Жеті күн 30.09.2017
1. Елбасының жұмыс аптасы | 2. Сот саласындағы әріптестік | 3. Цифрлық Қазақстан |
4. Міндетті медициналық сақтандыру | 5. Дөңгеленген дүние | 6. Латын әліпбиіне көшу |
7. Баспаналы болашақ | 8. Рухани жаңғыру |
1. Елбасының жұмыс аптасы
25 қыркүйекте Кремльден Ақордаға қоңырау соғылды. Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімеге бірнеше маңызды мәселе арқау болған. Атап айтар болсақ, екі ел басшылары өзара ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен болашақ дамуы жайлы ой тарасты. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті оқиғаларды талқылады.
Ресей Президенті осыдан 15 күн бұрын өткен Астана процесінің алтыншы кездесуін тілге тиек етіп, келіссөздің табысты аяқталуымен құттықтады. Және Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Шамдағы шайқасты реттеу үшін Ресей жағынан атқарылып жатқан шаралар жайынан құлағдар етті. Тараптар тірескендерді қайта табыстыруда Астана процесін жалғастырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, президенттер алдағы уақытта болатын кездесулер кестесіне көз шалды. Соның ішінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне дайындық барысын пысықтады. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыты бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Осы әңгімелесуден кейін Елбасы Германияның Федералдық канцлеріне жеделхат жолдады. Нұрсұлтан Назарбаев Ангела Меркельді Христиан демократиялық одағының Германия Бундестагына сайлауда жеңіске жетуімен құттықтады.
Мемлекет басшысы сайлау қорытындылары Федералдық канцлердің әлеуметтік-экономикалық саясатына неміс халқының қолдау көрсетіп отырғанының жарқын мысалы екенін атап өтті. Қазақстан Президенті Ангела Меркельдің халықаралық беделіне тоқталып, оның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
«25 жыл ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы достық қарым-қатынас жоғары деңгейге көтерілді. Елдерімізді жақындастыруға септігін тигізген бірлескен жобаларды табысты іске асыруға Сіздің зор үлес қосқаныңызды атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.
Елбасы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады. Сала тізгіншісі Жоғарғы Бас қолбасшыға министрлік жұмысының нәтижелері жөнінде мәлімдеді.
Атап айтсақ, «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының қорытындысы туралы баяндады. Жиынды өткізу барысында өңірлік қолбасшылықтың әскери барлау-басқару жүйесі қолданылған. Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде министр Президентке есеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қарулы күштердің жағдайы мен қару-жарақ алудың жағдайы төңірегінде әңгімелесейік деп шақырдым.
Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс Министрі:
– Бүгінгі таңда қорғаныс саласы жоспарға сәйкес қызмет етіп жатыр. Барлық талап толықтай орындалып отыр. Әскери жедел жаттығулардың сапасы артты. Өткен аптада біз үлкен ауқымды оқу-жаттығу шарасын аяқтадық. Оған шамамен жеке құрамның 10 мың сарбазы қатысып, 4 бағытта жұмыс атқарылды. Жалпы алғанда әскерилер жақсы нәтиже көрсете білді. Бірақ ең бастысы – бұл жерде жаңа техниканың қолданылуы. Бұл тұрғыда біз ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен «Арланды» қолдандық.
«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының президенті Шигео Катсу да Елбасы қабылдауында болды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев: «Отандық ғылымның қарыштап дамуына жағдай жасалды, енді қарекетті күшейту қажет», – деп сөз қайырды.
Расында Назарбаев Университетінің аты аз ғана уақытта төрткүл дүниеге түгел тарады. Осыдан 7 жыл ілгеріде алғашқы студентін қабылдаған оқу ордасынан бүгінде мыңдаған түлек ұшып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Дегенмен алда атқарылар жұмыс әлі де жетерлік. Осы орайда Мемлекет басшысы ғылыми зерттеулерге жүйелі мемлекеттік қолдау ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтіп, жас ғалымдарға жағдай жасау үшін бірқатар шараны қолға алу керектігіне тоқталды. Бұл ретте ЕХРО-2017 көрме кешенінде ашылатын технологиялық орталықтың орны бөлек болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Обстановку я знаю. С 2010 года вы здесь уже. Мы многого достигли. Университет встал на ноги, стал известным. Вы мне в тот раз говорили про несколько направлений. Говорили, что нужно для этого. Я хочу, чтобы эти направления, которыми университет занимается, получили нормальное развитие. Нам надо подумать о том, как поддержать молодые таланты. Из одного из больших корпусов EXPO мы сделаем стартап. Позволим молодым талантам выдавать свои открытия.
Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» ДББМ Президенті:
– Мен Елбасы қабылдауында болдым. Президент мырза маған бірқатар ұсыныс ұсынып, біз оны одан әрі дамыту мәселесін пысықтадық. Осы орайда мен Президентке Назарбаев Университетіне жасап отырған қолдауына ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті.
2. Сот саласындағы әріптестік
Қазақстан сот жүйесінің дамуы мен сот актілерінің орындалуы бойынша көш басында. Анығы, әлемдік рейтингтен тоғызыншы орынды еншілегелі – екінші жыл. Бұл – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында қолға алынған істің жемісі.
Енді осы жетістікті қайта жаңғыртатын «Ұлы Жібек жолы» еселемек. «Жаһандық жоба тек экономикаға ғана емес, сот саласына да серпін береді», – деп отыр сарапшылар. Сондықтан осы жолдың бойындағы елдер заңдық-құқықтық тұрғыдан қам жасауға кірісті. Осы аптада Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Дуньхуан қаласында 20 мемлекеттің өкілі жиналып, атаулы мәселені ақыл таразысына салды. Форумға біздің тараптан Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми қатысты.
Ұлы Жібек жолының бойындағы елдермен Сот саласындағы ынтымақтастықты арттыруға арналған форумға 20 елдің делегациясы келді. Қазақстан атынан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми қатысты. Тараптардың мақсаты – Жібек жолы стратегиясын жүзеге асыруға құқықтық негізде қолдау жасау. Форумға келген делегаттардың арасында бірінші болып сөз алған Қайрат Мәми елімізде атқарылып жатқан реформамен таныстырды. Оның сөзінше, бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес 2016-2017 жылдары Қазақстан «Соттар тәуелсіздігі» индикаторы бойынша 68, ал сот жүйесінің дамуы және сот актілерінің орындалуы бойынша 2 жылдан бері 9 орында тұр.
Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
– Бізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының бағыты басқа республикалармен қатар тұр, тіпті кейбір салалар бойынша жоғары тұр деп айтуға болады. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мырза жасаған баяндамасында республикамызда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен өткізіліп жатқан сот-құқықтық реформасының басты бағыттарын айтып берді.
Заңның үстемдігі кез келген өркениетті мемлекеттің негізі саналады. Ал заңдылық саласындағы халықаралық стандарттарды қолдау экономикалық байланысқа жол ашады. Бұл әріптестікті тереңдетіп, мемлекетаралық мәселелерді шешуде түсіністікті арттырады. Жалпы Қазақстан мен Қытайдың Жоғарғы Соттары өзара байланысты үнемі тиімді пайдаланып келеді. Судьяларды оқыту, электронды сот ісін жүргізу, ашық сот жүйесін қалыптастыруда үнемі тәжірибе алмасып отырады. Таяуда ғана Бейжіңдегі Сот Академиясында қазақстандық судьялар екі апталық семинарда болып қайтты.
Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
– Қытай Жоғарғы соттарының кейбір реформаға байланысты жүргізіп жатқан жаңалықтарын біз оқып үйрендік. Мысалы, мынау интеллектуалды меншікке байланысты Қытайда жүргізіліп жатқан пилоттық жоба бізге қызығушылық тудырды.
Қазақстан Оңтүстік Корея және Қытайдың тәжірибесі бойынша Жоғары соттың жанынан ситуациялық орталық құрған болатын. Жаңа жүйе жергілікті соттардың жұмысын жіті қадағалауға мүмкіндік береді. Ал қазір елімізде азаматтық істер бойынша акт талаптарының 93 пайызы электронды түрде қаралады.
Ли Цзилинь, Ганьсу провинциясы Жоғарғы Сот Төрағасының орынбасары:
– Бүгін Қайрат Мәми мырзаның баяндамасын тыңдап отырып, Қазақстандағы сот жүйесіндегі реформалармен таныстым. Ақпараттық теxнология және электронды сот жүйесінің енгізілуі көптеген елдерге үлгі болуға лайық. Жалпы мұндай жиындар өзара озық тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік береді.
Бұл – Ұлы Жібек жолы жобасын жаңғыртуға мүдделі елдердің бас билері бас қосқан бірінші кездесу. Стратегия аясында экономикалық байланысты ынталандырып, барлық елге айқын заңдар құру үшін тараптар алдағы уақытта тағы кездеседі.
Мұратғали Әкетай, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы:
– Біз Қытай жоғарғы халықтық сотының халықаралық форумды өткізу бастамасын оң бағалаймыз. Дәл осындай шаралар кәсіби тәжірибе алмасуға және өзара байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Соттардың тығыз жұмыс істеуі трансұлттық қылмыспен күресте тиімділігін көрсететіні сөзсіз. Біз халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, Қазақстанның сот жүйесіндегі жетістіктерімен де бөлістік. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде біздегі сот жүйесі халықаралық талаптарға сай келетінін сеніммен айта аламын.
Дуньхуандағы халықаралық форум аясында Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Қытай, Судан және Тәжікстан соттарының төрағаларымен жүздесті. Қайрат Мәмидің қытайлық әріптесі Чжоу Цянмен Қазақстанды ЕХРО-ны сәтті өткізуімен құттықтады. Тараптар бүгінде 2 мемлекет басшысының достық қарым-қатынасы түрлі саладағы байланысты жаңа деңгейге көтергенін айтты. Содан кейін бас билер өзара түсіністік жөніндегі құжатқа қол қойды. Енді әріптестік аймақтық деңгейде орнайды. Астана мен Бейжің, Алматы мен Үрімші қаласының соттары өзара жұмыс істейді. Құжатта осы қарастырылған.
Қытай 4 жылдан бері сот жүйесін реформалап келеді. Осы уақыт аралығында 220 мың сот қызметкерін 120 мыңға дейін қысқартты. Саннан сапаға көшіп, судьялардың кәсіби деңгейіне ерекше мән беруде. Көрші елде жылына 23 миллион іс қаралады. Сот жүйесін ақпараттандыруға көшіріп, электронды іс жүргізуді дамытқалы жұмыс өнімділігі артқан. Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми де әріптесін еліміздегі реформалармен таныстырып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай сот жүйесін ақпараттандыруда бір деңгейде дамып келеді. Қазір біздің елдегі сот залының 100 пайызы аудио және видео жабдықтармен қамтылған.
3. Цифрлық Қазақстан
Ауыл мен қаланың арасы аумақтық тұрғыда алыс болғанымен, виртуалды жағынан жақындай түспек. Алдағы 3 жылда 1700 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісі тартылады. Бұл өркениеттен жырақтау жүрген 2 миллионнан аса жұрттың ғаламторға кіріп, ақпаратты дер шағында алуына мүмкіндік тудырады. Осы аптада Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осындай жағымды жаңалықпен бөлісті.
Естеріңізде болса, 13 қыркүйекте Президент «Цифрлық Қазақстан» жобасымен танысып, біраз мәселе турасында ортаға ой тастаған еді. Яғни шикілеу тұстарды шертіп айтқан. Сол ескертпелер қалай ескерілді? Жобада неңдей өзгерістер болуы мүмкін?
«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды». Бұл өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем шығар. ХХI ғасырдың тамыр соғысына ХIХ ғасырда баға берген Ыбырай Алтынсариннің болжамы бүгінде дәл келді. Білімділердің кең өресі жоғары технологиялардың таңғажайып мүмкіндіктерін көрсетті, әлі де жаңашылдықтарды жариялай бермек. Жаһан жұртын былай қойғанда, біздің қоғамды бұл жүйе дендеп алды.
Еңбектеген бала ғаламтордың иірімдеріне еркін бойлайды, ал еңкейген қариялардың ғаламтор ғажабын түсінетіндері некен-саяқ. Солардың бірі – 66 жастағы Нүрпия Зұқанқызы. Компьютердің қыр-сырына қанық ол скайп арқылы алыстағы бала-шағасымен сөйлеседі. Тіпті үйде отырып, ұшаққа билет сатып алады.
Нүрпия Зұқанқызы, жеке кәсіпкер:
– Бір жерге ұшып немесе алысқа баратын болсаңыз, ғаламтор арқылы билет алуға да болады. Өте жақсы. Соған өзім қуаныштымын.
Нүрпия Зұқанқызы жеке кәсіпкер болғандықтан, жұмысының жүрісі көп. Қажетті заттарына тапсырыс береді, коммуналдық төлем жасайды, құжаттарын рәсімдейді. Егер ғаламтор болмаса, бұл шаруалар бір кісіге едәуір жүк.
Нүрпия Зұқанқызы, жеке кәсіпкер:
– Кейде ақша жоқ болып қалса, ноутбукпен ақша салып жіберемін. Көп жұмысты осы жерден бітіріп отырмыз. Өзіме ыңғайлы.
Ғаламтор болғандықтан, Алматының маңы Нүрпия Зұқанқызына ыңғайлы. Ал ғаламторы жоқ ауылдардың жағдайы қалай? Олар жаһанданудың жаңа үрдісін толық игере алмай келеді. Ондай елді мекендердің саны мынадай. Еліміздегі 122 қала мен 1200 ауыл жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамтылған. Қазақстанда 7500 ауыл бар екенін ескерсек, әлі де ғаламтор желісін тарту қажет-ақ. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде бұл іс қолға алынды. 2018 және 2020 жылдары аралығында 1700-ге жуық елді мекенге ғаламтор жетеді. Жоспар солай.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
– Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде заманауи инфрақұрылым құруды көздеген «Цифрлық Жібек жолы» бағытын іске асыру қарастырылып отыр. Соның ішінде бірінші кезекте халықты жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту мәселесі қолға алынып жатыр. Болжам бойынша бұл жоба электронды сауда-саттықты арттыру, электронды қызмет түрлерін, білім және денсаулық сақтау салаларындағы интерактивті құралдарды енгізу есебінен ел дамуына елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер беруі тиіс.
