Алматыда фтизиопульмонологтар тәжірибе алмасты
Соңғы 10 жылда елімізде туберкулёзге шалдыққандар саны 2 есе азайған. Ал өлім-жітім көрсеткіші 6 есе төмендеген. «Бұл – ауруды уақытылы анықтау мен тиімді емдеудің нәтижесі», - дейді дәрігерлер.
Алматыда отандық фтизиопульмонологтар Дүниежүзілік туберкулёзге қарсы күрес күні қарсаңында бас қосып, тәжірибе алмасты. Қазір елімізде туберкүлезді ерте анықтаудың озық әдістері қолданылады. Ауру белгілері байқалса, кез келген емханада тегін ПТР тапсырып, екі сағатта нәтижені білуге болады. Ем бірден тағайындалып, тиімділігі дәлелденген дәрі-дәрмек қолданылады.
«Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының» мамандары тиімді ем тағайындау үшін штамдардың қандай дәріге сезімталдығы барын дер кезінде анықтап бере алады. Ендігі меже – індетті түбегейлі тоқтату.
Мәлік Әденов, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры:
- 2030 жылға дейін туберкулезді денсаулық сақтау саласындағы проблемалар тізімінен алып тастау. Яғни өлім-жітім, ауру адам санын азайту 95% дейін. Сол аясында біздің елімізде жұмыс істеліп жатыр. Бірақ әр 5 жыл сайын әр ел істеген шараларын мәлімдеп отырады.