Хабар телеарнасы

Қажылыққа апарамыз деп 180 адамды алдаған күдікті ұсталды

Алматы полициясы 180 адамды «умраға», яғни кіші қажылыққа апарамын, - деп алдап соққан күдіктіні қамауға алды. Ол Алматы облысының тумасы болып шықты.

Алданғандардың арасында өзге облыстардың тұрғындары да бар. Олардың алды 18 қаңтарда Алматы арқылы Меккеге ұшып кетуі тиіс болған. Күдікті өзге өңірлерден келген адамдарды уақытша қонақүйге жайғастырып, мәселені шешемін деген. Алайда бұл уәдесін орындамапты. Ашуланған адамдар түнде Әуезов аудандық полициясына арыз жазған.

Шағымданушылардың айтуынша, әр адам күдіктіге 450-500 мың теңгеден жинап берген. Ал полицияның мәліметінше ол өзін туристік фирманың басшысы ретінде таныстырып, «Умра қажылыққа» жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған. Күдіктіге басқа төрт адам көмектесуі мүмкін деген болжам бар.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Олардың іс-әрекетін міндетті түрде тексеріп, құқықтық баға беретін боламыз. Іс-әрекеттерінде қылмыстың белгілері бар болатын болса, олар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Топпен жасалған алаяқтық дерегі бойынша 3 жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді.