«Junior Eurovision 2018» байқауының республикалық финалистері анықталды
«Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының республикалық іріктеуі аяқталды. «Хабар» Агенттігінің басшылығы мен қазылар алқасы бүгін финалистердің есімін ресми түрде жариялады. Енді 22 қыркүйекте 10 өнерпаздың қатысуымен Алматыда гала-концерт өтеді. Қазақстан намысын халықаралық бәсекеде қорғайтын талантты ел болып сол кезде таңдаймыз.
Қазылар алқасының құрамында «Хабар» Агенттігінің Төрағасы Алан Әжібаев, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, сондай-ақ Мейрамбек Беспаев, Димаш Құдайберген сынды әншілер бар. Байқаудың 10 финалисін осы кәсіби топ анықтады. Олар: Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Павлодар, Атырау қалалары мен Шығыс Қазақстан облысының өкілдері. Жалпы «Junior Eurovision» байқауын Еуропалық хабар тарату одағының Қазақстандағы жалғыз мүшесі әрі эфирден көрсетушісі – «Хабар» Агенттігі».
Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазір финалистеріміз гала-концертке қызу дайындалуда. Ол 22 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді. Ондағы әндердің барлығы тұңғыш рет сахнада шырқалады. Кеш тікелей эфирде көрсетіледі.
15 жылдық тарихы бар «Junior Eurovision» – көпке танымал халықаралық байқау. Сол үшін де болар, оның Қазақстандағы іріктеу кезеңінің өзіне 200-ден астам үміткер қатысты. Өтініштер khabar.kz сайты арқылы қабылданды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл – халықаралық байқау. Оның өзінің талаптары бар. Соған сай деп табылған ұйымдастырушылардың талаптарына сәйкес келген 134 жұмыс іріктеліп алынды және осы жұмыстардың барлығы біздің әділқазылардың назарына ұсынылды.
Финалдық бәсекеде жеңімпазды анықтау екі жолмен іске асырылады: қазылар алқасының шешімі және көрермендердің sms дауыс беруі.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Біздің орындаушымыз өзінің образын әнімен, сахнадағы қозғалысы, мінез-құлқы, образға кіріп орындауы, сонымен қатар балалық, сәбилік нәзіктігін де сақтап қалып, ерекше сымбатты көрінсе, ол бала жүлдесіз қалмайды деп ойлаймын.
Мамандардың айтуынша, беделді байқауға қатысу жас өнерпаздар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Ал гала-концертте дараланып шыққан талант 25 қарашада Минскіде өнер көрсетеді. Оны халықаралық бәсекенің финалына дайындаумен «Хабар» Агенттігі айналысады.
Биыл жарысқа 19 ел қатысады. Бұл – «Junior Eurovision» тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Алібек Әлиев