Хабар телеарнасы

«Бекзат» көркем фильмі 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм көрерменге жол тартты. Түркістан қаласында «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Бекзат» толықметражды кинокартинасының тұсауы кесілді. Фильм Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігіне арналады.

Небәрі 20 жасында жасындай жарқ етіп, қазақты айдай әлемге танытқан Бекзат Саттархановтың дариға дүниемен қоштасқанына да 20 жылға жуықтады. Осы аралықта Сидней Олимпиадасының чемпионы жайында талай кітап жазылып, деректі фильмдер түсірілгенімен, бұл жолғы фильмнің жөні бөлек, жосығы ерек. Олай дейтініміз, толықметражды кинокартинада Бекзаттың болмысы толық ашылған. Төл туынды көрерменді шынайылығымен баурап алды.

Мақсат Жаңабайұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде екі тағдырды көрсеткен. Бірі – спортқа барып, жетістікке жеткен Бекзат. Екіншісі – дұрыс емес жолмен жүріп, қателіктер жасаған оның досы. Фильм жастарға үлкен әсер етеді деп ойлаймын.

Фильмде Бекзаттың болмысын сомдаған жас актер Самат Әзімқұлов кішкентайынан Бекзаттың өнеріне тәнті болып өскенін айтады. Өзі де спортпен шұғылданған.

Самат Әзімқұлов, Бекзаттың рөліндегі актер:

- Бокс жағынан қиындық тудырған жоқ. Осы Түркістан қаласындағы бір түсірілімде жағыма қатты соққы тигізіп алдым. Бір бетім ісіп кетті. Ол да бір жақсылықтың белгісі шығар, сол кездегі қиын сәттер қазір қызықты шақтар болып еске түсуде.

Кинокартинаның тұсаукесеріне батырдың ата-анасы арнайы қонақ ретінде шақырылды. Туынды Бекзаттың туыстарының да көңілінен шықты.

Сырлыгүл Саттарханова, Бекзаттың анасы:

- Өте қуаныштымыз. Себебі бұл – халықтың қанша жылдан бері аңсап келе жатқан киносы. «Міне, кино шығайын деп жатыр, шықпай қалды, қаражат болмай қалды» деген себептермен елді сағындырып келген кино. Сондықтан біз сәттілік тілейміз.

Фильмнің сюжеттік желісінде 90-шы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңге тап келген Бекзаттың балалық шағы суреттеледі. Түркістан қаласындағы теміржолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары:

- Осы фильм арқылы біз жастарды жігерлендіріп, олардың санасына үлкен рухани күш бергіміз келеді. Бекзаттай тума талант көп елде жоқ. Көрсетілім ерекше өтті. 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі. Түркістанда басталған алғашқы көрсетілім Шымкентте, одан кейін Алматыда жалғасады.

 «Бекзат» фильмі алға мақсат қойып, үлкен жетістікке жетудің жолын көрсетеді. Тек спортта ғана емес, өмірде де күресе білудің, бәсекеге қабілетті болудың қандай екенін көрсетеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы