Жаңа еуропалық құрылыс нормалары сапаны арттырады
Құрылыстағы еуропалық стандарттардың қауіпсіздік коэффициенті ескі нормалардан гөрі 20-30 пайызға көп. Елбасының құрылыста жаңа технологияларды арттыруға қатысты тапсырмасы аясында құрылыс саласын жетілдіру мықтап қолға алынды. Елімізде еурокодтар, яғни еуропалық құрылыс нормалары бойынша 13 жоба және 9 қабатты көппәтерлі үйдің үлгілік жобасы әзірленген.
Еурокодтар әлемнің экономикасы дамыған 45 елінде пайдаланылады. Ал Қазақстан еуропалық құрылыс нормаларына 2020 жылы толықтай көшеді. Әзірге азды-көпті жобалаушылар жаңа нормалармен жұмыс істеп жүр.
Миркен Абақанов, «ҚАЗҚСҒЗИ» АҚ бас директорының техникалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:
- Еурокодтар конструкцияның мықты орнығуына кепілдік береді. Әрі әр елдің табиғи-климаттық, инженерлік-геологиялық, сейсмологиялық жағдайлары есепке алынады. Еуропаның 27 елінен бір мыңдай ғалым құрастырған еурокодтар жыл сайын инновациялармен толығып жаңартылып отырады.
Әмбебап норма бетон, болат, ағаш, тас, кірпіш тіпті алюминий секілді барлық құрылыс материалын қамтиды. Құрылыс комитеті басшысының айтуынша, былтыр 186 ескі құрылыс нормасы мен ережесі қолданыстан алынса, биыл тағы 70-ін алып тастау көзделген. Еурокодтар құрылыстың сапасын көтеріп, жобалаушыларға шығармашылық еркіндік бермек.
Мархабат Жайымбетов, ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Бұрын терезе, есік, баспалдақ қалай болуы керек, ол нұсқамалық әдіс еді. Одан жобалаушы асып кетпейтін. Енді еурокодты іске қосқан кезде параметрлік әдіс, мысалы кез келген 100 мың адамдық стадион дейік, өрт қауіпсіздігі бойынша 7 минутта эвакуация жасау керек, сол жөнінде жобалаушыға тапсырма беріледі. 15 пайызы міндетті орындалу керек, қалғанын шығармашылық шешімдермен есептеп шығару керек.
Қазақ ғылыми зерттеу және жобалау институты әзірге 850 маманды даярлап шығарған. Айта кетейік, құрылыстың сапасын көтеру үшін жыл соңына дейін бірыңғай электрондық жүйе іске қосылмақ.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Қазір атқарушы техникалық құжаттама журналға жазылады. Ол түзетіліп не жоғалып қалуы мүмкін. Жаңа блокчейн жүйесінде мәліметті өзгертіп, өшіруге жол жоқ. Сөйтіп электрондық жүйе іске қосылса, тапсырыс беруші оған жобалық-сметалық құжатты енгізеді. Кейін техникалық бақылау, мердігер, авторлық қадағалау, басқа да мекемелер өз жұмысын электронды түрде атқарады. Барлық тарап құрылыс процесін бейнекамера мен фотоесеп арқылы біліп отырады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин