Хабар телеарнасы

Су басу қаупі бес өңірде сейілмей отыр

Оған өңірлерде ауа райының күрт жылынуы себеп. Еріген қар суымен толыққан кейбір шағын өзендер арнасынан асты. Солтүстіктегі Береке ауылында тасқыннан бағана құлап, тұрғындар әлі күнге дейін электр жарығынсыз отыр.

Ақмола облысындағы өзендерде су деңгейі көтерілді. Мәселен, өткен тәулікте Жабай өзеніндегі су небәрі 2 сағаттың ішінде 10 см-ге көбейген. Сондай-ақ Қалқұтан өзені де толып барады. Мұның барлығына еріген қар суымен жауын-шашын әсер етуде. «Ал алдағы күндердің тағы да бұлтты болатынын ескерсек, бұл жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін», – дейді синоптиктер. Осыған байланысты аймақтағы 28 гидробекеттің жұмысы күшейтілді.

Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры:

- Алдағы 3 тәулікте аймақта ауа температурасы күндіз 3-8 градус жылы, ал түнде -5 градусқа дейін суық болады. Қар аралас жаңбыр жауып, тұман, көктайғақ болады. Ал Жабай өзенінде алдағы екі тәулікте тасқын қаупі күшейеді.

Ақмола облысында орналасқан Шағалалы қоймасынан секундына 25 текше метр су жіберіліп, Шағалалы өзенінде де су көтерілді. Оның үстіне Көкшетаудағы Қопа көлі тасыды. Салдарынан мұз кептелісі орын алып, Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласына тасқыннан қауіп төнді. Тіпті үш үйдің ауласына су жайылған. Осыған байланысты бұл елді мекенге Ақжар ауданынан қосымша арнайы жасақ жіберілді. Құтқарушылардың жедел әрекет ету жұмыстарының арқасында бүгінде су 150-200 метрге азайды. Енді ол Теңдік, Мироновка және Кантемировское ауылдарына беттеп келеді. Ал «Сергеев» су қоймасында су қалыпты деңгейден 47 см-ге көтерілген.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Теңдік және Кантемировское ауылдарына арнайы жасақ жіберілді. Менің орынбасарым мен аудан әкімі жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Тасқын сол маңдағы жолдарды шайып кетуі мүмкін. Қазір бізде облыстық, аудандық жолдардың 9 учаскесін су басып қалды. Жалпы айта кету қажет бүгінде аймақта елорда мен Жамбыл облыстарынан келген 60-тан астам құтқарушы еңбек етуде.

Ал еліміздің батысында елді мекендерді су басу қаупі сейілді. Тек Тасқала және Бәйтерек аудандары мен облыс орталығында табиғаттың тосын мінезіне дайындық сақталған. Жылда осы мезгілде арнасына сыймай жататын Деркөл өзені көктем келгелі тек 49 см-ге көтеріліп, жалпы деңгейі 207 см-ге жетті. Қауіпті деңгей 650 см болады. Бастауын Ресейден алатын трансшекаралық Қараөзен, Жайық, Сарыөзенде де болжам бойынша су жылдағыдан аз келмек.

Максим Қайрекенов, БҚО ТЖД бөлім басшысы:

- Біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз, осы аудандарда жедел штаб жұмыс істейді. Кар еріп жатыр. Көктемде тоң өте аз болды. Жаңбыр болған жоқ. Сондықтан биыл қардың бәрі жерге сіңіп кетті.

Шығыстағы Семейді су басу қаупі жоқ. Ертіс өзеніндегі су деңгейі 187 сантиметр, қауіпті меже 450 сантиметр екен. Шүлбі су қоймасында да жағдай тұрақты. Ал кешелі бері жарияланып жатқан ескерту – алдын алу шаралары. Онда қала тұрғындарының өзенге жақын орналасқандары су деңгейі көтерілген жағдайда көшуге дайын отыру керектігі айтылған еді. Бұл – ауа райын болжаушылардың алдағы күндері жауын-шашынды болуына байланысты жіберілген ақпарат. Әзірге жағдай қалыпты.

Айдын Мархаметов, Семей қаласы әкімінің жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс жөніндегі көмекшісі:

- Шүлбі су электр стансасына қазіргі күні 1000-1200 куб сантиметр жіберіліп отыр. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі Шүлбі су электр стансасы 3000 сантимтер кубқа дейін жіберуге жағдайы бар. Ал берілген хабарлама жоспарлы түрде жыл сайынғы берілетін ескерту.

Сондықтан Семейліктерге алаңдауға еш негіз жоқ. Мамандар жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр.

Авторы: Самат Қайырденұлы