69 жастағы түркиялық студент Түркістанда тіл үйреніп жүр
69 жастағы Түркия азаматы Қожа Ахмет Ясауи университетінің жасы үлкен студенті атанды.
Ыстамбұл қаласының тұрғыны Кадрие Ышыклы қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген. Қазір университеттің дайындық орталығында білім алып жүр. Оны түркі елдерінің тілі мен мәдениеті қызықтырады. Кадрие ханым Қазақстанға келген 1,5 айда қазақ тілін түсіне бастаған. Ол оқып жатқан дайындық орталығында университеттің ішкі грантына ие болған 200-ден астам шетелдік студент білім алады. Үш баланың анасы бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша оқып, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттапты. Ендігі мақсаты – Орталық Азия елдерімен танысу.
Кадрие Ышыклы, университет студенті:
- Алдымен қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысқым келеді. Одан кейін өзге де бауырлас елдердің тілін меңгеріп, сол елдерге де саяхаттап барғым келеді. Мені Қазақстанға сол арман жетелеп келді.