Хабар телеарнасы

Толқын Забирова: Мен Луинадан басқасының бәріне 7 балл қойдым

Толқын Забирова: Мен Луинадан басқасының бәріне 7 балл қойдым

Осы сауалдардың жауабын білу үшін әділқазылар алқасының мүшесі Толқын Забировамен жүздесіп, пікіріне құлақ салдық. Маманның айтар ойын назарларыңызға ұсынамыз.

Толқын Забирова, әнші, «7 ӘН» байқауының әділқазылар алқасының мүшесі

-Жоба қатысушылары кавер нұсқаны жеткізе алды ма?

-Әдетте мен қатысушылардың қалай орындағанын сол мезетте қағазға түртіп отырамын, сондықтан дәл қазір еске түсіру қиындау. Оның үстіне мен екі бағдарламаға ғана қатыстым. Нұргүл Нұғманованың орындауы өте жағымды әсер қалдырды. Джаз-блюз стилінде өз дауысының мүмкіндігін көрсете білді. Оның импровизациясы өте жарқын шықты. Дегенмен джаз стилі біздің халықтың менталитетіне аса жақын емес. Мұны да ескеру керек еді.

-Кейбір көрермендер Нұргүлді Луина мен Ділназға қарағанда мықтырақ болды деп санайды. Сіздер қатысушыларды қандай критерийлер бойынша бағаладыңыздар?

-Әрқайсысы өзінің мықты тұстарын көрсетті. Мен Луинадан басқасының  бәріне 7 балл қойдым. Вокалист ретінде әншінің әнді қазақ тілінде дұрыс орындамауы мені алаңдатады. Жаны қазақ ұлты қазақ бола тұра тілді бұрмалап, батысқа еліктеп өз-өздерін қинап тұрғаны қатты қынжылтады. Мен мұны тілді қорлау деп есептеймін. Луина орыс тілді әнші екенін түсінемін. Әйтсе де қазақ тілінде ән орындап тұрған соң үлкен дайындықпен келу керек еді. Өйткені орындаушы әр дыбысты, сөзді нақты жеткізу қажет. Сонда ғана ән тыңдарманын табады. Бұл, әрине,  тек Луинаға ғана қатысты емес. Бұл қазіргі жас әншілердің акцентпен сөйлеп, кеуделерін қағып, өздерін «жұлдыз» санайтындардың барлығына қатысты мәселе. Әнді кәсіби деңгейде орындау үшін фонетиканы, сингармонизм заңдарын, дауысты дыбыстардың үйлесімділігін ескерген жөн. Осы себептен Луинаға 6 балл қойдым. Алайда оның Ділназға қарағанда вокал жағынан орындаушылық шеберлігі жоғары болғанын мойындаймын. Мен үшін кавер-версия тек жаңа аранжировкада, жаңа стильде ғана емес, әнді әсерлі орындағаны, орындаушының дауысы жақсы естілгені маңызды.

-Қай орындаушы сіздің есіңізде ерекше қалды?

-Бейбіт Құшқалиевтің әні есімде қалды. Оның әнді жеткізу тәсілі ұнады. Нұргүлдің де орындауы өте жақсы, бірақ ол кейде тым айғайға басып кетті. Мені «Mezzo» тобының «Гавань моей любви» атты біздің жастық шағымыздағы әнді орындағаны қайран қалдырды. Әуеннің өңдеуін де жоғары талғаммен таңдай білген. Бұл әнді Роза Қуанышқызының қалай орындағаны әлі күнге бәрінің есінде. Негізінде кавер-нұсқа жасау үлкен шеберлікті талап етеді. Айрықша талант қажет. «Mezzo» тобының продюсері  Абдель Мұхтаров – өте талғампаз, өнерді жанымен түсіне білетін адам. Өз ісінің хас шебері. Мұндай продюсерлер бізде әлі де аз. «Mezzo» тобымен жақсы жұмыс жасай білген. Оның өмірлік ұстанымы жастарды өнер әлемінде шабыттандырып, қанаттандырып келеді. Бұл мені қатты қуантты.

-Бұл жобаға сын көп айтылды, ал сіздің ойыңызша қандай кемшіліктер болды?

-Мен, әрине, басқалар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ бұл жобаның соншалықты атап өтерлік кемшілігін көрмедім. Бағдарламаның сапасын арттыру үшін сыни көзқарас та қажет. Сонда ғана алға қарай өрлеу, ұмтылу болады. Келесіде қателіктердің орын алмауын қадағалап, тамаша дүниелер жасалатын болады. «7 ӘН» секілді ірі жобаларда әділқазылар алқасын дұрыс тандай білу керек. Өнерге қатысы жоқ, кездейсоқ адам деген мүлдем болмауы тиіс. Себебі бұл – тартыс, бұл – байқау. Қазақ эстрадасының белгілі жұлдыздары қатысып отырған соң, олардың еңбегін бағалаған жөн.

-Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Біржақты пікір қалыптастырмас үшін Луинаның да ойын білгіміз келді. Оның да өз айтар ойы бар.

