Нұргүл Мыңғатова: Жұлдыз болуға тырыспаймын
Күйбең тірліктегі қуаныш пен қынжылыс, қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер әдемі әзілмен жеткізіледі. Телехикаядағы басты рөлдердің бірі Сәуленің бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Нұргүл Мыңғатова сомдайды.
-«Сырластар» телехикаясындағы кейіпкеріңіз туралы айтып берсеңіз?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– «Сырластар» телехикаясы 3 құрбы жайында. 2-еуі тұрмыс құрған, ал 3-шісі соларға ұқсап, отбасы құрып, балалы болғысы келеді. Оның бар ойы өзіне лайық жар жолықтыру болса, ал біздің бар ойымыз – үйдегі тіршілік. Біреуі енесінің көңілінен шыға алмайды. Ал менің кейіпкерімнің арманы – жұлдыз болу. Негізі Instagram желісі қазіргі күнде адамзаттың дерті ғой. Ондағы өмір басқа, ал шынайы өмір мүлдем басқа болатын тұстар да көп кездеседі. Жұбайы бизнесмен, сондықтан жағдайы жақсы, үш қызы бар келіншектің бар ермегі сол Instagram болады. Өзінің әдемілігін, пысықтығын көрсеткісі келеді. Әйтеуір 3 баласымен бәріне үлгеруге тырысады. Тіпті үйінің бұрышын реттестіріп, тікелей эфирге: «Мен үйдің бәрін жинастырып қойдым», – деп шығатын кездері де бар.
-Телехикаяға қалай келдіңіз?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Бұл режиссердің алғашқы жобасы болғандықтан, ол кісі көп актер, актрисаны тани бермейді. Оның алдында «Брат или брак» картинасына түскенмін. Сол туындының монтажына режиссер қатысып, мені көрген болатын. Кейін театрлардан суреттерімізді көрсеткен кезде танып, кастингке шақырды. Солай пробадан өтіп, осы рөлге қабылдандым.
-Түсірілім барысындағы қиындықтар туралы айта отырсаңыз...
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Негізі әр түсірілімнің өзінің қиындықтары болады. Ал бұл жерде уақыттың аздығы және бір күнде көп сахна түсірілгені болмаса, қалғаны ойдағыдай өтті деп ойлаймын.
-Жоба барысында әріптестермен келіспеушіліктер болды ма? Кіммен жұмыс істеу қиынға түсті?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Жоқ, келіспеушіліктер болды деп айта алмаймын. Тынышкүл Сұлтанбердиева, Қуаныш Тұрдалин Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың, Гүлдария Дүйсенова «Ақсарай» және Ләйлә Тілеуова да М.Әуезов театрының актрисасы болғандықтан, еш қиындықтар болған жоқ. Сахнаны ойнар алдында «Мүмкін осылай дұрыс» деген сияқты бір-бірімізбен келісіп отырдық.
-Түсірілім кезінде есте қалған қызықты оқиғамен бөлісіңізші?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Есте қалатындай қызықты сәт өте көп болды. Солардың бірін айтып берейін. Негізі бізді түсірілім алаңына таңғы сағат 6-7-лерде алып кетеді. Бір күні съемка сағат 11-ге ауысқанын мен де білмей, шопыр да естімей қалып, таңертең 6 жарымда үйден шығып кеттік. Жарты жолға жеткенде ғана бізге хабарласып, уақыттың өзгергенін айтады. Мен ашуланып, үйге қайтып кеттім. Содан сағат 11-де түсірілім алаңындағылар мені қазір ұрысады деп ойлап, тыныш отыр екен. Ал мен ұйқым қанған, көңіл-күйім көтеріңкі болып, кіріп барғанда, барлығы балаша қуанып, біреуі кофе дайындап, сыйластықтарын білдіріп жатты. Осы бір сәт есімде қалыпты.
-Сериялдағы Сәуле мен өмірдегі Нұргүлдің ұқсас мінездері бар ма?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Иә, мен өмірде де дәл сол Сәуле секілді эмоцияға берілгіш, қуанышым болса, жасыра алмай, жан-жағымдағылармен бөліскім келіп тұрады. Бірақ бір ұқсамайтын тұсы Instagram желісіне қатты құмар емеспін. Суреттерімді салып тұрамын, бірақ Сәуле сияқты лайк үшін барымды салып, жұлдыз болуға тырыспаймын.
-Өмірде де жақын құрбыларыңызбен сырласып, шер тарқататын отырыстар жиі болады ма?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Иә, бізде әсіресе, актрисаларда ондай отырыстар жиі болады. Өзіміздің «компаниямыз» бар. Туған күн, мерекелерде, тіпті шаршаған кезде бір-бірімізге хабарласып, жиналатын кез көп болып тұрады.
-Жобадағы үш құрбының өмірдегі қарым-қатынасы қандай?
Нұргүл Мыңғатова, актриса:
– Құралаймен (Гүлдария Дүйсенова) өнер академиясында бірге оқыдым. Ол музыкалық драмада, мен драмада білім алдым. Сол кезде жатақханада тұрғанда сәлеміміз түзу болатын. Жақын құрбы болмасақ та, группалас ретінде жақсы араластық. Ал Інжуді (Ләйлә Тілеуова) осыған дейін сырттай естігенім бар. М.Әуезов театрында ойнайтын актриса ретінде білетінмін. Кейін түсірілім алаңында кездестік. Ақылды, ашық, көңілді, өте жақсы, сезімтал қыз.
-Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлбану Тәжібек