«Бейбітшілік қабырғасы» монументі – ынтымақ пен келісім символы
Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдығына жасаған тартуы – «Бейбітшілік қабырғасы» монументі бас шаһардың сәулетін көркейте түсті. Бұл – тарихи да, саяси да ерекше мәні бар мемориал. «Бейбітшілік қабырғасын» жасауға бюджеттің бір тиын қаржысы жұмсалған жоқ, толықтай кәсіпкерлер мен демеушілердің қаражатына салынды. Ескерткіш бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеп, елдегі ынтымақты бағалауға үндейді.
Елорданың 20 жылдық мерейтойына Ақтөбе облысы сыйлаған «Бейбітшілік қабырғасы» монументі Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі» монументіне жақын жерге орналастырылды. Бұл жобаны жасауға негіз болған идея – Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі. Сондықтан да монумент 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл әрекет күнінде ашылды.
Өркен Кенжебек, журналист, блогер:
- Мұндай бейбітшілік қабырғасы Парижде, Чикагода бар. Әлемдік өркениет бөлшегінің Астанада болуы әрине, біз үшін қуаныш. Бұл Астананың сәулетіне қосылған сүбелі үлес.
«Еліміздің ядролық қару-жарақтан толық бас тартуы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткізуі, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі – осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі», –дейді дипломаттар.
Рашад Мамедов, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бұл монумент – әлем қауіпсіздігі саласындағы Қазақстанның бейбіт саясатының символы. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы бүкіл Орталық Азияға қауіпсіздік сыйлады. Ақтаудағы атомдық реаторк жабылғанда біздің ел қуанды.
Монументтің шатыры жапырақ тәріздес, бұл ұлттардың бір шаңырақ астындағы бірлігін бейнелейді. Штардың панельдерінде LED жүйе бар, ол кез келген цифрлық ақпаратты тарату мүмкіндігіне ие. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Жалпы ұзындығы – 111 метр. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған.
Авторы: Индира Жылқайдарова