқы саясат

Бұрынғы жылдардан биылғының жөні бөлектеу. Себебі саясат сахнасында біраз ауыс-түйіс болғалы тұр. Анығы, бірқатар елде билік өзгереді. Біздің есеп бойынша, төрткүл дүниенің төрт бұрышында шамамен 42 сайлау өтеді. Бұл санның ішіне президенттік те, парламенттік те, жергілікті де кіреді. Осы аптада Франция мен Оңтүстік Кореяда негізгі саяси науқандарға соңғы нүкте қойылып, жаңа президенттер сайланды. Франсуа Олланд «Елисей сарайымен» қоштасып, оның орнына 39 жастағы «Алға» партиясының жетекшісі Эммануэль Макрон келді. Ал «Чхонвадэден», яғни «Көк үйден» Пак Кын Хе кетті. Енді тізгін «Тобуро» демократиялық партиясының мүшесі Мун Чжэ Инде. Бірақ оның көнерген «Көк үйге» кіргісі жоқ. Алғашқы сөзінде-ақ ол резиденцияны ауыстыру керектігін айтты. Қос мемлекеттің сайланған президенттеріне Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хаттарын жолдап, ақ ниетін білдірді. Әріптестеріне зор денсаулық пен толағай табыс, ал достас халықтарға бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. 

Айта кеткен жөн, Қазақстан екі елмен де берік байланыста. Дипломатиялық қарым-қатынастың қазығы қағылғалы биыл – 25 жыл. Осы ынтымақтастық жаңа көшбасшылардың тұсында да жалғасын тауып, тіпті жаңаша бағытта жандана түседі деген сенім мол. Тап сондай сеніммен серіктес болып отырған мемлекеттердің бірі – Сауд Арабиясы Корольдігі. Біз олармен тек сауда-саттық жасасу арқылы ғана жақсы емеспіз. Мүддеміз де кіндіктес – Таяу Шығыстағы тартысты тоқтату. Сауд Арабиясы Корольдігі Сириядағы қақтығыстар саяси тұрғыдан реттеу арқылы шешілуі тиіс деп санайды әрі бұл түйткілді бейбіт жолмен тарқату жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымын қолдайды. Елбасының қабылдауында болған Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-Араб шығанағы істері жөніндегі мемлекеттік министрі Самер Әл-Сабхан осылай деді. Сондай-ақ ол ислам әлеміндегі мәселелерді шешуге қосқан үлесі, соның ішінде Сириядағы қантөгісті тоқтатуға деген ұмтылысы үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек екі елдің достастығы әңгімеге арқау болды. Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған ресми сапары кезіндегі уағдаластықтардың орындалуына баса назар аударды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барған сапарым әлі есімде, өте жақсы кездесулер болды. Үлкен мәселелер бойынша келістік. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас 25 жылда үзілген жоқ. Сізден де, бізден де көп мемлекеттік қызметкер сапар жасап, келіссөздерге қол қойылды. Қазіргі жағдайда мұсылман елдерінің басы бірігіп, бірге болғаны дұрыс. Біздің жерімізде Сирия жөнінде келісімдер өтті. Жақында болған кездесуге оппозиция жағынан барлығы келді.

Самер Әл-Сабхан, Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-Араб шығанағы істері жөніндегі министрі:

– Жоғары мәртебелі Президент мырза! Уақыт тауып, бізді қабылдағаныңызға Сізге ерекше алғысымды білдіремін және екі киенің сақшысы Корольдің сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіз. Өткен жылдың қазан айында жасаған сапарыңыз екі елдің арасындағы қарым-қатынастың дамуына үлкен серпін әкелді. Сіз өзара ынтымақтастыққа үлкен мән бересіз. Сонымен қатар біз Сізге және сіздің мемлекетіңізге, жалпы Ислам мәселелері бойынша атқарып жатқан істеріңізге құрметпен қараймыз. Бір ғана араб және мұсылман елдеріндегі қантөгісті бейбіт шешу жолында Сіздің қосып жатқан үлесіңіз зор. Бұл әсіресе Сирияға қатысты. Сауд Арабиясы Корольдігі де «күшпен қақтығысты шешуге болмайды» деген Сіздің ойыңызбен келіседі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екі ел арасындағы қарым-қатынасты барлық жағдайда өркендетіп өсіру үшін Қазақстан барлық жағдайды жасайды.

2. Елбасы қабылдауы

Елбасының қабылдауында Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу да болды. Елбасы әңгімені ағылшын тілінде бастады. Дербес білім беру мекемесі құрылғалы бері, нақтырақ айтқанда, жеті жылдың ішінде әлемнің маңдайалды оқу орындарының тәжірибесіне иек артты. Қатарынан оқ бойы озық, ең дарынды деген студенттерді іріктеуге сеп болатын меритократия қағидатын енгізді. Айта кету керек, биыл Назарбаев Университетінен үшінші лек түлеп ұшады.

Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті:

– Университетті дамыту – ұзақ мерзімге арналған жоба. Сондықтан да үнемі назарда тұратын мәселе. Дәл осындай қуатты зерттеу институтының қолда болуы өз кезегінде ел үшін әлемге ашылған терезе іспеттес. Сонымен қатар білімді жетілдіру мен жаңа технологияны иеленудің тиімді тәсілі. 

Сондай-ақ осы аптада Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» басқармасының төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Бұл – жыл басынан бергі екінші жекелей жүздесу. Алғашқыда активтер жайлы айтылса, осы жолы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мен «Нұрлы жол» жобасының жай-жапсары жіпке тізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Программа «Нұрлы жол» – это не только транспорт и коммуникации. Жилищное строительство есть. Все деньги освоены. От мировых финансовых институтов то, что мы получили. И то, что фонд включил свои средства.

Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы:

– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы 100 пайыз толық игерілді. Тіпті қайтарылған қаражат та бар. Біз көптеген кәсіпорынды қаржыландырдық. Ол машина құрастыру, ірі және шағын бизнесті демеп, экономиканы қолдауға бағытталды. Мәселен, бұл қаржы біздің клиенттердің қолына жетті. Жұмыс жалғасып жатыр.

Ерболат Досаевтың айтуынша, холдингтің қадамы қарышты. Оған мына салыстыру дәлел: 2016 жылы активтер көлемі 2015 жылға қарағанда, 15 пайызға артық болып, 4,1 триллион теңгені құраған. Дегенмен әлі де жасалатын жұмыс көп. Міне, сол себепті Елбасы тағы да тапсырмалар жүктеді. Қазақстанның белге байлаған бес қаруы – бес институционалдық реформа. Сол бесеуі болмағанда, дағдарыстың дауылы бет қаратпас па еді?! Себебі алпауыт державалардың өзі дәрменсіз күй кешіп, дағдарып қалды. Ал біз шыңырауға түспей, керісінше шыңға өрмелеп келеміз. 

