Тынышкүл Сұлтанбердиева: Ененің қаталдығы баласына деген шексіз махаббаттан туындайды
Телехикаяда келінін отырса опақ, тұрса сопақ ететін қатал ене образы көрініс табады. «Алайда ененің қаталдығы баласына деген махаббаттан туындайды», – деп есептейді Балым апаның рөлін сомдаушы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Тынышкүл Сұлтанбердиева.
-«Сырластар» телехикаясына қалай келдіңіз?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– «Сырластарға» кастинг арқылы келдім. Рөлге шақырып, байқап көрді. Кейіпкерім жалғыз ұлының қасындағы әйелді өте жақсы адам болса екен деп ойлайды. Өте қатал ене бейнесі. Өзінің тәрбиесі сондай болғандықтан, басқалардан да соны талап етеді. Әрбір ана бауыр еті баласының қасынан жақсы адамды көргісі келеді ғой. Кейіпкерім сондай кірпияз, көп нәрсені жақтыра бермейді. Бірақ өте ақылды. Келіні жас болғандықтан, кей әрекеттерін ұнатпай, тырнақ астынан кір іздеп жүреді. Өте адуынды әйел. Шыны керек, бұл рөлді ойнау маған өте қызықты болды. Менің ойынымды көріп, продюсер, режиссерлер риза болып, таңдап алды. Түсірілім бір айға созылды. Өте қызықты күндерді бастан өткердік.
-Актер үшін жағымсыз рөл болмайды. Дегенмен, осы сынды жағымсыз образды сомдаған кезіңіз болды ма?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Бұл рөлді жағымсыз деп айта алмаймын. Көбіне өз кейіпкерімді ақтап алуға тырысамын. Ойнап жүрген бейнеңді жақсы көрмесең, жақсы жақтарын іздемесең, қиындау болады. Мұның барлығы ұлыма деген құрмет, шексіз махаббаттан туған әрекет деп ойлаймын. Соншалықты қатал ене. Келінін отырса опақ, тұрса сопақ қылады. Тіпті келіннің көзіне «фашист» болып елестейді. Осыған дейін де ана рөлін сомдаған едім. Бірақ ол мына кісі секілді соншалықты қатал емес (күлді).
-Көрермендер тарапынан кері пікір қалыптасып қалады деп қорықпайсыз ба?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Ондай қорқыныш жоқ. Бұл – баласына деген махаббаттан туындаған қаталдық. Сериалдың соңғы бөлімдерінде көрермендердің көзі жетеді деп ойлаймын.
-Телехикаядағы Балым апа мен өмірдегі Тынышкүл апаның ұқсас тұстары бар ма?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Балым апа мен Тынышкүл апайдың ортасындағы ұқсастық ол – балаға деген махаббат, тиянақтылық. Менің де келіндерім бар, өсіп келе жатқан немере қыздарым бар. Олардың бәріне мен Балым ападай қатаң емеспін.
-Өмірде қандай енесіз?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Өмірде мен жұмсақпын. Түсірілім кезінде әріптестерім: «Сіз осындайсыз ба? Келініңізге осылай қарайсыз ба?», – деп таңқалады. Құдай сақтасын! Үйде балаларымның, немерелерімінің тамағын істеп, жуып, бәрін орнына қойып, жүгіріп жүресің.
-Әріптестеріңіздің таңданысына қарағанда, өз рөліңізді нанымды жеткізген секілдісіз?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Өзім де солай ойлаймын. Бірақ бағасын көрермендер бере жатар.
-Тәжірибелі актриса ретінде сериалдың сценарийі, түсірілім барысы көңіліңізден шықты ма?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Біз енді өмір көрдік, біраз жасқа келдік, Сериалдар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Өте қуанышты жағдай. Режиссерлеріміз, сценаристеріміз, съемкадағы группалар мен операторлық жұмыстардың деңгейі өсіп келе жатыр.
-Сериал барысындағы қызықты оқиғаларды еске түсірейікші...
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Мен Гитлердің киімін киіп, келінімнің көзіне елестейтін тұстары бар. Сол көріністе барлық группаның шек-сілесі қатып күліп, қызықты болды. Сосын модель болып жүретін жерлеріміз де қызықты болды. «Тынышкүл апай, сіз күнде подиумда жүрген секілдісіз» деп бәрі таңқалды. Сондай жағымды сәттер өте көп. Түсірілім кезінде келінімнің рөлін сомдайтын Гүлназия мен айқай салған сайын селк етіп, шошып кетеді. Барлық группа оған ду күледі. «Рөлім сондай болған соң, айқайлаймын» деп ақталамын мен. Көзі бақырайып, қорқып кетеді.
-Көпшілігіміз Сізді театр актрисасы ретінде танимыз. Қандай жанр жаныңызға жақын?
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– Театр да кино да бірдей. Өйткені мен шынайы өмір сүруге тырысамын. Кинода барлығы көрініп тұрады. Экраннан ештеңені жасыра алмайсың. Ал театр – тірі организм. Онда толыққанды өмір сүресің. Не дегенмен, киноның талаптары сәл-сәл қатаңдау. Кинода белгілі бір заңдылықтардан асып кете алмайсың.
-«Хабар» арнасының көрермендеріне тілегіңіз...
Тынышкүл Сұлтанбердиева, актриса:
– «Сырластар» телехикаясын көріңіздер! Пікірлеріңізбен бөлісіңіздер! Біз сіздердің жылы лебіздеріңізді асыға күтеміз.
-Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Айғаным Достанбаева