Ержан Максимді Еуропаның басты байқауы күтіп тұр
Ержан Максим Польшада өтетін Junior Eurovision 2019 байқауына қызу дайындық үстінде. Ол өзінің жоспарларына бірқатар өзгеріс енгенін айтты. Жас әнші туған жер туралы жаңа әндерге бейнебаян түсіруді көздеген екен. Алайда маңызды жоба күтіп тұрғандықтан, ол жоспары кейінге қалған. «Байқау талабы бойынша жаңа ән орындалу керек. Қазір репертуар таңдап жатырмыз», – дейді әншінің анасы. Ержан Максим бұған дейін Италия, Ресей, Латвия, Беларусь елдеріндегі түрлі халықаралық ән сайыстарынан жеңіспен оралған болатын. Ал Мәскеуде өткен «Голос. Дети» жобасы жас таланттың әншілік әлеуетін одан әрі айқындап берді. Енді әсем дауысымен, әртістік қабілетімен миллиондардың жүрегін жаулаған Ержанды Еуропаның басты байқауы күтіп тұр. Бұл «Хабар» Агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағына мүшелігінің арқасында мүмкін болғанын айта кеткен жөн.
Ержан Максим, жас әнші:
- Junior Eurovision 2019 байқауына қатысуға шешім қабылдадық. Елімнің үмітін ақтаймын деп ойлаймын. Байқауға қатысатыныма өте қуаныштымын. Осындай сайыстар менің шыңдалуыма, әнші ретінде қалыптасуыма және көп достар табуыма көмектеседі.
Гүлмира Әлібек, Ержанның анасы:
- Келесі үлкен жауапкершілікті талап ететін сайыс – Junior Eurovision 2019 байқауы. Әрине, қобалжудамыз, уайымдаудамыз. Мұны жалпы ережесі бойынша «авторлық байқау» деп айтуға болады. Жаңа ән керек. Репертуары қандай бағытта, қандай тақырыпта айтылатынын қазір отбасымызбен, Ержанның тәлімгерлерімен қарастырып, ойластырып жатырмыз.