3. Ұлы Жеңіске 72 жыл

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында соғыс ардагерлеріне берілген бірреттік жәрдемақының көлемі жөнінен көш бастап тұр. Биыл астаналық қарт майдангерлерге 500 мың теңгеден ұстатыпты. Ал Мәскеуде 171, Қырғызстанда 220, Өзбекстанда 256, Тәжікстанда 340 доллардан үлестірілген. Ең азы Түрікменстанда, 26 доллар. Өткен жылы 57 доллар болып еді. Осы жолы осалдау. Әрине, нарықтық заман болған соң ақша турасында айтпасқа амал жоқ. Десек те сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен оғландардың ерлігі мен тылда жүріп тер төккен талайлардың еңбегі өлшеусіз. Ол байлықпен бағаланбайды. Ол тағзым ету арқылы таразыланады.

Осымен 72-мәрте Жеңіс күнінде қалың ел қан майданда қанаты қиылған батырларын еске алды. Басты жиын бас қаладағы «Отан қорғаушылар» алаңында өтті. Көпшіліктің ортасынан Елбасы да көрініп, монументке гүлшоғын қойды. Көзі тірі ардагерлерге алғысын айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді. 

Елбасы жылда қатардағы қарт майдангерлермен жүздеседі. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Мемлекеттен қамқорлық көрген қариялар Президентке алғысын жаудырып, бейбіт күннің баянын тіледі. Қару асынып, елі үшін шайқасқан ардагерлер Отан қорғаушы күні өткен әскери шеруді көріп, алған әсерлерімен Елбасымен бөлісті. Қарулы Күштердің қазіргі қауқарын жоғары бағалады. Кеңес Одағының еуропалық бөлігі жаумен бетпе-бет келгенде, Қазақстан мобилизациялық орталыққа айналды. Мыңдаған адам шетте қалмай, шепке сұранды. Сөйтіп соғыс жылдары республикамызда 12 атқыштар, 4 атты әскерлер дивизиясы, 7 бригада, 50 полк жасақталған. Солардың арасында 8, 20, 73-гвардиялық және 387-атқыштар дивизияларының асқан ерлігімен аты шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Әр жыл сайын мамыражай, күн шуақты мамыр күнінде біз Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтеміз. Бұл жеңістің мағынасы өте үлкен. Адамзаттың тариxында мұндай сұрапыл соғыс болған емес. Ондаған миллион xалықтың өмірін алып кеткен, қанша қалаларды күйреткен фашизмге қарсы соғыста біздің бабаларымыз үлкен жеңіске жетті. Осы жеңістің арқасында мынадай ашық аспан астында, бейбітшілікте өмір сүріп, балаларымызды, ұрпағымызды өсіріп, мемлекетімізді нығайтып жатырмыз. Осы кездерде 25 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан өркендеп, өсіп-өнуін тоқтатқан жоқ.

Соғыстағы ерлермен қатар тылдағы ел де жеңісті жақындатуға теңдессіз үлес қосты. Қазақстан алғы шептің ең берік арсеналына айналды. КСРО-ның еуропалық бөлігінен қазақ жеріне 220 зауыт-фабрика көшіріліп, 460 кәсіпорын бой көтерді. Тәулігіне 12-14 сағаттан жұмыс істеген еңбеккерлердің табандылығы мен қажыры арқасында Кеңес армиясының керегі түгенделді.

Жұмаш Серікбаев, Тыл ардагері:

– Бригадаға өгізбенен су тасыдым. Онда мен тоғыздамын. Әйелдер 9 мамыр күні суды алып, шашып жатыр. Мен тағы су тасимын ба деп жылаймын. «Соғыс бітті, енді әкелерің, ағаларың келеді. Сен су тасымайсың, оқу оқисың» деді. 

Елдегі ер адамдар түгелге жуық соғысқа аттанғандықтан, өндіріс орындарындағы жұмысшылардың 80 пайызы әйелдер мен балалар еді. Соғыс жылдарындағы барлық қара жұмыс солардың мойнына артылды. Бәрі де жеңіс үшін, Отан үшін еді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Отан қорғаушылар» алаңында гүлшоғын қойып, қаза тапқан бабаларымызға тағзым, тірі жүргендерге ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстан ол кезде 6 миллион xалқы бар мемлекет еді. Оның 1,8 миллионы соғысқа қатысып, тең жартысы майданнан қайтқан жоқ. Қазақстан майданда да, тылда да қолдан келгенше барлық көмегін тигізді. Сондықтан еліміздің бүкіл ардагерлерін, xалқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, аспанымыз әр уақытта ашық болсын дейміз!

Сынаптай сусыған уақыт сұрапыл жылдар салған жарадан жазғандай болды. Қаншама ұрпақ аспаны ашық, азат елде дүниеге келді, өсіп-өнді. Мұның бәрі – қасық қаны қалғанша жаумен арпалысқан батыр аталарымыздың арқасы. Сондықтан оларды құрмет тұтып, бабалар сыйлаған бейбіт күнді бағалау – біздің адамдық парызымыз. 

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков

4. Ардагерлерге құрмет

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, қазір ортамызда 2776 соғыс ардагері мен 158 мыңға жуық тыл ардагері қалыпты. Олар осынау тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқандарына тәубе етеді. Өздерін бақытты санайды. Өйткені бұл күнді көре алмай, жапан түзде жау қолынан мерт болған жауынгер қаншама. 1418 тәулікке созылған сұм соғыс 27 миллион жанның өмірін жалмады. Сол тұста Қазақстандағы халық саны 6,5 миллион болатын. Соның 20 пайызы соғысқа қатысыпты. Олардың жартысына жуығы атамекенге қайта ат ізін сала алмай, арманда кетті. Елінің амандығы үшін жанын пида етті. Мұндай жаужүрек жандарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Кемдік қылмаса, артық болмайтыны ақиқат.

Жеңістің 72 жылдығында ержүрек аталарымыздың ерлігін ұрпақтары еске алып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Еліміздің барлық өңірінде жүз мыңдаған азамат сап түзеп, «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты. Алматылықтардың ерлікті ту еткен ардагерлерге құрметі шексіз. Соғыс жылдары күллі қиындықты қайыспай көтерген еңбек ардагерлері де осында болды.

Жастар майдангер ата-әжелерін ардақтап, бейбіт өмір сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді. «Мәңгілік полкке» бүкіл өңір үн қосты. Бірі ерлікпен қаза тапқан атасының, енді бірі бауырының суретін қолына ұстаған. Әр сурет – өз алдына бір тарих. 

Өйткені батырлар майдан даласында бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін күресті. Ұрпақтары батырдың баласы болғанын мақтан тұтады. Шымкентте «Қаһарман ұлт» атты ұранмен басталған шарада марқұмдардың рухына тағзым етілді.

Шығыстағы ағайын «Сізге бас иеміз» деген атаумен майдангерлерін ардақ тұтты. Қазір өңірде 330 соғыс және 25 мыңнан аса тыл ардагері ғана қалған.

