Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады
Бірер күннен соң жазғы маусым басталады. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға осындай үндеу жасады.
Биыл елімізде 3 млн жуық бала жаздағы демалысын арнайы орындарда өткізуге мүмкіндік алады. Ол үшін демалыс орындары мен мектептер, тіпті саяжайларда дайындық жүріп жатыр. Көктемгі тасқыннан зардап шеккен аймақтардағы жеткіншектер үшін қандай жоспарлы шаралар бар?
Диана Қадыр, тілші:
- 3 млн 800 мың оқушы үшін жазғы демалыс басталды. Оның 3 млн жуығы арнайы орындарда тынығады. Демалыс орталықтарының басым бөлігі маусымның басында іске қосылса, 32 нысан 15 маусымда өз жұмысын бастайды. 10 мың бала сауықтыру орталықтарына барады. 240 мың жеткіншек маусымдық, 2,5 млн астам бала мектеп жанындағы, ал 75 мыңы шатырлы және киіз үйлердегі демалысқа жолдама алады.
Астана қаласы бойынша 200 мыңнан астам оқушының жазғы демалысы сауықтыру және жұмыспен қамту бағытында жүргізіледі. Олардың қауіпсіздігін қамту мәселесі қалалық мәслихатта қаралды. Жауапты басқарманың мәліметінше, санитарлық бақылау, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлері жазғы маусымға дайын.
Қасымхан Сенғазыев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:
- Министрліктің бізден талап ететіндігі, сол аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды толық қамтамасыз ету керек. Қысқа мерізімде кезеңімізде 2-3 лагерді ретке келтіріп, іске қосу.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Бір күн қалада» жобасы қолға алынды. 1,5 мың бала облыс орталығына келіп, мәдени – тарихи орындарды аралайды. Театрларға барып, түрлі мәдени шараларды тамашалайды.
Зәмзәгүл Тұрлыбаева, СҚО білім басқармасының бас маманы:
- Жаздың 3 айында маусым, шілде, тамыз айларында әр жұманың сәрсенбі, жұма күндері осында қалаға келіп, осындай жобаға қатысуға мүмкіндіктері бар. Оның ішінде мысалы, биылғы жағдайда су тасқынына ұшыраған отбасылар да бар ғой, олар да қатысады.
Жалпы республика бойынша жазғы демалысты сапалы ұйымдастыру мақсатында 120 мың маман арнайы дайындықтан өткен. Қосымша 12 мыңнан астам студент және волонтёрлер тартылмақ.
Диана Қадыр, Айдарбек Балғабеков