«Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында жүзеге асырылып жатыр
Биыл жоба бойынша өңірге 20 млрд теңге бөлінді. 16 ауданнан 64 ауылдық округ жобаға қатысып, нәтижесінде 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Осы ретте Созақ ауданы мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша өзгелерге үлгі көрсетуде. Мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін төрт ауылдан 4 кооператив құрылды. Қаржы ұйымына 214 азамат өтініш беріп, соның 153-і мақұлданды. Дені 2,5 пайыздық несиені мал шаруашылығын дамытуға алған.
Саясат Әмірбаев, Созақ ауылдық округінің тұрғыны:
-Келешекте осы төрт түлік малды байлап, ары қарай дамытып, дөңгелетіп әкету біздің мақсатымыз. Мал басына мал қосып, жеңіл пайыз болғандықтан мүмкіншілік бар. Байлауға, мал алуға. 6 жылға алғанбыз, 1 жыл демалысы бар. Келесі жылы осы уақытқа басталады.
Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Созақ ауылдық округі бойынша жаңа кооператив құрылған. Оның құрамында 68 азамат бар. 26 млн теңгеге қазіргі таңда қаржысы мақұлданып, осы аптаның ішінде алады деп жоспарлап отырмыз. Мақсаты — ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту. Өз кәсібін дамытамын деген азаматтарға байланысты 18 өтініміміз бар.