-Көрермендердің айтарлықтай бөлігі бас жүлдеге сізді лайық деп санайды.

-Солай ма? Шын сөзіңіз бе, әлде бәріне де солай айтасыз ба?

-Шын, сіз көптеген көреремендердің ықыласын жаулап алдыңыз. Жобаның нәтижесімен келісесіз бе?

-Алдымен менің немен келіспейтінімді айтайын. Толқын Забированы құрмет тұтамын, дегенмен менің дыбыстауыма қатысты ескертуімен келіспеймін. Бұл кавэр орындауының байқауы емес пе?! Әнді қалай жеткізгенің, оған қаншалықты жаңа дем бергенің маңызды. Сондықтан сөздерді қалай айтатынымнан гөрі, менің орындауыма баға берсе болар еді. Сонда да мен ризамын және құрбым Дильназ үшін қуаныштымын. Байқауда Дильназдың орнына басқа біреу жеңіске жеткенде, мен көңіліме алатын едім.

-Байқаудың ұйымдастырушылығын қалай бағалайсыз?

-Бәріне де көңілім толды. Дыбыс өте жайлы болды. Шынында да, ол кезде болсын, қазір болсын, мен үшін жобада сынға алар ештеңе жоқ. 

-«7 ӘН» жобасы сіздің ән айту шеберлігіңіздің шыңдалуына әсер етті ме? Қандай тәжірибе жинақтадыңыз? 

-Осы байқаудың арқасында вокалдық тұрғыда айтарлықтай өстім деп айта алмаспын. Бірақ кез келген әннен керемет туынды жасауға болатынын түсінгенім рас. Конкурстық әндермен жұмыс істеп, әнді ең үздік түрде жеткізуін жоспарладым. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды.  Бір айта кетерім, осындай байқауларда 1-2 орындардың ғана берілуі әділетсіздеу сияқты. Өйткені әр орындаушы эстрадамызда өзіндік орнын тауып үлгірді.

-Яғни байқаудың жай ғана қызығушылыққа негізделуі жөн деп санайсыз ба?

-Бұл көрермендер үшін әсерлі шоу болуы керек. Ал орындаушылар бақталаспай, одан ләззат алғаны дұрыс деп ойлаймын.  

-Бұған дейін Бейбіт Қорғанның әндерін тыңдаушы ма едіңіз?

-Мен ешбір жағдайда өтірік айтпас едім. Менің оны тіпті Астраханьда тұрғанымда да танығаным 100 пайыз – шындық. 2004-2005 жылдары тойларда асаба мен әнші болып қызмет атқарғанымда, оның әндері айтарлықтай танымал болды. Бір-бір жарым жылдай бұрын танысып, екеуміз тіпті бірігіп трек жазуды жоспарладық. Салыстыратыным дұрыс емес те шығар, алайда қазіргі таңда Қайрат Нұртас нөмір бірінші әнші боп саналса, сол уақыттың нөмір бірінші әншісі Бейбіт Қорған еді. Интернет жоқ болғанмен де, оны барша жұрт танитын. Орындағым келген «Сен» деген әнін басқа қатысушы таңдағанын білгенде, көңілімнің біраз түскені бар. Ал қазір «Кім ол?» әнінің бағым болғанын түсіндім. Басқа әндердің бірі де менде дәл осылай сәтті шықпас еді. Әнді әсерлірек жеткізудің жолдарын ұзақ ойластырып, онымен 1 айға жуық уақыт жұмыс істедім.  

-Сіздің орындауыңыз жайлы Бейбіт Қорғанның пікірі қандай болды?

-Ол мені сахнада жан-жақты мақтап, ал сахнаның ар жағында: «Сөздерді жақсылап жаттайтын бол, бұрмалайсың!», – дегенді қосты. Менің ойымша, дикциямда кемшіліктер жоқ, бұл – менің өзіме ғана тән орындау мәнерім. Орысша да, ағылшынша да солай орындаймын ғой. Бұған қоса, қазақша сөйлеймін. Ата-әжем – кәдімгі қазақтар, солармен өстім. Сонда менің қандай акцентім болуы мүмкін? Әлде бұл Батыс немесе жартылай астраханьдық-ресейлік акцент пе екен? Түсінбеймін.

-Өз әндеріңізге жасалған каверлерді жиі естисіз бе?

-Қазақстандық қана емес, ресейлік орындаушылардың да каверлерін естіп жүрмін. Өзімнің әлеуметтік желілерімде әндерімді менен де артық орындаған қыздардың нұсқаларымен жиі бөлісіп отырамын. Кейде күлкілі, бірақ мейірім мен шығармашылықпен жасалған каверлер де кездеседі. 

-«7 ән» жобасының жалғасқанын қалар ма едіңіз?

-Егер менің оған қатысым болса, қалар едім! (күліп) Қатысушылардың менің әндерімді орындауы үшін тым жас екенімді түсінемін. Дегенмен бұның жүзеге асуын қуана-қуана бақылайтын едім.

-Сұхбатыңызға рахмет!