Жетісу мен Сыр өңіріндегі жұрт таңнан бастап тағзым алаңына ағылып, «Мәңгілік алауға» гүлшоқтарын қойды.

Бейбіт күннің ұландары майдан даласын еске салатын әскери қарулармен танысты. Көпшілік жауынгер ботқасынан дәм татты. Мұндай шара – өскелең ұрпақ үшін өнеге.

Бас қалада «Мәңгілік полк» шеруіне қатысқандар саны – 10 мың. Ерлікке тағзым етушілер майдан жылдарындағы әндерді шырқады. Әскери техникалар көптің назарына ұсынылды. Әрбір жауынгердің есімі тарих бетіне батыр ретінде жазылары анық. Ерлік мәңгілік ұмытылмайды.

Айман Әжбенова, қала тұрғыны:

– Осы күнге жеткізген әкемді мақтан тұтамын. Менің әкем – Божатов Күзембай. Осы күнге бәрімізді жеткізген сол кісілер. Мақтан тұтамыз. Келешекте болашақ ұрпағымыз осындай болсын!

Қамбар Сәрсен, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– 1942 жылы 18-ге толмай әскерге шақырды. 1943 жылдың шілде айынан бастап соғысқа қатыстым. Соғыстың соңғы жыл жарымында барлаушы болдым.

Бағила Көшербайқызы, қала тұрғыны:

– Отанымыз үшін ерлік жасаған аталарымыздың суретін көрсетіп шықтық. Бұл кісілердің ерлігі мәңгі өшпейді, өлмейді. 

Арынғазы Балтабаев, қала тұрғыны:

– Әкем соғысты Сталинградта бастап, Румынияда бітірді. Жездем сол Мәскеудің түбіндегі шайқаста болып, Кюнсбергте бітірді.

5. «Батырлар жолымен»

Бұл соғыстың біз білмейтін ашылмаған сыры көп әлі. Шын мәнінде, майданның басталуына не түрткі болды? Біреулер мұны Әмір Темірмен байланыстырады. Неміс әскері шабуылға шығардан бір күн ілгеріде, яғни 1941 жылдың 21 маусымында даңқты қолбасшының қабірін қазған дейді. Сол тұста бір топ ғалымдар «қабірді қазса, қақтығыс басталады» деп ескертіпті. Ал енді екіншілерінің айтқанына сенсек, бұл – Гитлер мен Сталиннің астыртын әрекеті. Тізе берсең, болжам көп. Қайсысы ақиқат? Біліп болмайсыз. Бізге анығы – бұл соғыста қазақтың арлы ұлдары мен арда қыздарының жан аямай, жауға қарсы тұрғандығы. Сол мәртебелі қатарда Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров та тұр. Ол – 22 жасында-ақ «Жас қазақтай» ерлік әнін тудырған ерекше тұлға. Және бір ескерер тұс: батырлықтың нағыз үлгісін таныту үшін оған бұйырған уақыт тым қысқа – 29 күн. Бірақ сол 29 күнде талай фашисті тұншықтырып үлгерді. Өйткені ол өзі айтқандай, ажалдың көзіне тура қарап, кірпік қақпаған. Сонда одан ажал қорқып, ол жеңген. Жау оғы оның жанын алғанымен, оның өр рухы майдан даласында қалып, өзгелердің жігерін жаныды, намысын оятты. Төлеген Тоқтаровтың осынау қайсарлығын қазақ жұрты ғана емес, кешегі Кеңес Одағының көлемі түгел мойындайды. Ресейде бой көтерген бюст – мойындаудың мысалы.

Старая Русса қаласы. Бұл мекеннің табиғаты адам үшін қолайсыз. Жазы жылауық, белуардан батпақ, ал қыста қары қалың, қытымыр аяз. Енді көзіңізге елестетіп көріңіз. 1942 жылдың қысы. 40 градус сарышұнақ аяз. Ал жаудың екпіні одан да қатты, бет қаратпайды. Мәскеуді тезірек басып алуды жеңістің кілті деп білген фашистер Мәскеу түбіндегі ұрыстарға барын салды. Олардың күші әлдеқайда басым еді.

Ася Иванова, «Солтүстік-батыс майданы» мұражайының ғылыми қызметкері:

– Фашистер 1941 жылдың қыркүйек айында Қызыл алаңда жеңіс шеруімен жүріп өтуді жоспарлаған. Бірақ Старая Русса қаласының түбінде олар кідіріп, Қызыл армия әскерінің қарсылығына тап болды. Осы жердегі ұрыстарда 555 мың 425 сарбаз бен офицердің өмірі қиылды. Кейбір деректерде 1 миллионға жуық жауынгер қаза тапты делінген. Гитлерден «тілерсектен қан кешсеңдер де, Старая Русса қаласын бермеңдер» деген тапсырма алған герман солдаттары да аямай ұрыс жүргізді. Себебі Старая Русса қаласы Ленинград пен Мәскеуге апаратын жолдың торабында орналасқан болатын. Жеңіске апаратын жол деп санады. Сондықтан бұл қаланы жаудан азат ету үшін 2 жылға жуық уақыт кетті.

Бұл осы өңірде өткен сұрапыл соғыстың жалғыз куәсі – Солтүстік-батыс майдан мұражайы. Солдаттар киімі, қарулар, жазылған хаттардың бәрі рет-ретімен сақталып тұр. Ал қабырғада Кеңес Одағы батыры атағын алған жауынгерлердің тізімі ілінген. Арасында қазақтан шыққан батыр Төлеген Тоқтаровтың да есімі бар.

Ася Иванова, «Солтүстік-батыс майданы» мұражайының ғылыми қызметкері:

– Төлеген Тоқтаров 1942 жылғы 5 ақпанында жақын маңдағы Нагаткино ауылына бірінші болып келіп, бірден жаудың 7 солдатын жойып, екеуін тұтқынға алған. 7 ақпанда фашистер мекендеген үйге басып кіріп, тағы 5-еуінің көзін жояды. Ал 10 ақпанда ол соңғы шабуыл жасады.

Егер табиғатқа тіл бітсе, үнсіз ғана ағып жатқан Палисть өзені сол сұрапыл күндер туралы біраз күңіренер еді. Дәл осы жерде осыдан 75 жыл бұрын атақты Панфилов дивизиясының жауынгерлері фашистермен кескілескен ұрыс жүргізді. Дәл осы жерде қазақтан шыққан батыр Төлеген Тоқтаров ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Дәл осы жерде небәрі 22 жасында жаумен жалғыз алысқан автоматшы Төлеген елуге жуық жауды жер жастандырған деседі.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Төлеген Тоқтаров туралы әрбір қазақстандық білмеуі мүмкін. Ал жергілікті халық ол туралы сағаттап айтуға бар. 8-атқыштар дивизиясының автоматшысы, 23 жастағы Төлеген Тоқтаров дәл осы жерде 1942 жылдың 10 ақпанында ерлікпен қаза тапты.

Кеңес Одағының батыры осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр. Жергілікті жұрттың Төлеген Тоқтаровқа деген құрметі ерек.

Юрий Будулев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Кеңес Одағының батыры  бұл оңай келген атақ емес. Қатардағы Қызыл әскердің мұндай атақ алуы – үлкен ерліктің белгісі. Себебі қанша қиын уақыт болса да, ол кезде атақ та, даңқ та тектен-тек үлестірілмейтін.

Бұл – «Майдан жолы» іздестіру жасағы. Еуразиялық топтың демеуімен құрылған бұл жасақ осымен тоғыз жыл жер жастанған солдаттардың сүйегін іздестіріп жүр.

Ерсін Қамкен, «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшесі:

– Олардың көбі оралған жоқ. Кейбіреуі тіпті белгісіз. Соларды табу, арулап жерлеу – біздің азаматтық борышымыз, парызымыз.

Міне, тағы бірі табылды. Белгісіз солдат. Мейлі аты-жөні жазылмаса да, ерлігі айтылмаса да, олардың бәрі біз үшін батыр. 

Александр Шитов, «Майдан жолы» іздестіру жасағының жетекшісі:

– Шұңқырдан минаның артқы ілмегі табылды. Демек біз қазір тауып алған солдат осы жарылғыш заттан қаза тапқан деп тұжырымдауға болады. Іздестіру жұмысының барысында қару-жарақ түрлері, жауынгерлердің тамақ ішкен ыдыстары да табылып жатады.

«Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобасының аясында Қазақстан, Ресей және Украина жерінде қазақстандық жауынгерлерге 12 ескерткіш қойылды. Бұл жолы Төлеген Тоқтаровтың бюсті Старая Русса қаласында ашылды.

Болат Оразов, қордың атқарушы директоры:

– Шынын айтқанда, бұл - тарихи оқиға. Елбасы да жастарға патриоттық сезім тәлім-тәрбие беру керек деп айтып жатыр ғой. Бұл акция – соған дәлел.

Шығыс Қазақстаннан шыққан батырдың ескерткішінің ашылуына қала тұрғындарының тай-тұяғы қалмай жиналды. Соғысты мектеп оқулығынан естіп өскен бақытты ұрпақ та, соғысты көзі көрген ардагерлер де келді. 

Николай Гец, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Ол күндер шынымен ауыр еді. Старая Русса маңындағы шайқастарда ерен ерлігімен көзге түскен 36 жауынгерге Кеңес Одағы батыры атағы берілді. Соның екеуі – қазақстандық. Мен өзім де Қазақстанда әскер қатарында болдым, кейін Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында партия қызметінде болдым.

Оған арнап өлең жазылды, оған арнап ескерткіш ашылды, оның атында көше де бар. Бұл мекеннің тұрғындары қазақтың батыр ұлы Төлегенді ұмытпайды. Мейлі 70 жыл, 100 жыл өтсін соғыстың салған жарасы жазылмайтыны секілді, ешкім де, ешқашан ұмытылмайды. Анығы осы.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин

6. «100 жаңа есім»

Батыр бабалардың ерлігі – бүгінгі буынға шамшырақ. Тағзым етіп, тағылым алады. Мейлінше молынан сіңірсе, жақсылық жолынан күтеді. Ал жақсылыққа жақын жүретін қазіргінің адамы қару ұстап, қан майданға шықпай-ақ, қаламмен де өзінің қарым-қабілетін таныта алады. Рухани жаңғыру аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының да жайы осы. Жақсының жақсылығын айту арқылы өзгелердің жан тілеуін өзгерту. Сонымен «100 жаңа есім» жобасына кімдер енуі тиіс? Бұл мәселе күні кеше бас қалада жұмыс тобының басқосуында талқыланды. Жиында тізімге түрлі саланың тізгінін ұстаған табысты мамандар, жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі жандар, тіпті бала тәрбиелеуде үлгі боларлық әкелер кіруі керектігі айтылды. Үміткерлерді іріктеуде барлық аймақтар қамтылмақ. Осы ретте отандық сайттардың бірінен «Қазақстанның бет-бейнесі болғым келеді» айдарын ашу жоспарланып отыр. Жалпы, жобаға қатысты ұсыныстар 5 маусымға дейін қаралмақ.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– «Қазақстанның жаңа есімдері» атауының өзі айтып тұрғандай, біз қоғамға танылып үлгерген адамдарды ғана насихаттамай, жаңа есімдердің бұқараға танылуына септігін тигізуіміз керек. Арамызда мұндай адамдар бар. Біреуі қайырымдылықпен айналысуы мүмкін. Екіншісі жетімдерге қамқорлық жасайтын шығар. Жобаға қатысушылардың әрқайсысы, ең алдымен, қазақстандықтарға үлгі бола білуі шарт.

7. Төртінші өнеркәсіптік революция

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айрықша мән берілген мәселелердің бірі – білімнің салтанат құруы. Оның сыры айқын. Егер біз құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоймасақ, табысқа жетуіміз екіталай. Өйткені өмір өзгерді. Ол – жүйрік. «Озық» деп тұрғаның он минуттан соң «тозық» болуы әбден мүмкін. Қазір адамның емес, адамның ақылымен жасалған роботтардың дәурені жүріп жатыр. Солар бәрін басқарады, солар бәрін жасайды. Яғни баяғы құлиеленушілік қайта оралды. Тек темір түрінде. Енді бұрынғы бойға сіңген есепші, заңгер боламын деген армандар сол арман күйінде қала беретін сыңайлы.

Жақында жаңалық шықты. Ресейлік банктердің бірінде есепші мен заңгердің орнына робот орнатыпты. Ол ұзақ ойланбайды, ұйқы, жалқаулық, оңай олжа дегенді білмейді. Бәрін заң негізінде бұлжытпай орындайды. Бастысы, энергия тапшылығы туындамаса болғаны. Есесіне ұзақ ойланатын, ұйқы мен оңай олжаны жаны қалап тұратын мыңдаған қызметкер жұмыссыз қалған. Бұл үрдіс бізге де көп ұзамай келеді. Сонда сан соғып қалмас үшін не істеу қажет? Жаңа заманда қандай мамандықтарды игерген абзал?

Әлемде мамандық пен білім нарығындағы жағдай тұрақсыз. Технология үздіксіз қарыштап өсіп келеді. Уақыт өте дәстүрлі мамандықтарға сұраныс азайып, жаңа маман иелері пайда болуда. Нағыз бәсеке қызған шақ. Себебі заманауи кәсіптен бөлек адамдарды алмастыратын роботтар қаптады. Бұрын оларды тек кинодан көретінбіз...

Адам қолымен жасалған роботтар тек көңіліңізді көтеріп қана қоймай, алып өнеркәсіптерде қара жұмыс күшін алмастыруға қауқарлы. Демалыс сұрамайды, шаршамайды. Қытайдағы зауыттардың көбі жартылай осы тәртіпке көшкен. Бұл әсіресе тұрмыстық техниканы құрастыратындарға өте қолайлы.

Ал Жапонияда керек десеңіз, ауырғанда науқасты бағып-қағатын роботтар бар. Дені жекеменшік емханаларда. Операциядан шыққан адамға ерекше күтім жасайды. 

Ал бізде ондай роботтар некен-саяқ. Дегенмен оңтүстіктегі ағайын ауыл шаруашылығы саласында игілігін көріп жүр. Қарапайым сауыншыны алты құлтемір алмастырған. Әр сиыр тәулігіне 16 литр сүт береді. Жұмысшылар тек сырттай бақылайды.

Сандық технологиялардың дамығаны соншалық, фантастикалық оқиғалар шынымен өңімізде болып жатыр. 3D принтердің көмегімен қалаған жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әлемде осы озық технология бойынша үй салушылар көбейді. Ғимараттардың күрделі өлшемдерін 100% дәлдікпен істейді. Ең күрделі деген заттардың құйма пішінін жасау оңай. Пластикпен қатар металды қолдану үрдіске айналғалы қашан.

Алтай Жақатаев, Назарбаев Университетінің ғылым және технология мектебі департаментінің қызметкері:

– Қазіргі уақытта «Боинг», «Лохит» секілді үлкен компаниялар ұшақтар мен зымырандардың өте қиын бөлшектерін сол металдан 3D принтер арқылы шығарып жасайды.

Бұдан ұққанымыз кез келген бұйымның көшірмесін принтер арқылы істеу қиын емес. Алтай Жақатаев ғылыми мектепте студенттермен түрлі тәжірибе жасайды. Қолданылған материалдарды қайта өңдеуге мүмкіндік мол. Озық технологияның көмегімен қазірдің өзінде донор тапшылығын жою көзделіп отыр. Адам өмірін әлдеқайда жеңілдететін салалар мұнымен бітпейді.

Ғалымдардың есебінше, алдағы 10-15 жылда болашақтың мамандықтары өзгелерін ығыстырады. Бірқатарын атап өтсек: «Сити фермер» – қаладағы көпқабатты үйлерде көкөніс өсіретіндер. Молекулалық диетолог жеке адамның физиологиялық ерекшелігін зерттеп, әдемі қартаюдың қыр-сырын үйретеді. Дәрігерлер виртуалды ғаламтор арқылы науқасты қабылдап, кеңес береді. Ғарыштық гидтер көкке ұшқан туристерге ауадай қажет. Үй роботтары ұсақ-түйек істерге көмектеседі. Бірі ыдыс жуса, екіншісі еден сыпырады. Виртуалды әлем дизайнері әмбебап болуы шарт. Соңғысы – табиғи ортаны жаңғыртушы инженер. Табиғатты таза қалпына келтіруге жауапты.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Робот немесе автомат жұмыс істейтін болса, өндіріс саласындағы көптеген маман жұмыстан босатылуы мүмкін. Екінші жағынан қайта сол өндірістерге жаңа сандық технологияларды қолданған соң жоғары білікті мамандар қажет болады.

Рас, таяқтың екі ұшы бар. Министрлік елімізге қажетті мамандықтар тізімін әзірлеп жатыр. Елбасы мақаласында еңбек саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Біздегі тапшы немесе басы артық мамандықтар туралы деректер анықталмақ. Кәсіпорындар білікті маман таппай қиналса, жүз мыңдаған отандасымыздың дипломы болғанымен, білімі сәйкес келмейді.

Нұрпейіс Сыздықұлы, «Назарбаев» зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Механикалық инженерия тек химиялық индустрияда ғана емес, ол білімді көп жерде пайдалана аласың. Себебі механикалық инженерлер компьютер және басқа да медицина саласында әртүрлі материалдар жасайды.

12-сыныпты аяқтайтын Нұрпейістің таңдауы – механикалық инженерия. Білімді өрен қашықтықтан сынақ тапсырып, таңдау Нью-Йорк университетіне түскен. Негізгіден бөлек қосымша мамандық алуға мүмкіндік бар. Ол – профессорлармен бірлесіп, ғылыми зерттеу жүргізу.

Нұрпейіс Сыздықұлы, «Назарбаев» зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Қазақстанның потенциалы өте үлкен. Біздің жер байлығымыз өте көп. Адамымыз да өте ерекше. Барлығы еңбекқор және осы химиялық индустрияны, не болмаса басқа да индустрияны фармацевтика жағында дамытқым келіп отыр.

Аграрлы Қазақстанда биотехнология – кенжелеп қалған саланың бірі. Еуразияның наубайханасына айналу үшін осындай мамандарға зәруміз. Түлектер шешім қабылдарда ұстаздарымен кеңесіпті.

Сымбат Құттыбай, «Назарбаев» зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

– Азық-түлік өнімдерді сапамен және көп мөлшерде алу үшін биотехнология қажет.  Табиғи жолмен жұқпалы вирустық ауруларды жоюға бағытталған өнім алуға жол ашады. Үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан ол экономикалық жаққа да пайдалы деп ойлаймын.

Бүгінде кәсіп ауыстырумен ешкімді таңғалдыруға болмас. Еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеріп отыр. Инновация, технологияның дамуы болашақта кей мамандықтардың керексіз болып қалуына әсерін тигізеді. Мәселен, АҚШ-та роботтар өндіріс жұмысының 10%-ын атқарады. Көршілес Ресейде жағдай осыған ұқсас. Ірі банктердің бірі құлтемірдің көмегіне жүгініп отыр.

Жойылып кетудің алдында тұрған кәсіптер – мәліметтерді өңдеуге қатысты қызметтер. Айталық, пошта қызметі. Оған жүгінетіндер қазір өте аз. Қолмен хат жазатындар сирек. Көбіне сот пен банктердің хаттарын тасып жүр.

Торғын Шүкеева, пошташы:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл – менің өмірім. Байланыс техникумын бітіргенмін. Қайтадан өмірге келсем, тағы осылай жасар едім. Оңай жұмыс емес. Бәрін тек қана қолмен сұрыптаймыз. Бұл – адами фактор. Сосын тиісті жерге жеткіземіз.

Пошташының осы салада тер төккеніне 30 жылдан асты. Қысы-жазы ауа райына қарамастан, міндетіне адал. Мінсіз атқаруға әрдайым әзір. Бұрын байланысшы қызметі мәртебелі еді. Қазір оның орнын цифрлық технология басты. Қаптаған сым-темірдің орнын бір ғана құрылғы алмастырды. Басқаша айтсақ, бүгінгі еңбек интеллектуалдық сипат ала бастады. Жүргізушісіз басқарылатын көлік – соның дәлелі. Жаңа заманда еңбек ету күнкөріс көзінен адам өмірінің мақсатына айналған. Цифрлы дәуір болашақ мамандардан икемділікті талап етеді.

