Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына тың инновациялар енгізілуде
Қазақстанның еті нәрлі, бидайы сапалы. Импорттаушы елдер біздің өнімді құнттайды. Бірақ ас та төк астық пен мыңғырған мал өсіруге осы күнгінің тың технологиясы қажет-ақ. Өнімнің өзіндік құнын азайтпаса, бәсекелестік ортада сапасы емес, бағасы бойынша басқа ел ұтып кетуі мүмкін.
Бұрынғыдай тек жаңбырға сеніп отыратын заман артта қалды. Табиғаты біздің Солтүстік Қазақстаннан да қатал Аустралияда астық дақылдарының өнімділігі бізден 2 есе жоғары. Жері біздікінен 66 есеге аз Голландия жылда 100 млрд доллардың ауыл шаруашылығы тауарын экспорттайды. Елбасының аграрлық саланы цифрландыру нарық талабы дегені де сондықтан.
Елнұр Өтебаев, Мемлекеттік қызметтерджі дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары:
- Біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 2 бағытты қамтып отырмыз. Бірінші бағыт – жаңа технологиялық модернизациялау, екіншісі – мемлекеттік қызметтерді барынша оңтайландыру мен автоматтандыру. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінен 101 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, қазіргі таңда 62-сі ғана автоматтандырылған. 2021 жылдың соңына дейін 89 қызметті автоматтандыруды көздеп отырмыз.
Мәселен, тыңайтқыштарды субсидиялау қазір толық электронды форматқа көшірілген. Бұрын шаруалар машақаттанып, орталыққа бірнеше рет сапарлап, өтініш тапсыратын, жауабын айлап күтетін.
Қазір бар мәлімет сайтта. Екі-ақ күн ішінде субсидия есепшотқа түседі. Әкімшілік тосқауыл жойылып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіліп отыр. Тіпті бидай сатуда сандық технологияның пайдасы мол. Биыл 19 млн тонна бидай электрондық есепке алынып, 627 млрд теңге көлемінде қаржы операциясы өткізілген.
Елнұр Өтебаев, Мемлекеттік қызметтерджі дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары:
- Қазір бұрынғыдай емес, электрондық жүйеге кіресіз. Бәрі ашық көрсетілген. Қаржылық операциялардың барлығы онлайн жүргізіліп жатыр. Былтырғы жылдың өзінде осы жүйені енгізудің арқасында 700 млн теңге үнемделді.
Цифрландыру бар шығынды 25 пайызға қысқартып, өнімділікті 2 есеге арттыруы тиіс. Қазір елімізде ең ірі 9 шаруа қожалығы егін алқаптарын цифрлық жүйеге көшірді. Қанатқақты жобаға Қарағанды облысынан екі шаруашылық енсе, соның бірі – «Шахтер». Олар биыл алғаш рет сынақ түрінде 500 гектар егістік алқаптың электронды картасын жасап, сол бойынша дәнді-дақыл сіңірді.
Ерлан Махмедовтың тракторшы болғанымен жұмыстың бәрін «ақылды техника» өзі жасайды. Жұмысты компьютерге жүктесе болғаны. «Тіпті егін салып біткенше, мызғып алуға да болады», – деп әзілдейді ол.
Ерлан Махмедов, тракторшы:
- Жылдамдыққа салып жібергеннен кейін өзі спутник арқылы жүреді. Жақсы трактор. Бұрын күніне 70 гектар себетінбіз, ал қазір 200 гектар.
Егінжайдың электронды картасы бойынша алқаптағы барлық жұмыс бақыланып отырады.
Ақмола облысында да дәл осы егіншілік қолға алынған. Бараев атындағы қазақ астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары ел бойынша 13 мың гектар жер сандық жүйеге көшірілгенін айтады. Мына картада әр егіс алқабының нөмірі белгіленген, техникаға орнатылған JPS олқылық кетсе, бәрін тайға таңба басқандай көрсетіп отырады. Тіпті қараңғы уақытта кей жерлерге дән себілмей қалғанына дейін білуге болады.
Міне, мамандар егін алқаптарының жай-күйін дрондармен тексеріп жүр. Олар астық орылғанша дамыл таппай, агрохимиялық зерттеу жүргізбек. Цифрлық технологиялар топырақтың құнарлылығынан бастап, алқаптың қай бөлігін зиянкес басқанына дейін дәлме-дәл анықтап береді.
Кенже Абдоллаев, Бараев атындағы қазақ астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
- Гербицидке үнемдеу, тыңайтқышты үнемдеу, менің өзімнің ғана институтымның төңірегінде. Бұрын 120 млн теңгеге гербицид алатынмын, ал енді осы технологияның арқасында 50 пайызына ғана, яғни 60 млн төңірігенде ғана шықсақ па деп отырмыз. Тек қана спутникпен бақыланып отырады. Қай жерге тыңайтқыш керек? Соны спутник арқылы көріп отырамыз.