Мақсат орындалса, көп істің ілгері басары хақ. Шалғайдағы тұрғындар бірнеше шақырым жүріп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай, бар ісін үйде тындырады. Дегенмен қазір ауыл тұрғындарының орталыққа қатынауы да сиреп бара жатқан көрінеді. Өйткені нақ қазір Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының қызметі елді мекендерге де жетті.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы:
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге ғаламтор келу керек. Яғни жедел ғаламтор болашақта барлық ауылды елді мекендерде болады. Бірақ оны күтпей, біз оларға қалай мемлекеттік қызмет көрсетеміз? Бізді Қазақстан бойынша 70 мобильді қызмет көрсету орталықтары бар. Олар кесте бойынша шығып, осы мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Ал егер азамат күтпей-ақ, қызмет түрін аламын десе, онда Қазпошта мекемесіне жүгініп, мемлекеттік қызмет түрін қолдана алады.
Алдағы уақытта, дұрысы бірнеше айда халыққа қажетті қызмет түрлері тағы оңтайлана түседі. Мәселен, қазір сіз бен бізге қажетті анықтамаларды халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе электронды-цифрлық қолтаңба арқылы аламыз. Ал жаңа жүйеде сіз тек телефонмен қоңырау шалып, қажетті құжатты айтсаңыз жеткілікті. Мамандар электронды поштаңызға сол қағазды салып жібереді. Бірақ азаматтар базасына тіркелуіңіз керек. Оның сыртында, енді жұмысқа орналасарда немесе несие аларда құжаттар жинамауыңыз мүмкін. Өйткені енді сіз туралы мағлұматтарды өзге мекемелер көру мүмкіндігіне ие болады.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы:
– Мысалы, сіз маған жұмысқа кіретін болсаңыз. Мен кадр жұмысының қызметкері ретінде порталға кіріп, сіздің құжатыңыздың нөмірін теріп, сіз бойынша тиісті анықтамаларды алуға болады. Бірақ оған рұқсат беруіңіз керек.
Бұл қызметтің шарапаты қарапайым халықпен қатар, білім ордаларына да тиеді. Қазірдің өзінде мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарудың әдістері жасалған. Соның бір көрінісі ретінде электронды күнделікті атауға болады. Бұл жүйе еліміздің мыңдаған мектебіне енгізілген. Бір артықшылығы, ата-ана үйде отырып, баласының сабақ үлгерімін көреді.
Самат Жүзбергенов, мұғалім:
– Бәріміз журнал дегенді білеміз, мектептегі ең үлкен құжаттың бірі. Яғни 70 жылдық тарихы бар, сақталып тұратын журнал. Бұл журнал мектепте ата-ана келгенде бос болмауы мүмкін, яғни ата-ана кез келген сабақтың үстіне келіп, баға қарауға мүмкіндігі болмайды. Сынып жетекшісінен сұрайын десе, сынып жетекші журналдағы бағаны жатқа білмеуі мүмкін. Электронды журналдың тиімді жолы бар, ашып жібереді де, логин мен құпия сөзді жазып, бағасын қарап отыра береді.
Елді мекендердің денінде ғаламтордың күші аз екенін айттық. Бұл мәселе ауыл мектептеріндегі электронды күнделіктің күнін көлеңкелеп тұр. Алайда 2-3 жыл көлемінде ғаламтор қуаты артатынын ескерсек, білім саласында да серпіліс болары анық.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
– Бүгінде ғаламтормен қамту жағдайы қанағаттанарлық. Жалпы республика бойынша 6 мың 956 мектеп немесе 98% желіге қосылған, алайда секундына 4 мегабитті кеңжолақты ғаламторға тек 34%-ы қосылған. Соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 9%-ға ұлғайды. Сондықтан да осы жобаны іске асыру білім беру жүйесін дамыту үшін маңызды демеу болады.
«Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында мектептермен қатар 1700 аурухананы кеңжолақты ғаламтормен қамту көзделіп отыр. Себебі 3700-ден аса денсаулық сақтау мекемесі ғаламторға қосылмаған.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
– Мемлекеттік органдардың байланыс қызметтерін 13 жыл бойы кепілді тұтынуын қамтамасыз ету де қарастырылып отыр. Осының нәтижесінде, ғаламторға секундына 20 мб-ға дейінгі жылдамдықпен қол жеткізуді қамтамасыз ету, шамамен 2 мың мектепті ғаламтормен қамту және денсаулық сақтау мекемелерінде, жергілікті мемлекеттік органдарда да 1 200 нүктеден қосу жоспарланып отыр.
Халықтың жаппай ғаламторға қолжетімділігін арттыру бюджетке біраз салмақ салады. Мамандар осыны ескеріп, жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кәсіпкерлермен бірлесе іске асыруды мұрат етіп отыр.
Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Мейрамбек Ахмаханов
4. Міндетті медициналық сақтандыру
Міндетті медициналық сақтандыру қорына 8 миллиард теңгеге жуық қаржы жиналды. «Бұл қаражат реформа енгізілгенге дейін Ұлттық банкте сақталады». Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов солай дейді. Сала басшысы сондай-ақ елдегі медицинаның хал-ахуалын баяндап берді. Айтуынша, елде өмір сүру ұзақтығы 72,3 жасқа жеткен. Ана өлімі 4 есеге азайса, сәби өлімі 1,6 есеге төмендеген. Бірақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қазақстандықтар көп қаржысын жұмсайтын болған. «Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аздығына байланысты», – дейді министр. Мысалы, Қазақстанда 1 адамға жылына 150 доллардан келеді десек, бұл көрсеткіш дамыған елдерде 2 мың доллардан кем емес. 2016 жылы медицинаға жұмсалған шығындардың 40 пайызы қазақстандықтардың қалтасынан шыққан. Ал әлемдік стандарт бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыздан аспауы тиіс.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік қаржыландыру жақсарғанмен, соңғы уақытта төмендеу тенденциясы байқалуда. Бұл салаға бағытталған мемлекет шығыстары ішкі жалпы өнімге шаққанда, 2009 жылғы 2,6%-дан 2016 жылы 1,9%-ға дейін төмендеді. Адам басына шаққанда, жылына 150 долларды құрайды. Ал экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 2000 доллар шамасында.
5. Дөңгеленген дүние
Жер атаулы планетаның бір бөлшегі болған соң, дүниенің дидарына да зер салғанымыз зеректік болар?! Бұл аптада «Брекзит» бойынша келіссөздің төртінші кезеңі аяқталды. Бірақ соңғы нүкте әлі қойылған жоқ. Түйіні тарқамай тұрған түйткіл жетіп артылады. Ал Каталонияда референдум төңірегінде дау күшейе түсті. Барселона мен Мадридтің арасынан ала мысық өткендей. Бір келісімге келер емес. Мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекеттің де мазасы кеткен. Белгілі бір себептерге байланысты АҚШ Кубадағы дипломаттарын елге қайтарып жатыр.
«Брексит» бойынша келіссөздерде ілгерілеу болғанымен, шешілмеген мәселе шаш етектен. Бейсенбідегі келіссөздердің 4-раунды осылай қорытындыланды. Оған Еуроодақ өкілі Мишель Барнье мен Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу жөніндегі министрі Дэвид Дэвис қатысты. Биыл 19 маусымда басталған диалогтың күн тәртібінде негізгі үш мәселе бар: «брекситтен» кейін Ұлыбританиядағы еуропалықтардың құқы, Солтүстік Ирландия мен Ирландия шекарасындағы ахуал және елдің Еуроодақтан шыққаны үшін төлейтін өтемақысы. Дэвистің айтуынша, 4 раундтық келіссөздердің нәтижесінде басты мәселелер бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің ертеңгі күнге сенімін арттырып, еуропалық әріптестерімізбен арадағы қаржылық келісімдер бойынша өз міндеттемелерімізді орындайтынымыздың кепілі. «Қос Ирландияға қатысты да мәмілеге келген сияқтымыз», – деді Дэвид Дэвис. Ал Еуроодақ өкілі Мишель Барнье Ұлыбританияның ұйымнан шығу тәртібін реттеу жөнінде қандай да бір келісімге келу үшін апталар тіпті айлар қажет болатынын айтты. Британ премьері Тереза Мэй елдің «брекситтен» кейін 2 жыл шамасында одақтан біртіндеп шығуы процедураны өткір сезінбеуге септігін тигізетініне сенімді. Тағы бір айта кетері, Ұлыбритания үкіметі Еуроодақтан шыққаны үшін ұйымға 40 миллиард фунт стерлинг төлеуге дайын екенін «The Times» пен «Financial Times» газеттері жазды. Алайда ел үкіметі бұл ақпаратты растаған жоқ.
Сондай-ақ осы аптада Испания үкіметі Каталония басшысы Карлес Пучдемоннан 1 қазанда өтетін тәуелсіздік референдумын өткізбеуді талап етті. Жексенбі күні болуы тиіс дауыс беруді Испанияның Конституциялық соты заңсыз деп тапқан. Ал каталониялықтар күні-түні референдумды қолдау шараларын өткізіп жатыр. Каталонияда 6,5 млн адам тұрады. 42 жыл бұрын автономиялық мәртебе алған халықтың ендігі тілегі – дербес мемлекет құру. Бірақ Испанияның ауқатты аймақтан айрылғысы келмейді. Бүкіл экспортының төрттен бірі Каталонияда өндіріледі.
Карме Форсадель, Каталония Парламентінің төрайымы:
– Испания үкіметі халықты қорқытып, райынан қайтармақшы. Олар референдумды өткізбей тастатпақ. Адамдарды қамап, дауыс беру материалдарын тәркілеп жатыр. Еуропа институттары азаматтардың құқын қорғамай қайда қарап отыр?
Ал Испания премьер-министрі Мариано Рахой Каталонияның референдум өткізуі заңға қайшы деп, билік қатаң шара қолдана бастады. Каталондық полиция да орталыққа бағынбай, референдумды қолдаған соң, Испания ІІМ 3 паромды жалға алып, қауіпсіздік мәселесін шешуге кірісті. Ал осы арада шетел басылымдары Каталония егемендік алса, ішкі жалпы өнімі 35 мың доллар болып, экономикасы жөнінен әлемде 34 орынға тұрақтауы мүмкін деген болжам жасады. Бірақ Испания Каталонияға тәуелсіздікті қолдан бермейді, себебі құрамындағы басқа аймақтар да бөлек шыққысы келуі мүмкін. Ал каталондықтар тоқтаусыз күресіп, қоғамдық пікірдің арқасында Мадридті көндіреміз деп есептейді. Ертеңгі референдум Мадрид қор биржасына кері әсер етті. Ірі банктердің бірінің акциялары 4 пайызға құлдырап, аймақтық қаржы ұйымдарына қауіп төнді.
Ирактың Күрдістан автономиялық аумағында тәуелсіздік туралы референдум өтіп, 3 миллион 300 мың адам қатысқан еді. Олардың 93 пайыздан астамы бөлек мемлекет құруды жақтап дауыс берген. Ал ресми Бағдад референдумды мойындамайтынын және ол бойынша ешқандай келіссөзге бармайтынын жариялаған. Керісінше ел армиясы Күрт автономиясының шекарасы маңына топтастырылып жатыр. Бағдад бірінші кезекте мұнайға бай Киркук провинциясының күрттердің қолына өтіп кетуінен қауіптенеді. Бұл аздай, өзінің энергетикалық қауіпсіздігіне алаңдаулы Түркия Ирактың құрамындағы Күрт автономиясына әскери шабуыл жасауға дайын екенін білдірді. Бұл онсыз да жетісіп отырмаған аймақтағы жағдайды одан әрі қиындатты. Референдумнан 3 күн бұрын БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Ирактың біртұтастығын қолдайтынын мәлімдеген. Кеңес қабылдаған ортақ құжатта референдум біржақты және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіреді делінген болатын. Референдумды БҰҰ-мен қоса Ирак, Түркия, Иран және АҚШ қолдамайтыны туралы мәлімдеме жасады. Осыдан соң, Иракпен шектесетін Түркия мен Иран әскери жаттығу өткізіп, армияларының дайындығын да байқаған.
Естеріңізде болса, жуырда Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ли Ен Хо: «Бізге АҚШ соғыс жариялады. Сондықтан олардың ұшақтарын атып түсіруге толық қақылымыз», – деп мәлімдеген. Ол сондай-ақ БҰҰ-ның мінберінде жасаған баяндамасында Пхеньян үшін атом бомбасы қорғаныс үшін ғана қажет екенін айтқан. Ақ үй болса, «Дональд Трамп Солтүстік Кореяға соғыс жариялаған жоқ», – деп мәлімет таратуда. Сонымен екі ел тарапынан бір-біріне айтылған қатқыл мәлімдеме шиеленіскен ахуалды ушықтыра түсті. АҚШ Президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен КХДР елімізге қауіп төндірсе, оларды жоюға тура келеді деп мәлімдеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
– АҚШ-тың шыдамы жетеді және АҚШ – мықты ел. Бірақ бізге одақтас елдерді немесе өзімізді қорғау керек болса, бізге Солтүстік Кореяны толықтай жоюға тура келеді. Бірақ мұның қажеттілігі болмайды деп үміттенеміз.
Пхеньянның жауабы көп күттірмеді. Солтүстік Корея көшбасшысы бұл мәлімдемені «соғыс жариялау» деп, қарсы шараларды қолға алуға әзір екенін жеткізсе, елдің сыртқы істер министрі Ли Ён Хо өз әуе кеңістігінен тыс жердегі америкалық бомбалаушы ұшақтарды атып түсіруге дейін баратынын айтты.
Ли Ён Хо, Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі:
– Бүкіл әлем АҚШ бірінші болып бізге соғыс ашқанын білуі тиіс. Енді Пхеньян АҚШ-тың стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын Солтүстік Кореяның әуе кеңістігінен тыс жерде де атып түсіруге хақы бар.
Вашингтон Пхеньянның айыптауын мойындамай, солтүстіккореялық биліктің сөзін жоққа шығарды. Дегенмен Солтүстік Корея арандатушылық әрекетін қоймаса, АҚШ-тың қорғаныс министрлігі президентке Пхеньянмен күресудің жолдарын ұсынбақ. Америка әуе күштері Солтүстік Кореяның шығысындағы халықаралық кеңістікте ұшып өтіп, Вашингтон Пхеньянға қарсы әскери әрекетке көшуге дайын екенін көрсетті. Сондай-ақ АҚШ президенті Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны одан әрі кеңейтетін жарлық шығарды. Ресми Токио, Сеул мен Вашингтон Пхеньянды ядролық бағдарламасынан бас тартуға көндіру үшін қысым жасауды күшейте түспек.
Айтпақшы, АҚШ аумағына кіруге тыйым салынған елдердің қатары өсті. Олар – Венесуэла, Солтүстік Корея және Чад. Дональд Трамп ел қауіпсіздігіне алаңдап, осындай қадамға барғанын айтты. Жаңа шектеулер 18 қазаннан бастап күшіне енеді. Ал Иран, Йемен, Ливия, Сирия мен Сомали азаматтарының әлі күнге дейін АҚШ-қа кіру құқығы жоқ. Елге келушілер ережесін күшейту Трамптың сайлауалды уәдесінің бірі болатын.
Солтүстік Кореяның әрекеттері Жапонияға да қатты ықпал етуде. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу үшін Парламенттің төменгі палатасын тарқатты. Оның айтуынша, бұған Солтүстік Кореядан төнген қауіп себеп болып отыр. Алдағы сайлау 22 қазанда өтуі тиіс. Таратылған Парламент биыл желтоқсан айына дейін қызмет етуі қажет еді. Жапонияда Парламенттің мерзімінен бұрын таратылуы тарихта төрт-ақ рет болған. Синдзо Абэнің либералды-демократиялық партиясы Парламентте көп орынға ие. Жапонияда тіпті қазіргі премьердің экономикалық саясаты «абээкономика» деген терминге айналып үлгерген. Жапон Үкіметі алдағы уақытта салық реформасын жүргізбек. Министрлер кабинетінің жетекшісі осы іске бүкіл халық қолдау білдіргені абзал деген.
Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:
– Қарттарымыз көбейіп, халық санының өсімі дағдарысқа ұшырап жатыр. Оның үстіне Солтүстік Кореямен арамыз күн сайын ушығып барады. Осындай қиын-қыстау сәтте алдыңғы шепте жүріп, елімді алға жетелесем деймін. Сайлау өткізу арқылы біз Солтүстік Кореяға қарсы қадамдарымызға қоғамның қалай қарайтынын нақты білеміз. Қазіргі жағдайды мерзімінен бұрын сайлау өткізуден басқа ұтымды жол көріп тұрған жоқпын.
Осы аптада Сауд Арабиясында әйелдердің көлік жүргізуіне алғаш рет рұқсат берілді. Жаңа ережені елдің ішкі істер, қаржы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік даму министрліктерінің өкілдерінен құрылған комиссия келесі жылдың маусымына дейін әзірлейді, жаңа заң шариғатқа сай дайындалады. Бүгінде Сауд Арабиясы – әйелдердің көлік айдауына тыйым салған әлемдегі жалғыз ел. Бұған дейін мұнда көлік жүргізген нәзік жандылар қамалып немесе қомақты айыппұл төлейтін. Алайда әйелдер құқын қорғап, беделін көтеруді қалаған топ осындай мүмкіндікке қол жеткізді.
Париждегі Эйфель мұнарасы ашылғалы бері оны әлемнің түкпір-түкпірінен 300 миллион адам арнайы келіп, көрген екен. Осы айтулы оқиғаға орай, концерт пен жарықшамдар шоуы ұйымдастырылған. Париждіктер «Темір ханым» атап кеткен ескерткішке әлем халықтарының қызығушылығы әлі күнге дейін кемімеген. Ал ол 1889 жылы дүниежүзілік көрме қарсаңында салынған болатын. Осы ғимаратты көру үшін жылына 7 миллионға жуық турист келеді екен. Осы меймандар мен жергілікті тұрғындар үшін кешкісін Гюстав Эйфельдің туындысы 20 мың шамның көмегімен жарықтандырылады.
Авторы: Ақбөпе Бәкір
6. Латын әліпбиіне көшу
Өзінің қажеттілігін мойындата білген бір әліпби болса, ол – латын әліпбиі. Қазір бұл қаріптерді 2 миллиардқа жуық адам қолданады. Тиісінше, бүгінгі білім-ғылымның да күні осы қаріптерге қарап тұр. Ал кириллицаны пайдаланатындар саны 300 миллионнан әрі аспайды. Ендеше технологияның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін бірден-бір тиімді жол – латын әліпбиіне көшу. Оған дау жоқ.
Қазіргі дау мынада: «тіліміздің тазалығын сақтау». Яғни «төл әріптерімізді қалай таңбалаймыз» деген сауал мамандардың ойын сан-саққа жүгіртіп тұр. Осы «Жеті күнде» талай ұсыныс таразы табағына тартылып, талай деректің сүйегі шағылды.
Мыңдаған бет, миллиондаған сөз бен жол. Мына кітап сөрелерінде халықтың әдеби туындылары жинаулы тұр. Қазақстанның осы алтын қорын сақтап қалу үшін соңғы 10 жылда шығармалардың барлығы сандық форматқа көшіріліп жатыр.
Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық ресурстар жөніндегі орынбасары:
– Бағдарлама жасауға көп уақыт кеткен жоқ, 2 күндей кетті. Технология дамыған кезде бұл бағдарлама да қиын емес. Әр кириллица әрпіне латын әрпін қойып, бағдарлама жасадық. Латын қарпін нақты белгілеген соң кірісетін боламыз.
Бұл жүйені тексерген кезде бір бетті 2 секундта аудара алатыны белгілі болған. Мысалы, 300-400 беттік кітапты 5-6 минутта кириллицадан латын қарпіне көшіруге болады. Қазақ тілінің латын әліпбиі әлі бекітілмегендіктен, бұл әзірге тест түріндегі бағдарлама ғана болады.
Біләл Қуаныш, «Интернет» компаниясының өкілі:
– Біз қабылдайық деп отырған, талқылауға түскен латын әліпбиінің нұсқасы – компьютердің ана тілі. Бір ғана мысалмен алайықшы, сіз қазір бір хатты кирилл қарпімен немесе латын әрпімен жазсаңыз, латын графигіндегі хатыңыздың көлемі өте кішкентай, ал кирилл қарпіндегі жазуыңыз екі есе жұмыс істеуді талап етеді. Өйткені компьютердің тілі латын әліпбиінде.
