Қазақстан Арменияға есе жіберді
Футзалда да есеміз кетіп жүр. Баяғыда құрлықтағы үздік төрт команданың бірі саналатын Қазақстанмен қазір кез келген құрама санасады. Біздің жігіттерге іріктеу кезеңінен өтудің өзі мұң болды.
Кака шәкірттері Арменияға есе жіберіп, Еуропа чемпионатына тікелей жолдамадан құр қалды. Еревандағы матч 4:2 нәтижесімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Армения құрамасы сапынан Никита Хромых үш мәрте мергендік танытты. Қақпашы Альберт Агаджанов та бір допты еншісіне жазды. Алғашқы таймда Дәурен Тұрсағұлов гол соғып, ойынды қыздыра түскен еді. Бірақ қазақ жігіттерінің шамасы одан арыға жетпеді. Армения Еуропа чемпионатына алаңсыз дайындалады. Қазақстан қыркүйекте қосымша жолдамаға таласады.
Бокстан әлем чемпионаты
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының 10 спортшысы әлем чемпионатының ширек финалында жұдырықтасады. Сербияның Нише қаласында өтіп жатқан біріншілікте біздің бұрымдылар үшін шешуші кезең жақындады. Бұған дейін Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова және Назым Қызайбай жеңіске жетіп, жүлделі орынға біртабан жақындай түсті.
Назым Қызайбай, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Бірінші раундта кішкене ойнайын дедім. Бірінші, екінші раунд шаршаған жоқпын. Үшінші раунд қосқаннан кейін кішкене сезінді. Темп қосқаннан кейін бірден есеп ашты.
Назым Венесуэла боксшысы Седено Рохаспен шаршы алаңға шығады. Аида Әбікеева, Жасмин Қизатова, Виктория Графеева, Наталья Богданова және Надежда Рябец пен Елдана Тәліпова да ширек финалдық жекпе-жектерін өткізеді. Сербиядағы әлем чемпионаты 16-шы наурызда аяқталады.
«Жетісу» ел чемпионы атанды
«Жетісу» волейболшылары тоғызыншы мәрте ел чемпионы атанды. Өскеменде жергілікті «Берелмен» бас жүлдені сарапқа салған Талдықорған командасы шешуші кездесуде жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:1.
«Жетісу» қыздары бұған дейін Ұлттық лигада 8 дүркін чемпион атанғаны белгілі. Соңғы рет 2020 жылы алтын медаль еншілеген «Жетісулықтар» араға бес жыл салып сол атақты қайтарып алды. Ал «Берел» қатарынан екінші жыл күміс жүлдені қанағат тұтты. Өскемен қыздары бірінші партияда басымдық танытқанымен, қалған кезеңде қарсылас командаға есе жіберді. Ел чемпионатының қола жүлдесі «Қуаныш» командасына бұйырды. Былтырғы чемпион «Тұран» төртінші орынға табан тіреді.