Расул Ахметбеков, «Назарбаев» зияткерлік мектебінің мұғалімі:

– Оқушының дағдысын көтеру. Өйткені математика жағынан қарайтын болсақ, ол жаңағы сыни тұрғыдан ойлау және математиканы жай ғана формула ретінде білу емес, оны қолдана білу, өмірде көре білу, сезіне білу және онымен жұмыс істеу.

Әлемдік білім беру саласының қазіргі ерекшелігі – балаларды аз оқытып, өз бетінше үйренуіне бейімдеу. Себебі білім беру жүйесі әрбір адамның еңбек нарығында өз орнын табуға септігін тигізуі шарт. Адамзат орасан зор технологиялық өзгерістер дәуірінде тұр. Бұдан шығатын қорытынды – адамның бір рет білім алғаны жеткіліксіз. Бұл процесс үздіксіз болуы шарт. 

Авторлары: Әсем Қабылбек, Еркебұлан Тілеуқазы, Бекболат Базаров

8. Бірінші байлық...

Қытайдың ең бай адамы Джек Маның «Алдағы 200 жылда адамзат 200 жасқа дейін өмір сүруі ықтимал» деп айтқаны бар. Әлемдегі технологиялық дамуға қарасаң, шындық тәрізді. Ал елдегі фармацевтика нарығына көз жүгіртсең, көңілде күдік ұялайды. Қазақстандықтар жыл сайын 366 миллиард теңгеге дәрі сатып алатын көрінеді. Оның 37 пайызы ғана өзіміздің өнім, ал қалғаны қыр асып келеді. Қыр асып келгеннен кейін құны да сәйкесінше құбылады. Анығы, құбылтады. Сол «құбылтып жүргендерді» жүгендеу жөнінде Мемлекет басшысы жаңа министрге тапсырма берген. Содан соң жағдай біршама жақсарғандай. Дегенмен бағаны көріп, бас айналу әлі де жалғасып жатыр. Алайда «қалтам көтермейді» деп қарап отырмасыңыз айдан анық. Дәрі қымбат болса да, алу керек. Себебі денсаулық одан да қымбат. Әйтеуір бір-біріне жіпсіз байланған тіршілік. Кеше осы мәселеге қатысты парламенттік тыңдау өтті. Нәтижесінде дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың жаңа жүйесі енгізілетін болып шешілді. Ол қандай жүйе? Баға мен сапаға қалай әсер етпек? 

Дәрі-дәрмек нарығындағы күрмеулі мәселелер Парламентке жетті. Халықты мемлекет есебінен кепілдендірілген тегін дәрімен қамтуда тапшылық неге жиіледі? Отандық фармацевтиканың жай-күйі қандай? Бұл түйткілдерді талқылауға қос палатаның депутаттары, Үкімет пен бизнес өкілдері және шетелдік сарапшы мамандар қатысты.

Серғазы Әдекенов, «Фитохимия» халықаралық өндірістік холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:

– Фармацевтиканың жай-күйін талдау ешбір елде дәл осындай парламенттік деңгейде қаралмаған. Жоғары деңгейде парламенттік тыңдау арқылы талқылап, саланың дамуына үлкен қолдау жасалуы бірінші рет.

Франс Стоббелаар, Дәрі саясаты жөніндегі халықаралық сарапшы (Голландия):

– Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы мақсат қойды. Сондықтан елдегі денсаулық саласына күрделі өзгерістер енгізілуі керек.

Отандық фармацевтиканың қауқарынан гөрі келешекке жоспары ауқымды. Біздегі нарық 458 млрд теңгеден асыпты. Соңғы 10 жылда оның көлемі 7,2 есеге өскен. Бірақ импортқа тәуелділік әлі де басым. Елдегі дәрінің 70 пайызы шетелден әкелінеді. Әзірге бізде 51 кәсіпорын дәрі-дәрмек шығарады. 2014 жылы отандық препараттар үлесін 50 пайызға жеткізу жоспары қойылған. Бірақ орындалған жоқ. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Қазіргі уақытта фармацевтика саласының басты міндеті – өндірістік қуатын ұлғайту арқылы фармацевтикалық өнімдердің импорттық алмастырылуына жағдай жасау және GMP халықаралық стандарттарына сәйкес қазіргі заманғы технологияларды енгізу. Қазір Қазақстанда 12 отандық кәсіпорын, 17 өндірістік алаң бар.

Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – мемлекет есебінен кепілдендірілген әлеуметтік дәрінің тапшылығы. Әлеуметтік санаттағы дәрілік заттар медициналық амбулаторлық көмек көрсетуде – 52 пайыз, стационарлық емдеуде 48 пайыз көлемінде қамтылады. Тұрғындар кейбір аурулар мен санаттар бойынша 400-ден астам дәрілік препаратты тегін алады. Бірақ халықтың сол көмекке қолы жетпей, керек емін ала алмай қалатын кезі көп.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:

– Біздің ұйымда жедел желі жұмыс істейді. Оған хабарласқан азаматтардың 49-59 пайыздайы дәрімен қамтуға қатысты арыз-шағымын жеткізген. Оның 70 пайызы дәрі қолжетімсіз, бағасы тым қымбат десе, қалған бөлігі кепілдендірілген тегін дәрінің жоқтығын айтқан.

Бекітілген тізім бойынша халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмекті бірыңғай жеткізуші – «СК- Фармация» компаниясы. Отырыста оның қызметіне айтылған сын да, ескерту де көп болды. Ал министр Біртанов тегін берілетін препараттар тізімін ұлғайтамыз деп уәде берді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Тегін беріліп жатқан дәрі-дәрмектің тізімін кеңейтуіміз керек. Оған себеп – мемлекеттің шығыстарын стационарлық емге жіберу.

Дәріханадағы баға нарығы да құбылмалы. Күн сайын шарықтап барады. Татьяна Сұлтанова қан қысымын қалыпта ұстайтын дәріні күн сайын қабылдауы керек. Бірнеше жылдан бері тегін алатындар тізімінде. Сәуір айында қажетті дәрісі тапшы болғандықтан, сатып алуға тура келген. 2 жыл бұрын 2 мың теңгеге сатылған оның бағасы екі есеге қымбаттаған.

Татьяна Сұлтанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Емхана наурыз айында мен ішетін дәріге ұқсасын жазып берген, ал сәуірде тіпті ала алмадым. Қанша рет қоңырау шалсам да, «жоқ» деп жауап береді. Көршілес Орынбор қаласында бұл дәрі 2-3 есе арзан тұрады екен. Енді сол жақтан алдыртамын.

