Ақтөбеде оқушылар жаттығатын мұзайдын еріп кетті
Қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын ақтөбелік оқушылар қайда барып жаттығарын білмей дал. Облыс орталығындағы жалғыз мамандандырылған мектептің мұз айдыны еріп кеткен. Ата-аналар мұндай жағдай жылда қайталанады,-дейді. Маусым ортасында спорт нысаны неліктен қаңырап бос тұр?
«Олимп» мұз айдынында 338 бала коньки тебеді. Жас спортшылар шайбалы хоккей мен шорт-трек, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйреніп жүр. Алайда олар соңғы аптада мұз бетіне шықпаған.
Ангелина Березюк, 5-сынып оқушысы:
- Қазір біз жаттығу залында дене шынықтырумен шектеліп жүрміз. Себебі мұз жоқ. Мәнерлеп сырғанау спортын сүйемін. Хоккей ойнаймын. Мұз айдыны тағы да жарамсыз боп қалғанын көргенде көңілім түсті.
Ата-аналар мен оқушылар мұндай жағдай жылда қайталанады, - дейді. Мәселен, былтыр мұз айдынының компрессоры істен шығып, балалар сәуір айына дейін жаттыға алмады. Сондықтан ел біріншілігінде өнер көрсеткен жас спортшылардың нәтижесі де мардымсыз болған.
Гүлсима Бекеғұлова, қала тұрғыны:
- Қостанай, Ақтау, Орал қаласының фигуристтерінің деңгейін көрдік те мен кәдімгідей жыларман болып келдім. Себебі ең соңғы орындарды алып келді. Бізде қыстай мұз болмайды, сынып қалады. Үш айлап демалады. Мұзымызды жасап берсе, сол бізге, біздің ешқандай басқа талабымыз жоқ. Біздің балалардың басқа қалалар балаларынан ешқандай кемшілігі жоқ.
Алтынай Танбаева, облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті:
- Кеше 2017-2018 жылғы хоккейші балалар далада жаттығу өткізді. Жеке кәсіпкер құйған мұз айдынын ата-аналардың өздері жалдады. Себебі жас спортшылар жаттығудан қол үзбеуі тиіс.
Бұл жолы мұз айдынындағы жылу алмастырғыш құралы істен шыққан. Оны жөндеуге шамамен 8 млн теңге қажет. Облыстық спорт басқармасы өкілдері демеуші іздеп жатқандарын айтты. Себебі бюджет есебінен жаңарту үшін мемлекеттік тапсырысты рәсімдеуге кемінде 2 ай уақыт кетеді. Ал әзірге балаларды жеке мұз айдынына орналастыру жолы қарастырылып жатыр.
Шыңғыс Шоқпытов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Мұз орталығының басшылығы енді ақылы өткіземіз деп жатыр. Тағы бір сөйлесіп көреміз. Егерде бұған келіспей жатса, онда ақысын төлеп жаттығу жасататын боламыз.
Өңірде ауа температурасы күні кешеге дейін құбылып, хоккей ойнап, мәнерлеп сырғанауға сапалы мұз құю мүмкін болмаған. Бүгіннен бастап сынап бағанасы түнде минус 20 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан спорт мектебі басшылығы аулаға мұз айдынын құймақшы. Әзірге балалар далада жаттығады.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов