Хабар телеарнасы
Алматыда қазақ детектив жанрын дамыту жайы талқыланды

Алматыда қазақ детектив жанрын дамыту жайы талқыланды

Қазақстан Жазушылар одағы детектив жанрын дамыту мақсатында қарар қабылдады. Ол үшін арнайы кеңес құрылатын болды. Сонымен қатар осы бағытта жазылған шығармалар байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Бұл туралы жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Конференцияға қазақ әдебиетінің өкілдері мен көршілес елдердің қаламгерлері қатысты. Детектив — оқырмандар қызыға оқитын жанрдың бірі. Кемел Тоқаев — қазақ жазушыларының ішінен осы бағытта тыңнан сүрен салып, сүбелі еңбектер жазған қаламгер.

Конференцияны еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі ашты. «Кемел Тоқаев шытырман оқиғаларды шебер өрнектей білді»,-дейді әдебиет өкілдері.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург:
- Бұл қоғамда жанжал жоқ, бәрі мамыражай, бәрі жақсы дейтін кезеңде менің ойымша, Кемел Тоқаев жаңжалдың қайда жатқанын осы детектив жанрына бару арқылы тапқан. Ең үлкен негізгі бұл кісінің болмыс-бітімін, табиғи жаратылысын суреттеуді анықтайтын осы ғой деп ойлаймын, детектив. 

Кемел Тоқаев еңбек жолын журналистикадан бастап, кейін әдебиет әлеміне бетбұрды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, зұлмат заманның қасіретін көрді. «Өмір тауқыметін көтере жүріп, қазақ әдебиетіндегі тың жанрдың бетін ашу — үлкен қайраткерлік»,- дейді ізбасарлары.

Қазақстан Жазушылар одағы детектив бағытын дамыту үшін бірқатар жобаларды қолға алатын болды.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы: 
- Ол атап айтқанда жаңағы детектив және шытырман оқиғалар кеңесін құрмақшымыз. Сол кеңес аясында үлкен бағдарлама жасалады және осы детектив жанрын дамытудағы біздің үлкен ісіміздің бастауы болады деп ойлаймыз. 

Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысында дүниеге келген. Оның «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Соңғы соққы», «Қастандық» және «Арнаулы тапсырма сынды көптеген пьесалары, романдары мен повестері оқырмандардың ықыласына бөленген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев