Данэлия Тулешова «Junior Eurovision Song Contest 2018» байқауында ел намысын қорғайды
Биыл алғаш рет «Junior Eurovision 2018» байқауына қазақстандық балалар да қатысады. Минск сахнасында өнер көрсету бақыты республика көлемінде үздік атанған алматылық Данэлия Тулешоваға бұйырды. Ол 25 қарашада Беларусь астанасында өтетін халықаралық «Junior Eurovision Song Contest» ән байқауына қатысып, ел намысын қорғайды.
Әнші қызымыз ұлттық іріктеудің ақтық мәресінде 10 үміткердің ішінен топ жарды. Талантымен көрермендерін тәнті еткен алматылық оқушыға халықтың басым бөлігі дауыс берген.
Алматыдағы «Халық Арена» кешеніне жиналған жұрт «Junior Eurovision Song Contest» ән байқауына аттанатын үздік әншіні таңдады. Сахна төріне шығып, бақ сынаған 10 қатысушының ішінен әділқазылар алқасы мен көрермендер таңдау жасап, басым дауысты Данэлия Тулешоваға берді.
Данэлия сол кеште көптің көңілінен шыққан «Өзіңе сен» атты авторлық әнді жоғары деңгейде орындады.
Данэлия Тулешова, «Junior Eurovision 2018» ұлттық іріктеу турының жеңімпазы:
- Мен қолымнан келгенше тырыстым. Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Одан да жақсы орындауға болады. Өйткені кез келген қатысушы мұндай маңызды сәтте қатты толқиды. Мен де қатты қобалжыдым. Маған дауыс бергендердің барлығына алғыс айтамын.
12 жастағы Данэлия: «Ес білгелі ән саламын», – деп әзілдейді. Жасөспірім өз бетінше өнерге талпынғанымен, тек 10 жасынан вокалмен айналыса бастаған. Үш бала тәрбиеленіп отырған Тулешовтер отбасының тұңғышы топ жарып шықты. «Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?», – дейді анасы.
Елена Тулешова, Данэлия Тулешованың анасы:
- Конкурсқа дайындық жұмыстары барысында маған ғана салмақ түспейді. Негізгі ауыртпалық музыкалық ұстазда. Ол үнемі Данэлияның дайындығын қадағалайды. Менің жұмысым – дайындыққа қолайлы жағдай жасау.
Елді аузына қаратқан Данэлия Тулешова әнді жүрекпен орындайды. Концертте оның өнерін тамашалаған көрермен осындай баға берді. Диапазоны кең кішкентай ғана әншінің қолында Қазақстанның болашағы. Ол енді 25 қарашада Минскіде өтетін «Junior Eurovision Song Contest» ән байқауына қатысады. Оған артылған жүк те ауыр – ел намысын қорғау.
Авторлары: Индира Оразалинова, Валентин Лобанов, Радик Жакупов