«Алтыншы бекет» фильмі көрермен көзайымына айналды
«Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша Ұлттық ұланның қатысумен АЮ синема кинокомпаниясы түсірген «Алтыншы бекет» фильмін еліміздің барлық кинотеарларында көрсету жалғасуда. 15 наурызда үлкен экранға жол тартқан туынды көрермен көзайымына айналып үлгерді. Сондықтан кинотеатрларда көрсету мерзімі ұзартылды.
«Алтыншы бекет» фильмін қалың көпшілік ерекше ықыласпен қабылдады. Оқиға шынайы өмірден алынған. Сондықтан болса керек, қызығушылық жоғары. Картинада Ақтау түрмесінен қашқан 21 адамның қанқұйлы әрекеті, оларды тұтқындауға қатысқан жауынгерлердің ерлігі суреттелген.
Қанат Беляков, ҚР ҰҰ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы:
– Қазіргі жастар ғана емес, орта жастағы адамдар да бұл фильмге үлкен өзінің қызығушылығын білдіріп жатыр. Солардың сұраныстары арқылы көрсету мерзімі созылады. Бұл – қазіргі фильмнің бұндай нәтижеге жеткеннінің бір белгісі. Бұл фильм жастарды теріс жолдан сақтайды дегенге біздің күмәніміз жоқ.
Фильмді кинотеатрларда көрсету мерзімі ұзарып, сәуірде жалғасын таппақ. Бұл да көрермен қалауын айқындаса керек. Ал мамыр айында экшн жанрындағы 5 сериялы телехикая түрінде «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
– Екі аптада бүкіл халықты қамту мүмкін емес. Кинотеатрлардың саны да көп емес. Бәсекелес кинолар да бар. Оның бәрін қатар-қатар қою да мүмкін емес. Сондықтан барынша қамту үшін әрине оның мерзімін ұзарту керек, ұзартып та жатыр. Әлеуметтік желілерде, жалпы телефон арқылы да көрермендеріміз байланысып, жылы лебіздерін естіп жатырмыз. Осындай фильмдер көп болса деген және осындай азаматтарымызды таныту, насихаттау жайы айтылып жатыр.
Ұлттық ұлан көрерменнің үлкен қошеметіне ие болған «Алтыншы бекетпен» шектелмек емес. Сәтті премьерадан соң тәжік-ауған шекарасында қайтыс боғлан 17 сарбаздың тартысқа толы тағдыры жайлы картинаны түсіруге мұрындық болмақ.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Батырбек Ғаділбек, Болотбек Табалдиев