Осы пікірді Кангнам университетіндегі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Фил Ким де қолдайды. «Қазақ тілінің грамматикасы» кітабын жазған профессор көп жыл бойы Оңтүстік Кореяда Қазақстантану бойынша дәріс оқып, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген. Фил Кимнің айтуынша, кириллицаны меңгермеген адам қазіргі қазақша мәтінді мүлдем оқи алмайды. Енді латын әліпбиіне көшсе, қазақ тілі қолжетімді болмақ.
Латын әліпбиіне көшу – жаһандану үрдісінің бір талабы. «Жаңа қаріп қазақ тілін үйрену мен үйретуді анағұрлым жеңілдетеді», – дейді Германияның Гумбольдт университетіндегі қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлсім Масақова. Маман шетелдік азаматтарға латын қарпімен біздің ана тілімізді меңгеру оңай болатынын айтады.
Гүлсім Масақова, Гумбольдт университетінің оқытушысы:
– Ең бірінші студенттерге қоятын талабымыз – кирилл әліпбиін меңгеру. Қазақ тілі әліпбиін латын әріптеріне көшіру өте ыңғайлы болады. Шетелде қазақ тілін үйреніп жүрген студенттерге өте тиімды. Заман талабына сай қазақ тілінің информатика, техника, технология саласында ілгері жүруіне де тиімді болады деп есептеймін.
Ал Польшаның білім беру қорының басшысы Вальдемар Сивински латын қарпіне көшу Қазақстанның дамуына да, халық үшін де мол мүмкіндік екенін айтады.
Вальдемар Сивински, «Перспективы» білім біру қорының президенті:
– Қазақстанда мұндай шешімнің қабылданғаны дұрыс болды. Өйткені бұл Қазақстан мәдениеті мен қазақ поэзиясының әлемдік жүйемен етене бітісіп кетуіне септігін тигізеді. Біз де сіздердің елдеріңіз жайлы, мәдениеттеріңіз бен жеткен жетістіктеріңіз туралы көбірек білетін боламыз. Бұл шешім мемлекеттің дамуын ілгерілетеді. Ең бастысы да осы.
Отандық мамандарымыздың да пікірі осыған саяды. «Әлемнің 80 пайызы, яғни 4 млрд-тан астам адам бүгінде латын қарпін қолданады. Сондықтан әліпби ауыстыру қазақ еліне үлкен оң өзгерістер алып келеді», – дейді көкшетаулық филолог Нұртас Ахат. Жаһанда сандық және ақпараттық технологиялар кең қанат жайып келеді. Бұл үдерістен Қазақстан да қалыс қалмауы тиіс. Сол үшін тіл маманының өзі қазірден ұялы телефонда латын қарпімен хат-хабар жолдап жүр. Тіпті ғалым өзі басқаратын колледжде латын әліпбиіне көшу дайындығына кірісіпті. Мұнда арнайы курс ашылып, онда 1-2 курс студенттерін жаңа графикаға бейімдеу жұмыстары басталған. Сарапшының айтуынша, қазақ, француз, итальян және испан – әлемдегі ең әуезді тілдер. Сондықтан туған тіліміздің қасиетін сақтап қалу маңызды. Ал қаріп ауыстыру қазақстандықтарға қиындық туғызбайтынын айтады ғалым.
Нұртас Ахат, филология ғылымдарының кандидаты:
– Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында 28-40 жылдарда аударылған латын тіліндегі ғылымға байланысты оқулықтармен таныстым. Бірақ латын графикасына көшу қиындық тудыратыны жөнінде мүлде кездестірмедім. Мысалы, Мұхтар Әуезов атақты «Абай жолын» төте жазумен бастады, латын графикасымен жалғастырып, кириллицамен аяқтады. Бірақ Мұхтардың өзі де қиыншылық көрдім демейді.
Латын әліпбиіне көшуге атүсті қарауға болмайды. Оған ел болып үн қосып, ұлтқа тән дыбыстық ерекшеліктерді сақтай отырып, көшкен дұрыс. Қарағандыда латын əліпбиіне көшуге байланысты тіл мамандары бас қосып, осындай пікір айтты. Тіл жанашырлары мен латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар өз нұсқаларын ұсынып, пікірлерін білдірді. Арнайы құрылған жұмыс тобы мамандардан түскен барлық ұсынысты қабылдап, зерделейді.
Нұрсұлу Бөкетова, «Лингва» тіл жəне аударма институтының ректоры:
– Біз бірнеше нұсқа тыңдадық және «ө», «і» əріптерін сақтауымыз керек. Осы жөнінде көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Немқұрайлықпен қарамай, бəріміз қатынасуымыз керек.
Латын әліпбиіне көшу сондай-ақ ғылым мен технологияның дамуына септігін тигізеді. Техника ғылымдарының докторы Алтынбек Шәріпбай осылай дейді. Ғалымның айтуынша, латын қарпі – білім-ғылым мен IT технологияның тілі. Тек кезең-кезеңімен, талап-ережелер сақтала отырып, сауатты көшірілуі тиіс.
Алтынбек Шәріпбай, техника ғылымдарының докторы:
– Латын әліпбиіне көшу үшін дыбыстық жүйесін реттеп алу қажет және сол дыбыстарды халықаралық фонетикалық таңбамен белгілеу керек. Сол әліпбиге сәйкес латын әріптерін таңдап, жаңа әліпи бойынша орфографиялық сөздік жасалуы тиіс. Сөздік жасалғаннан кейін кирилл әріптерін латын әріптеріне ауыстыратын конвертер жасалу керек. Ол конвертер халықаралық стандарттан өту қажет. Кімнің жобасы байқаудан өтеді, сол қабылдануы керек.
Сонымен қатар осы апатада Google Translate жүйесіндегі ауызша аудармалар қызметіне қазақ тілін қосу жобасы таныстырылды. Әлемнің 102 тілінің қатарына енді қазақ тілі де еніп отыр. Смартфон арқылы қазақша тапсырма берсеңіз, әлемнің көптеген тіліне аударма жасалады. Тек өзіңізге керек тілді таңдасаңыз жеткілікті. «Войс ту текст» технологиясына тіркелген тілдердің көбі ғылыми жаңалықтар мен озық технологияларда қатар жүреді. Бұл енді қазақ тілі де техниканың көптеген жүйелерінде қолданыла бастайтынын білдіреді.
Авторы: Ақбөпе Бәкір
7. Баспаналы болашақ
«Баспаналы болу – басты арман» дейміз бе, әлде «бас ауру» дегенге жақынырақ па? Қай-қайсысына салсаң да, сап етіп түсе қалатын түйінді мәселе бұл. Әрине, құрылыстың қарқыны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда мықты. Бірақ ақиық ақын Қасым Аманжоловтың мұңдастары бұл заманда артпаса, кеміген емес.
