«Томирис» тарихи фильмі келесі жылы көрерменге жол тартады
«Томирис» тарихи фильмін түсіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған дейін Қапшағай, Шонжы мен Бурабайда болған шығармашылық топ Алматыдағы «Қазақфильмге» ойысты.
Қазір киностудия аумағында салынған әйгілі Вавилон декорациясында түсіріліп жатыр. Оның нобайын келтіруге құрылысшылар 6 ай уақыт жұмсаған.
Картина былтыр қазан айында түсіріле бастады. Соғыс сахналарын ауқымды етіп көрсету үшін компьютерлік технология қолданылады.
Режиссері – Ақан Сатаев. Басты рөлге 15 мың үміткердің ішінен таңдалған Альмира Тұрсын атқа міну мен семсерлесуді үйреніпті.
Альмира Тұрсын, Томирис патшайым рөлінде:
- Қызықтар да, қиындықтар да болды. Кейбір кезде шарсайсың. Костюм кигенде ыстықтайсың. Атпен шабасың. Мысалы, біз көне түрік тілінде сөйлейміз. Тілің келмейді.
1-2 күнде түсіру жұмыстары аяқталып, монтаждау мен дыбыстау басталады. Тарихи фильм келесі жылы наурыз мерекесі қарсаңында көрерменге жол тартады.