«Қаламгер» көркем фильмі 12 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі
Олардың еңбегі ерен, сөздері сара, істері дара. Олар өткен ғасырдың 70-ші жылдары цензураның қыспағына қарамай, қазақтың рухани байлығын қорғады, дәріптеді. Мұның бәрі 12 қыркүйек күні еліміздің кинотеатрларынан көрерменге жол тартатын «Қаламгер» көркем фильмінде қамтылған. Картина шынайы оқиға желісімен түсірілген. Туынды Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов сынды қазақ әдебиетінің нарқасқалары жасаған көбіміз беле бермейтін тарихи деректерге толы.
Оқиға Сәтжан есімді жас жазушының Алматыға келуімен басталады. Ол өткен ғасырдың 70-ші жылдары болатын. Фильмде сол тұстағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдайы бас кейіпкер арқылы беріледі.
Бұл жас ғалымның Алаш тақырыбын зерттеп жүрген сәті болатын. Еңбекті жасырып, сақтықпен алып жүруінің себебі Алаш ол кездерді жазылмайтын, айтылмайтын жабық тақырып саналған. Оны елемегендердің артына адам салып қудалайтын. Туындыда жансыздың астыртын әрекеттері де қамтылған.
Арнұр Құдиярбек, актер:
- Комитетчиктің ролін атқарамын, жас жазушы ретінде Жазушылар одағына келіп жүріп, неше түрлі ақпаратты естіп, сол кездегі үкіметтің көзі мен құлағына айналған персонаждың бірімін деуге болады.
Фильмнің «Қаламгер» аталуының өзіндік себебі бар. Ол – сол кездегі жазушылар ортақ әңгіме құратын дәмхананың атауы. Әдебиет адамдарының қоғам ісіне батыл араласуы, тақырыптық арнасының кеңеюі бәрі сонда талқыланған.
Сержан Зәкерұлы, сценарий авторы:
- Олардың басынан өткен оқиғалардың көркемдік, тарихи шындығы бар. Соның бәрін ұштастырып беру өте күрделі болды. Шытырман оқиғалар туындыға арқау болды. Жиынтық образдар бар, көптеген тарихи тұлғаны көре аламыз.
Тарихи тұлғалардың тарихи істері де кеңінен сипатталған. Мәселен, 1973 жылы Азия-Африка жазушыларының V конференциясының Алматыда өтуі. Әл-Фарабидей ғұлама ғалымның қазақтың данышпаны екені дәлелденген сәті де сол кезеңде болды.
Дулат Исабеков, «Қаламгер» көркем фильмінің бас кеңесшісі, жазушы-драматург:
- Ұстаздың оралуы, Әл-Фарабиді тартып алып келуі. Ташкент өткізейін деп жатқанда Алматыға алып келді. Бұл – Әнуар Әлімжановтың арқасы. Мұны көп біле бермейді.
Мұны енді отандастарымызбен қатар шетелдіктер де біле жүреді. Олай дейтініміз, фильмнің тұсаукесері өткен аптада елімізде алғаш рет ұйымдастырылған Азия қаламгерлерінің форумы аясында өтті. Айта кетейік, туында «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Бұл кино еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Басты мақсаты – «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларындағы ойларды көпшілік көрерменге түсіндіру, сіңіру. Енді бағасын көрермен береді. 12 қыркүйектен бастап бір ай бойы кинотеатрлардан көруге болады. Кейін Тәуелсіздік мерекесінде сериалдық нұсқасын «Хабар» Агенттігінің көрермендеріне ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Түсірілім Алматы, Павлодар мен Меркіде жасалып, Қазақ ССР астанасының архивтік кадрларымен толықтырылған. Туындыда тартыс пен шығармашылыққа қоса, қалжың мен қағытпа әңгімелер, махаббат эпизодтары да бар. Басты рөлдерді Бағдәулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Нарғыз Алтайбай, Ергенбай Әбуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамыт, Арнұр Құдиярбек сомдаған.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Индира Жылқайдарова, Марат Диханбаев