Мамандардың айтуынша, өткен жылы шетелден алынатын дәрілер 40-50%-ға қымбаттаған. Бұл саладағы баға нарыққа тәуелді. Бірақ дәрі-дәрмекті ақша жасаудың көзіне айналдырғандар көбейген. Тіпті қарапайым халыққа жеткенше 45 есеге көтеріледі. Мәселен, қант диабетіне емдік дәрі Ресейдің Орынбор қаласында 8 жарым мың теңге, ал бізде 17 мың теңгеге сатылады. Парламенттік тыңдауға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазір өңірде арнайы комиссия құрылып, дәріханаларды тексеруге кіріскен. Ал 106 дәрінің бағасын өсірмеу туралы келісім бекіген.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Облыста бір дәрі бір бағамен алынса, келесі облыста ол дәрі екі-үш есе қымбат. Кейбір жерде тіпті 4-5 есе қымбат. Ол түгіл бір қала, бір орамның өзінде 4-5 дәріханаға кірсеңіздер, осындай әртүрлі бағаларды көруге болады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазіргі күнде экономикалық мәселеге байланысты, мысалы, Ресей немесе Беларусь мемлекетінде халықтың санына, экономикасына байланысты олардың дәрі-дәрмек бағасы өте төмен. Біздің отандық өндірушілер үшін бұл қиын жағдай. Кейбір жағдайда дәрі-дәрмектің бағасы жоғары болып шығады. Жалпы қазіргі күнде дәрі-дәрмек бағалары төмендеп келе жатыр. Ары қарай да бұл үрдіс жалғасын табады деп сенеміз. 

Министрдің айтуынша, «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтуда пәрменді шаралар қолға алынады. Барлық проблеманы шешу жолдары 5 топқа жіктелген. Дәрі өндірушілердің бағасын тіркеу жүйесі енгізіледі. Бірақ барлық дәрілік заттарға шекті бағаны белгілеуде реттеу құзыретіне өзгерістер енгізу керек. Тағы бір жаңалық, дәрілік препараттың өндірушіден емделушіге дейінгі әрбір қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған жүйе пайда болады. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы дәріханалар жаңа стандартқа көшеді. Барлығында тұтынушыларға кеңес беретін дәрігердің бөлмесі болуы шарт. Бүгінде елімізде 8063 дәріхана болса, солардың 1 жарым пайызы ғана сол талапқа сай жұмыс істей алады. 

Марина Дурманова, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті:

– Жаңа талап көп шығынды қажет етеді. Оған уақыт керек. Сондықтан, құрметті депутаттар, мені қолдауларыңызды сұраймын. 2021 жылдан бастап жаңа стандартты қабылдауға дайын боламыз.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Парламент, Үкімет пен бизнес және азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылардың бірлесе талқылауы арқылы Елбасы жүктеген міндеттерді тиімді атқаруға болады. Салауатты өмір салтын ұстану мен өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарау ең маңызды ұстанымға айналуы тиіс. Бұл саладағы көп мәселенің шешімі енді жаңа заңмен реттелмек. Құжат жобасы алдағы күзде Мәжілісте қаралады. 

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Гүлжан Марқабаева, Достық Талғатұлы, Серік Қоңырбаев 

9. Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?

Біздің елде фармацевтиканы дамытуға мүмкіндік мол. Оны табиғаттың өзі тарту еткен. Тек тілін түсінбейміз бе, әлде байыбына бармаймыз ба, әйтеуір іске келгенде іркіліс бар. Мәселен, ақбөкенді алайықшы. Оның еті де, мүйізі де ем. Одан Қытайда түрлі дәрі-дәрмектер жасайды. Мүйіздің бір келісі – шамамен 5-6 мың доллар. Осыдан-ақ оның қандай бағалы дәрі боларын бағамдай беріңіз. Өкініштісі, ақбөкеннің бұл қасиетін керегімізге жаратпай, керісінше жабайы жолмен қырып сап, қыр асырып жатырмыз. Сөйтіп, қызығын өзіміз емес, өзгелер көруде. Салдарынан жезкиік біздің жаққа жоламай кетті. Адал жануар адамнан шошыды. «Жойылуға жақын қалғанда жоғары мінберден бұйрық беріліп, бақылау күшейді. Соның нәтижесінде жануар басы жыл санап көбейіп келеді», – дейді мамандар. Киіктің бір кереметі – мамырдың 10-ы мен 15-і аралығында жаппай төлдейді. Бұл – бұлтармайтын заңдылық. Тек екіаяқтылар төрт тұяқтының тыныштығын бұзбаса...
 
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
– Бір кездері Батыс Қазақстан облысында 500 мыңдай киік болған деседі. Киіктің көптігі сонша, егістер мен жайылымдарды қору үшін кеңшарларда оларды қуып, тіпті етін өндірістік мақсатқа арнайы пайдаланған. Айналғанда адамдардың ашкөздігі салдарынан жарты миллион киіктің жаңа ғасырға 6 мыңы ғана аман жетті. Бұлай кете берсе, келер ұрпақ киікті тек кітаптан көрерін түсінген Үкімет 2003 жылы арнайы қаулы қабылдады. Нәтижесі жаман емес.

Өткен жылғы санақ еліміздегі барлық киіктердің 70 пайызы Орал өңірінде екенін көрсетті. Биылғы санақ нәтижесі әлі шыққан жоқ. Болжам бойынша бөкеннің басы 100 мыңнан асады.
 
Алексей Грачев, ҚР БҒМ Зоология институтының зертхана меңгерушісі:
– Батыс Қазақстан облысындағы киіктерді тікұшақпен санауға 50 сағат бөлінді. Барлық аумақты аралап, ұшып шықтық. Киіктердің көбейіп келе жатқанын көрдік. Бірақ нақты санын мамырдың соңында мәліметтерді толық өңдеп болғасын айтамыз.

Еділ мен Жайық арасынан өзге елімізде киіктердің тағы екі популяциясы кездеседі. Үстірт және Бетпақдала. Соңғысы саны жөнінен әркез алда тұратын. Алайда осыдан екі жыл бұрын пастереллёзден 300 мың бөкеннің басым бөлігі баудай түсті.
 
Киіктердің жаппай қырылуы 2010 жылы Батыс Қазақстан облысында да кездесті. Ол кезде 25 мың бөкеннің жартысынан көбі төлдеген бойда тұяқ серпіген еді. Осыны ескере отырып, биыл жан-жақтан мамандар шақыртылды. Олар киік төлдейтін жердегі топырақ пен су құрамын, өсімдіктерді зерттеп, түрлі індет қоздырғыштарының бар-жоғын анықтауда.
 
Аслан Керімбаев, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ қызметкері:
– Қан сынамаларын алу және бұрынғы өлген сүйектердің астынан топырақ алу, оларды сібір жарасына зерттеу. Басқа да аурулар бар. Аусыл ауруына да зерттейміз. Айта берсек, ашатұяқты мал болған соң ондай аурулар көп.

