Келер жылы Денис Тен туралы кино түсіріледі
Келер жылы Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылады. Бұл туралы Денистің анасы Оксана Тен тілшілермен жүздесу барысында мәлім етті.
Академияның ашылуына ресейлік танымал жаттықтырушы Татьяна Тарасова да қолдау білдіріп, осы жобаның жүзеге асуына атсалысады.
Сонымен қатар «Денис және оның достары» атты мұздағы шоу концерті де жыл сайын ұйымдастырылады. Спортшының музыкамен де әуестенгені белгілі. Қор 15 өлеңнен тұратын таспасын жарыққа шығарады. «Әңгімелер, ертегілер және тақпақтар» атты жинақ та көпшілікке жол тартады.
Спортшының бейнесіне негізделген анимациялық фильм де жоспарда тұр. Ең бастысы Денис Тен жазған сценарий бойынша «Соқыр махаббат» атты кино түсіріледі. Бұл көркем туындыны кинорежиссер Тимур Бекмамбетов қолға алды.
Тимур Бекмамбетов, кинорежиссер:
- Қазір режиссер қарастырып жатырмыз. Фильм АҚШ-та түсіріледі. Туынды жастардың қарым-қатынасына арналады. Бізді қаржы жағынан қор қолдап отыр. Жоспар бойынша фильмді спортшының жылдығына дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Сол кезде кино көпшіліктің назарына ұсынылады. Бұл фильм коммерциялық мақсатта түсірілмейді. Ол спортшының рухына арналады.