Егістіктерге орнатылған мынадай шағын метеостанциялар ауаның температурасын, ылғал мөлшері туралы ақпаратты қашықтан басқару орталығына жіберіп тұрады. Құрылғыларды басқаруды қазақ инженерлері АҚШ-тан келген мамандардан үйренген.
Қостанайлық диқандар да ақылды технологияның игілігін көріп отыр. Техниканың бәрі тіркеуде, тыңайтқыш көлемі есептеулі, қаншасы себілгені карта бетінде. «Жұмыс жеңілдеді», – дейді шаруалар. Тіпті қарапайым есепшінің өзі онлайн режімде жұмыс жасайды. Орталыққа ат сабылтпайтын болған.
Яна Кисенко, Шаруа қожалығының есепшісі:
- Біз электрондық жүйе бойынша есеп береміз, онлайн банк бар. Барлық төлемді осылай жасаймын. Экспорттық-валюталық ақша аударымдары бәрі осылай жүргізіледі.
Озық технология тек егістік басында ғана емес, мал шаруашылығына да енгізіліп отыр. Қазір елімізде 40 шаруа қожалығы «ақылды ферма» ұстайды.
Бауыржан Айымбетов, Мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру департаментінің директоры:
- Ақылды фермаларда ірі қара малдың жағдайын автоматтандырылған машина бақылайды. Малға құрылғысы бар қарғыбау тағылады. Оның көмегімен жануардың жай-күй тексеріліп отырады. Ол тіпті қай уақытта саууға болатынын да анықтайды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы сүт фермаларының бірінде робот арқылы басқарылатын сауу цехы іске қосылған. Швед технологиясы арқылы мұнда тәулігіне 9 тонна сүт өндіріледі. Бас оператор Ақерке Раманқұл құлтемірмен тез тіл табысқан.
Ақерке Раманқұл, сүт тауарлық фермасының бас операторы:
- Бір сиырды 7-8 минут сауады. Дәл қазіргі уақытта сиыр сауылып жатыр. Бұл сиырдан 16 литр күтіп отырмыз. Бірақ одан да көп сүт беруі мүмкін.
Кәсіпорында жалпы Мажарстаннан әкелінген «голштин» тұқымды 700-ден аса ірі қара бар. Оның жартысынан көбі сауын сиырлар. Кешенде 6 құлтемір сауыншы тәулік бойы жұмыс істейді. Сиырлар сауын орнына құлағына орнатылған чип арқылы кіріп-шығады.
Ендігі ірі қара малды есептеу жүйесі де цифрландырылып отыр. Шығыс Қазақстан былтыр 270 мың тонна ет өндірген. Мал өсіретін шаруалар мал басына арнайы «чип» орнату арқылы санақ жүргізіп отыр. «Шалабай» асылтұқымды мал зауытында тек жаңа туған бұзаулар ғана әзірге тіркелмеген, қалғанының бәрі цифрлық есеп жүйесінде.
Қуаныш Сүлейменов, «Шалабай» асыл тұқымды мал өсіру зауытының басшысы:
- 2 жыл бұрын цифрлық санаққа көштік. Мал туралы бар ақпаратты білеміз: қайда туған, ата-анасы кімдер дегендей. Егер мал жоғалып кетсе, тез тауып аламыз.
Тіпті ветеринарлық анықтама, фитосанитарлық сертификаттың бәрі ғаламтор бетіне шығады. Қызмет көрсету уақыты екі аптадан бір күнге, тіпті 30 минутқа қысқартылмақ.
Ұлан Тәжібаев, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы:
- Оның мақсаты – қазіргі ауыл шаруашылығы деңгейін көтеру. Шетелде дәлелденген. Нәтижесінде 30 пайызға дейін үнемдеу, өнімнің шығуын көбейту. Қазақстан жерінде қалай қолдану керек? Сол жөнінде нұсқаулық беру керекпіз.
Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығында цифрландыру бойынша бір мың студент оқытылған.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Осылайша жанармай, тұқымдық, тыңайтқыш үнемделсе, топырақтың құнарлылығы артып, өнім еселенсе, тауардың өзіндік құны арзандайды. Бұл сұраныс артып, экспорт көбейеді деген сөз. Ал 2025 жылға таман цифрландыру есебінен Қазақстан шамамен 40 млрд теңге қаражат үнемдейтінін ескерсек, пайдасы оның көл-көсір екен.
Авторы: Индира Жылқайдарова