Көкпар: ата-баба дәстүрі бүгінде лайықты дәріптеліп келеді
Қазақта ұлттық спорттың сан алуан түрі бар. Бірақ арасында көкпардың шоқтығы ерекше биік. Тіпті еліміздің әр аймағында ат спорты мектебі құрылып, көкпар командалары жасақталған. Ата-баба дәстүрі бүгінде лайықты дәріптеліп келеді.
Риат Шони, тілші:
- Канадада ұлттық спорт – хоккей, Бразилияда – футбол, Испанияда – коридо. Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда әрине, көкпар.
Ерлан Қанапин тура мағынада айтқанда ат жалын тартып мінгелі көкпар ойнайды. 21 жасына дейін жастар арасында өнер көрсеткен. Бұғанасы қатқан соң, білекті ер жігіттермен көкпар тартып жүр.
Ерлан Қанапин, көкпаршы:
- Серкені басқанда шабыттанамыз өзі. Арқамыз кеңейіп, «адреналин» дейді ғой, салым салғанда сондай күйде боламыз. Маған ұнайды. Қазақтың әр баласы атқа мінеді деп ойлаймын. Шапқан дұрыс.
Соңғы кезде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Көкпардан ішкі біріншіліктер ұйымдастырылып, онда әр өңірден келген спортшылар күш сынасады. Бірақ олардың қатарында елордалық шабандоздар болмайтын. Ұлттық спорттың иісі бас шаһарға да жетті. Көкпар клубы құрылып, қуаты тасыған жігіттер жалға жабыса жатып, тулақпен доптай ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Аманжол Хасенов, көкпар клубының директоры:
- Ойыншылар бізбен келісімшартқа отырады. Жаңадан келгендер болса, бір жылға. Себебі ол көкпаршының қарым-қабілетін байқау керек. Ал кейін жақсы спортшы болса, 3-тен 5 жылға дейін келісімшартқа отырамыз. Жалақылары 100 мың теңгеден асады.
Бұл спортта ойыншыдан бөлек, сынға түскен сәйгүлік те мықты болу керек. Төрт түліктің төресін тізгіндеп қана қоймай, онымен жүйелі жұмыс істеу қажет.
Ерлан Қанапин, көкпаршы:
- Ат мықты болуы керек. Жүрегі кең, денелі. Ұрғанда, соққанда енді бір атты алып қалатындай қорғаныс аты бар. Жілік майын толтырып, семіртіп, уақытында шілдеге қоямыз. Мынау жал деген қатты болады. Содан кейін аяңдатып, атты суытамыз. Сол кезде денені қатырамыз. Ол семірген денені өзі бір формасына келіп жүргеннен қалыптасып қалады. Содан мына еті бәрі қатып, ат дайын болады. Сол кезде бірақ ойынға саламыз.
Бір сөзбен айтқанда шынтағы қабырғадан аулақ тұрып, жерсоғарлы, аяғы тік, сіңірлі болуы қажет. Сонда ғана жеңіс тұлпар тұяғында болады.
Ерлан Қанапин, көкпаршы:
- Тізгін қаққанда, ат алға барады. Осылай тізгінмен қағасың. Сілкігенде ат алға қарай атылады. Жекпе-жекте енді жанымен ұстау керек. Аңдағыннын да сәл өнері бар. Осылай жекпе-жекте ұстап қалады. Қарсыласын итеріп, алып тастау керек.
Қанымызға жат емес, делебені қоздыратын көкпар Орталық Азия аумағында ғана емес, сонымен қатар Еуропа елдерінде де үлкен қызығушылыққа ие. Бұл аз десеңіз мұхиттың ар жағында жатқан АҚШ-тың ковбойлары да көкпар тартып жүр. Шабыстан шабыт алатын ат спортының бұл түрі өз елімізде кенжелеп қалмас үшін жарыстардың саны еселеп арттырылмақ.
Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:
- Әдетте тек қана Қазақстанның чемпионаты өткізілетін. Енді келесі жылы осы жарыстардың санын көбейтсек дейміз. Әсіресе командалық ойынға байланысты. Мысалы, арнайы кубок үшін чемпионат, арнайы халықаралық турнирлер деген сияқты жарыстарды қоссақ дейміз.
Сенім артқан білекті жігіттеріміз қараша айында Азия чемпионатында көкпар тартысады. Бұндай байрақты бәсекелерде отандастарымыз топ жарып жүруі үшін өз дүниемізді өзіміз барынша қолдауымыз қажет. Өйткені өзгелер сырттан келіп ат құйғытқан нөпір көкпар ұйымдастыратындай жанашырлық танытады дегенге сену қиын.
Авторлары: Риат Шони, Абдулла Исаев