Алашорда ісі туралы 12 томдық жинақ жарыққа шықты
Алматыда «Алашорда ісі. 1920–1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық тарихи жинақтың таныстырылымы өтті.
Жинаққа Бас Прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивтерінде құпия сақталып келген ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар енгізілді. Олардың қатарында бұрын жарияланбаған 3000-нан астам құжат пен фотосурет бар. Зерттеу жұмысы академик Мәмбет Қойгелдінің ғылыми жетекшілігімен жүзеге асты. Оған 35 тарихшы-ғалым, археографтар мен архившілер қатысты. «Сүбелі зерттеу еңбектің жарық көруі халқымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды ашып, көлеңкелі тұстарын айқындауға мол мүмкіндік береді», – дейді тарихшылар.
Мәмбет Құлжабайұлының пайымдауынша, «Алаш қозғалысы» зиялылармен ғана шектелмейді.
Мәмбет Қойгелді, ҚР ҰҒА академигі:
- Ол қозғалыс зиялылардан тұрмайды. Қозғалысқа қоғамның, ұлттың барлық әлеуметтік топтары атсалысты. Олардың ортақ мақсаты болды. Ортақ мақсаты не? Мемлекеттік тәуелсіздік алу. Мынау атамекен жерді сақтау. Осы екі нәрсені көздеді. Яғни Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Біз осы тұрғыдан даярладық.