Қарлы боран елді әбігерге салды
Елімізде күн райы құбылды. Бірнеше облыста жолдар жабылып, қар құрсауында қалғандар бар. Абырой болғанда оларды құтқарушылар мен полицейлер аман алып қалды. Тоқтаусыз жауған қардан көлік қозғалысы қиындады. Қолайсыз ауа райы қашанға дейін жалғасады?
Бұл Ақтөбе облысындағы жол полициясы қызметкерінің жазбасы. Құзырлы орган өкілі «Самара-Шымкент» тасжолының жабылғанын хабарлап тұр. Боранның салдарынан жүздеген көлік жолда қалған. Дәл осындай жағдай Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында да болды. Аталған аймақтарда негізінен республикалық және облыстық маңыздағы тасжолдар жабылған.
Ал «Щучинск-Астана» және «Астана-Қарағанды» бағытындағы тасжолдар өткен түннен бері жабық. Салдарынан мыңдаған қозғалыстың қайта жанданғанын күтіп тұр. Жол апаттары да жиілеген. Мәселен, Қарағанды облысында қатты желден автобус аударылды. Қоғамдық көлікте 17 жолаушы болған. №84 маршруттық автобус Петровка ауылының маңында апатқа ұшыраған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Жолаушылардың барлығы діттеген жерлеріне дін аман жетті, - дейді полиция қызметкерлері.
Боранға байланысты Қостанай облысының мектептерінде екінші ауысымдағы сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал Меңдіқара ауданына қарасты Сосновская орта мектебінің және Рудный мен Лисаковск қалаларындағы барлық сыныптар онлайн оқыды.
Қолайсыз күн райы астаналықтарды да біраз әбігерге салды. Қалың қардан бас қалада қозғалыс қиындап, жол-көлік оқиғалары жиіледі. Әуежайда да біраз ұшақ кешікті. Себебі таңертең Астана әуежайының ұшу-қону жолақтары қар тазалау үшін 2 сағатқа жабылды. Сөйтіп ұшатын 70 рейстің алтауы және қонатын 68 рейстің 14-і кешіктірілген. Қаланың коммуналдық қызметтері де тоқтаусыз жауған қарды тазалап үлгермей жатыр.
Олжабек Бейісов, қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда қалада 2700-ден астам адаммен және 1600-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Өткен түні 31 мыңнан жоғары текше метр қар шығарылды. Біріншіден, біз тазалау жұмыстары осы магистралдық жолдар. Яғни кептеліс болатын жерді тазалап жатырмыз. Содан кейін әлеуметтік нысандарды тазалаймыз. Адам жүретін жерлерді, вокзал маңайларын, әуежай маңайларын тазалап жатырмыз. Ауа райының болжамы бойынша осындай жел, қар 2-3 күндей болады. Осы екі-үш күн ішінде біз осындай режимді, яғни екі тәуліктік режимде жұмыс істейміз. Күндіз және түнгі.
Иә, қолайсыз ауа райы алдағы күндері де жалғасады, - дейді синоптиктер. Одан қалды боранның арты қатты аязға ұласады. Сондықтан құзырлы органдардың өкілдері халыққа мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға және ескертулерді ескеруге кеңес береді. Ал «Қазақстан темір жолы» шұғыл жағдайда жеке көлікпен емес, пойызбен жүруге шақырады. Ұлттық компания «Астана-Көкшетау» және «Астана-Қарағанды» бағыттары қосымша пойыздар қосылғанын хабарлады.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Құзырлы органдардың соңғы ақпараты бойынша дәл қазір «Астана-Алматы» тасжолы Жамбыл облысының аумағына дейін, сондай-ақ «Астана-Щучинск», «Астана-Қорғалжын», «Астана-Павлодар» бағыттарындағы жол жабық. «Жезқазған-Қарағанды» бағытында да қозғалыс шектелген. Аталған жолдар ауа райы жақсарған соң ғана ашылады, - дейді жауаптылар. Қазір бұл бағыттарда полиция жасақтары тұр.
Дамир Берікұлы