Ыстықкөл жағасында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде ашылды
Биыл күллі әлем көз тіккен шараға 80-нен аса мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты тарихи қойылыммен ерекшеленді.
Күн күлімдеп тұрмаса да, Ыстықкөл жағасына ағылған туристер қатары қалың. Себебі жуырда ғана Тәуелсіздік күнін тойлаған айырқалпақты ағайын Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатқан дода – қырғыз жерінде қолға алынған ең ауқымды спорттық шаралардың бірі. Мәселен, алғаш рет бұл игі шараға 600-ге жуық адам қатысса, осыдан 2 жыл бұрын сайыскерлердің саны мыңнан асқан. Ал биыл олардың саны 2 мыңнан асып отыр.
Ойындардың басым бөлігі Кырчын шатқалында өтеді. Онда дода басталмас бұрын мыңға жуық өнерпаздың қатысуымен сахналық көріністер көрсетіледі.
Назерке Әбдірахманқызы, тілші:
- Қырғыздың Кырчын шатқалы осы күндері нағыз көшпенді халықтың тұрмысынан сыр шертеді. Мұнда мыңға жуық киіз үй тігілген. Жарысқа қатысатын барлық спортшы сонда тұрақтап, сайыста бақ сынасатын болады. Байқап тұрсаңыздар, қазір мұнда соңғы дайындық шаралары пысықталып жатыр. Ұйымдастырушылар додаға сақадай сай тұр.
Жарысқа қатысатын спортшылардың басым бөлігін қырғыз командасы құрайды. 500-ге жуық сайыскер 37 спорт түрінен күш сынасып, ел намысын қорғайды. Аламан бәйгеге талайды шаң қақтырған шабандоздар мен белдескеннің белін үзетін балуандар, ата кәсіпті нәсіп еткен құсбегілер ат терлетіп арнайы келген. Соның бірі – бала кезінен құс салып үйренген Нұрбек Қожағұлов. 5 жыл қатарынан салбұрында бақ сынасып жүрген ол жүлдеден үмітті.
Нұрбек Қожағұлов, бүркітші:
- Бала кезімнен құс салып жүрмін. Бірақ салбұрынға қатысып жүргелі бес жылдай болды. Жаппай салғанда танылмайсын, ел арасында салғанда көрінесін. Бұл – төрт айлық балапан. Ұядан алғанмын, 5-6 келі болады бұйырса.
Қырғыз елінің атынан сынға түсетін Нұрбек өзінің басты қарсыласы қазақ спортшылары екенін жасырмайды. Оның себебі де түсінікті. Бұдан бұрын өткен ойындарда біздің спортшылар жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінген мықтылардың бірі.
Асхат Акибаев, «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» жобасының жетекшісі:
- Қазақстандық спортшылар – біздің ойынға қатысатын ең мықты командалардың бірі. Бізбен бәсекеге түсетін басты қарсыласымыз десек те болады. Себебі үнемі қазақ пен қырғыз елінің сайыскерлері ақтық мәреге дейін жетеді.
Биыл көшпенділер ойынында Қазақстан құрама командасының сапында 200-ге жуық спортшы ел намысын қорғайды. Осылайша адам саны бойынша еліміз Ресейден кейін үшінші орынға жайғасты.
Сонымен көптен күткен сәт те келіп жетті. Ойынның ашылу салтанатын тамашалауға келген халықтың санында шек жоқ. Арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында қазақ көшбасшысы да бар. Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті және Мажарстанның Премьер- Министрімен бірге салтанатты шараға куә болды.
Көшпенділер ойынына Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек, Франция, Шри-Ланка сынды елдер де қатысып жатыр. Ең қызығы америкалық спортшылар да көкпардан сайысқа түспек. 8 қыркүйекке дейін созылатын жарыстың жалпы жүлде қоры – 26 млн сом. Бұл шамамен 130 млн теңге.
Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров