Сюжеттер

Түркістан облысында жаңа құрылыс нысандары бой көтермек

Түркістан облысында жаңа құрылыс нысандары бой көтермек

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескере отырып, қала құрылысын жалғастырудың кешенді мәселелерін қарады. Үкімет басшысы құрылыс алаңдарын аралап, шаһарды дамытудың 2019-2020 жылдарға арналған жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Бүгінде Түркістан ауқымды құрылыс алаңына айналған. Алдағы 2 жылда мұнда 20-дан аса әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтеретін болады. Олардың ішінде конгресс-холл, медиаорталық және облыстық әкімшіліктің ғимараттары бар. Басымдық негізінен стадион, оқушылар сарайы, ХҚКО сияқты әлеуметтік нысандар мен жол құрылысына беріледі. Жыл соңына дейін шаһарда 100 шақырымнан асатын 30-дан аса көшеге жөндеу жүргізілмек. Оған бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

Ролан Ибрагимов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары Басқармасы басшысы:

- Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Тек жол жөндеудің өзіне ғана 385 адам, 105 техника жұмылдырылған. Арықтарды ауыстыру, аяқжолдар мен веложолдар салуға және көлік кептелісін азайту мақсатында оң жақ бұрылысын қарастырып жатырмыз.

Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болғандықтан, халық саны да өсіп келеді. Тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін 2300 пәтерден асатын 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 үйді ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 1200 жанұя жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның 270-і аз қамтылған отбасыларға ұсынылмақ. Ал өңірді газдандыру үшін 30 км магистральдық газ құбыры салынады, 2020 жылға қарай қаланы табиғи газға 100% қосу көзделген. Жиын соңында Үкімет басшысы жергілікті билікке күшейтілген жұмыс кестесін енгізіп, екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы кестеге көшіруді тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш