«Хабар» Агенттігінің жобалары әлем көрермендерінің назарында
«Хабар» Агенттігінің «Хабар 24» пен «Kazakh TV» арналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Көрші елдің теленарығына ресми тіркелу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыруар шаруасы атқарылды. Бірнеше айға созылған келіссөздердің нәтижесінде Ресейдің кабельдік операторымен бір мәмілеге келдік. «Хабар» Агенттігінің ұжымына осындай ауқымды істі жүзеге асырғандары үшін алғыс айтқым келеді», – деп жазылған парақшада. «Шекаралас аймақтарды мекендейтін қандастарымыз біраз уақыттан бері біздің министрлікке хат жолдап, ел жаңалықтарын көргілері келетінін жеткізіп еді. Тілектері орындалды. Игі бастама Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасының «Шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек» деген тапсырмасына сай қолға алынды. Осы орайда, тағы бір айта кетері, қазір «Хабар» Агенттігі түсірген «Ана жүрегі» атты телехикая Өзбекстанның белгілі арналарының бірінде көрсетіліп жатыр. Өзбек телекомпаниясының өкілдері сериалдың жергілікті көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие екенін айтады. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді», – деп жазылған министрдің парақшасында.