Хабар телеарнасы

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының финалы басталды. Спорт жаңалықтары

Астанада қоян-қолтық ұрыстан Қорғаныс министрлігінің жүлдесі үшін әлем кубогы жолындағы жарыс аяқталды. Бұл сынға шет мемлекеттерден 300-ден аса әскери спортшы қатысты. Жекпе-жек шеберлері Жақсылық Үшкемпіров атындағы кешенде екі күн бойы бірнеше салмақта кім мықтыны анықтады. 62 және 88 келіде, сондай-ақ ауыр салмақта жерлестеріміз Айдын Нұриддинов, Бекзат Ақтанов пен Мейрамбек Алматов жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасында Эмилия Ларионова 53 келі салмақта чемпион атанса, Талшын Жұматаева 58 келі салмақта алтыннан алқа тақты. Жалпы командалық есепте Өзбекстан командасы топ жарды. Қазақстан құрамасы екінші орыннан көрінді. Белорусь спортшылары үздік үштікті түйіндеді.

Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:

-Биыл әскери спортшылар 400 медаль ұтып алды және 70 спорттық іс-шара өткіздік. Келесі жылы осы әскери қызметшілер арасында тұңғыш рет Астанада тамыз айында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді. 

Баскетболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Үндістанға қарсы ойын қарсаңында дайындығын пысықтап жатыр. Азия кубогына іріктеу матчы қарашаның 25-ші күні Үндістанның Ченнай қаласында өтеді. Оқу-жаттығу жиынына бас бапкер Евгений Овсянников 16 баскетболшыны шақырды. Құрама негізінен Астана, Каспий және Тобыл клубтарының ойыншыларынан жасақталды. Ресей чемпионатында өнер көрсететін Олег Балашов пен Владимир Иванов та құрамаға қосылды. Тек «Тамбов» командасында ойнатын Роберт Пан ғана жарақатына байланысты жиынға келе алмады. Қатар, Иран және Үндістанмен бір топқа түскен біздің баскетболшылар екі жеңістен кейін өз тобында Иранмен топ бастап келеді. Әр топтан екі құрама тікелей Азия кубогына жолдама алады. Құрлық біріншілігі келер жылдың тамыз айында Сауд Арабиясында өтеді.

Евгений Овсянников, баскетболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

-23 қарашаға дейін жоспарланған жиын барысында «Алматылық легион» және «Ирбис» клубтарымен екі жолдастық кездесу өткіземіз. Содан кейін үндістанды бетке аламыз. 22 қараша сырт алаңда Иранмен ойнауымыз керек болған. Бірақ елдегі саяси ахуалға байланысты ойын кейінге шегерілді. Дегенмен жиын жоспар бойынша өтуде. Басты мақсат – өз тобымызда бірінші орын алу.

Азия чемпионатына қатысатын боксшылардың есімі белгілі болды.

Құрлық біріншілігінде 13 салмақта медалдар сарапқа салынады. Ең жеңіл салмақта Санжар Тәшкенбай сынға түседі. Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов, Бейбарыс Жексен және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Азия чемпионатына барады. Дулат Бекбауов пен кәсіпқой бокстан оралған Абылайхан Жүсіпов те тізімге ілігіпті. Диас Молжігітов, Ерасыл Жақпеков секілді жаңа есімдер де бар. Ұлттық құрамаға Бекзат Нұрдәулетов те оралды. Ауыр салмақтарда Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай шаршы алаңға шығады. Биылғы Азия чемпионаты Таиландтың Чиангмай қаласында 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді.