Хабар телеарнасы

Ардақты ардагерлерге мың тағзым

Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды.

Ұлы Отан сұрапыл соғыстың басталған кезінде, елімізден жалпы саны 1 млн 200 мыңдай адам соғысқа аттанған еді. Отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы, жат жерде жан тапсырып, аман қалғандары қайтып оралды.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Жеңіс туын арқалап, аман қайтқандардың арасында Асылхан Бекбаев та бар. Бүгінде бұл батыр бабамыздың жасы 94-ке келген. Уақыт өткен сайын жүріс-тұрысы қиындай түссе де, жыл сайын «Мәңгілік алауға» келіп, майдандастарына тағзым етеді.

Бүгінде сол қайсар қарияларымыздың қатары азайып бара жатқандығы жанға батады. Батыр бабаларымыздың қатары сирегенімен, ерен ерліктері еш ұмытылмайды.

Асылхан Бекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- 18 жасқа толғаннан кейін мені әскерге шақырды. Бізге ұшақпен ұшуды үйретті. «Петляков 2» дейді. Фашистер тұрған жерге барып, шабуыл жасадық. Қайтып келе жатқанда біздің ұшаққа снаряд тиді. Отыра берсек, жанып кетеміз ғой. Сондықтан біз парашютпен секірдік.

Артынша жау әскері тұтқиылдан шабуылдаған кезде Асылхан Бекбаев басынан ауыр жарақат алады. Госпитальға жатқызылады.

Асылхан Бекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Мен жаралы болып жатқанда Татьяна Новикова дейтін күтіп, қарап жүрді. Белорусь қызы. Содан кейін мына үйде, Бесқарағайда әке-шешемнен хат алдым. Онда ол қызды бізге әкеліп таста, үйленіңдер деді.

Иә, бұл – тағдыр. Өмірлік жарын ауылына апарып, өзі соғысқа қайта кетеді.

Өмірзақ Озғанбаев, ҚР ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:

- Майданға аттанған азаматтардың қиыншылығы адам көз алдына елестете алмайтын, бүгінгі ұрпақ елестетейін десе де елестете алмайды.

Асылхан Бекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Енді қайтып келсем, әйелім қазақша біліп алған. Мешітке барып, мұсылман дінін қабылдаған. Қазір мұсылман бейітінде жатыр, марқұм.

Бүгінде қос ардагердің 5 баласы бар. Олардан 13 немере, 19 шөбере тараған. Өз ғұмырында Отан үшін от кешкен батыр бабаның тілегі: «Соғыс болмаса екен», – дейді.

Асылхан Бекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Ал қарақтарым, аман сау болыңдар! Дендерің сау болсын! Үлкен балалы-шағалы болыңдар! Ата жұртын сыйлаңдар! Аталарыңды, бабаларыңды қай уақытта болсын ұмытпаңдар! Қазақ – ерекше халық. Барлықтарыңыз аман болыңыздар!

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин