6 мыңнан астам жас түлек «Алтын белгіге» үміткер
Бүгін барлық мектептерде соңғы қоңырау үні естіліп, түлектердің мектеппен қоштасу жиыны өтті. Еліміз бойынша «Алтын белгі» үміткерлерінің саны – 6 мың 985.
Оқушылар 11 жыл алған білімдерін дәстүрге сай Ұлттық бірыңғай тестілеуде сынайды. Тестілеу 29 мамырдан басталып, 9 маусымға дейін жалғасады. Мектеп бітірушілер оған дейін онлайн тест тапсыра алады. Яғни дайындықтарын алдын ала тексереді. Бұдан басқа, мектептерде 390 мың тест кітапшасы таратылған. Жақын арада қосымша 185 мың кітапша беріледі. Айта кетейік, биыл ел бойынша 147 мыңнан астам мектеп бітіруші бар.
Оның ішінде 5 мың 870 оқушы алтын ұя мектептерімен Астанада қоштасты. Кешегі бала ер жетіп, бантикті қыз бойжетіп үлкен өмірге қадам басты. Елордалық түлектің қаншасы «Алтын белгі» иегері атануға үмітті?
Риат Шони, тілші:
-Бүгін 25 мамыр елдегі мектептерде қоңырау үні естіліп, кезекті оқу жылы аяқталды. Бұл қоңырау 147 мың оқушы үшін соңғы. Себебі олар тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан білім ұяларын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басты. Түлектер 11 жыл бірге оқыған сыныптастарын, ілім-білімге үйреткен аяулы ұстаздарын, оқыған мектептерін қимай, жылы лебіздерін көздеріне жас ала жеткізді.
Елордада биыл мектепті 5870 оқушы тәмамдап отыр. Оның 90 пайызы алда болатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Биыл Астана түлектерінің 277-сі «Алтын белгі» иегері атануға және 318-і үздік аттестат алуға үмітті. Аттестат демекші, биыл елдегі барлық мектептерде түлектерге аттестат тапсыру салтанатты кеші маусымның 15-і күні өтеді. Бұны Білім және ғылым министрлігі бекітіп отыр. Ал маусымның соңында шаһар басшылығы атынан «Алтын белгі» иегерлеріне құрмет көрсету мақсатымен «Елорда мақтанышы» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылып, оқушылар марапатталмақ.
Жалпы елордада «Алтын белгі» төс белгісіне үміткерлердің дені №48 орта мектепте – 14 адам.