Дегенмен «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданғалы бері «қолжетімді баспана» халыққа қолжетімді болады дегенді жиі естіп жүрміз. 15 жылда 1,5 миллион тұрғын үй тұрғызу жоспарда жазулы. Сондай-ақ әр қазақстандыққа 10 сотық жер бөлу жайы да қарастырылған. Ал енді осы айтылған сөздің ақиқаттығына қашан көз жетеді деп жыл басталғалы жауап іздеп келген едік. Жақында Қостанай жақтан жағымды хабар келді. Жылдап жер кезегінде тұрған тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болыпты.
Осыдан 6 ай бұрын ғана аумақ бос жатқан алаң болатын. Қысқа мерзімнің ішінде коттедж үлгісіндегі қалашық пайда болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге қоныстанып үлгергендер бар.
Динара Ерғазина келгендерге әлі сыры кеуіп үлгермеген зәулім кең үйінің әр бөлмесін мақтанышпен көрсетіп шықты. Бойында толқыныс барын байқайсың. Он бір жыл жер кезегінде тұрған қарапайым отбасы үшін бұл – үлкен қуаныш. Көптен күткен армандарының орындалуы «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасы деп біледі олар.
Динара Ерғазина, Заречный кентінің тұрғыны:
– Біз өзіміз ала алмаймыз. Салатын уақытымыз да жоқ. Және бізге ондай бағаға шықпайды да. Адам жалдайсың, техника бар, оның бәрін жасайтын бізде жағдай да жоқ, уақыт та жоқ.
Қостанай ауданының Заречный кентінде салынып жатқан сәулетті қалашықтан әзірге 14 отбасына тұрғын үй кілті тапсырылды. Олар – Қазақстан бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алғаш баспаналы болғандар. 110 шаршы метрлік бұл үйлер шамамен 13-14 миллион теңгеге бағаланып отыр. Оның алғашқы жарнасы, бөліп төлеуі қаншалықты тиімді екенін бағдарлама арқылы баспаналы болғандардың өздері айтты.
Серік Қабиев, Заречный кентінің тұрғыны:
– Егер мен үйді өз күшіммен салсам, кемі 3-4 жыл уақытым кетер еді. Ал мұнда 2-3 айда салып болды. Әр шаршы метрі 115 мың теңге. Қазір ескі үйлердің өзі 150 мың теңгеден кем түспес еді. 30 пайыз алғашқы жарнасын беріп, 5 пайыз үстемемен 9 жылға бөліп төлеймін. Бұл деген тамаша жеңілдік.
Қайырбек Қабиев, Заречный кентінің тұрғыны:
– Мұндай үйде жағдай өте жақсы, қуанышымызда шек жоқ. Төбем көкке жетпей тұр. Рақмет.
Алдағы уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін. Мәжіліс қабырғасында өткен кеңесте депутаттар банк басшыларына осындай ұсыныс тастады. Бұдан бұрын қаржы ұйымының өкілдері 17 млрд теңге пайда тапқандарын мәлімдеген еді. Енді оны қандай мақсатқа бағыттаған дұрыс? Осы тұста депутаттар ол ақшаны жастардың, жағдайы төмен жандардың баспана мәселесін шешуді барынша жеңілдетуге жұмсау қажет деген ақыл қосты.
Марат Бопазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, жастардың үй алуы үшін пайызын төмендетуге бола ма деген ұсыныстар бердік. Ол шешіле ме, шешілмей ме, алдағы уақытта көреміз.
Бұл ұсынысты Үкімет мүшелері де қолдайтындығын аңғартты. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде 10 млн 100 мың шаршы метр салынуы тиіс. Бұл ойша топшыласақ, Жітіқара сияқты бүтін бір қаланың аумағы. Әзірге осы белгіленген жоспардың 68 пайызы орындалған.
Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
– Жалға берілетін үйлерді салу үшін 25 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы 6 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталды. Биыл соның 5687-і қолданысқа беріледі. Жыл соңына дейін 7908 үйдің құрылысы аяқталады.
Қазір еліміздің қай өңірінде де құрылыс қарқыны жоғары. Мысалы, Қызылордада бұл сала көрсеткіші соңғы 4 жылда 3,5 есеге өскен. Осы аралықта қалада 11 шағын аудан бой көтеріп, кезекте тұрған 7 мың адам пәтерлі болды. Жақында қоныс тойын тойлаған жас отбасылардың бірі – Дана Есетова мен Нұрбек Сайранов. Олар баспана жалдап тұру тауқыметінен құтылғандарына риза.
Дана Есетова, қала тұрғыны:
– Құрылысы қарқынды «Қызылорда» деген қоғамда қалыптасқан жалпы теңеу емес, нақты беріліп жатқанын өзім сезініп тұрмын және бұл сәт ешқашан ұмытылмайды. Қызылорданы біз қоғамда мақтанышпен айта аламыз. Өйткені жетістіктер өте көп.
Елімізде құрылыстың қарыштап дамуы қажетті материалдар өндірісіне де серпін берді. Қазір бұл салада қолданылатын заттардың 80-90 пайызы – отандық өнімдер. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында ағаш, пластик өңдейтін цехтар жұмыс істеп тұр. Биыл бұл елді мекенде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мердігер компания оған тек өз өнімдерін пайдаланады.
Айдын Қожағұмаров, өндіріс жөніндегі шебер:
– Құрылысқа қажетті жабдықтарды өзіміз шығаратынымыз өте ыңғайлы. Зырянда салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйге қойылатын есіктерді Қатонқарағайдағы ағаштардан жасап қойдық, пластик терезелерді де дайындап жатырмыз.
Мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлердің сапасы ерекше бақылауда. Егер қандай бір ақау табылып жатса, мердіргер оны бірден қалпына келтіруге міндетті.
Қалыбек Жұмашев, Заречный селолық округінің әкімі:
– Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқандықтан, Үкімет бірінші кезекте өзі қарап отырады және болашақ үйдің иесі өзі алдын ала біліп отырады. Құрылысшылармен бірге қарап, жұмыстың жүргізілуін бақылап отырады.
Заречный кентіндегі 37 гектарлық осы аумақта барлығы 271 үй тұрғызылады. Соның 60-сы жыл соңына дейін салынып болады. Қалғаны келер жылдың еншісіне қалады.
Қайрат Ахметов, Қостанай ауданының әкімі:
– Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Яғни газ, су, жарық мәселесі шешілген. Барлық жобаға 595 миллион ақша жұмсалған. Қазір байқау жұмыстары жүріп жатыр. Келер жылы осы жерге жол мен канализация құбыры салынады.
Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр. Ал алдағы 5 жылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу межеленген.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
8. Рухани жаңғыру
«100 жаңа есімнің» қатарында кімдер болуы мүмкін деп ойлайсыз? Әрине, жауабы көп. Себебі үздік болуға әркімнің-ақ таласы бар. Дегенмен нақты тізім қазан айының соңында белгілі болмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, санаулы күннен кейін жалпыхалықтық онлайн дауыс беру басталады. Үш айға жуық уақытта 2212 үміткер тіркеліпті. Сарапшылар солардың арасынан 300 адамды таңдап алады. Содан соң ғана қалың көпшілік қалауын жасайды. Яғни «100 есімді» дауыс беру арқылы анықтайды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында осындай игі жұмыстар атқарылып жатыр.
Рухани жаңғыру халқымыздың ұлттық тамырынан нәр алып, болашаққа сенімді қадам жасауын қамтиды. Бағдарлама аясында ел аумағы бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Мәселен, Ақтөбеде «Туған жер» республикалық форумы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушыларына құттықтау жолдады. «Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады», – деген Елбасы әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де, жүрегінің төрінде екенін айтқан. Сондай-ақ Ақтөбеден басталған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын табарына сенім білдірді Елбасы. Форумға қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының осы құттықтауын халыққа жеткізді. Әлемнің 20 елінен келген 300-ден астам азамат туған жерде бас қосып, облысының дамуына 5 миллиард теңге бөлуге даяр екендіктерін жеткізді. Олардың әрқайсысы – өз ісінің шеберлері. Мәселен, мұхиттың ар жағынан жеткен Жолдас Құлжанов – Сент-Луис қаласындағы беделді ортопед-дәрігер. Туған жермен әрдайым байланыста екенін айтады Жолдас.
Жолдас Құлжанов, профессор, Сент-Луис ауруханасының дәрігер-ортопеді:
– Ақтөбеге мені бұған дейін шеберлік сағаттарын өткізуге шақырған болатын. Содан бері тығыз қарым-қатынас орнаттық. Осымен төртінші рет келіп отырмын. Осы уақыт аралығында медицина саласының дамығаны байқалады. Облыста құрылған медициналық кластердің де болашағы зор деп ойлаймын.
Форум аясында жүзден астам кездесу өтеді. Кәсіпорындар мен өндірісті жандандыруға бағытталған құны 80 млрд теңгеге жуық 20-дан астам меморандумға қол қойылды. Ғылыми конференциялар мен шеберлік сабақтарында қонақтар тәжірибелерімен бөлісті. Білікті дәрігерлер болса, облыс орталығы мен аудандарды аралап, 25 күрделі операция жасайды. Өңірде биыл «Туған жерге тағзым» акциясы жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 555 жоба іске асуы тиіс болса, оның 300-ден астамы елдің игілігіне тапсырылды.
Ал Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы қайта жаңғыртудан өтті. Бұл ғимарат Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі ретінде 1997 жылы ашылған болатын. Данышпан ақын кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті Әнияр Молдабаевқа сатып алуға көмек берген және өзі Семейге келген сапарларында осы үйге түсетін болған. Сол сияқты тарихи нысанда алаш қайраткерлерінің де жиі болып, Ахмет Байтұрсынұлы өмірлік жары Бадрисафамен тұрғаны белгілі. Олардың балауыз мүсіндері арнайы тапсырыспен сомдалып, екінші қабаттағы экспозиция залына қойылған.
Болат Жүнісбеков, Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының директоры:
– Авторы – семейлік Төлеуғазы Байғалиев. Қазір Астана қаласында тұрады. 1,5-2 айдың ішінде қайраткерлеріміздің балауыз мүсіндерін қайтадан жасап шықты. Мұндағы артықшылық, мүсіндер 100 жыл бұрынғы бейнесі қалпында сомдалды.
БҚО-ның Жымпиты ауылында да «Алаш» музейі жөнделіп, жаңа жәдігерлермен толықты. Бұл мақсатқа бюджеттен 23 миллион теңге бөлінген. Мұражайдың өзі кезінде Батыс Алашорданың штаб-пәтері болған, Жаһанша мен Халел Досмұхамбетовтер қызмет атқарған тарихи ғимаратта орналасқан. Мұражайды 100 тарихи орынның тізіміне қосу ұсынылып отыр. Сонымен қатар өлкетанушылар биыл туғанына 275 жыл толған Сырым Датұлы туралы да тың деректер тапты. «Нәтижесінде Сырым көтерілісі қазір жазылып жүргендей 1783 жылы емес, бір жыл бұрын басталғаны дәлелденді. Әрі көтеріліс Ресейдің отарлау саясатын 90 жылға тежеді», – дейді тарихшылар.
Нұржан Төлепов, Жәңгір хан атындағы этнографиялық музей директоры:
– ІІ Екатерина тапсырмасы бойынша, қазақтардың жерді пайдалану жөнінде қағазы жоқ екенін біліп, Десницкий атты заңгер «Ресей мемлекеттік жер» туралы жоба әзірлейді. Сол жобаның жүзеге асуына Сырым Датұлының көтерілісі арқылы тоқтап қалады.
Ал Ертіс өңірінде 18 ғасырда есімі қазақ даласына мәшһүр болған Сұлтанбет сұлтан тұрған үйдің көшірмесі тұрғызылды. Көне мұрағаттық деректер негізінде салынған нысан Павлодар қаласының тарихи бөлігінде орналасқан. Енді бұл ғимарат ғылым және білім ордасына айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған орданың құрылысы 2 айда аяқталды. Оған мемлекеттік қолдаудан тыс өңір ғалымдары, еріктілер мен өңірдегі 10-нан астам ұйым мүшелері атсалысқан. Сұлтанбет сұлтан – Қазақ хандығының Ресеймен ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатқан дипломат. Қазақ-Қытай арасындағы келіспеушілікті шешуде мәмілегер ретінде танылған.
Алтынбек Нұхұлы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
– Ресейдегі Оренбург және Омбы қалаларында көптеген материалдар табылды. Осыған байланысты көрнекті мемлекет қайраткері ретінде болғандықтан, сол заманның, сол ғасырдың Қытай мемлекетінде де көптеген материалдар табамыз деген ойдамын.
Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ескелді би Жылгелдіұлының 325 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Ерлігі елге мұра Ескелді би атты өнер додасына 5 облыс, 3 қаладан 10 ақын қатысты.
Балғынбек Имашев, ақын:
– Ішінде әзіл де айтылар, қазіргі қоғамдық мәселелер, рухани жаңғыру, тіл, латын әліпбиі, басқа да мәселелердің бәрі жырлана жатар. Бірақ негізгі тақырып – осы бабамыздың қазақ тарихындағы еңбегі. Ақындардың өздерінің мүмкіндігінше, қабілет-қарымына қарай жырлана жатар. Ертең сол тарихта қалады деп есептейміз.
Мәдени шараның басты мақсаты – елі үшін еңбек еткен тарихи тұлғаның өмірін, ерліктері мен төрелігін ақындар тілімен насихаттау. Ескелді бидің ел білмейтін тұстарын ұрпаққа айтып, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне де тоқталу.
Авторы: Гүлмайра Қуатбайқызы
Ертең, яғни қазан айының бірінші жексенбісі – Ұстаздар күні. Осынау игілікті кәсіптің тізгінін ұстап, инемен құдық қазған мұғалімдер қауымын төл мерекемен құттықтаймыз! Шәкірттеріңіз биік шыңдарға шыға берсін!
Сондай-ақ 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылдың 15 желтоқсанында қабылдаған қарары негізінде жыл сайын тойланып келеді. Ақылы дариядай қазыналы қарияларымызды ардақтап, бағасын білейік, ағайын! Олардың өмір жолдары – өскелең ұрпақ үшін ешбір байлықпен өлшенбейтін өнеге.