Облыста киіктердің жаппай төлдеуі мамырдың 8-і басталыпты. Бұл кезде текелері бөлек кетіп, ешкілері бір жерге жиналады. Бәрі бір мезгілде, бас-аяғы 4-5 күннің ішінде туып болады. Биыл олар Оралдан 440 шақырым жердегі Қараоба мен Борсы ауылдарының аумағын таңдапты. Мылтық дауысын ұмыта бастағаны болар, әлде лақтарына алаңдайтын шығар, адамнан аса аулақ кетпейді. Шамамен бір шақырымдай жерден қарайлап қойып, жайыла береді. Ал олардың кеткен жерлерінде лақтары толып жатыр.
 
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
– Киіктің лағын құралай деп атайды. Жаңа туған кезінде олар өте дәрменсіз. Көздері мөлтілдеп, тырп етпестен сағаттап жатады. Ал үстері кеуіп, аяқтанғаннан кейін жаяу қуғанға жеткізбейді. Оны менің қолымдағы бөкеннің бөбегінен де байқауға болады.

Құралайдың жауы көп. Түлкі, қарсақтарды айтпағанда, шағалаға шейін қожайын. Шағала мен бүркіттер төлдің көзін, миын шұқып тастайды. Дегенмен киік мамонтпен дәуірлес, табиғатпен біте қайнасып кеткен ежелгі жануар ғой. Оларға жем болмау жолдары да бар. Киік өз төлін ашық жерге туады. Топырақ түстес боп жатқан лақтарды үстінен түспесе табу қиын. Әрі мамандардың бақылауынша, киік төлдейтін уақытта сол күндері міндетті түрде жаңбыр жауады. Сонда суға малшынған жыртқыш құстар ұшуға шамасы келмей, қанатын кептіріп отырады. Ол да рас шығар, біз барғанда аспанды қара ала бұлттар торлап тұрды. 
 
Альберт Сәлімғариев, Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығының қызметкері:
– 2009 жылдан бері осы киіктерді зерттеп келе жатырмыз. Соңғы 3 жылда өмір сүру ұзақтығын білу үшін сырға тағып жүрміз. Ал ересектеріне спутниктік бау тағамыз. Сол арқылы олардың миграциясын бақылаймыз. Пайдасы жоқ емес. Мәселен, спутниктік телеметрия арқылы Ырғыз-Торғай резерватының оңтүстік жағында киіктердің көбірек жүретінін дәлелдеп, резерват аумағының ұлғаюына атсалыстық.

Қауымдастық қызметкерлері төлдердің салмағын, бойын өлшеумен қатар егіз-үшемдерді анықтайды, жынысын нақтылайды. Биыл еркек лақтар көп екен. «Бұл – текелердің азайып кеткенінің көрінісі», – дейді олар. Текелердің кемуіне браконьерлердің көбеюі себепші. Бүгінде киіктің киесінен қорықпайтындар көп. Егер өткен жылы 22 қылмыстық іс қозғалса, осы жылдың 4 айында 14 заңбұзушылық тіркелген. Оларға тосқауыл қою үшін «Охотзоопром» мекемесінің материалдық техникалық базасы айтарлықтай күшейтіліп отыр.
 
Қайрат Қадешев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:
– 20 инспектор болған еді, қазір тағы 10 адам қосылып, 40-қа жетті. Техникалық базада 16 техникасы бар, қыста 8 қаршана тартылды. Енді бір айтатын жағдай, маусым айының аяғында осы комитет тарапынан жыл бойы тұрақты түрде әуеден қорғау жұмыстарына тікұшақ пен ұшақ тартылады деп жоспарланып отыр. Бұл енді киіктердің өсіміне өз әсерін береді деп ойлаймын.

Болашақта облыс аумағында арнайы резерват құрылмақшы. 2014 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың негіздемесі жасақталған еді.
 
Қайрат Қадешев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:
– Бұл жұмыс комитет тарапынан жоспарланып отыр. Болашақтың еншісінде Бөкейорда резерватын ашу тұр. Ол кезде 4 аудан бойынша 653 мың гектар бойында резерват ашылып, 78 адам жұмысқа тартылады және киік қорғау жұмыстары, тек киік емес, Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдік түрлері де қорғалады.

Дегенмен техника мен адам саны қаншалықты көбейтілсе де, киік қорғау жұмыстары 100 пайыз нәтижелі бола қоярына күмән бар. Себебі заң солқылдақ, жаза жұмсақ. Айыппұл төлеп, бостандығы шектелумен құтылып жүр көбі. Және алыстан арнайы келетін браконьерлер мен ел ішіндегі телі-тентекті былай қойғанда, киік атуға, мүйіз сатуға құныққандардың арасында құқық қорғау қызметкерлері мен түрлі дәрежедегі билік өкілдері де бар. Тіпті «Охотзоопромның» инспекторлары да айыптылар орындығынан табылыпты.
 
Дәурен Тәжіғалиев, БҚО Табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры:
– Былтыр Бөкейорда учаскелік полиция инспекторы Әшімов ұсталған болатын. Оның көлігін тексеру барысында 14 киік мүйізі табылған болатын. Қазіргі таңда Жәнібек аудандық сотымен Әшімовке 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған болатын. Тергеу барысында «Охотзоопром» қызметкерлері сол осы браконьерлікке қатысы бар екені анықталып, олар Әшімовпен бірге сотталды. Бұдан басқа Орал-Атырау жолының бойында Жаңақала ауданы полиция қызметкерлері ұсталған еді.

68 жастағы Сәбит Сариев – Қазталов ауданы Қошанкөл ауылының тұрғыны. Ұзақ жыл агроном болған. Кезінде киіктер қанша көп болса да, атпайтын едік. Қазір елдің пиғылы өзгеріп барады. Оңай олжа іздейтіндердің обалды ойламайтыны өкінішті дейді ақсақал. 
 
Сәбит Сариев, Казталов ауданының тұрғыны:
– Ол уақытта қазіргідей мүйіз, теріге ешкім қызықпайтын да, алмайтын. Кейде бригадаға бір киік аламыз, ол бригада қуырдақ жасайды. Қазір естимін, жігіттер айтып келеді. Бөгет дейтін алыс бригада болды. Сол жақта қазір тұрғындар мал бағады. Жануарлар толып жатыр дейді. Тіпті ішінде тірілері бар дейді. Тек мүйіздерін кесіп алып кеткен. Обал ғой... Және де кілең текесін атып алады. Мысалы, отарда 400 бас киіктің ішінде келесі жылы төл болуы үшін ең болмағанда 50 теке жүруі керек қой... Оның бәрін атып алғасын төл бола ма?

Елдің естілері қиырына көз жетпейтін қазақ даласының асыл атрибуты ақбөкендер деп біледі. Ал осы киелі жануардың көз жасына қалмай, аман сақтау қоғам парызы болса керек. 
 
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов