Хабар телеарнасы

Құрлық әскерлері басшылығы Сарыөзектегі сарбаз өліміне қатысты пікір білдірді

Еліміздің Қарулы Күштері құрлық әскерлері бас қолбасшылығының өкілдері жуырда болған қайғылы оқиғалардан соң әскери қызметтегі қауіп-қатер факторларының алдын алу шаралары жөнінде мәліметтермен бөлісті.

Еске сала кетейік, өткен аптада Сарыөзекте сарбаз жоспарлы оқу-жаттығу кезінде оқ жарақатынан көз жұмса, өткен жылдың қыркүйек айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 25744 бөлімінің 19 жастағы сарбазы Марат Берқұлов мерт болды. Куәгерлер бұрынғы взвод командирінің қару кезенгенін атап өткен болатын. Осы оқиғаға қатысты құрлық әскерлері бас штабының бастығы түсініктеме берді.

Қуанышбек Үштаев, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:

- Мен бұның бірінші себебі ол біздің офицеріміздің жеке басының кінәсі деп ойлаймын. Қару-жарақ, тапанша ешқашан адам баласына кезелмейді. Ол тек қана өзінің қорғанысына немесе жаңағы беріліп тапсырылған мекемені қорғауға ғана қабылдануы керек.

Оқиғаға психологиялық фактор себеп болуы мүмкін екендігін қолбасшылық жоққа шығарды. Себебі сарбаздармен аптасына бір рет, сержанттармен айына бір, офицерлермен 3 айда бір психологиялық зерделеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазір оқиғаға қатысты іс материалдары сотқа жіберіліп, тыңдаулар Астана қаласында өтіп жатқанын еске сала кетейік. Сондай-ақ қолбасшылық өкілдері әлімжеттік пен өзге де келеңсіздіктердің алдын алу шаралары туралы да баяндады. Бейнебақылау камералары әжетханаға қоюға рұқсат болмауы себепті, кейбір бұзушылықтар сол жерде болатыны да айтылды. Жалпы алғанда генералдар кейінгі жылдары әскери қызметтегі келеңсіздіктер мен өлім-жітім жайттары барынша азайғанын атап өтті. Десе де бұған дейін офицерлердің сарбаздардан ақша жинайтыны туралы шағымдар болған. Маңғыстауда қаза болған сарбаз да, ата-анасынан жиі ақша сұрағаны ақпарат құралдарында айтылды.

Қуанышбек Үштаев, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:

- Қазіргі кезде білесіздер, переводтардың бәрі де жұмыс істейді. Телефондар бар, сондықтан ол жерде ондай құқықбұзушылықтар біздің қатарымызда болған жоқ. Ол негізінен 2000 тг, 3000 тг. Оның өзінде бала дүкендерден өзінің тарапына тиесілі бір товарларды алып сосын әкесінен шешесінен сұраған кездер болды.